Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2727 0 пікір 8 Қараша, 2010 сағат 05:39

Тұрсын Жұртбай. «Қазақ ауылына – азаматтық соғыс жариялады!..»

1.

Идеология - байсалды мінезге, пайымды пікірге, тұрақты көзқарасқа ие тұлғаларды да жол айырығында әнтек аттатып, бұрыс бастырып жібереді. Егерде сол идеология қандай да бір кек пен өштіктің, қарымта қайырудың қаруына айналса - қасірет. Ал ХХ ғасырдың отызыншы жылдары таптық тартыстың «жауынгерлік құралына» айналған кеңестік идеология мыңның емес, миллионның тағдырын талқыға салды.

Соның ішінде қазақ ұлтының сана мәйегі іріп тынды. Қазақтың көшпелі экономикалық қарым-қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түсті. Ұлттық емес, кәдімгі мемлекеттік мүдденің өзі «жалаң айғайдың» құрбандығына шалынып, талан-таражға салынды. Ақырында бұл жанығу қазақ елін орыны толмас қасіретке душар етті. Сөйтіп, қазақ жұртын 1931-1932 жылғы ашаршылыққа алып келді.

Қазақ мемлекетінің апатқа бет алғанын аңғарған Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Ораз Жандосов іспетті қайсар қайраткерлер екі-үш жыл қасарыса күресті. Бірақ та Қужақ өзінің көбікауыз әккілігін пайдаланып, қазақ зиялыларының арасына сезік пен секем септі. Оларды тыңшылық әрекет арқылы іштен ыдыратып, ойсырата соққы берілді.

1.

Идеология - байсалды мінезге, пайымды пікірге, тұрақты көзқарасқа ие тұлғаларды да жол айырығында әнтек аттатып, бұрыс бастырып жібереді. Егерде сол идеология қандай да бір кек пен өштіктің, қарымта қайырудың қаруына айналса - қасірет. Ал ХХ ғасырдың отызыншы жылдары таптық тартыстың «жауынгерлік құралына» айналған кеңестік идеология мыңның емес, миллионның тағдырын талқыға салды.

Соның ішінде қазақ ұлтының сана мәйегі іріп тынды. Қазақтың көшпелі экономикалық қарым-қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түсті. Ұлттық емес, кәдімгі мемлекеттік мүдденің өзі «жалаң айғайдың» құрбандығына шалынып, талан-таражға салынды. Ақырында бұл жанығу қазақ елін орыны толмас қасіретке душар етті. Сөйтіп, қазақ жұртын 1931-1932 жылғы ашаршылыққа алып келді.

Қазақ мемлекетінің апатқа бет алғанын аңғарған Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Ораз Жандосов іспетті қайсар қайраткерлер екі-үш жыл қасарыса күресті. Бірақ та Қужақ өзінің көбікауыз әккілігін пайдаланып, қазақ зиялыларының арасына сезік пен секем септі. Оларды тыңшылық әрекет арқылы іштен ыдыратып, ойсырата соққы берілді.

Үш жылдың орайында шын мағынасындағы ұлт көсемдерінің - «Алашорда» қайраткерлерінің бірі қалмай қамауға алынды. Халық қамын ойлайтын қатардағы зиялылар қудаланды. Сөйтіп, ұлттық діл мен мәдениеттің тамырына балта шабылды. «Партия құрылымының 10 жылдығы» атты баяндамасында Голощекин «Алашорда» қайраткерлерінің қақпанға түскенін:

«Жолдастар, менің сіздерге жариялайын деп отырған деректерім - қазір көзі жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуінде ұлтшылдардың өзі берген куәлігі. Сондай-ақ, дәл осы күндері Тынышбаевтің, Ермеков пен Досмұхамедовтердің, тағы да бір контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда»,- деп ерекше мақтанышпен мәлімдеді.

Қужақ түрмедегі жауаптарды өзінің пайдасына қарай бейімдеп, күдіксіз нәрседен күдік тудырды.

Идеологияның басты қаруы - сөз. Өкінішке орай, қазақтың өз арасынан шыққан, ұлтының мүддесінен, жеке басының намысынан, ұрпақ алдындағы парызынан лауазым мен марапатты жоғары қойған можантопай, қолтоқпақ, исалмастардың желіктіруінің кесірінен «Қуажақтың» жағы сембеді. Ақыл-ой шалығына ұшырағандарға ғана тән, жүйкеңді шүйкелейтін мұндай көпірмелерге «Голощекиннің меншікті националдары» (С.Сәдуақасов) ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» ретті-ретсіз дамылсыз соғылып, оны дәміл-дәміл шабыттандырып отырды. Даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысы жарты күн мінбеге мініп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Бұған Смағұл Сәдуақасовтың:

«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кінәлап өтті. Маған таққан кінәларының өзін ғана санап шығуға регламент бойынша маған берілген уақыт жететін емес»,- деген уәжі дәлел.

