Оспан батырды танытқан бір дерек
Руда Зайкенова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Руда Зайкенова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Шыңжаңдағы ұлт-азаттық көтеріліс, оның көсемдері мен батырлары соның ішінде Оспан батыр туралы сол тұстағы құпия дерек қазақ оқырмандарына тұңғыш рет Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» дилогиясы арқылы жеткен еді. 1974 жылы «Жазушы» баспасынан 40 мың таралыммен жарық көрген осы романның жазылғанынан да, жариялануы қиынға соққандығын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Себебі кеңестік идеологияға кереғар келетін қаттама деректерінің оның сыртында Қытайда да, Кеңес өкіметінде де атын атауға тыйым салынған Оспан Ісләмұлы (1899-1951) сияқты күрескер тұлғаны алдыға шығару мүмкін емес болатын. Сондықтан да романды құзырлы орындарға оқытып, өкімет тарапынан рұқсат болмаса, ешбір баспа орындарының жауапкершілікті мойнына ала алмауы сол кездің тәртібіне сиымды көрінетін. ҰҒА-ның Тарих институты, Әдебиет және өнер институты, Орталық комитет те, тіпті Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті де Қытаймен арада байланыс болмағандықтан, жасырын жатқан тарихи құжаттардың ақ-қарасын ашып беруге шама-шарқы жетпеді. Ал еларалық мәселе тек Мәскеу арқылы шешілетіндіктен, «Соңғы көштің» бір нұсқасы сол кездегі Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Ә.Әлімжановтың қолы қойылған хатпен және орысша аударылған жолма-жол нұсқасымен бірге Мәскеудегі Қиыр Шығыс институтына жөнелтіледі. Кітап институттағы Қытай секторының меңгерушісі, кезінде Үрімжіде жұмыс істеген Шыңжаң жағдайына қанық адам Тұрсын Рахимовтың қолына түседі. Араға алты ай үзіліс салғанымен, ол кісі романға оң пікір білдіріп, Алтайдағы Оспан көтерілісінің де басын ашып жазып береді. Сөйтіп, Кеңес Одағындағы бірден-бір құзырлы мекеменің рұқсатын алғаннан кейін ғана романға жол ашылады.
Егер Т.Рахимов өткен ғасырдың орта шенінде «контрреволюцияшылар мен пантюркистерге қарсы күрес» деген желеумен жүргізілген саяси науқан кезінде, бұрын Шыңжаңда ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқандар аяусыз жазаланып, осының салдарынан ұлттық кадрлардың үлкен бір бөлегі мүлде құрып кеткенін дәлелдеп бермегенде романның қашан жарыққа шығары белгісіз еді. Сондай-ақ Т.Рахимов жазушының Нартай бейнесі арқылы оқырманды Оспан көтерілісінің де тағдырымен таныстырып отыратындығын айта келіп: «Жұртқа белгілі Оспан - көп зерттеп, шұғылдануды қажет ететін, қайшылығы мол өте күрделі тұлға. Ол он жыл бойы Алтай қазақтарының қарулы көтерілісін бастап, Гоминдаң үстемдігіне қарсы шайқасты. Ал, 1949 жылы Синьзянь азат болғаннан кейін, ол Шығыс Түркістанның Қытай Халық Республикасына қосылуына тағы қарсы шықты... Қазіргі кезде Қытайдың ресми документтерінде Оспанның басына жер-көктегі кінәні түгел үйіп-төгеді. Оны «Банды» деп те, «Американың шпионы» деп те айыптайды. Біз Оспанның жеке басы мен оның іс-әрекетіне берілген мұндай бағаны негізсіз деп есептейміз», - дейді [1.55]. Міне, 1973 жылы «Соңғы көш» романының алғы сөзі ретінде «Жұлдыз» журналына жарияланған осы рецензия романның баспадан шығуына ғана себеп болып қойған жоқ, жазушының Оспан батырды өз атымен алуына да себепші болады. Өйткені романның журналдық вариантында батырлардың жиынтық образын көрсететін Ер Қосайды негізге алып, жазушы Оспанды Қосай деген атпен алған екен. Әйткенмен, Т.