Сәрсенбі, 9 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 344 0 пікір 8 Қыркүйек, 2026 сағат 14:43

Желтоқсанға 40 жыл: Астана қашан Ұлт батырларын ұлықтайды?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақстандағы Желтоқсан оқиғаларының 40 жылдығына орай

2026 жылы Қазақстанның қазіргі тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына 40 жыл толады. Бұл көтеріліс одақтық орталықтың жүргізген саясатына деген қоғамдық наразылықтың, республика халқының маңызды мемлекеттік шешімдерден шеттетілуінің және жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-саяси әрі ұлттық қайшылықтардың көрінісі болды. Бүгінгі тарихи жадта Желтоқсан оқиғасы азаматтық батылдықтың, ар-ождан мен бостандыққа деген ұмтылыстың символы ретінде ерекше орын алады.

Желтоқсан қарсаңындағы Қазақстан

Оқиға кеңестік саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйенің терең дағдарысы тұсында өрбіді. 1985 жылдың наурызында КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып Михаил Горбачев сайланды. Ол елде қайта құру, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету, қоғамды демократияландыру және саяси жүйені жаңарту бағытын жариялады.

Дегенмен, нақты өзгерістер баяу жүріп, әкімшіл-әміршіл басқару әдістері сақталып қалды. Қазақстанда ұлт саясаты, кадр даярлау, жастардың әлеуметтік мәртебесі, тіл мен мәдениет төңірегінде күрделі түйткілдер қордаланды. Тарихшылардың пайымдауынша, ұлтаралық қатынастардағы шиеленіс пен билік пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың болмауы дағдарысты одан әрі ушықтырды. Әсіресе, Мәскеудің республика тағдырына қатысты шешімдерді ел пікірімен санаспай, біржақты қабылдауы халықтың қынжылысын тудырды.

1986 жылғы 16 желтоқсандағы шешім

Наразылықтың тұтануына 1986 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған шешім түрткі болды. Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумында республиканы ұзақ жылдар бойы басқарған Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев қызметінен босатылды.

Оның орнына бұған дейін Ульяновск облыстық комитетінің бірінші хатшысы болған, Қазақстанның жағдайымен мүлде таныс емес Геннадий Васильевич Колбин тағайындалды. Қазақ жастары үшін бұл шешім жергілікті халықтың азаматтық құқығы мен пікірін ашық түрде елемеу болып көрінді. Желтоқсан көтерілісінің себебі тек басшының ауысуымен шектелмейді: Колбиннің тағайындалуы тек сыртқы түрткі болса, оның түпкі негізінде жылдар бойы жиналған терең әлеуметтік-саяси қайшылықтар жатты.

Наразылық акцияларының басталуы

1986 жылы 17 желтоқсанда таңертең Алматының орталық алаңына (ол кездегі Л. И. Брежнев алаңы, қазіргі Республика алаңы) студенттер мен жұмысшы жастар жинала бастады. Олар Одақ басшылығының шешіміне келіспейтіндерін білдіріп, Қазақстан халқының пікірімен санасуды талап етті.

Бастапқыда бейбіт митинг түрінде өткен бұл жиынға әртүрлі ұлт өкілдері қатысқанымен, басым бөлігі қазақ студенттері мен жастары еді. Зерттеулерге сәйкес, қатысушылардың орташа жасы 25 жасты құрап, арасында бойжеткендер де белсенділік танытты.

Шеру 18 желтоқсанда да жалғасты. Мәскеу билігі бұл демократиялық талаптарды күшпен басу туралы шешім қабылдап, құқық қорғау органдары мен арнайы әскери бөлімдерді жұмылдырды. Шерушілерді аяусыз соққыға жығу, жаппай тұтқындау орын алды. Оқиғадан кейін жүздеген жас қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оқудан қуылды, жұмыстан босатылып, қуғын-сүргінге ұшырады.

Желтоқсан оқиғалары ұлттық сана-сезімнің оянуына және елдің өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылысына үлкен серпін берді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1986 жылғы оқиғаларға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, ол еліміздің бостандығы мен саяси суверенитеті жолындағы тарихи қадам ретінде бағаланды. Тарихшы Манаш Қозыбаев Желтоқсанның қазақ халқының рухани жаңғыруындағы маңызын айрықша атап өткен.

Желтоқсанның қарлығашы, «тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген жаламен сотталып, кейіннен қайтыс болғаннан кейін толық ақталған Қайрат Рысқұлбеков пен өзге де батырлардың ерлігі ел жадында мәңгі сақталады.

Желтоқсан — Қайта құру кезеңінде КСРО-дағы одақтық орталықтың үстемдігіне қарсы бағытталған алғашқы ашық, ауқымды халықтық наразылық. Оның тарихи мәні тар шеңбермен шектелмейді: ол қоғамдық сананы сілкіп, Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолын жақындтты.

Алматыда осы тарихи сәтті есте қалдыру мақсатында мемориалды орындар ашылды. 2006 жылы Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында Желтоқсан құрбандарына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші бой көтерді. Бүгінде бұл оқиға жастардың отаншылдық рухы мен азаматтық ұстанымының, ұлттық сананың және тәуелсіз мемлекеттіліктің бастауы ретінде ұлықталады.

Түйін: Биыл еліміздің ордасы — Астана қаласында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен оның батырларына арналған монументтің ашылуы өте орынды әрі тарихи әділдікті айшықтайтын қадам болар еді.

Керімсал Жұбатқанов,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық ғылыми-зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 992
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2541
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 698
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 669