Үржар мен Мақаншының Аягөз дуанына қарауы
Әбділдабек Салықбай
Тарбағатайдың күнгейіндегі ру-тайпалардың көші-қон барысы туралы мәліметтерді Ресей өкіметінің тапсырмасымен құрылған П.Румянцев басқарған экспедиция мен патша шенеуніктерінің ақпарларынан кездестіруге болады. Сондай-ақ Қ.Халид, Б.Садықан, З.Сәнік, М.Мұқанов сынды басқа да зерттеушілердің еңбектерінен, Әсет, Кәрібай, Ноғайбай, Әріп тектес сан алуан ақындардың өлеңдерінен де көптеген деректер кездеседі.
Әбділдабек Салықбай
Тарбағатайдың күнгейіндегі ру-тайпалардың көші-қон барысы туралы мәліметтерді Ресей өкіметінің тапсырмасымен құрылған П.Румянцев басқарған экспедиция мен патша шенеуніктерінің ақпарларынан кездестіруге болады. Сондай-ақ Қ.Халид, Б.Садықан, З.Сәнік, М.Мұқанов сынды басқа да зерттеушілердің еңбектерінен, Әсет, Кәрібай, Ноғайбай, Әріп тектес сан алуан ақындардың өлеңдерінен де көптеген деректер кездеседі.
Бұлардың арасынан «Жарида», «Тауарих хамса» сынды еңбектер жазған, қазақ, татар, ұйғыр, араб, дүңген, орыс, қытай тарихынан мол хабардар Құрбанғали Халидтың (шамамен 1843-1913 жж.) еңбегі ерекше назар аударарлық. Себебі ол Аягөз қаласында туған, сондағы медреседе Абдулхақтан (1830-1840 жж. Мәдинәдан оқып келген), Мұхамед Сыдық Хазіреттен діни, зайырлы білім алған, Бақты (Қазіргі Үржар ауданының Бақты ауылы), Шәуешек шахарларында тұрған, ат-Табари, Жүсіп Баласағұн, М.Қашғари, Ибн Халдун Мирхонид, Әбілғазы сынды IX-XVII ғасырлардағы шығыс, В.Радлов, А.Вамбери, Н.Катанов сынды орыс-батыс ғалымдарының еңбектерімен таныс болған ғалым. Сондай-ақ ол өз заманындағы шежіре қарттардың әңгімелеріне қаныққан, көпшілігін жазып алған, қытай, орыс, қазақ, дүңген, т.б. халықтардың ел билеушілерімен, оқыған азаматтарымен (арасында атақты Дулат, Әріп ақындар да бар) сұхбаттас болған, өмірден түйгені мол адам. Бұған қоса Қ.Халид біз қайта қоздатып отырған тақырыпты өзіне дейін ешкімнің елемегенін, сондықтан осы «найман руының тарихын анықтап, толық жазуыма себепкер болды. Себебі Аягөз - туған жеріміз, найман - жүрген еліміз», - деп жазған еді. Оның үстіне аталған тарихшы өздігінше ұзақ ізденіп, Ферғана, Алты шаһар (Қашғар), Шын мен Қытай, моңғол-татар, моңғол-қалмақ, қырғыз, төрелер тарихын жазған, өзінің айтуынша, «жиырма жылдан астам уақыт бұл (қазақ) тарихқа қатысты ақпарлар мен жазба деректерді жинап, ... жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жазған» зерттеуші. Сондай-ақ ол Ресейдің әскери міндетінен қашқан, қазақтан әйел алып, «шала қазақ» деген мәртебе алған татарлардың тұқымынан, қазақ арасында ұзақ жыл өмір сүрген, қазақтың көнекөз қарияларымен, айтулы шежірешілерімен мәжілістес, пікірлес болған, солардан сан рет сабақ алған, кейбіреулерше көпіртіп мақтауды, орыстарша жөнсіз кемсітуді сүймейтін қалыс ағайын.
