Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алаш арысы 5775 3 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 09:52

Жаны жайсаң Жамали

Рухани жаңғыруға беталған тұста есілдеріміздің есімін атап, еңбегін ескеріп, қолдап-қуаттай алмасақ елдігімізге сын болар.

Жан-дүниесі ұлтым, қасиетті қазағым, шарапаты мол ата жұртым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жанталасып, еңбектеніп жүрген жайсаңдарымыз жоқ емес. Оларға керегі марапат пен даңқ емес, құрметпен қарасақ соның өзі жеткілікті. Себебі, халықтың ұлы болатын азамат төккен теріне бодау сұрамасы анық.

Біз бүгінгі таңда әуесқойлығымыздың қай деңгейге барғаны туралы өзімізге сұрақ қоя алмай жататынымыз жасырын емес. Оның нақты дәлелі көк жәшіктегі қисынсыз батырлар мен жер тепкілеген шоу жұлдыздарының сайқы-мазағы, қала берді ұлттық дүние танымға жат бабалаларға арналған қуыршақ қойылымдар тізбегі. Олардың бірі діннен шығуа апарса, бірі шоқындыруға, бақаға, балыққа, маса, шаянға табынуға апарды...

Ал өнер туралы айтар болсақ,  ақыл таразысына салып екшемеген шығу тегі күңгірт нәрсенің бәрі өнерге айналып кетті. Соған қарай жар салып жаһанданып барамыз. Бір емеурін танытып, пікір білдірген жан болса «Қасаң идеяда қалып кеткен» деп ағаш атқа теріс мінгізе саламыз. Сол ма біздің өркениетіміздің озық үлгісі.

Дейтұрғанмен, шеттің өнерінің шекпенін теріс айналдырып, ұлттық санаға икемдеп әкеле жатқан адуынды азаматтар барда тағы шүкір етпей болмайды. Солардың ішіндегі жекпе-жек өнерін алғаш қазақ топырағына әкеліп қанатын кең жайдыруды мақсат тұтқан белгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 ДАН иегері, ҚР таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Мұстафа Өзтүрік болса, сол соқпақтың көшін жалғаған бүгінде арамызда жүрген Қазақстан рекордтар кітабына аты жазылған Жамали Диханұлы десек қателеспеген болармыз. Белгілі өнертанушы, кино актері, сырлы спортшы, халық руханиятының жоқшысы, фольклор зерттеуші Жамали Диханұлының есімі көзқарақты оқырманға етене таныс.

Шығыс жекпе-жегінің түрлі айла-тәсілдерін көрсету үшін, жұрт секілді ақ дамбал, көк шапан киіп, қызыл белдік тағынбай, арнайы қазақы оюлы киім тіктіріп киюінің өзі ұлтына деген ұлар жүрегіні мен найзағай намысынан  болса керек.

Жамали шығыс жекпе-жегінің бірнеше тармағының ішінен ерекшелеп сахна төріне алып шыққаны, ең күрделі цирк өнері.  Ақтамақ  болат найзаның ұшын қызыл кеңірдегіне тіреу арқылы адам толы жеңіл автокөлікті итеріп қозғалту,  жүзі шар болаттай лыпылдап тұрған пышақтың жүзінен жалаңаяқ жүріп өтуі, сол пышақтың жүзінде тұрып гір тасын көтеруі, қазақтың қасиетті би өнері қара жорғаны талмай насихаттауы, автокөліктің тұмсығына жіп байлап маржандай тістерімен сол жіпті шегіне тарту арқылы алдыға қарай сүйреуі, түрлі тарихи киноларда рөл сомдауы, бұл жігітке жетпіс өнердің аз болатынын шынайы дәлелдегендік болып есептеледі.

Жамали Диханұлы: «Менің өмірім — өнерім, халық соны бағалап жатса одан асқан бақыт жоқ. Ештеңеге таңырқануға келмейді. Тек жаратушының ғана хикметтері таңырқап, таңғалуға тұрады. Біз пендеміз ғой. Тек, қара тұяқтан хал кеткенше, адамдық атқа дақ түсірмей, біреудің ала жібін аттамай. Жақтырмағанды сыртынан сыбап даттамай өтсек болғаны. Ер жігіт екі сөзді болмай, дара соқпақты болуға тырысу керек. Менің арманым қазақ боп өмірге келдік, салт-дәстүрімізді, бай мұрамызды қадірлеп қадіріне жете білсек, бізді ешкім тарих сахнасынан өшіре алмайтыныа сенемін»,-дейді.

Әр неден секем алып, еліктей елеңдеп тұратын «Сегіз қырлы бір сырлы сері жігіттің» бегзада болмысының өзі дұшпанын жасытып, мысын басатындай болып көрінеді. Сөйлесе орағытып, қара сөздің қазанын қайнатып, жанарын жалт-жұлт ойнатып қарсы алдыңызда тұрғанда нағыз текті атаның ұрпағы деген ой келді.

Республика көлеміндегі үлкенді-кішілі жиын тойлар мен әдеби кештердің бел ортасында жүретіндігі өнерге деген асқақ сүйіспеншілігінен болса керек. Біз аға досымызды қалжыңмен қыжыртып кейде «Қакең мен Ғакең, Әзиялардың  тұрақты шофері»,-деп қоятынымыз бар. Онымызды  да жымыйып қойып, үндемей  жеңіп кететіні бар. Арда өнердің ауыр жүгін көтерген атан жілікті азаматқа зор денсаулық тілейміз.

Көгедай Шәмерхан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048