Рахимов Оспан батырдың Шығыс Түркістан мемлекетінің кеңестер жағында қарсы болғандығын ашып айта алмаса да: «Ол Шығыс Түркістанның Қытай Халық Республикасына қосылуына тағы қарсы шықты...» деп қана көп нүкте қойып кетеді. Кеңес өкіметіндегі қазақтардың 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін зобалаңынан хабардар болып отырған Оспан батыр - Кеңес өкіметіне іш тартпай кеткен адам. Бұған оның бес уақыт намазын үзбеген аса діндар адам болуы да өз әсерін тигізген. Мұны онымен тікелей қарым-қатынас жасап тұрған Моңғолия үкіметінің басшысы Чойбалсан да Сталинге радиошифр арқылы жазған телеграммасында да атап көрсетеді [2.114] Ал Т.Рахимов коммунист-отарлаушылардың тұтас ұлтты қақ жарып, бірін-біріне қырғызғанын тек қана көп нүкте арқылы аңғарта алған, әрине оны ашық айтудың мүмкін болмағандығын дәлелдеп жатудың өзі артық.
Десе де 1973 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан осы мақаланы Оспан батыр туралы тұңғыш іргелі ой-пікір деуге толық негіз бар. Осы бір шағын мақалада Шығыс Түркістан мемлекеті туралы маңызды мәлімет жүйелі түрде беріліп, романдағы тарихи оқиғалар ауқымы толық қамтылады. Сонымен бірге бұл дерек қазіргідей екі-үш мыңмен ғана емес, ондаған мың таралыммен шығатын «Жұлдыз» журналы арқылы жалпақ қазаққа жаппай тарады. Бұл тұрғыдан қарағанда кезінде жауапты қызметте отырған Т.Рахимов сияқты қажырлы тұлғалардың айрықша қызметін, басын бәйгеге тіккен табандылығын терең ашып көрсету бүгінгі ұрпақ парызы деп ойлаймыз.
Шындығында Оспан батыр алғашында Шың-Шы-Сай билігіндегі гоминдаңдық жендеттермен, кейін коммунистік Қытай өкіметімен, Кеңестік қызыл армиямен, Моңғол Халық Республикасының әскерлерімен күрес жүргізеді. Бұл жолдағы оның мақсаты ешкімге тәуелді емес, ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі сақталған дербес мемлекетін құру еді. 1938-1939 жылдары Шыңжаң аймағын өзіне біржола қаратып алуды көздеген Сталин өзінен көмек сұраған Қытайдағы бүлікшіл партия гомидаңшылармен ауыз жаласып, қарсы шыққандардың ешқайсысын аямай жазалайды. Мұның шет жағасын Т.Рахимов та өз мақаласында атап көрсеткен еді. Оның ішінде Шәріпхан Жеңісханұлы, Дубек Шалғынбаев бастаған жалынды күрескерлер, Еңсеұлы Таңғыт сияқты үкірдайлар, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы бастаған күрескер ақындар да болды. Мұсылман әлеміндегі ерекше тұлғалардың бірі Халифа Алтай милитарист билеуші Шын-шы-сайдың тіпті уәкіл ретінде келгендердің де біразын жақтым күйе, жаптым жаламен қамауға алғандығын, әр түрлі амал-айламен сыныққа сылтау тапқан ол елдің маңдай алды азаматтарын түгелге жуық түрмеде жоқ қылғандығын атап көрсетеді [3.88]. Міне, осындай жағдайда әрі қарт ақын Ақыт сияқты ел ардақтысын құтқару мақсатында 1939 жылдан бастап, Шыңжаңдағы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі ретінде Оспан батыр гоминдаңшыларға қарсы күрес жүргізеді. Нәби Оспанұлының әкесі туралы жазған өмірбаянында Оспанның жеті ұл, жеті қызының жартысы қытайлардың қолынан мерт болады [4.133]. Батырдың артынан ерген жалғыз інісі Дәлелханды да 1943 жылы гоминдаң жендеттері кескілеп өлтіреді. Көшпенді халықтың айрандай ұйыған берекесін кетіріп, ұлттық ұясын бұзып, қос бүйірден қадалған бұл зұлмат «Соңғы көш» романында Оспан төңкерісі арқылы көрінеді. Сонымен бірге дилогиядағы Нартай батыр, Тұрсын мұғалім, Шәкен әнші