Голощекиннің де, оның «меншікті националдарының» да бұлай көпірмеске амалы да жоқ болатын. Өйткені Қазақстанға кезекті «волонтёрін» жіберген сайын Сталиннің өзі:

«Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі - ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес»,- деп (Алаш қозғалысы, 4-том, 442-бет) нұсқау беріп отырған.

Осы нұсқаудағы ұлтшылдарды тауып, он әшкерелеу жолында жан алып, жанын берген Ф.И.Голощекин:

«Тартыстың түп тамыры - интернационалистер мен ұлтшылдардың арасындағы күрес. Қазақ арасындағы топшылдық бөлініс 1920 жылдан, «алаштықтар» партияға кіре бастаған кезден басталды. Бөліну - қазақ партия ұйымы мен кеңестің алғашқы іргетасын қалаған «кәрі коммунистермен», 1919-1920 жылдары Меңдешевтің маңына топтасқан коммунистерді айтып отырмын, олардың арасына сынаша қағылып кірген Әуезов, С.Сәдуақасов бастатқан интеллигенция өкілдерінің, сондай-ақ Бөкейхановтың арқасында қалқаланып тұрған осы арада отырған жастардың, олардың аттарын атамай-ақ қояйын, арасында басталды»,- деп (сонда, 284-бет) қазақ зиялыларын «щиналарға» бөліп, «іріктеп берді».

Мемлекеттік саясат пен үкімет билігі бір адамның құзырында болды. Кешегі қабылданған қаулы - бүгін, бүгін қабылданған шешім - ертең бұзылып отырды. Ал келешекті ойлаған кемел тұлғалар тұншықтырылды. Көзқарасы - қондырғы насихаттан аспаған, өз сөздерімен айтсақ, «революция үшін қазақ халқын құрбандыққа шалуға даяр» С.Меңдешев, О.Исаев, І.Құрамысов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты «солшылдардың социализмдегі балалық ауыруын» «мерзімдік көсемнің» бірі Г.Зиновьев:

«Солшылдар - ұлт мәселесіне терең бара алмайды, оны тым жадағай түсінеді, соның салдарынан ұлт мәселесінің мәнін жоққа шығарып алғанын өздері де түсінбейтіндер. Олар өздерін ұлттық (национал) өкілдерміз деп барынша даурығып жүріп, ұлт мүддесін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Олардың қауіптілігі, міне, осында»,- деп дәл басып, атап көрсетті. Ы.Мұстамбаевтің:

«Голщекиннің көпірме сөзімен коммунизм құра алмайсың»,- деген уытты сөзі де сол тұста айтылды.

Расында да Голощекиннің «көсем сөздерінің» пәтуасы болмады. Бұрын тұрақты түрде «жасасындатып!» жүргендердің өзі бірде «жасасындатып», бірде «жасасындата» алмай, бағдардан айырылып қалды. Мысалы, 1925 жылдың аяғында өткен Ү Қазақ өлкелік партия конференциясында: жерге ең алдымен байырғы халықты орналастыру туралы қаулы қабылдады. Алайда араға екі ай өткізбей, 1926 жылы 26 ақпанда сол қаулыны жоққа шығарған тағы да бір арнаулы қаулы қабылдады. ҮІ өлкелік партконференцияда Голощекин жерді таптық тұрғыдан бөлу саясатын ұсынды. Сөйтіп, «Ұлттардың өзін өзі билеу туралы декларацияда» жария етілген Ресейдегі аз ұлттардың жері, нақтырақ айтсақ, қазақ жері - қазаққа қайтпай қалды.

Біртұтас алаш идеясының ең талмауытты нысанасының ұйытқысы: «Жер, жер және жер. Жер - Отан. Ал отанды сатуға да, меншіктеуге де, жатқа жалдауға да болмайды»,- деген ұлы мақсат (бірінші кітаптың «Жер жегісі» атты тарауында қазымырлана талданғанын ескерте кетеміз) алаш ұранды азаматтардың өзегін өртеген күйінді мәселе күйінде қалды. Күйінетін жөндері бар еді. Оларды күйіндірген С.Сәдуақасовтың пайымдауынша:

«Патша өкіметінің соңғы кезеңінің құдіретті бюрократы Столыпиннің өзі Қазақстан туралы: «Қырғыздарды (қазақтарды - Т.Ж.) жерге орналастыруды емес, қырғыз даласы (қазақ даласы - Т.Ж.) туралы ойлау керек, тұтастың мүддесі бөлшектердің мүдделерінен маңыздырақ (Столыпин мен Кривошейннің жазбалары. «По ту сторону Урала», СПБ, 1911 жыл)»,- деген «Ұлттар мен националдар туралы» сөзі еді.

