Көбік сөздің көрігін күрпілдетіп...
Сөзге қатысты сөз көп. Қазекемнің: «Бір ауыз сөз адамды қуантады да, жылатады да; ...сөз сүйектен өтеді; жүйелі сөз жүгіндіреді; адам тіліне аспандағы бұлт айналады...» дегенін тізбелей берсек, біраз жерге барамыз. Мағыналы аз сөздің алтын екенін де, мәнсіз көп сөздің көбік екенін де қазекем айтқан. Ал сол «көбіктің» біздегі бүгінгі бір иесі – биліктің бауырындағы ақпарат құралдары: гәзет-журналы ма, радио-теледидары ма – кезкелгені «оразасын»: «Елбасымыз Нұрекең атап көрсеткендей... Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы түсіндіріп бергендей... Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқын айтқандай... Елбасымыз ескерткендей... Елінің ертеңін ойлаған Елбасы талдап бергендей...» деумен ашады. Шарттасып алғандай.
Пікірлерінің, мақалаларының тақырыптары түрлі-түрлі, көлемдері 40 жол мен 500 жол арасы, авторлары кеңсенің кіші қызметкері, немесе академик, халық жазушысы болса да, мазмұны біреу, ары қарай оқымай-ақ аңғарасың: президент Н.Назарбаев мырзаны тілі жеткенінше мадақтау. Сөздері: дана, данышпан, кемеңгер, көреген, әулие, ғасыр ғұламасы, әлем мойындаған саясаткер... әлемдік экономикада қазақстандық даму жолын салды... әлемді таңқалдырған Астананың Бас архитекторы... әлемдегі ең бай елу елдің арасын жарып өтіп, әлемдегі ең бай отыз елдің арасынан да суырылып алға шыққанымыз, әлемдегі ең бай он елдің тобына қосылуға жақындап қалғанымыз – Нұрекеңнің арқасы...
Ай-хой, Сөз, сенде жазық жоқ. Егер мынау мадақ майданындағылардың біреуі алдағы аптада: «Нұрекеңнің арқасында Қазақстан әлемдегі ең бай үш елдің бірі болды!» дей қалса, оның да құралы сен боласың, шараң жоқ. Біз сені семсер де, сабау да етіп жүрміз. Әсіресе: президенттің рухани жаңғыру жайындағы мақала-жобасы, ЭКСПО-2017 және үкіметтің Астана әуежайына президенттің атын беру туралы премьер-министр Қ.Сағынтаев қол қойған қаулысы. Яғни бүгінгі саяси үштаған туралы мадақсөздің буы Алтай – Алатау арасын лықа толтырды, қашан сейілері белгісіз. Бірақ, алда-жалда сейіле бастаса, Астанада талқылауға тағы да бір халықаралық мәселе табылар. Биылғы бірінші жартыжылдықта «әлемдік қала, озық идеялар ордасы», «әлемге нұрын шашқан», «парасат қаласы», «сұлулықпен үндескен», «алтын байрақты», «ертегі әлемі», «Алаштың алтын қазығы», «жерұйығы»... – Астанада» өткізілген форум, кеңес, симпозиум, мәслихат, конференция, сұхбат, құрылтай, Нобель сыйлығы иегерлерінің тағы да басқосуы.., басқаларды білмеймін, әйтеуір, мен солардың санынан жаңылып қалдым.
Бұл пікірімді теріске жорып, мені: «мәңгілік елінің, туған халқының жетістігін, Елбасымыздың ерен еңбегін білмейді» деп «акт жасап, мөр басқысы» келетіндер табылар. Еріктері.
Елімізді мен де сүйемін, тек «мәңгілік» деген тіркесін айта алмаймын, себебі Құран Кәрімде Жаратушымыздың ғана мәңгілік екені, одан басқа мәңгі ештеңе жоқтығы айтылған. Қазақстан мен қазақтың да жасай берері анық, сол үшін жаратылған, алайда мақтанғанның да, мақтағанның да реті бар, Киелі кітаптағы түйінмен тәжікелеспеген жөн болар.
Мақтаған демекші, Н.Назарбаевтың рухани жаңғыру жайындағы мақаласына нөпір пікірдің бірі маған ерекше әсер етті. «Санамызды оятқан жоба» депті. Авторының кім екенін атауды обалсынсам да, қазақ санасының ғасырлап оянбағанын, мынау жоба ғана оятқанын қалайша білгеніне таңданудамын.
