Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 85012 21 пікір 3 Шілде, 2017 сағат 22:58

Қаз дауысты - Қазыбек

Қазақ мемлекетінің тарихында ел басқару ісіндегі билер жүйесі, оның мәдениеті, әдеп-тәртібі, өнегесі ерекше құбылыс. Ежелден қалыптасқан бұл жүйе ұлы далада биік шыңға көтерілді. Білімдер синтезіндегі құбылыс ретінде бүгінде қарастырылатын билер жүйесі  халықтың қалыптасуына, ой санасына, тіршілігіне, әлеуметіне және мәдениетінің өсуіне зор ықпал етті, ел басқару ісінде үлгі өнеге көрсетті. Көбіне олардың мұрасы шешендік өнер аясында танылып, мемлекет қалыптастыру қызметінің жақтарын жоғалтып жатамыз. Қазақ мемлекетінің тарихында сөз атасы саналған Майқы би, Жиренше шешен, 16-17 ғасырда елге тіреу болған: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би есімдері, Сырым Датұлы және басқа да қазақ билерінің  еңбегі өлшеусіз, олар мемлекеттік қайраткерліктерімен, асқан даналықтарымен тарихымызда қалды.

Қарағанды облысының жұртшылығы биылғы жазда жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақ пен қалмақ арасында бітімші-бүтінші болған, батыл, парасатты елші, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, «Жеті жарғы» заңдар кодексін шығарушылардың бірі, Орта жүздің төбе биі, атақты шешен Қазыбек Келдібекұлының 350 жылдығын  атап өтуде.  Қазыбек Келдібекұлы халық санасында «Қаздауысты Қазыбек» атанып, қазақ бірлігінің нығаюуына, өзара ынтымағының  дамуына зор үлес қосқан қазақ руханиятындағы ұлы тұлғалардың бірі.  Салиқалы, салмақты ойдың ұшқыры, қызыл тілдің шебері Қаздауысты Қазыбек би мұрасы  халық әлеуетінің өткені мен келешегінің жарқын көрінісі болып қала береді.

 

«Қазақтың түбіне жететін ауыр дерт,

зығыр майындай жайылмаса игі еді»

Баяғы Қазыбек би Уақ, Бура мен соған жапсарлас Арғынның басты адамдары зорлық пен параға айналды деп естіп, осы жақтан барған біреуден: «Сол рас па?» - деп сұраса, ол міңгірлеп жауап айта алмапты.

Соны көрген Қазыбек: Ауруын жасырған ажалсыз өледі, зорлықтан қорыққан амалсыз көнеді. Айтайын десе бұған сор. Айтпайын десе елге сор. Отыз тістен шыққанды отыз ру ел білер. Қазақтың қайғысы қалмақ еді, берекемен жауын алмақ еді. Мынау берекені бұзатын ауру еді, не қылған ауру салмақ еді. Қазақтың түбіне жететін ауыр дерт, зығыр майындай жайылмаса игі еді» -деп кейіп, жантая кетіпті дейді.

«Таң» журналының 1925 жылғы №3 санында жарияланған

 

Кім жақын? Не қымбат? Не қиын?

Қаздауысты Қазыбектің тапқырлығы мен шешендігін өз құлағымен естіп, көз жеткізігісі келген бір білгір адам оған: Кім жақын? Не қымбат? Не қиын? деген үш сұрақты қатарынан қойса керек. Сонда Қазыбек би оған былай деп жауап қайырған екен деседі:

Тату болса, ағайын жақын,

Ақылшы болса, апайың жақын.

Бауырмал болса інің жақын,

Инабатты болса, келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын,

Қимас жақын – қарындасың.

Сыбайлас болса, нағашың жақын.

Адал болса, досың жақын.

Еркелейтін немерең жақын,

Өз ұрпағың - шөберең жақын.

Жан серігің жас кезіңнен

Бәрінен де әйелің жақын....