Ал П.Румянцев бастаған экспедиция патшалық Ресейдің қазақ жеріне қарашекпендерді көшіру мақсатымен Жетісу облысы Лепсі үйезіне қарасты Үржар, Мырзатай-Қарасу, Еміл, Барлық болыстарын (барлығы да қазіргі Үржар-Мақаншы өңірі) 1907-1909 жылдары арнайы зерттеген. Олар мұндағы халықтың саны, тығыздығы, тарихы, жағрапиялық орналасуы, елдімекендердің аттары, жер-су атаулары, шаруашылығы, т.б. мәселелерді өте мұқият зерттеп, шоттап-қаттап, жүйелеп, «Материалы по исследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования» (Жетісу облысы. І том. Лепсі үйезі. 633 бет.) деген атпен 1911 жылы С.-Петербургтан шығарған. Сондықтан біз Үржар - Мұқаншы өңірінің тарихын баяндағанда негізінен Қ.Халид пен П.Румянцевтің еңбегіне көбірек сүйенеміз. Ал қалған атағы зор болса да бұл өңірге тікелей қатысы шамалы жанама деректер қалдырған авторлардың еңбектеріне яки мұрағат құжаттары мен ауызекі деректерге тиесілі жерінде ғана жүгінеміз.
Сонымен, 1757 жылғы Мамырсу бітімінен кейін Сары Арқаның шығыс бөлігі мен Жетісу қазақтарының заң жүзінде Қытайға бағынғаны мәлім. Алайда Қытайдың батысқа ықпалы тек Іле өзеніне дейінгі аумақпен шектеліп, одан арғы бөлігіне қоқандықтар үстемдік жүргізеді. Ал XVIIІ ғасырдың соңында Ресейдің Орынбор мен Сібір шептері түйісіп, Жайықтан Бұқтырмаға дейінгі 3500 верст кеңістікте бір-бірінен 25-30 верст қашықтықтағы 141 бекініс пен елдімекен салынып бітеді.
Сөйтіп патша өкіметі Аягөз, Үржар, Мұқаншыны өздеріне қаратқанша 1763 жылдан бастап Семей, Өскемен бекіністерін салып, әуелде Ертістен өтпей, бір нәрсе алса, еселеп қайтарып, сенім артысып, әдеп сақтағансып жүреді. Бұл екі арада қазақтар қалмақты тықсырып, ата мекеніне қайта қоныстанумен болады. Осы кезеңде қазіргі Аягөз бен Шәуешек аралығындағы 300 шақырымдай жер туралы Қ.Халид былай деп жазады: «Абылайдан дес ала алмайтынын білген торғауыттар Ертістің жоғарғы сағасына кетіп, Қалба тауының батысына келе алмай, қалмақ елі Тарбағатайдың оңтүстігіне кетіп, Ұржар өзенінің батысына көшіп өте алмай қалады. Десе де қазақтар да... оларға жақын қона алмай, бір-бірінен сескеніп, екі арада 5-6 жүз шақырымдық кеңістік бос жататын» (1. 105). "5-6 жүз шақырым" дегені тым көптеу. Онда Семей-Шәуешек арасындай жер болып кетеді. Қызайлар мен Байжігіттердің сол мерзімде-ақ қазіргі Қытай шекарасына барып қалғанын ескерсек, бейтарап аймақ 200-300 шақырымнан аспаса керек.
П.Румянцев экспедициясының деректерінше, Жетісу қазақтарынан Ресейге алғаш бағынуға (1819 жылы) өтініш жасаған - Абылай ханның ұлы, Уәли ханның бауыры, қарамағында 55000 адамы бар Сүйік сұлтан. Қаратал өзенінің бойын мекен еткен сұлтан осы ниеті арқылы Қытайға сес көрсетіп, бақталастарынан бағын асырып, бәлкім, екі алып елдің абыройын салмақтап көргісі келген сияқты. І Александр патша Сүйікті орыс бодандығына қабылдап, оған Балқаш көлінің шығысындағы Жетісу жазығында үй мен мешіт салып беруді бұйырады. Алайда жергілікті патша шенеуніктері сақтықпен бұл шаруаны кейінге қалдырып, 1825 жылы ғана Қаратал бойында Сүйікке үй-жай салып, келесі жылы Қытай үкіметінің талабымен оны қайта бұзады.