Халқымыздың қуанышына, өкінішіне мен де ортақпын. Ойда-қырда жүрсем де, оның тірлігінен көз жазған емеспін. Іркес-тіркес өткізіліп жатқан «халықаралық» жиын-тойға оның қаншама қаржы жұмсалып кеткенін естігенде менің де құлағым күңгірлейді. Ал көргенде... жақында ғана атажұртым Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Асубұлақ ауылында тағы болып келдім. Аса бағалы кені, оның ішінде ураны бар Асубұлақтың байлығы тасып, халқының саны 10 мыңнан асып, 1985-жылы қала деңгейлі поселок (поселок городского типа) атанып, 1992-жылы заңды түрде қалаға айналуға тиісті құжаттары реттелген-ді. Айтып-айтпай не керек, жылдан жылға жұтаңданып, бүгінде – 1,5 мың ғана тұрғыны бар шағын мекен. Өркенді өнеркәсібінен «белгі» болып 5-6 қабат үйлердің аңғал-саңғал қаңқалары тұр. Кен орындары тәуелсіздігіміздің жалына жармаса жеткен «реформашыл» қалталылардың бірінен екіншісіне, үшіншісіне... сатылып, тақыр-тазаланып, шахталар үңірейіп иен қалды. Жастар жұмыс іздеумен алыс-жақындағы қалаларды жағалап кетті. Қарбалас-қарқынды Асубұлақ зейнеткерлердің бұйығы ауылына айналды.
Ауыл дейміз. Соңғы он шақты жылда ауылды қалпына келтіру деген үмітті сөзбен республикамыздың парламенті қабылдаған, президенті бекіткен, егер жаңылыспасам, үш қаулы болып, мемлекет бюджетінен жүздеген миллиард теңге қаржы бөлінді. Ауыл-село жұртшылығы куә болып отырғанындай, оларға сол қыруар қаржының ширегі де жеткен жоқ. Қайда, қалай ғайып болғаны ауылдарға белгісіз. Парламент те өзі күнде қабылдап жататын ондаған қаулының арасындағы сол үшеуінің ең болмаса біреуінің немен тынғанынан хабарсыз. Оның «тарихи міндеті» - қаулы қабылдай беру. Қаулыларының қайда кететінін іздер депутаттық тексеру комитеті жоқ парламенттен елге, халыққа не қайыр? Халықтың мүддесі үшін ондай комитет құруға құқы болмаса, несіне парламент?
Айына кеше 400 мың, қазірде 600 мың теңге жалақы алушы жүздеген депутаттың, немесе анау Халықтар ассамблеясының қабырғасы жабық соншама мүшесінің қайсысы, мысалы, ауызсуға жарымай отырған 400 шамалы ауылдың тауқыметін айтты ма? Жоқ! Бәрі де қалада туып-өскендей, ауылдың не екенін естіп көрмегендей, қазақтың азық-түлік қоймасы ғана емес, рухани бесігі болған ауылды жаңғыртпайынша елдің, қазақтың, қазақстандықтардың рухани жаңғыруы екіталай екенін ескермеді. Айтпақшы, Елбасыларын неғұрлым белсене де беталды мадақтайтындардың тең жартысы – парламент депутаттары мен ассамблея мүшелері, - негізгі міндеттерінің бірі сол болғандай-ақ!
Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп дегенде және бір айтарым: иелігінде баяғы бақуатты ұжымшар, кеңшар жоқ, маусымдық жұмыстар алдында жеке қожалықтардан жанар-жағар майды қалайда арзанға сатып алуға тырысатын қауқарсыз Ауылшаруашылық министрлігі, баяғы атақты зауыт-фабригі жоқ өріссіз Өнеркәсіп-құрылыс министрлігі шүпірлеген штаттарын, хан сарайы іспетті ғимараттарын қашанғы қорып отыра береді? Сондай тірліктегі басқа министрліктер ше? Меніңше, солардың бәрін екі есе ықшамдап, үкіметтің құзырындағы Бас басқарма етсе, жылда анаусы ондаған, мынаусы жүздеген миллион теңгені игермей, ел бюджетінің бүйірін тесе бермес еді (қазақтың «басқарма» сөзін шетелдіктер үшін «департамент» деп өзгерткеніміз де «ғажап» болды).
