Сенбі, 23 Қараша 2024
Тура жол 5862 1 пікір 11 Шілде, 2017 сағат 09:15

Жиһад жайлы. Жұмақ іздеп желікпе, туған жерің барында

Кез келген діннің жоғары мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетілу жолына қайтару болып табылады. Діннің тұтастығы елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады.

 Нұрсұлтан Назарбаев

Күн сайын құбылып тұрған бүгінгі дүниенің ахуалы адамзатты түрлі сынақтарға салып және де сол адамзат баласының басына түрлі қауіп пен қатерін де төндіріп тұр. Ақылы мен парасаты бар және де ғылымы мен техникасы сәт сайын жетілдіріліп жатқан дүние ғаламының адамы әлі де соғыс пен түрлі қарулы қақтығыстардан көз аша алмай келе жатқандығы әрине, өкінішті-ақ. Келісе алмай керісіп жатқан бүгінгі дүниенің бейбіт тыныштығы қашан орнар екен деген алаң көңілдің орнына түсер күні туар ма екен?! Сонау Африка құрылығы мен Таяу Шығыс елдерінен бір жандарына тыныштық іздеп, ашық теңізбен  қолдарына түскен қалт-құлт еткен қайыққа мініп, шыбын жандарын қатерге тігіп Еуропа құрылығына лап қойған босқындардың қазіргі жағдайы енді келіп, сол Еуропа мемлекеттерінің өздерін саяси, әлеуметтік-экономикалық тығырыққа тіреп отыр. Бұл жағдайға, яғни халықтың босып кетуіне Африка мен Азия континентіндегі жекелеген мемлекеттердегі жекелеген тайпааралық және діни көзқарастардың қарулы қақтығыстарының созылмалы жағдайы себепкер болды.

XXI ғасыр да адамзат баласының үмітін екідайлы қылмақшы ма? Алайда бұл ғасырдың да қаупі мен қатері аз болмайтындығын Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сан мәрте  айтумен болған-ды.  Елбасы   2015 жылғы 30 қарашада « Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңіріндегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр»,-деп атап көрсетіп, заманның бүгінгі сыйпатын дәл анықтап айтқан-ды.

Қазіргі уақытта әлемді толғандырып отырған экстремизм мен діни радикализм мәселесі біздің елімізді де шет айналып өтпесі анық. Өйткені, Қазақстанның геосаяси орналасу жағдайы мен әлемдік қауымдастықтағы, соның ішінде экономикалық әрі стратегиялық жағынан алар маңызды орны бар еліміздің көпұлттылық пен  көпконфессиялық ерекшелігін өздерінің теріс пиғылды әрекеттеріне пайдаланып қалғысы келетін сыртқы да ішкі де күштердің табылмай қалмасы да анық. Бүгінгі күні өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығының кезеңінде тұрған Қазақстанның әлемдегі ең бір тыныштық пен бейбітшіліктің аралы деп айтар болсақ, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатты адал да көрегендікпен, заманның тынысын алдын ала сезіп, болашақты дұрыс бағдарлай білерлік алғыр ойының жемісі деп санаймыз. Көп дінді және көп тілді Қазақстанның бүгінгі әлемдік абыройын сақтау және жүздеген ұлыстарға құтты мекен болып отырған өзіміздің туған еліміздің тыныштығы мен береке бірлігін нығайту, Елбасы алдымызға тартып отырған Ұлт жоспарын орындау мәселесінің де, міндеттердің де ең маңыздысы болып саналады.

Заманның желікпе желімен желпініп те желігіп те, алды-артын ойламастан азғырынды бір жолға түсіп кетіп жатқан өз отандастарымыздың кейбір әрекеттері мен қылықтарына налисың, тіпті соған жаныңның да ауыратыны бар. Әсіресе, жекелеген азаматтарымыздың жалған «жиһадты» желеулеткен теріс идеяның жетегіне еріп, адам қаны судай шашылып жатқан Таяу  Шығыстағы Сирияға  барып жатқандықтары алаңдата түседі. Өйткені, қазіргі уақытта Қазақстанның арнайы қызмет органдарының мәліметі бойынша біздің елімізден Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар жүріп жатқан соғыс ошағына аттанған азаматтардың саны 400-ді құрап отыр, олардың 250-і әйелдер мен балалар екен.