бейнелері де - астыртын арандату әрекетінің құрбандары. Әсіресе, Оспан бейнесі Шығыс Түркістан аспанында батыр деген аты бес жыл бойы қырандай қалықтаған Нартай батыр образы арқылы кескінделеді. Ал Оспанның дала тактикасын өте жетік меңгерген әскери стратегиясы Шыңжаң аймағындағы гоминдаң армиясының офицері Лан-кемен болған шайқастардан көрінеді. Лан-ке жазалаушы отрядтың құрамында Оспан ізіне тәуір-ақ түседі. Өзі «жабайы халық» деп менсінбейтін қазақтардан Лан-ке қолының күлкілі оқиғаға тап келіп, масқара болып жеңілуі, өзі атқа шаба алатындығының арқасында ғана тірі қалғандығы авторлық шегініс түрінде ащы мысқылмен беріледі. Оспанның қаһармандық тұлғасы Лан-кенің монологынан да, Лан-ке мен аймақтық партия комитетінің секретары Ли-хұңның диалогы арқылы да анық көрінеді. Жазушы осы арада атқа мінгенде көтеріліп кететін қазақ рухының тамырын тап басып, суреткерліктің тамаша үлгісін көрсетеді.
1941 жылы Германияның кеңес өкіметіне қарсы соғысы басталғанда, одан жалт бұрылып, Германияға іш тарта бастаған Шын-шы-сайға тісін басқан Сталин Моңғолия арқылы гоминдаңшылармен аяусыз күрес жүргізіп жүрген Оспанға көп қару-жарақ бергізіп, қолдау көрсетеді. Оспан батырдың Кеңес өкіметін жат санап, жақтырмайтынын Сталин жақсы зерттеп, білгендіктен әдейі Моңғолияның саяси қайраткері, екі мәрте МХР-дың батыры, аты аңызға айналған маршал Хорлоогийн Чойбалсан арқылы әрекет жасайды. 1944 жылдың 12 қарашасы Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын қамтыған Шығыс Түркістан республикасының құрылған күні болып жарияланғаны көзі қарақты оқырманға белгілі. Қазақ халқының теңдігін аңсаған азаматтардың барлығы да басында қатты қуанды. 1945 жылдың күзінде Оспан батыр Алтай аймағын гоминдаңшылардан толық азат еткеннен кейін ол Алтай аймағының уәлиі болып сайланады. Тура осы жылы Тарбағатай аймағының уәлиі болып Қытайдағы номер бірінші қазақ байы Башбай (романда Жасыбай) сайланады. Жеке тәуелсіз ел болуды көздеген батыр Қытайға қалай қарсы шықса, кеңес өкіметіне де солай тіс-тырнағымен қарсы болады. Сондықтан да ол 1946 жылдан бастап, Шығыс Түркістанды орыс бодандығынан азат ету жолында күрес жүргізеді. 1950 жылы гоминдаңшылардан тазара бастаған Шыңжаң аймағына Қытай Халық армиясы бейбіт жолмен кіреді. Себебі Тұрсынхан Зәкенұлының мәліметі бойынша, бұл тұста Қытай қызыл армиясы Чанцзян дариясының оңтүстігіне өтіп, Нанкинді басып алған әрі гоминдаңшылар Ұлы құрлықтан Тайванға кетуге дайындалып жатқан еді. Мұндай жағдайда Гоминдаңның Шыңжаң өлкелік үкіметінің жаңадан сайланған төрағасы Бұрхан Шахиди мен Шыңжаң өлкесінің қорғаныс бас қолбасшысы Тао Чжиюэ қыркүйектің бірінші жаңасында Қытай коммунистік партиясының бейбітшілік жөніндегі ұсынысын шартсыз қабылдайтындықтарын білдіреді. Сөйтіп Шығыс Түркістандағы гоминдаңшылар Қытай коммунистеріне еш қарсылықсыз беріледі [5.50] Енді гоминдаңшылардың орнында Қытай коммунистік партиясының үстемдігі орнайды. Тибетке қарай шегінген Оспан батыр 1951 жылы осы Қытай халық азаттық армиясының қолына түсіп, сол жылы Үрімжі қаласында ашық сот мәжілісінде өлім жазасына кесіледі де, үкім табанда орындалады. Кейбір зерттеулерде бұл сотқа елу мың адам қатысты деген де деректер кездеседі. Міне, осы мәліметтердің барлығы да нақты кейіпкерлер арқылы тұңғыш рет Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романында өзінің көркемдік шешімін тапты.
