Қазақстан – АҚШ: ашық дипломатияға 25 жыл
Бүгін Астанада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуына орай жоғары деңгейдегі «АҚШ – Қазақстан» халықаралық конференциясы өтті. Ұзақ жылғы Қазақстан-американдық қарым-қатынастың нәтижесінде ашық дипломатия орнаған. - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Конференция аясында экономика мен сауда, сондай-ақ, адами капиталды дамыту салаларында жаһандық және аймақтық деңгейдегі екі жақты серіктестік мәселелері қарастырылды.
- Екі жақты қарым-қатынастың тұрақтылығы мен динамикасы мемлекеттік прагматикалық мүдделермен тікелей байланысты. Қазақстан үшін әлемдік экономикалық көшбасшымен серіктес болу – бұл жаһандық экономикаға деген интеграция. 25 жыл бойы өзара нәтижелі ынтымақтастық негізі іс жүзінде де көрініс тапты, - деді өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.
Конференцияға қатысушылар талқылаған екі жақты серіктестіктің негізгі тұстары ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы жаһандық ядролық қауіпсіздік процессін нығайтудағы ықпалдастықты атауға болады.
- Біз ерікті түрде қуатты ядролық арсеналдан бас тартқан болатынбыз. Әлемде ең алғашқылар болып Семей ядролық полигонын мәңгіге жаптық. Көршілес елдермен бірге ядролық қарудан азат Орта Азиялық аймақты құрдық. Өз кезегінде, АҚШ Нанн-Лугара бағдарламасы арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған антиядролық қозғалысты насихаттауға сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, біз Қазақстан көшбасшысының антиядролық стратегиясының жаһандық сабақтастығы туралы да айта аламыз. Себебі, ядролық қауіпсіздік Саммитін өткізуде АҚШ құрылтайшы болды, - деді Е. Салтыбаев.
ӘЭСИ директорының айтуынша, АҚШ-тың Орта Азиядағы «С5+1» атты жаңа стратегиясы аймақтық қауіпсіздік, Орта Азияда экономикалық серіктестікті дамыту, соның ішінде аймақтың көліктік әл-ауқатын арттыру бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда маңызды серпін болмақ.
Конференция жұмысына америкалық тараптан АҚШ-тың ҚР елшісі Джордж Крол, АҚШ-тың ҚР экс-елшілері Джон Ордвей, Элизабет Джонс, Ричард Хоугланд қатысты. Қазақстан тарапынан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Мадина Әбілқасымова және өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Анықтама: Шараны ұйымдастырушы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының талдау орталығы, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты болып табылады.
ӘЭСИ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті қалыптастыру мен нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесін зерттейді. ӘЭСИ пікірталас алаңы Ұлт Көшбасшысының стратегиялық бастамаларын жан-жақты насихаттау аясында және оларды жүзеге асыру жолдарын қалыптастыру бойынша жұмыс істейді.
Abai.kz