1822 жылы Ресей өкіметі хандық билікті жойып, «Сібір қазақтары туралы Жарғы» қабылдағаны мәлім. Бұл Жарғы бойынша Ресейге қараған Орта жүз қазақтары Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының құзырындағы Омбы облысына бағындырылады. Облысқа ішкі және сыртқы округтер кірген. Ішкі округтер: Омбы, Қызылжар, Семей, Өскемен. Сыртқы округтер: Қарқаралы, Көкшетау, Үшбұлақ, Аманқарағай, Аягөз (1831-32 жылдан бастап). Бұларды қазақ болыстары сайлаған, облыс бекіткен аға сұлтандар (яғни дуанбасылар) басқарған. Ол облыстан тағайындалған 2 орыс «заседателімен» және болыстар сайлайтын 2 қазақ өкілімен (қазақтар оларды «қазы» деген) ақылдасып, шешім қабылдаған. Аға сұлтанды, қазыны, болысты, ауылбасын, үкім шығаратын билерді қазақтардың өзі сайлаған. Алайда оның бәрін облыстық басқарма бекітіп отырған.
Осылайша Ресей өзіне қараған елдің басқару жүйесін өзгертіп, ел арасына әскер шығарып, сиез (немесе түсел) өткізіп тұрған. Онда өздеріне қарасты ру-тайпалардың даулы мәселелерін қарап, Зайсанда өткізген үшінші сиезде өздеріне бағынбайтын руларға күш көрсеткен. Бұдан кейін Қытайға бағынышты рулар Қытай үкіметіне шағым жасаған. Алайда қытайлар мұны ұсақ-түйек мәселе деп елемеген. Сөйтіп Қытайдан қайыр болмайтынына көз жеткізген рулардың басшылары өзара ақылдасып, Ресейге бағынған жөн деп шешкен.
Қ.Халидтың баяндауынша, 1823 жылы (Румянцевте XІX ғ. 20-жылдарының аяғында) қызыл тулы төреден Сарт төре шығып, баласы Жошымен ақылдасып, оны Петерборға жібереді. Ал П.Румянцев экспедициясының дерегінше, Петербор емес, Батыс-Сібір генерал-губернаторы Веляминовке өтініш жасалған. Соңғысы қисындырақ. Талабы - «найманға орталық етіп бір қала салсын» деген екен. Біздіңше, бұл - Сарт төренің ғана емес, сол маңды мекендеген бірсыпыра игі жақсылардың, рубасылардың ортақ талабы. Өйткені ол арыстандай арпалысқан Абылай, Қабанбай, Бөгенбайлардың о дүниелік болып, Орта жүз қазақтарының басынан бағы тайып, Дулат, Шортанбайлардың қаншама қуатты ақын болса да «зар замандап», сары уайымға салынып, тұйыққа тірелген шағы еді. Кіші жүз бір жола Ресейге бағынған, Ұлы жүздің бір бөлігі Қытайға, бір бөлігі Қоқанға бағынып, бөлшектенген мезгілі. Оның үстіне 1805 жылдары Қытайға ауған қазақты тоқтату үшін Семейден әскер шақырып, мұрын Қожакелді батырдың өліміне себеп болып, халықтың қаһарына ұшырап, Қытайға қашқан, ондағылармен де сыйыспай, Тарбағатай бөктерін паналап, қарақшылық жасап жүрген төре Сыбанқұл Ханқожаұлы да бұларға зор қауіп төндіреді.
Сүйік сұлтанның сұрауымен Қаратал бойына бекініс салмақ болған әрекеттері жүзеге аспаған соң патша өкіметі енді Жошы Сартұлының өтінішіне қандай жауап берерін білмей, ұзақ толғанады. Алайда Аягөз - Семей мен Шәуешектің арасындағы сауданы дамыту үшін таптырмас әрі тиімді бекет еді. Сондықтан 1830 жылы патшаның Аягөз Сыртқы округін құру туралы бұйрығы шығады да, ал 1831 жылы Аягөз дуанының негізін салып, қазына ғимараттарын тұрғызады.