Д.Жаналтайдың «Қилы заман, қиын күндер» (2000) еңбегі, Моңғолия дерекнамалары арқылы Оспан өмірін зерттеп жүрген әдебиетші-ғалым Ақеділ Тойшанұлының зерттеуі де (2006), Д.Кәпұлы мен Ө.Нәбиұлы құрастырып, Д.Жолжақсыновтың алғы сөзімен шыққан ғылыми жинақ та (2007), Ғазез Райысұлының «Самұрық» атты (2007) монографиясы да, Оспанның комиссары болған Нұрғожай батырдың естеліктері де (2008), Н.Мұқаметханұлы, Ж.Сәмитұлы, Х.Оралтай, Т.Зәкенұлы, С.Рахметұлы, Ж.Бөдешұлы, Н.Оспанұлы, т.б. зерттеулері де, сонымен бірге С.Әбілқасымұлының «Оспан батыр» романы мен белгілі ғалым-жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Сергелдең» атты бірнеше кітаптан тұратын романы да Оспан батырды әр қырынан ашып көрсетеді, десе де бұлардың барлығы да тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың жемісі.
Ал Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы көркем шығарма болғанымен, тарихи мағлұматтардың дәлелділігі тұрғысынан Шығыс Түркістан аймағының тұңғыш энциклопедиясы болуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ 1970 жылы «Соңғы көштің» тағдыры сынға түскен уақытта ұлт намысына қорған болып, қол ұшын берген Шыңжан тарихының білгірі Т.Рахимов сияқты осынау ұлт зиялысының еңбегі де бүгінгі күні назардан тыс қалмауға тиіс деп ойлаймыз. Қазіргі Оспан батыр туралы немесе Шыңжаң аймағына байланысты құрастырылып жататын ғылыми жинақтарға біз жоғарыда айтқан сол тұстағы СССР Ғылым академиясы Қиыр Шығыс институтының сектор меңгерушісі Т.Рахимовтың «Соңғы көш» туралы жазылған мақаласы енгізілсе, өткенге құрмет, кейінгіге тәрбие болары хақ.
