Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 7419 24 пікір 27 Маусым, 2017 сағат 11:59

Үкімет отырыстарының орыс тілінде өтуі - заңсыз

"Үкімет отырыстарының орыс тілінде өтуі - заңсыз" деп жазады белгілі журналист Марат Тоқашбаев Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған жазбасында. Біз жазба өте өзекті болғандығы себепті оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Abai.kz ақпараттық порталы

Қазақстан Конституциясының 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» екендігі тұжырымдалып, 2-тармағында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп көрсетілгенінін білеміз. Назар аударыңыздар, Үкімет мемлекеттік ұйым емес, ол – мемлекеттік орган. Мемлекеттік ұйымдар дегеніміз министрліктер мен ведомстволардың өз міндеттерін жүзеге асыру үшін құрған ұйымдары. Айталық, ауыл шаруашылығы министрлігі – мемлекеттік орган болса, ол құрған ветеринариялық қызмет –мемлекеттік ұйым саналады. Орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны туралы норма міне, осындай тек екінші деңгейдегі мемлекеттік ұйымдарға ғана қатысты.

Қазақстан Конституциясының 64-бабының 1-тармағында «Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды» десе, 2-тармағында «Үкімет алқалы орган болып табылады» дейді. Яғни «атқарушы органдардың жүйесін басқаратындығын» әрі «алқалы» екендігін ескерсек Ата заңымыз Үкіметтің орган екендігін дәлелдеп тұр. Анау-мынау емес – мемлекеттік орган! Үкіметтің мемлекеттік ұйым емес МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН болуы себепті оның мемлекеттік тілде емес басқа тілде жұмыс істеуі, Үкімет отырыстарын орыс тілінде жүргізуі Конституцияға қайшы әрекет! Үкімет отырыстары орыс тілінде өтсін деген конституциялық норма еш жерде жоқ. Яғни бұл заңсыздық! Мұндай қателіктер жедел түзетілуге тиіс!

Бұған қосымша, мынандай жағдайды ескеру қажет. Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы заңның 4-бабында "Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» екендігі баяндалған. Сондай-ақ Үкіметтің Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға міндетті екендігі айтылған. Оның үстіне ҚР Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23-ақпандағы № 3 қосымша қаулысында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілетінін білдірмейді» деген тұжырымы тағы бар. Бұдан шығатын қорытынды Мемлекеттік орган тек мемлекеттік тілде ғана жұмыс істеуге тиіс!
Бақытжан Әбдірұлы, қателік қашан түзетіледі?!

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048