Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 10359 2 пікір 8 Маусым, 2017 сағат 12:31

Нұрмақовтың отбасы тартқан трагедия

 

Бүгінгі күні жарияланып, жарық көрген басылымдар арасында тарихи шындықпен толық сәйкесе қоймайтын, кейде біріне-бірі қайшы келетін, жалған, тіпті мифке жақын фактілер, пікірлер кездеседі. Ондай деректер оқырмандар арасында түсінбеушілік, ал 37-жылдың құрбандарының туған-туыстары арасында өкініш-өкпе тудырады. Дегенмен, менің айтқым келіп отырған пікір де шындықтың шыңы деген ойдан аулақпын.

 

Мен осы ұстанымыма сүйене отырып, Алаш ардагері, Қазақстан мен КСРО-да сол жылдары қызмет еткен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 37-жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны Нұрмақов Нығмет және оның семьясы, жақын туыстары туралы айтқым келеді.

Нұрмақов Нығмет – Ресейдегі 1917 жылы болған Қазан төңкерісінен соң, қазақ даласында жаңа өмір құруға белсенді қатысқан тұлға. 1920-29 жж. аралығында ол Қазақстанда Жоғарғы Ревтрибунал, Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор, ал 1924-29 жж. үкімет басшысы (премьер-министр) болды. Жас Қазақ Республикасын құрып, оны дамытып, нығайту, көркейту, жолдарында атқарған еңбектері әртүрлі ресми құжаттарда, әдебиет көздерінде, бұқаралық ақпараттарда жазылып, архивтерде сақталған. Сондықтан мен бұл естелігімде, негізінен, сақталған құжаттарда жоқ немесе толық жазылмаған деректер туралы сөз қозғаймын. Ол – Нұрмақовтың туыстары сол жылдарда көрген қайғы-қасіреттері туралы.

Менің жүрегімде Нұрмақовтың репрессияға түсу себептері ресми құжаттарда аталған себептерден әріде жатыр деген ой тұрақты ойландырады. Ол, әрине, терең зерттеуді қажет ететін дүние. Дегенмен, оны тұтқындаудың бір себебі – ол аталған жоғары лауазымды саяси қызметтерді атқару жолында қатар жүрген қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларымен бірге сол жылдарда Қазақстанда партия басшысы болған Голощекиннің қазақтарға тізесін қатты батырып, оларды қорлау саясатына ашық қарсы шығуы.

«Шындықты кімге болса да көзіне тапжылмай айту – ол кісінің мінез ерекшелігі болушы еді», – деген сөздерді уақытында қуғын-сүргін ассоциациясының алғашқы президенті Бекболат Мустафин ақсақал мен қарт большевик А. Бутиннің ауыздарынан естіген едім. Бұндай батылдық, әрине, Голощекин мен оның жендеттеріне ұнамайды. Сондықтан оның үстінен орталыққа (Мәскеуге) жолданған шағымдар үсті-үстіне түсіп жатты. Бірақ оның білімділігі мен біліктілігін, ұйымдастырушылық жұмысқа деген қабілетін білетін және нақ қазір жұмысынан алып жазалауға тікелей себеп жоқ екеніне көзі жеткен Сталин бастаған орталық «Нұрмақовты қызметтен босатуды қоя тұрыңдар. Ол кезекті съезге дейін істейді» деген хабар жолдайды. Оған қарамай шағымдар тоқтамайды.

Сол себептен 1929 жылы Нұрмақовты Мәскеуге ауыстыруға мәжбүр болды. Ол туралы деректі құжатта «Москва. Отзыв в ЦК» деп жазылған. «Ондағы ойлары Нұрмақов біздің көз алдымызда жүрсін деуі ғой» деп айтатын Бекболат ақсақал. Мәскеуде Нұрмақов 1937 жылға дейін КСРО ЦИК-інің Президиум мүшелігіне кандидат, Бүкілроссиялық ЦИК-тің (ВЦИК) Президиумының мүшесі, ВЦИК Президиумының хатшы орынбасары және қатарынан оның екі (ұлттық және ақпарат) бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол қызметтерінде жүрген Нұрмақов 1937 жылдың июнь айында репрессияға ұшыраған алғашқы арыстардың бірі болып тұтқындалды. Ресейдің бұрынғы «КГБ», кейінгі «ФСБ» органынан алынған құжатта оған «1920 жылға дейін «Алашорда» партиясының белсенді мүшесі, ұлтшыл, Кеңес үкіметіне ашық қарсы шыққан және оның басшыларын жоюға әрекет жұмыстарын ұйымдастырушы, Жапония мен Германияның тыңшысы» деген дөрекі айып тағылады. Сол жылдың қыркүйек айында Нұрмақов Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен бір күнде атылып, бір жерге (Мәскеу, Дон зираты) көмілген (бұл жерде жерленгені деп жазуды жөн көрмедім).

 

Нұрмақов ұсталғаннан кейін, репрессиялық аппарат оның туған-туысқандарын жоюға кірісті. Нұрмақовтың семьясы қуғын-сүргін зардабын толығымен басынан кешірген отбасы деуге болады. Оған дәлел бола алатын мына фактілерді келтірейін. Нығметтің ауылда тұратын жасы жетпістен асқан әкесі Нұрмақтың саясатқа еш қатысы жоқ болса да, 1938 жылы «үштіктің» шешімімен Қарағанды түрмесінде атылды. Жұбайы Зүфнүн, балалары Ноян мен Тамара, інілері Құрманғали мен Жәмел репрессияға ұшырап, әр дәрежелі жаза тартты.