Шыңжаң өлкесінде жұртшылыққа белгілі үш Оспан болған. Олар - Төре Оспан, Қара Оспан және Оспан батыр. Осы үш Оспанның ішінен осы өлкеде Қара Оспан мен Оспан батырды шатастырып атау жиі кездесіп қалады. Гоминдаң билеушілерінен азат еткеннен кейін Алтай аймағының қазақтары Оспан батырды ақ киізге салып хан көтереді. Тіпті оған сол кездегі үкімет тарапынан «Батыр хан» деген атақ та беріліпті. Қарадан шығып, хан болғаннан кейін оны да Әбілпейіз ханның тұқымы Төре Оспанмен ауыстырып алмау үшін Қара Оспан деп атау ішінара болса да ел арасында ұшырасады. Алысқа ұзамай-ақ мұны Асқар Алтайдың 1993 жылы «Жұлдыз» журналына жарияланған «Қайың сауған, ел ауған» деген циклді әңгімелерінің ішінен де кездестіреміз. Қытайға да, орысқа да, мойынсұнбаймын деген Оспанды қазақтың өз қолымен топшысынан қайырғандығын айта келіп: «Қытай Қара Оспан батырды қолға түсірді» деп жазушы көтеріліс басшысын «Қара Оспан» деп алған екен [6.111]. 2002 жылы А.Алтайдың «Ноқталы арман» атты Оспан батыр туралы роман жазуына да осы әңгімелер негіз болғанға ұқсайды. Бұл жерде А.Алтай Оспан Ісләмұлын Қара Оспан деп ел аузындағы версия бойынша жаңсақ алып отыр. Бірақ ескерте кететін бір жағдай, «Ноқталы арман» романында жазушы Оспандармен еріп жүретін «Қара» деген эпитетті мүлде қолданбай, оның орнына «Ошаң», «Оспан батыр» деген кең тараған есімдерін ғана алыпты.
Алтай аймағында ХІХ-ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген халыққа танымал үш Оспанның үш түрлі адам болғандығын, бұлардың әрқайсысының өмірбаяны негізінде жекелеген романдар дүниеге келгендігін сол өлкені кейінірек зерттей бастаған ғалымдар жақсы біледі.
1981 жылдың өзінде-ақ «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған «Соңғы көш» осылай туған» мақаласында Қ.Жұмаділов Шығыс Түркістан тақырыбының қағаз бетіне түспей қағаберіс жатқаны болмаса, олардың тарихы, азаттық үшін айқасы, басқыншыларға қарсы ерлікке толы күресі, басқасын былай қойғанда 1945 жылы жеңіске жеткен ұлт-азаттық төңкерісі, бес жыл бойы дербес мемлекет болып тұрған Шығыс Түркістан республикасының құлауы, Оспан батыр бастаған халық көтерілісі әлі де талай романға азық болары сөзсіз екендігін атап көрсетеді. Оның жарқын көрінісін жоғарыда аталған романдар легі мен жазылып жатқан басқа да көптеген ғылыми еңбектер растайды. «Соңғы көш» романында осы тарихты түгел көрсету мақсат етілмеген. Сондықтан да романның басты оқиғасы Шығыс Түркістан республикасы сахнадан кетіп, Қытай Халық азаттық армиясының Тарбағатай аймағына кіруінен басталады да, алпысыншы жылдардағы ел басына төнген зобалаңмен аяқталады. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Шығыс Түркістан халқының романдағы қамтылған кезеңдегі тартқан жәбір-жапасы бұрын көріп жүрген әділетсіздіктердің бәрінен де асып түскендігін тарихи еңбектер айғақтайды. Сондықтан да жазушы роман желісін халық трагедиясының ең шарықтау шегінен бастайды. Екіншіден, бұл кездегі оқиғалардың көпшілігі қаламгерге жақсы таныс, мысалы шығармадағы Қанағат ауылы - жазушының өз ауылы, ақын жігіт Естай жазушының өз прототипі болса, ол өлкедегі атақты бай Башбай, екі өкіметке де белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықов, Оспан батыр, Тұрсын мұғалім, әнші Шәкен, Әріп пен Әсет ақындар, т.б. сияқты жұртшылыққа кеңінен таныс - адамдар шығарманың негізгі кейіпкерлері.
1970 жылдары Шығыс Түркістан туралы не арғы беттен, не бергі беттен тырс еткен мәлімет жоқ, құлаққа ұрған танадай болып тұрған кезінде Қ.Жұмаділовтің бұл тақырыпты эпикалық деңгейде алғаш көтеруін бүгінгі ұрпақ ерлік деп бағалау керек деп білеміз.
«Қазақ тарихы» журналынан