Аягөз сыртқы округі 1831-1838 жылдары Омбы облыстық басқармасына бағынады. Ал 1838 жылы көкекте бұл облыс жойылып, Сібір қазақтарының Шекаралық басқармасы құрылған соң соған қарайды (ҚРОММ. 345-қор, 3131 ед.хр).
1832 жылы Қытайдың амбуы 300 жасағымен Аягөзге келіп, орыс жасағының басшысы майор Нукеловпен сөйлеседі. Орыстар сұлтан Жошы Сартұлының шақыруымен келгенін, саудагерлер мен жол қауіпсіздігін қорғап, тәртіп орнататынын айтады. Қытайлар Аягөз өзенінен шығысқа өтпеңіздер деген сияқты ескертулермен шектеліп, кері қайтады. Бірақ орыс әскерилері өзімізге бағыныштылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп, Үржар мен Алакөлге дейін ықпалын жүргізе бастайды. Сөйтіп Балқаштан Зайсанға, оңтүстігі Алатауға дейінгі ел Ресейге қосылғандығын мойындаған (1.152).
Қ.Халидтың жазуынша, Аягөзде аға сұлтан (қазақтар "хан" деп атаған) болғандар мыналар (1,152-154-беттер):
№ |
Аты-жөні |
Аға сұлтан болған мезгілі |
Тегі немесе руы |
1.
2.
3.
|
Жошы сұлтан Сартұлы
Жабай сұлтан Шаңқайұлы
Бексұлтан төре Ағадайұлы |
екі жыл (шамамен 1832-1834) екі сайлау (алты жылдай, шамамен 1834-1839) беймәлім (шамамен 1839-дан) |
Қызыл тулы төре
Ақ тулы төре
Қызыл тулы төре |
Осыдан соң да төрелер кезектесіп бірнеше рет сайланған сияқты |
|||
?
?
? ? ?
? |
Бекқожа Үйсінбайұлы
Бөлен сұлтан
Барақ сұлтан Солтабайұлы Әділхан Жамантайұлы Сейілхан Солтабайұлы
Қалдыбай хан |
беймәлім
1846-1849 жж. Янушкевичте: 1846 ж. орынбасар беймәлім беймәлім беймәлім
беймәлім |
"Қара қазақ" (найман болса керек)
Қызыл тулы төре төре беймәлім Қызыл тулы төре уақ |
1868 жылдан «хандық» тоқтатылып, қазақтар басшылыққа емес, көмекшілікке тағайындалады (10 жыл). Олар: |
|||
?
? ? |
Оразбай Бекқожаұлы
Құнанбай Өскенбайұлы Сүлеймен төре Бексұлтанұлы |
|
Алғашқы «қара қазақ» ханы Бекқожаның баласы сияқты Тобықты Төре |
Ал 1878 жылы бұл да тоқтатылды. |
Хан мен қазы үш жылда бір сайланған. Төреден хан сайланса, сөзсіз қабыл болып, қарадан хан сайланса, ата-тегінен бері қарай тоғыз жыл халық билігінде, патшаға қызмет істеу талап етілген.
1839 жылы генерал-губернатордың сырттағы өздеріне бағынбайтын қазақтарды тәртіпке шақыру туралы бұйрығын Аягөз приказы «теріс ұғып», Сыбанқұлға қарсы Жуков пен заседатель Крайкин бастаған жасақ (отряд) аттандырады. Шекара бастығы полковник Ладыженский мұны естігенде шошып кетіп, айрықша тапсырмалар шенеунігі Масловты жұмсайды. Бірақ жасақ Тарбағатайдың баурайындағы Сыбанқұл Ханқожаұлының тобын талқандап, Сыбанқұлдың өзі әрең қашып құтылғанда ғана Маслов соңынан қуып жетеді. Сөйтіп орыс жасағы кері қайтады.
Бірақ 1839 жылы Көкпектіден жүзбасы Портнягин бастаған тағы бір жасақ шығып, Сыбанқұлды тұтқындап, оған бағынған елді Аягөз округінің құрамына енгізеді. Содан бастап Үржар өзені мен Аягөз-Шеуешек жолының бойында казактардан күзет қойылады (2.44-45-бб.).