Халық шаруашылығының негізгі екі саласы осындай жалаң жағдайға душар етілгенін іштей мойындаушы билік оларды дамытуға деп жылда шет елдерден миллиардтаған доллар қарыз алса да, ауған арба сол қалпында. Сөз жүзінде ғана түзелді. Иә, сөз, сөз... «Жан-жақты өркендеуде Қазақстан әлемнің қай елімен болсын бәсекелесе алады!.. Шет елдерде Қазақстанның экономикалық даму кодын іздейтін институттар құрылып жатыр!..» деп желіге желпінуімізде қапы жоқ, ал ел тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жылда халық алдындағы тамағының, үстіндегі киімінің арзандағанын көрген емес. Көріп келе жатқаны – қымбатшылық. Тіршілігіне қажеттің бәрі үздіксіз қымбаттауда. Басқасын айтпағанда, 1994-жылы бөлкесі 2-3 теңге болған нанның бағасы бүгінде 60 теңгеден 270 теңгеге дейін.
Билік жылара: «айлық жалақыға пәлен пайыз қосуға, зейнетақыға түглен пайыз қосуға қаулы қабылдағанын» сүйінші сұрай хабарлайды, ал дүкен мен базар, коммуналдық қызмет орындары ол қосымшаны артығымен қақшып алады, оларға – пәтуәсіз пайдакүнемдерге: «Оның не?» дей алар ешкім жоқ. Электр мен байланыстың, суық су мен ыстық судың, жылудың қожайындары бағаны қашан, қалай өсіруді өздері біледі. Жекеменшік пәтерлер кооперативімен сөйлеспейді де. Сол қитұрқылықтарын өзім үшін емес, көпшілік үшін компания басшыларына, Алматы қаласының әкімшілігіне сан рет жазғанымнан ештеңе шықпаған соң, биылғы мамыр айының 11-і күні республиканың Әлеуметтік қорғау және еңбек министрі Т.Дүйсеноваға коммуналдық қызмет көрсетушілердің «концерттері» туралы хат жіберіп едім, әзірге хабар-ошар жоқ, бола да қоймас. Бұл министрліктің де аты күмпи, ісі сымпи шығар. Солай болмаса, халықтың тежеусіз қымбатшылық тауқыметін тартуына коммуналдық қызмет көрсетушілердің «зор» үлес қосуы туралы жер-жерден түсіп жатқаны сөзсіз шағымдарды бір уақ тексертіп, былықтың бетін ашып, өзінің атына жұмысы сай екенін көрсетер еді ғой?!
Халықты әлеуметтік қорғау аясындағы Денсаулық сақтау министрлігіміз жайындағы «жыр» да ұзақ. Бұл салада «қаржы үнемдеу қамымен» дәрігерлерді шаруашылық есепке теліп, еңбегін зая ету, бір емхананы екіншіге қосу, аурухананы жабу дегенің бәтіңке ауыстырғаннан оңай. Ең сорақысы 2006-жылы Алматы медицина институтының Педиатрия факультеті жауып тасталып, балаларды емдеудің қиямет-қайымға айналғаны болды. Әрине, жас ұрпағымыздың денсаулығына қамқорлықты аяқасты еткен көрсоқырлыққа қарсылық басталды. Күрес туын ат-атағы Қазақстанға ғана емес, күні кеше КСРО-ға да мәлім болған атақты хирург, академик, менің ұғымымша – Балалардың бас қамқоршысы да, емшісі де Камал Ормантаев көтерді. Кесапатпен күрес он жылға созылып, ақырында Камекеңнің жеңісімен аяқталып, аталған факультет биыл қайтадан ашылатын болды! Өзінен сөзі «күштілердің» біреуі кейінге қалдыртып жүрмесе.
Бұрынырақта жазған бір сөзімді қайталайын. ХХ-ғасырда қалыптасқан халықаралық қағида бойынша, мемлекеттің іс жүзінде халықтық мемлекет болуына қажет екі сипат бар: сыртқы және ішкі сипат. Сыртқысы – мемлекет басшысының қашан, қайда болсын өздерінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі. Ішкісі – халыққа білім беруі мен халықты емдеуі тегін болуы. Алғашқысы – ұлттық намысты ардақтап сақтау, соңғысы – мемлекеттің экономикалық қуатты екенін таныту десек, біздің өкімет пен үкіметтің дізгін-шылбырын иеленгендер, оның: «Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанға қызыға қарауда» дегіш жалбақайлары тәуелсіз елімізде бұл сипаттардың нышаны жоқтығын, яғни мемлекетіміздің нендей екенін ойламай, қыздырмалы қызыл сөздің көрігін күрпілдетіп жүр.
(Жалғасы бар)
Ғаббас Қабышұлы
Abai.kz