Ал енді, жалған «жиһад» жариялап, ислам атымен сол Сирия жерінде ылаң салып отырған  ДАИШ ұйымының  ( ескерту: ДАИШ ұйымының  ИГИЛ-ден («Исламское государство Ирака и Леванта») ешбір айырмашылығы жоқ және арабшаға «ad-Dawla al-Islamiya lil-Iraq wa ash-Sham» (ДАИШ) болып аударылады.) исламмен еш байланысы жоқ екендігін діни қайраткерлер де әлем саясатшылары айтып та, дәлелдеп те отыр. Расында, жекелеген топтар мен жекелеген діни экстремистердің бүгінгі әрекеттерін, олардың жүргізіп отырған   саясаттары мен адам баласына қастандық жасауға  негізделген  амалдарын  исламмен жанастыруға ешқандай негіз жоқ. Бұлар  «ислам» сөзін пайдалану арқылы өз идеологиясын таратып,  өздерінің қатарына  жақтас адамдарды тартудың бір жолы ғана деп білген абзал.  Діни уағызбен  елдің  санасына билік жасау оңай болса керек. Сондықтан да, сананы жаулайтын әдістің бірі - діннің атын жамылу арқылы  әсіресе әлі ой-санасы мен көзқарасы толық қалыптасып болмаған жастарды  тура жолдан адастырып, оларды иманынан жаңылдыру еліміздегі ішкі тұрақтылыққа қауіп төндірерін де ойлағанымыз абзал. Жалған «жиһадтың» желеуімен  жазығы жоқ адам баласын  қыруға жол беретін террорлық әрекеттердің ешқайсы да ешқандай бір дінге де, идеологияға да қатысы жоқ. Тек қана олар  дін мен идеологияны өздерінің адам баласына қарсы жасалып жатқан жауыздық әрекеттерін ақтап алу үшін ғана  пайдаланатындығын білгеніміз жөн.

ДАИШ содырларының қаншама жазықсыз жандардың өмірлерін қиып, небір қанішерлік әрекеттерге барып жүргендіктері жайлы деректі мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдары айтып та, жазып та жатыр. Түркияның астанасы Анкара қаласында күні кеше  жанкештілердің халық көп жиналатын автобус аялдамасының жанында жарылыс жасауы адам қанын жазықсыз шашу мен адам баласының бейкүнә өмірін жауыздықпен қию емес пе? Бұл қай дінге, қай иманға, қай заңға сыяды?! Әрине, Анкарадағы бұл жарылысқа ДАИШ содырларының қатысы да жоқ болар. Дегенмен, ислам атын жамылған ДАИШ сияқты мұндай  ұйымдардың және де  кез келген «жиһадшыл» жанкештілердіңәрекеттері мен олардың ұстанымдарын  барша адамзат баласына, оның түрі мен түсіне де, тілі мен дініне де қарамастан тек ізгілік пен жақсылық қана тілейтін, әлемде тек қана бейбітшілік болуын ғана көздейтін ислам дінімен жанастырудың еш қисыны жоқ қой деп ойлаймыз. Жалпы, ислам діні мен лаңкестік әрекеттерді  бір сатыға қойып, бірге жіктеу болмаса ислам мен лаңкестік әрекеттер арасында әлдебір байланыс бар деудің өзі жаңсақ пікір болар еді.

Бұған бірден бір дәлел қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 32-аятында «Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәһар) болады»,- деп көрсетілгендігі бар. Ал, Мұхаммед пайғамбар болса, «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына қажылық күніндей қастерлі, қажылық айындай қастерлі, Мекке қаласындай қастерлі»,- деп өсиет қалдырған жоқ па еді? Осы екі ғана дәлеліміздің өзі  жалпы адамзаттық құндылықтарды басшылыққа алатын өзге де  діндер тәрізді ислам діні де жазықсыз адамға, оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат бермейтіндігін айғақтап тұр ғой деп ойлаймыз. Исламның  бұл қағидасы барша Адамзатқа  ортақ қағида боларлық құндылық!

