Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 9841 28 пікір 12 Шілде, 2017 сағат 14:08

Алашорда қайраткерлерінің кейбірінің ұрпақтары крест тағып жүр

ХІХ ғасырдың ортасында Кенесары Қасымов басқарған көшпелі мемлекеттің Ұлт-азаттық соғысы жеңіліске ұшырады. Бұл ең соңды легитимді, заңды, отаршылдықтан азат ету соғысы еді. Ресей ол кезде өздеріне лоялды истеблишментін қалыптастырып үлгерген. Отаршылдық истеблишмент пен өлкелік элита Кенесары ханның көтерілісінің жаншылуына көмектес, тілектес және одақтас болды. Сонымен қатар ел ішінде бірқатар саяси факторлар дамып жатты

1) Қазақта алғашқы бизнес орта – ортаң қол және дәулетті адамдар пайда болды. ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап қазақ даласында жаппай қазақ бизнесі өркендей бастады. Қазақ мал сатып баю жолына түсті. Орыс көпестері мен алыпсатар татарларға жылқы, қой, жүн, сүйек майы, мал терісін сатуды әр ауыл көлемді бизнес көзіне айналдырды. Бизнестің дамуымен бірге ақша жиналды. Елдің жалпы 15 пайызы ортаңқол және дәулетті тұрмысқа жетті.

2) Жиналған қаржылар арқылы қазақ ата-аналары балаларын оқытуға бел буды. Олардың дені ұрпағын орысша оқыта бастады. Бірте-бірте сол заманға сәйкес интеллигенция қалыптасты. Қазақ баспасөзі: газет, журнал, кітапшалар шығып кең тарай бастады. Интеллигенция ұлт талаптары мен керектігін бейбіт жолмен жүзеге асыруды мақсат етті. Бұл маңызды, қазаққа әсерлі және ықпалды саяси технологиялық құрал болды.

3) Қазақта түрлі саяси мобилизациялар басталды: Қарқаралы петициясы, хаттарға қол жинау,  шоқындыруға қарсы, заңсыз түрде жерді тартып алуға қарсы, т.б.с.с..

Ұлттық тіршілік мобилизациядан басталады. Мобилизацияны ықпалды қауым тобы жасайды.  Қазаққа ықпалды топтың екі типті болды. Олардың бірі – өлкелік және ауыл игі жақсылары, екінші топ – алаш зиялы адамдары еді. Ауыл ақсақалдары эмоцияналдық наразылыққа ілесіп – халықты 1916 жылғы көтеріліске апарды. Көтеріліс қатты жаншылды. Саяси мобилизациялардың екінші бағыты – алашшыл ұлтшылдар тарапынан басталды. Олар 1916 жылғы Патша Үкіметінің қазақты окоп қазуға жіберуін қолдады.

4) 1905-1907 жылдары буржуазиялық-демократиялық революция басталып, Ресейдің саяси режимі халыққа бірқатар либералдық еркіндік берді. Олар жиналыс жасау еркін құқығы, баспасөз ашу және тарату еркіндігі, аз ұлт өкілдеріне Мемлекеттік Думаға депутат сайлау мүмкіндігін берді. Енді қазақ зиялы қауымы сайлау компаниясына қатысып, өз жұртшылығы атынан сайлану құқығын алды.

5) 1905-1917 жылдарда қазақтың зиялы қауымы буржуазиялық демократия талаптарына сәйкес саяси күрес тәжірибесін жинады. Бұл парламентке – Мемлекеттік Думаға сайланып, оның жұмысына қатысу, фракцияларда жұмыс істеу, газеттер мен кітапшалар арқылы саяси насихат, талаптар қойылған хаттар тапсыру әрекеттеріне ұласты. 1917 жылы Алаш қозғалысы екі съезд ұйымдастырып, Алашорда Үкіметін тағайындап, әскер жинады. .Алаш әскері әлсіз болған жоқ, бірақ Кеңес Өкіметі әскері тым тәжірибелі, соны үлгідегі қаруланған әлемдегі ең мықты армия болатын, сондықтан да жаңадан құрылған Алашорда әскері жеңіліс тапты.

6) Алаш-Орда үкіметі 2 жыл үш ай өмір сүрді. Алаш-Орда бірнеше мәжбүрлі қадамдарға барғанын да мойындауымыз керек:

а) Жергілікті өктем билікті мойындап (Омскідегі Сібір үкіметіне, Орынборда билікке келген Дутовқа) тек автономия талабын орындамақ болды;

ә) Елде қазақ үлесі 60 пайыздан көп болғанымен, қалада қазақтың үлесі жоқтың қасы еді.Бұл жағдай Алаш-Орданың жеңілісінің алғышарттарының бірі болды;

б) Алаш-Ордашылдар Кеңес Үкіметімен ымыраласпақ болып келіссөздер жүргізіп – Кеңес Үкіметінің басшылығын мойындап, Қазақ автономдық Кеңес республикасын құруға да бел шеше кірісті. Осылайша қазақ елінің шекарасы, автономиялық статустағы легитимді Үкіметі, ұлтаралық құқық теңдігі айқындалды;

в) Алаш-Ордашылар Кеңес Үкіметінен рақымшылық алғаннан кейін, білім мен халық ағарту ісіне кірісті. Алаш қайраткерлері бұл еңбегі жемісті болды.

г) Алаш-Орда қайраткерлерінің бір тобы Қытайдың Шығыс Түркістан өлкесіне өтіп, сол өлкенің қазағына алаш идеяларын насихаттады. Бір топ алаш қайраткері Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Түркістан легионында болды. Олардың ішіндегі Мұстафа Шоқай Батыс Елдерінде белгілі персонаға айналды;

д) Кезінде мәдениет саясаты Институтында істегенде біз Алаш-Ордашыларды фотосуреттерін жинауды мақсат қойып, алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен хабарласытық. Менің жеке басымның байқауымша, Алаш орда қайраткерлерінің ұрпақтарының басым көпшілікгі орыстанып кетіпті, кейбіреуі тіпті орысқа айналған. Кейбір ұрпағы (аты- жөнін айтпайын) крест тағып жүр. Оның себебі алаш зиялыларының орыс пен татарлармен аралас некеге тұруы. Репрессияланған алаш зиялылары орыстануы сол заманның бір зардабы десе де болады.

Алаш қайраткерлерінің еңбегі зая кеткен жоқ, қазір олардың демократиялық буржуазиялық дәстүрі жалғасын табу керек. Бірақ қазіргі депутаттар корпусында орысшылдық басым, бұл жағдайды барлық басқарушылық элита мен истеблишментке қарата айтуға болады. Маған қазір алаш зиялылары қалдырған саяси дәстүр – ұлтшылдық пен ұлтжандылық жалғасын таппай қалған сияқты болып көрінеді.

Әзімбай Ғали

Abai.kz

 

 

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048