Сәрсенбі, 14 Қараша 2018
Құйылсын көшің 3386 17 пікір 21 Маусым, 2017 сағат 09:41

Қауымдастық қатардағы жай ұйым емес

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, бес жылда бір мәрте әлем қазақтарын жиып құрылтай өткізу – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстағы ағайынға деген зор қамқорлығы.

Еліміз бойынша ең үлкен үш қоғамдық ұйым бар. Құрылған мезіміне қарай атап айтар болсақ, олар - Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы (1992) Қазақстан халқы Ассамблеясы (1995) және «Нұр Отан» партиясы (1999). Үшеуінің де төрағасы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі.

Қазір Ассамблеяның 475, «Нұр Отан» партиясының 900 мыңдай мүшесі бар.

Ал, тәуелсіздік жылдары шеттен бір миллионнан астам қазақ елге оралды. Оған алыс-жақын шетелде жүрген бес миллион қазақты қосыңыз. Соның 18 жасқа толған азаматтарынның саны кемінде екі миллиондай болу керек. Сол қандастарымыз түгелімен осы Қауымдастықтың бейресми мүшесі емес пе!!? Сонда Қауымдастықтың қолдаушысы ана өзімен әріптес екі ұйымнан да көп болып тұрған жоқ па?!! Демек, Қауымдастық қатардағы жай ұйым емес!

Төрағасы Елбасымыздың өзі болып отырған соң, бұл ұйымдарға қойылар талап пен жауапкершілік қатаң, артқарар міндет те ауыр.

Сол ауыр талап пен қатаң жауапкершілікті, өздеріңіз күнде көріп отырсыздар, «Нұр Отан» партиясы мен Ассамблея терең сезініп, өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып отыр. Беделі мен ықпалы күн санап артып барады!

Ал, бүгінгідей дүние дүбірге толып тұрған уақытта әлем қазақтарының басы Астанада қосылып, Ұлы той өткізіп жатқанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын сынағым келмейді. Тек, көңілге келген біраз жайды еске түсіріп, алдағы бес жылда атқаруға тиіс-ау деген бір-екі шаруаны құлаққағыс етуді ғана жөн көрдім.

Арыға бармай-ақ қоялық, Елбасының тікелей тапсырмасымен 2015 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін Мәжілісте тоғыз айға жалғасқан талқы болды. Сол жұмыс тобы талқылаған бүкіл ұсыныс кестеге түсірілген күйі 18 том болып, менің қолымда тұр. Сенесіз бе, әлемдегі бүкіл қазақтың мүддесін қорғау, арыз-арманын билікке жеткізу, көшке қолғабыс ету үшін құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бір ұсыныс ұсынса, арам болсын!

Құдай-ау, осындай шешуші сәтте Талғат Мамашевтың өзі болмаса да Сұлтанәлі Балғабаев пен Ботагөз Уатқан, керек болса,  көрпе-жастығын Астанаға алып келіп, депутаттарға «Мына ұсыныстарымызды қайтсең де Заңға кіргізіп бересің!» - деп, Парламент үйінің босағасына төсекті салып алып, айлап жатуы керек қой!

Телеарна жаңалықтарынан көрдім, Парламенттің қос палатасында аталған Заң жобасын әбден талқыланып болып, Елбасы қол қойған соң барып Қауымдастық Алматыдағы қоғамдық ұйым басшыларын жиып ап, дөңгелек үстел өтізіп, дуылдатып «талқы» жүрізіп жатыр. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің....

Екінші бір әңгіме. Сол «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасын талқылау барысында менің бір нәрсеге көзім әбден жетті, Мәжілісте шеттен оралған қандастарымыздан сөзсіз бір-екі депутат болу керек екен. Егер, сол талқылауға Қайрат Бодаухан екеуміз қатыспағанда, Заң жобасы Мәжілістің екі-үш-ақ түзетуімен Үкіметтен келген күйі өтіп кетер еді. Әрине, бұл жерде депутаттарды кінәлаудың орны жоқ, олардың бұл мәселеге келгенде ынта-ықыласы жақсы болғанмен, «ұсақ-түйек» түйткілдерді, біз құсап басынан өтпеген соң, білмейді екен. Енді қараңыз, 2016 жылы наурыз айында мерзімінен бұрын Мәжіліс сайлауы болды. «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы таласа-тармаса өз кандидаттарын ұсынып жатты. Ал, 2 миллионнан астам бейресми мүшесі бар біздің Қауымдастық «Мәу!» деген жоқ!

2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланды. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шеттегі қазақты Атажұртына шақыру туралы Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартқан 1991 жылғы 18 қарашададан бастап есептегенде, Қазақ көшінің басталғанына да 25 жыл толды. Бұл АҚЖОЛТАЙ КҮНДІ атап өту ұсынысын да ең алдымен көтеретін; жоба-жоспарын жасап, дүркіретіп атап өтетін және «18 қарашаны» мерекелер тізбесіне кіргізуге ықпал ететін, әрине, тағы да осы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ғой! Жоқ, біздің Қауымдастықта ондай өре, талпыныс болған емес!! Шетелге барып, доп тебумен, ағаш егумен қазақ көшінің мәселесі шешілмейді.

Айтпақшы, шетел дегеннен шығады, бес құрлықты аралауда  Қауымдастық ешкімнен кем қалып жатқан жоқ. Әлемнің ең дамыған елдеріне және шеттегі қандастарын өздеріне шақырумен айналысып келе жатқан мемлекеттерге де барып жатады. Сол елдердің көші-қон саястындағы үздік тәжірибелерін әкеліп, өз елімізге үйлестіріп жоба жасап, сол жобасын Үкіметке бекттіруге, қолданысқа енгізуге болады ғой. Әттең, Қауымдастық ондай іске де назар аударған емес!

Соңғы бір өкініш, үлкен өкініш, биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізіліп, қайта қабылданды. Сол Ата Заңымыздың 10-бабы «Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралады және тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алады» - деген жаңа бір тармақпен сөзсіз толықтырылуы керек еді. Бұл да бес миллион қазақтың атбайлары, арқасүйері болған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірінші болып көтеретін шаруа!

Жалпы, осы біз айтып отырған мәселелерге бел шеше кіріссе, «мүшелерін» өз деңгейінде ұйымдастыра білсе, Қауымдастықтың алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқ! Алыстан келген ағайынды құтты қонысына қондыруға, былқ еткізбей ұстап отыруға, көш тізгінін ешкімге бермей билеп алуға толық мүмкіндігі бар.

Себебін, жоғарыда айттық, Қауымдастық жай ұйым емес, оның төрағасы Аса Мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі!

Сол үшін Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед пен Ералы Тоғжанов секілді іскер тұлға болу керек!

Егер, оралмандардың мәселесін, ең кемінде, қарапайым қаламгер мен құсап көтеріп, шешуге ықпал етіп отырса, жоғарыдағы біз айтып өткен  Қазақстан Республикасы мен шетелдердегі бүкіл қазақ диаспорасы Қауымдастықты Үкіметке телміртпей, қаржылық жағдайын өздері-ақ шешіп тастайтын еді!

Ауыт Мұқибек

 

Abai.kz

17 пікір