Қазіргі уақытта Қазақстанда  діни наным-сенім бостандығы Конституциямен  қамтамасыз етіліп отыр. Соған орай көптеген ұлттар, ұлыстар мен конфессиялардың өкілдері өзара келісім мен мәмілегерлікте, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Қазақстан аумағында заңды түрде тіркелген барлық діни бірлестіктер заң аясында еркін қызмет етуде. Елімізде мемлекет құраушы қазақ ұлтының және басқа да бірқатар мұсылман ұлттарының ата діні болып табылатын ислам дінін ұстануға, ғибадаттарын орындауға, діни мерекелерін тойлауға барлық жағдай жасалған. Мұндай жағдай өзге де жетекші діндерді ұстанушыларда да бар. Және де Елбасының Жарлығымен мұсылмандардың Құрбан айтының және православтік Рождество мейрамдарының алғашқы күндерінің демалыс күні болып белгіленуінің өзі еліміздегі әр дінге деген зор құрметті көрсетсе керек.

Жалпы Қазақстанда барлық дәстүрлі діндерге деген зор құрмет бар. Мұны әлем мойындап отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен және ұйымдастыруымен Астана қаласында 2003 жылдан бастап әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің бас қосулары өткізіліп келеді. Бұл XXI ғасырдың ұлы оқиғаларының бірі еді!

Қазақ Елі және оның Президенті адамзат дамуының бүгінгі аса маңызды кезеңінде әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлерінің бас қосуларын бес рет өткізуі бұған дейін әлемнің бірде бір мемлекетінің және ешбір мемлекет басшыларының қолынан келмеген іс болатын. Елбасының конфессияаралық диалогты және лаңкестікке қарсы әрекет жасауды ұдайы жалғастыру жөніндегі бастамасын одан әрі жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сьезі секретариатының жетекшісі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен биылғы жылдың 31 мамыр—1 маусым аралығында Астана қаласында «Дін–терроризмге қарсы» тақырыбымен халықаралық конференция өткізуге дайындық жұмыстары да жүріп жатыр.Әлемнің дәстүрлі діндерінің беделді деген өкілдері мен әр елдің парламентарийлері бас қосады деп күтіліп отырған бұл Астана шарасының дәл қазіргі мына аласапыранды заманда лаңкестік әрекеттер жасаушылардың дүниенің бар құрылығын қауіп пен қатерде ұстап, үрейлендіріп отырған кезеңде сол лаңкестікке тоқтау айтардағы да,  тосқауыл болардағы да маңыздылығының арта түсері хақ.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының преамбуласында ханафи бағытындағы ислам дінінің елдің рухани дамуындағы тарихи рөлінің танылатындығы да және орны да бар екендігі атап көрсетілгендігін білуіміз керек. Бұл қазақ мемлекеттілігінің және  оның рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына ертеден негіз болғандығымен қатар қазақ ұлтының және Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болып табылатын исламның ел халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтай түседі.

Міне, өз елімізде, өзіміздің ежелгі қазақ жерінде ислам дінінің дамуына жасалып отырған осындай ауқымды да жан-жақты жағдайлардың да, еліміздегі бейбіт өмірдің бағасын да білмей, соңғы уақытта тым көбейіп кеткен түрлі діни жат ағымдардың ықпалына еріп, еліктеуге бейім жастарымыздың қанды қырғын орын алып жатқан Сирия жеріне шекара асып,  барып жатқаны әрине, өкінішті жағдай. Ал енді жиһадшылдардың жалған жарнамасына еліккен де  жаңылған, әлі жеткілікті білімдері де аз жастардың арасында өз бастарын қауіп пен қатерге тіккен қыздарымыздың  болуы, онан да өкініштісі  жас балаларымызды да қасапты қырғынға алып бару тіпті де  обал емес пе?  Ойланайық!