Жуков бастаған жасақтың әрекеттерін Қ.Халидтың мына сөздері де қуаттайды: «Отряд Шәуешектің батыс жағындағы 2-3 көш жердегі оның (Сыбанқұлдың - Ә.С.) өзін елімен қоса шауып, ойран етіп, қазір ол жер «Ойран» аталады (1, 171)». Қазір Мұқаншыдан 20 шақырым жердегі Көктерек ауылының түбінде, Тарбағатай тауының баурайында Ойран деген жер бар. Ол жерден Шәуешекке дейін 2-3 көш жер болатыны да (қазақтың үлкен ірі қара көші - 25-30, кіші көші, яғни, қозы көші - 15-18 шақырым болған - Ә.С.), оның Шәуешектің батысында екені де қисынға келіп тұр.
Аягөз сыртқы округі 1831 жылы құрылып, онда патша әскерінің ғимараттары тұрғызылғанымен, қанша шақырып, жеңілдіктер жасалса да орыс шаруалары көшіп келе қоймайды. Сондықтан 1847 жылы патша өкіметі Сібір казактарын күштеп көшіріп әкеледі. Ал 1856 жылы оларға Том және Тобыл губернияларының шаруалары келіп қосылады (2.50).
Алайда патша әскерінің 1839 жылы қазіргі Қытай шекарасына дейін барып, Сыбанқұл жасағын талқандаған кезінен бастап, 1855 жылы Үржар бекеті салынғанға дейінгі аралықтағы Мұқаншы-Үржар тарихы көмескілеу. Бұл туралы Румянцев экспедициясының деректері мен Қ.Халидтің кітабында да айтылмайды. Осынау 15-16 жыл ақтаңдақтың кейбір қырларын тек Сібірге айдауға келген полон ұлтшылы, қазақтың «тамыры» Адольф Янушкевичтің сараңдау деректері ғана ашқандай. Оның 1846 жылы мамырдың басында бір топ серігімен бірге Омбыдан шығып, Семей, Аягөз, Қарақол арқылы Лепсіге барғаны хаттары мен күнделіктерінен мәлім. Шекара бастығы, генерал-майор Вишневский бастаған жасақ 1846 жылы 4 шілдеде Ойжайлауда (қазіргі Лепсі - Ә.С.) Ұлы жүздің бес руының Ресейге қосылу салтанатына қатысқан соң кері қайтады. Жол ортада негізгі жасақ Аягөзге аттанып, А. Янушкевичтер санақ жүргізу үшін Қарақол, Егінсу арқылы Үржарға дейін келеді. «Жанымызда 15 казак 3 тілмашымыз бар Виктор екеуіміз Қытай шекарасына ойыстық», - деп жазады А.Янушкевич (3;134). Жол-жөнекей олар Найман-Қаракерей ішіндегі байсиықтарға, тумаларға, қыржыларға (соңғы екеуі кітапта «түмендіктер», «кіржіндер» деп жаңсақ аударылған - Ә.С.), болатшыларға кезігеді. Үржар өзенінің бойында тұрып ол былай деп жазады: «Қытайға қарай бізден 20-30 шақырым жерде бір-бірінен жырақ үш тау көлбеп жатыр. Олардың арасындағы Кіші таудың сыртында, осыдан 70 шақырым жерде Шәуешек бар, одан берірек, 50 шақырымдай жерде бекеттер.» Ал 13 шілде күнгі күнделігінде А. Янушкевич мынадай дерек келтіреді: «Лепсіден 250 шақырым Қарасу жағасында тұрғанымызға үшінші күн. Киіз үйіміздің сол жағында Тарбағатайдың оңтүстік жотасы созылып жатыр, оң жағымызда көз ұшы жетпейтін кең жазира... Алдымызда үш оқшау тау, олардың ар жағында Қытай бекеттері. Олардан әрі Қытайдың сауда қаласы Шәуешек...»