Мысалы, Мәскеуде Нығмет ұсталған соң, бір ай өтпей жұбайы Зүфнүн тұтқындалды. Оған әуелі ату жазасы қолданылсын деген шешім шығарылады, соңынан балаларының жасын елеген болу керек, ол жазаны он жылға лагерьге жіберілсін деген шешімге ауыстырады. Зүфнүн жеңгеміз басында Бутырка түрмесіне (Мәскеу) қамалып, одан соң Карелия, АЛЖИР (Ақмола) лагерьлеріне айдалады. Лагерьде мезгілін өтеп босаған соң, Қарағанды шахтасында лампышы болып істейді. Себебі 1956 ж. реабилитация жарлығы келгенше, оған Мәскеу мен Алматыда тұруға рұқсат болмады. Нығметтің екі баласын (Ноян мен Тамара) бір-бірінен айырып, Ресейдің екі қаласындағы (Саратов, Пенза) балалар үйіне жібереді. Тамара сонда сырқаттан қайтыс болады, ал Ноян өзінің сұрауы бойынша майданға кетеді. Соғыстағы ерліктері үшін орден, медальдармен марапатталып, 1946 жылы еліне қайтып келген соң, Алматыдағы Тау-кен металлургия институтының сирек металдар бөліміне түседі. Бірақ онда «халық жауының» балалары оқуға болмайды деп, басқа институтқа ауысуға Ноянды мәжбүр етеді. Оны бітірген соң Алматыда, одан соң Мәскеуде инженер-гидрогеолог болып қызмет істеді. Ноян 1986 жылы 63 жасында жүрек сырқатынан қайтыс болып, Мәскеудің Ваганьков зиратында жерленді.

Келесі репрессия құрбаны болған – Нығметтің өзінен кейінгі інісі Құрманғали. Ол Алматыда Казполк штабының қызметкері болып істеп жүрген жерінен тұтқындап, Коми АССР-нің Воркута қаласындағы лагерьге айдалады. Ол лагерьдегі тұрмыс жағдайының адам шыдамайтын ауыртпалығынан ауыр сырқатқа шалдығып, қайтыс болады. Одан ұлы Камел, қыздары Айша, Тамара қалды. Кейіннен олар елге танымал мамандар, инженер, ғылым адамдары болып, өсіп-өнді. Камел КСРО Мемлекеттік және Министрлер Кеңесі сыйлықтарының лауреаты, Айша – химия ғылымдарының кандидаты, доцент, Тамара – медицина ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне жетті.

Нығметтің еркек кіндікті туыстарынан тірі қалғаны – ауылдағы кенже інісі Жәмел болатын (менің әкем). Оны да қаралы қасіреттен тыс қалдырған жоқ. Ол ауылдан қуылып, Қарағанды шахтасындағы трудармия қатарына жіберілді. Әкемнің содан тірі қалды деген аты болмаса, реабилитация қағазын алғанша өмірі ауыр жағдайда өтті. Ол репрессия зардабын, соғыс, соғыстан кейінгі қиыншылықтарды басынан өткізді.

 

Қиыншылық жылдары балалары жас, жұбайы (шешем) хат танымайтын адам еді. Бала-шағасын асырау үшін, ол жұмысына аса ұқыптылықпен қарап, күні-түні сол жұмыс соңында болды. Тек 1956 жылы, ақталу қағазы келгеннен кейін, еліне қайтып, жағдайы біршама жақсарды. Асыл анамыз бен ардақты әкеміз бастарына туған қиыншылықтарға қарамай, сегіз баласын тәрбиелеп, өсірді. Бүгінгі таңда бәрі өз орындарын тауып, балалы-шағалы, немерелі, шөберелі болып отыр. Басынан өткен қайғы-қасірет, уайым әкемнің денсаулығына әсерін тигізіп, 1976 жылы бар-жоғы 64 жасында өмірден өтті. Шешем балаларының қызығын біраз көріп, 1989 жылы 75 жасында қайтыс болды.

Нұрмақовтың тозақ пен өлімнен аман қалған жақын туыстары өле-өлгендерінше атамыз Нұрмақтың, оның балалары Нығмет, Құрманғалидің, немересі Тамараның жатқан жерлерін іздеумен өткізді. Жан-жаққа жіберген сұрауларына жауап ала алмай, олар түбінде бұл өмірден арманда кетті. Жоғарыда айтылған деректерге көңіл аударсақ, Нұрмақ семьясынан төрт адам (Нығмет, Құрманғали, Тамара, Ноян) 37-жылдың жан түршігерлік саясатының салдарынан орын алған сойқын жағдайлардың нәтижесінде өз елінің топырағы бұйырмай, Ресей жерінде мәңгілік орын тауып, сүйектері сонда қалды. Қазір байқасам, сол жылдары миллиондаған қуғын- сүргіндердің, олардың семьялары мен туыстарының тағдырлары, өмір көріністері осындай, бір-біріне ұқсас екенін байқауға болады.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда сол жылдардағы уақиғалардың тікелей куәсі болған адамдардың саны сиреп барады, тіпті жоққа жақындап қалды деуге болады. Сондықтан әлі де көзі тірілердің естеліктерін жарыққа тұрақты және қомақты тиражбен шығарып, жас буынға түсіндіре жеткізу аса қажет. Репрессия жылдарындағы қазақтар көрген зардаптың тарихы әлі толық және жан-жақты зерттелген жоқ. Оның көптеген тараулары әлі тың жатыр. Ол – жас ұрпақтың және болашақтың еншісі. Менің осы естелігім солардың бір кәдесіне жарар деген ой толқынынан туды.

Аман Жәмелұлы НҰРМАҚОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

«Общественная позиция» (проект «DAT» №21 (385) от 1 июня 2017 г.

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407