Біз ендігі арада тұтас қоғам болып, өз азаматтарымызды, әсіресе соның ішінде жастарымызды, қыздарымыз бен балаларымызды  ДАИШ зұлматының апатынан, өзге де жат пиғылдағы діни ағымдардың ықпалынан арашалап қалуға жұмылуымыз керек. Ол үшін ең әуелі елімізде қолға алынып, іске асырылып отырған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарқын бере түсіп, ағарту жұмыстарын жандандыруға тиістіміз. Біз жастарымызды жалған құндылықтардан бойын аулақ ұстауға үйретіп, оларды отансүйгіштікке, мейірімділікке, адамгершілікке баулып, дәстүр мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген рухы биік, намысты азаматтар етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бұл үшін қоғам мүшелерінің діни және дінтанулық сауаттылығын арттырып қана қоймай, азаматтық белсенділігін күшейту, отансүйгіштік сезімдеріне ой салу, ғасырлар бойы қалыптасқан діни таным мен рухани құндылықтарды жаңғырту, мәмілегер, бейбітсүйгіш мінездерге қозғау салу қазіргі таңдағы идеологиялық бағдарымыздың негізгі өзегіне айналуы тиіс.

Теріс пиғылды әрі жалған діни  ағымдар мен түрлі сипаттағы экстремистік және террористік ұйымдардың әрекетіне бірлесіп қарсы тұратын шеп құру – біздің барлығымыздың ортақ міндетіміз болуы тиіс деп санаймын.  Өйткені, экстремистік идеялар халықты өзінің ертеден келе жатқан бай рухани құндылықтары мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, азаматтардың ұлттық, тарихи, мәдени, рухани санасын жоюды көздеп отырғандықтары да жасырын емес. Ал тап мұндай идеология кезкелген мемлекетке, сондай-ақ   Қазақстан үшін де, біздің қоғам үшін де аса қауіпті болары бар. Бір сөзбен айтқанда, өзімізді өзімізден безіндіру еліміздің ішкі тұрақтылығына да елеулі қатер төндіретіндігін де есімізде ұстайық.

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитет әлсіз»,- деп атап көрсетуі біздің қоғамның сақтық жұмыстарын одан әрі жандандыру мәселесін ешқашан назардан қағыс қалдырмауға міндеттеп тұрғандығын тереңірек зерделегеніміз абзал.

Өзінің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған Қазақстанның Ата Заңы мен дін туралы заңнамаларында экстремизм мен радикализмнің барлық көріністеріне, азаматтардың құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы  тұру толыққанды қарастырылғанымен, біз ендігі арада діни экстремизм өршіп тұрған қазіргі уақытта көптеген ұлт өкілдері мекендеп, көптеген конфессиялар қызмет атқаратын ел үшін ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтаудың одан әрі маңызды бола түсерін айтар едік.

Діни экстремизм белгілерінің алдын алу және терроризм қаупіне жол бермеу арқылы адамның, қоғам және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып,Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегімемлекеттік бағдарламаның елдің бірлігі мен ынтымағын және діни ахуалды қалыпты ұстап тұрудағы маңызы айырықша екендігін уақыттың өзі нықтай түсуде. Соған сәйкес, қазіргі уақытта еліміз бойынша дін саласына қатысты мемлекеттік органдардың жұмыстары жүйелі деңгейдегі жолға қойылды дей аламыз. Мемлекетіміздің дін саласындағы уәкілетті органы Дін істері комитеті тарапынан түрлі діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған  сан алуан шараларының мазмұны жақсарып, жүзеге асырылып,атқарылып жатқан жұмыстары қоғамның көңілінен шығып отыр. Әсіресе, діни қызметтің сапасын арттыру мақсатында уағыздарды күшейту, жат ағымның жетегінде кеткен жастармен жұмыс жүргізу, қайырымдылық шараларын өткізу және де халықты діни сауаттандыру жұмыстары ел бойынша жер-жерде мейлінше жанданып отырғандығын атап көрсетер едік.