Осы жазғандарына қарағанда бұл санақшылар Жайтөбеге дейін бармаған. Тіпті қазіргі Елтайдың бұрылысы мен Науалыға да жетпеген сияқты. «Бізден 20-30 шақырым жерде бір-бірінен жырақ үш тау көлбеп жатыр» деп отырғаны - Жайтөбе, Балатөбе және Қарауылтөбе (немесе Тазтөбе) болса керек. Ол Шәуешектен екі-үш шақырым жерде байжігіттердің басшысы Доланбай сұлтан көшіп жүргенін айтады. Сондай-ақ А.Янушкевич 15 шілде күнгі күнделігінде Доланбайдан тушпен жазылған хат алғанын, ол өз қарауындағы халқымен бірге Ресейге бағынғысы келетінін жазғанын айтады. Яғни ол кезде байжігіттер, төртуылдар, қызайлар Қытайға қарап тұрған. Бірақ А. Янушкевич бұл кезде Мұқаншы маңын торғауыттардың мекендейтінін ауызға алмайды. Соған қарағанда қалмақтар ол жерден баяғыда-ақ көшіп кетіп, қазіргі Шәуешекке дейінгі жердің бәрін қазақтар жайласа керек. Ал Үржар мен Шәуешек арасы сол 1846 жылдары Қытай мен Ресей арасындағы бейтарап аймақ есебінде болып, Найманның төрт Төлегетайынан тараған халықтың қонысына айналғаны анық.
1855 жылы Лепсімен бір мезгілде Үржар бекеті салынады (1,155; 2,51). Қытайлар бұған қанша қарсыласқанымен орыстар құлақ аспайды. Сол кездердегі Батыс Сібір генерал-губернаторының жазбасында: «біздің отрядтарды Көкпекті жазығы мен Аягөз округінде қазіргі орнында ғана ұстап, айрықша рұқсат етілмесе одан әрі қытай қарауылдарына жылжытпау керек» делінеді де, одан әрі егер қытай жағы біздің жасақты шегіндіруге тырысса, «күші басым болмаса, ешқашан шегінбеуге» бұйрық береді.
Шәуешек салынған соң (1759 ж. шамасы) батыстан қазақтар келіп, Шығыс Түркістанға қоныстана бастағанын Қ.Халид жазады (1,133). Ал 1863 жылдың соңы мен 1864 жылдың басында Шәуешекте дүңгендер көтеріледі. Семейден Шәуешектегі ахуалды біліп келуге патша шенеуніктері жұмсаған Жолай ақсақал жолда Мұқаншыда орыс консулына жолығып, барлық жағдайдан хабардар болады. Ресей консулы уақытша Үржарға тұруға бара жатыр еді. Саудагерлер мен шалақазақтар да Үржар бекінісінің маңын паналайды. Дүңгендерге қазақтар болысып, қытайларға қалмақтар болысып, жау жағы көбірек қырылады. Бұл көтерілісте дүңген жағынан Бұр батыр ерен ерлік көрсетіп, ел ықыласына бөленеді.
Қазақ жағынан Қаракерей Қабанбай ұрпағы Әділбек батыр көбірек көзге түседі. Байжігіттер тіпті Манасқа дейін барып қайтады. Алайда сол күзде қалмақтың кикан чаган деген дінбасылары Алтай мен Шығыс Түркістаннан қол жиып, Қатынсу-Мұқаншы бойында отырған қазақты (көпшілігі төртуылдар) шауып, Жайтөбеден өтіп, Үржарға дейін барады.
Қалмақтың 1864 жылы Үржарға дейін барғанына қарағанда бұл кезде Мұқаншы бекеті салына қоймағаны анық. Шәуешек көтерілісінің екінші жазында, яғни 1865 жылы Бақты тауының етегіне орыс отряды келіп, оларға қытай мен қалмақ қарсы шыққанымен, ештеңе тындыра алмайды. Сол 1865 жылдан Көктұма (деректе Көктеме) суы бойында орыстар орнығып алады. Әуелде 5-6 болыс елге Бақты қамалы орталық болып, учаскелік начальник Михунин деген болады. Осында қазақтың бірнеше рет сиезі өткен. Ал Мұқаншыға орыстардың бекет салып, орыстарды көшірген мезгілі 1878 жылға сәйкес келеді. Орыстар Мұқаншы бекетін «Ивановское» деп те атаған.
«Қазақ тарихы» журналынан