 

- Алтын ұяң – отаның қымбат,

Құт берекең – атаң қымбат,

Мейірімді анаң қымбат,

Асқар тауың – әкең қымбат,

Туып өскен елің қымбат,

Ұят пен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат...

 

Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмайтын дау қиын,

Шанышқылаған сөз қиын,

Дәл осындай жағдайда,

Пана болмас өз үйің.

Жазылмаса дерт қиын,

Іске аспаған серт қиын.

Ақылыңнан адасып,

Өзің түскен өр қиын,

Тентек болса ұл қиын,

Не істеріңді біле алмай

Ашиды сонда бос миың.

 

«Орталық Қазақстан» газеті,

 1990 жыл,  ел аузынан жазып алған Е.Мусин    

                                                                   

 Он жұмбақ

Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаздауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендері, ойшылдары жиналып, әңгіме –дүкен құрып отырғанда:

  • Қаздауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, -дейді Төл би.
  • Айтыңыз, айтыңыз?
  • Айтсам он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз,он.

Отырғандар таң тамаша болады.

  • Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ болады екен? –дейді отырғандар.
  • Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз, -дейді Қаздауысты Қазыбек.
  • Рұқсат, рұқсат! –дейді Төле би.
  • Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
  • Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.
  • Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
  • Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.
  • Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.
  • Алты дегеніміз –асқынып кеткен дерт жаман.
  • Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
  • Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.
  • Тоғыз дегеніміз –торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.
  • Он дегеніміз –оңалмас кәрілікке дау болмас деген,- дейді Қаздауысты Қазыбек.
  • Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.

«Орталық Қазақстан» газеті,

1990 жыл.

 

Арық емес, қатумын, қара жерден татумын

Еретеде Қаркесек пен Қыпшақ руларының арасында бір дау болады. Дауға Қаздауысты Қазыбек келіпті. Амандасып болған соң Қыпшақ биі: «Арғынның  арық  биі, сөйле», -депті.

Сонда Қазыбек:

Арық емес, қатумын,

Қара жерден татуымын.

Көшершілік кезде түйе азады,

Жетімдік көрсе қыз азады.

Елінде жаугершілік болса,

Тағында  хан азады,

Табындағы би азады, -депті.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан,

 1988 жыл, «Жазушы» баспасы

 

Біз үш қазақ керіспейік,

керіскен асылы, бізге жөн емес.... 

Төле, Қазыбек, Әйтеке үшеуі Күлтөбенің басында ұзаққа созылған мәжіліс аяқталар соңында үш ауыз сөз айтатын болып келіседі. Жолына қарай әуелгі сөзді алған Төле былай депті:

Шешендіктен не пайда,

Артында сөзі қалмаса.

Батырлықтан не пайда,

Халқына қайраны болмаса.

Хандықтан тіпті пайда жоқ,

Қарашасын жалмаса.

Молдалықтан пайда жоқ,

Шариғатты өтірік айтып,

Надандарды алдаса,  -деп тоқтапты.

 

Төле биден кейін сөз алған Қазыбек би:

Үй жанында биік төбең болса,

Ол – ерттеулі аттан кем емес.

От басында білгір қартың болса,

Ол жазылған хаттан кем емес.

Біз үш қазақ керіспейік,

Керіскен асылы, бізге жөн емес, - депті.

 

Екі биден кейін сөйлеген Әйтеке би:

Жердің сәні – қаптаған жылқы мен қой,

Қыздың сәні –алқалап ұзатқан той.

Ауылдың сәні – қайнаған қазан.

«Атаңа нәлет» деген ауыр сөз, Қазеке, -

Мылтықтың аузынан шыққан оқ,

Екі адам керіссе, оның арты шоқ.

Біз үш қазақ керіспейік, келісейік.

Егер керісе қойсақ бізге

Хандық  түгел ондықта жоқ,дейді.

 

«Ана тілі» газеті, 1991 жыл

 Әзірлеп ұсынған Салауат Кәрім

Abai.kz

 

 

 

 

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972