Әлемді ала көңіл қылып алаңдатып, қоғамымызға індет болып жабыса бастаған  ДАИШ-ке қатысты жағдай саясаткер және қаламгер азамат ретінде мені де бей-жай қалдырмағаны анық. Жат пиғылдағы діни ағымдардың жымысқы әрекеттерін әшкерелеу мақсатында «Жан шырылы» атты драмалық шығарма  жазып шықтым. Бұл пьессамда ел ішіне дендеп те болса еніп келе жатқан жат діни ағымдардың жетегінділердің айтқандарына еріп, шындық іздеп шырғалаңға түскен адамдардың, өз ата-анасынан, өзінің салты мен дәстүрінен, ақыр соңында өз туған жерінен безген жандардың қайғы-қасіреттері,шет елдік содырлардың қолдарына түскеннен кейінгі  алданып, арбалғандардың өзектерін өртеген өкініштері, сансыз соқпақтың арасынан жол таппай аңырған,  туған елдеріне  жете алмай  санасы сансырап, шырқыраған жандардың жан  шырылы айтылады. Бұл драма екі жылдан бері  Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрында сәтті жүріп жатыр. Алдағы уақытта шығарманы Елорда сахнасында және еліміздің өзге өңірлерінде қою да жоспарланып отыр.

Осы драманы жазу барысында, көптеген жайларды зерттеуге, мамандармен пікір алмасудың барысында қазіргі жастардың өз ата-аналарын, туған жерлерін тастап, «жиһадқа»  барып мағынасыз өлімге бас тігулерінің басты себебі діни сауатсыздықтан және фундаментальді білімдерінің жетіспеушіліктерінен болып жатқандығын аңдадым. Ал радикалды ұйымдар болса, өз қатарларына жастарымызды тарту үшін олардың осы бір осал тұстарын  тиімді пайдаланып қалып жатыр. Діни радикалдар болса «нағыз ислам мемлекетінің» Сирия жерінде екенін айтып жастарымызды еліктіріп, «тамаша, адал да таза өмірдің» сонда екеніне, ол жерде жан тапсырған адамның жұмаққа баратынына сендіріп, шала сауатты жастарды сол жаққа хижра жасауға желіктіріп жүр. Алайда діни-экстремистік лаңкес ұйымдардың негізгі мақсаты - ел ішіне ылаң салу, бүлік тудыру, діндес адамдардың араларын арандату, бір-бірімен соғыстыру, сол арқылы ат төбеліндей аз ғана топтың материалдық мүддесін көздейтіндіктері қазір айдай әлемге белгілі болып отыр. Сондықтан да қазіргі жастарға діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің түпкі мәні мен мақсаттарын тереңірек түсіндіріп, ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ажырата білулеріне күш салуымыз керек. Жастарымыздың  ізгі мұраттағы діннен дұрыс  білім алуларына айырықша көңіл бөлінгені жөн.  Теріс пиғылды жат ағымдардың өз мүдделері үшін әдейі бұрмалап, әсіре пайдаланып жүрген кей ұғымдарының исламдағы шынайы мәнін тереңірек ашып, ұғындыруға діни қызметкерлеріміз мен теолог ғалымдарымыз белсенді атсалысулары керек.

Бұл мәселеге осы тұрғыдан келе отырып, біз ең әуелі жастарымызға жиһадтың ең алдымен адамның өз нәпсісін тәрбиелеу екендігін, өзін өлтірудің және де жазықсыз өзге жандарды өлтірудің  исламда үлкен күнә саналатынын жастарымыздың және де бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың саналарына күн сайын сіңіруге тиістіміз.

Еліміздің ертеңі, болашағымыздың тірегі саналатын жастарымыз  аға буынның жанашырлық тәлімін дұрыс қабылдап, туған еліміздің игілігіне қызмет етуге күш салғаны абзал.

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының V-VI шақырылым депутаты

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347