Уақытша үкіметтің премьер-министрі Керенский де «қас дұшпанының сөзінен» алыс кеткен жоқ, ол өзінің мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде:

«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға солай қарауымыз керек»,- деп мәлімдеме жасады.

С.Сәдуақасовтың пікірінше, «ең әділетті, езілген ұлттарға қамқоршы» өкіметтің ең озық интернационалисі, ең үздік экономисі, Троцкий мен Бухариннен кейінгі Сталиннің ең басты қауіптенген қайраткері «...Рыков жолдастың өзі партияның ХҮ съезіндегі баяндамасында:

«Қоныс аудару жөніндегі жұмыстарды одан әрі күшейту қажет, ол ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерін көтеруге көмектеседі, шаруалардың кедей және табысы аз топтарының жағдайын түзетеді, сөйтіп «аграрлық жағынан артық қоныстануды» азайтуға ықпал етеді»,- деп Столыпиннің реакциялық жоспарын «тірілтті».

Рыков та бұл мақсатына жете алмай желкесі қиылды. Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Лю Шаоци 1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін құпия түрде Мәскеуде болды. Сол кездесуде Сталин:

«Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңе кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу - осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек... Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік»,- деп (С.Рахметұлы. Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы. А. 2009) ұсыныс жасады.

Ол ұсыныс орындалды да. Шығыс Түркістанның байлығын өстіп шотқа қағып отырған Сталин Қазақстанды қалай уыстан шығарсын. Оның мақсаты Қазақстандағы орыстардың санын:

«1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша, әрбір қазаққа екі қоныстанушыдан келсін»,- деген (Алаш қозғалысы, 2-том, 223-бет)межеге жеткізу.

Яғни, екі қарашекпенге бір қазақтан келтіріп, шоқындыруға дайындау болатын. Сталиннің бұл ойы көзі тірісінде емес, оның көзі солғанда Хрушев жүзеге асырды.

Осындай қастаншықпағыр саясатқа келіспеген Смағұл Сәдуақасовтың қызметтен босату туралы өтініші талқыланғанда, жаңадан сайланған екінші хатшы І.Құрамысов:

«Біз Ильичсіз өмір сүріп келеміз, Сәдуақасовсыз да өмір сүре аламыз»,- деді.

Ал Голощекин әдеттегідей көбікауызданып кетіп, С.Сейфуллиннің «Төбет» туралы өлеңіндегі теңеуге жүгініп:

«...біздің байларымыз бен буржуазиялық интеллигенцияның ұлтшылдығы қандай момын. Шетінен мүттайым. Қараңыздаршы, қазан төңкерісінің алдындағы ұлтшыл күшік қазан төңкерісінен соң қандай төбет боп жетілді десеңші!»,- деп лепірді.

Өкінішке орай оның жаңадан тағайындаған «голощекиндік националдарды» таныстырып тұрып:

«...Мен, біз - бәріміз бұл мәселеде қателессек, онда Қазақстанның бақытсыздыққа ұшырағаны»,- деген сандырағы дәл келді.

Олар - Ильичсіз, Сәдуақасовсыз және «төбеттерсіз» елді басқара алмады, ақыры қазақ халқын бақытсыздыққа ұрындырып тынды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев іріктеген бұл сілтемелер олардың саяси сүлдерін, портретін емес, сүлдері мен сықпытын анық танытады. С.Сәдуақасовтың Ғ.Тоғжановқа:

«Тек қана ленинизмге сүйеніп қазақ халқын басқаруға болмайды»,- деген пікірі өмірлік шындықтың тарихи заңдылығын дәлелдеді.

Иә, пайғамбардың ақ жолы мен Ильичтің сара жолы еш қабыспайтын. Тіпті «Ленин жолының» өзі тұйыққа тіреліп, ақыры «грузиннің сүзеген князі» (С.Қожанов) олардың барлығын Кремльден мүйіздеп шығарды.

1928 жылы 27 қаңтарда Алматыға «мырзақамаққа» жер аударылып келген Троцкий, қашан 1929 жылы ақпанда жасырын түрде Одесса арқылы шетелге жөнелтілгенше ерекше бөлімнің қызметкерлерін де, қазақ зиялыларын да біраз әбігерге түсірді. Кейбіреулерінің өмір жолын ажал камерасына бастады. Л.Троцкийдің 1927 жылы 11 наурыз күні бұрынғы Түркістан майданының қолбасшысы, «Түрккомиссиясының», РСФСР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, СССР мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасының орынбасары Г.Я.Сокольниковке жазған «Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары» атты хаты сол кездегі республикада өтіп жатқан саяси тартыстан нақты хабар береді. «Алашорда» қайраткерлерінің тергеуі де соған орайластырылып, қыр көрсету мақсатында жүргізілгені күмән туғызбайды. Сондықтан да автономияның ішіндегі оппозициялық көзқарастан толық мағлұмат беру үшін бұл хатты қысқартпай назарға ұсынамыз:

«ж. Сокольниковке. Григорий Яковлевич! Мынау екі қазақ коммунисімен әңгімелескеннен кейін түртіп қойған жазбаларым еді. Қазақстандағылардың арасындағы қатынастар жайлы Сіз не білесіз? Қайткен күнде де Сіз түркістандық үлгі бойынша белгілі бір қорытындылар жасай аласыз ғой деп ойлаймын. 1 наурыз, 1927 ж. Л.Троцкий»,- деген тілшеден кейін өзінің 15 баптан тұратын ескертпесін жолдаған.

Мұндағы Троцкийге жолыққан екі оппозиционер: коммунист Смағұл Сәдуақасов пен Жалау Мыңбаев, не Смағұл Сәдуақасов пен Ыдырыс Мұстамбаев - деген тарихшылар Т.Омарбеков пен І.Қозыбаевтің жорамалына толық қосыламыз. Сонымен, Л.Троцкийдің жазбасына жүгінейік:

«Қазақстандағы саясаттың ұлттық тұстары: өз істеріне байланысты әңгімеде қазақ жолдастар төмендегідей ой-пікірлерін білдірді.

1. Шет аймақтар мешеу күйде. Олардың даму екпінін Москвадағы өмір дәрежесінен барған сайын кейін қалатындай емес, қайта сонымен теңелуге мүмкіндік беретіндей деңгейге көтеру керек. Біз бұл жерде жалпы даму мәселесінің осы аймақтағы ерекшелігін ескеріп отырмыз.

2. Одақтың нашар дамыған аймақтарына бөлінетін күрделі қаржы жуық арада өзін-өзі ақтай алмайды. Орталық мекемелердің мұндай қаржы бөлуге іштей немесе ашықтан-ашық қарсы болып отырғаны сондықтан.

3. РСФСР-дің басқарушы мекемелерінің жұмысына Қазақстан өкілдерінің араласуы «мүлде сезілмей» отыр. Сірә, дербес республика болып бөлінуге деген ниет бар болса керек.

4. Орталықтың қоныс аудару саясатына наразылық байқалады: қазақ жұртшылығы кеңес өкіметіне жер-су революциясы арқылы қатынастырылыпты; қазақ жеріне «көз аларта беру» қобалжу туғызатын болады. «Біз қоныс аудару саясатына қарсы емеспіз, бірақ, ең алдымен бұратана халықты жермен қамтамасыз ету керек қой», - дейді.

5. «Біз Қазақстанның жерге, басқа да мәселелерге мүдделілігі жайлы мәселе көтерейік десек: сендер патша саясатында кеткен кектеріңді қайтарғыларың келеді - деп кінәлайды. Біздің коммунист ретінде кез-келген мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарай алатынымызға мүлде сенбейді», - дейді олар.

6. Мекемелерде аймақтардың барлық шаруашылық және мәдени мәселелерін ескі дәстүрмен шешуге үйреніп қалған көне мамандардың салмағы басым.

7. Ұлт коммунистері әбден жетілген, бірақ орталықтан жіберілген басшылар олардың адымын аштырмайды. «Бізді әлі пісіп-жетілген жоқ деп есептейді», - дейді олар.

8. Европалықтар мен қазақ коммунистерінің арасында меңіреу қабырға тұрғандай. Мүлде бөлектеніп өмір сүреді. Тіпті бірлесіп шахмат ойнағылары да жоқ.

9. Еуропалық коммунистер орталықтың жалпы бағытын ұстанып отыр. Олар принципті түрде сөз жарыстыруға да, пікір таластыруға да бармайды, мұның себебі - соңғылардың «шеттетілетігінде».

10. Ұлт өкілдерінің арасы жанығып-ақ тұр. Олар бірнеше топтарға бөлінген. Мұндай топшылдықты орталықтан жіберілген басшылар қолдап, тіпті, әдейі қоздырып отырады. Мақсаты не деймісіз? «Біріншіден, өз қожалығын нығайта түсу үшін; екіншіден, ішкі қайшылықтарды қоздыру арқылы орталық жүргізіп отырған саясаттың мәселелерін олардың назарынан тыс қалдыру үшін».

11. Қазақ коммунистерінің арасында үш топ бар: біріншісі - Голощекиннің маңындағылар, яғни, жоғарының нұсқауын орындау үшін неге де болса, қашан да даяр тұратындар, екіншісі - «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ аз-кем тәуелсіздігі бар топ, үшіншісі - «оңшылдар», менімен сөйлескендер солардың өкілдері, айтпақшы «солшылдардың» өкілдері де «оңшылдарға» қосылып кететін көрінеді.

12. Келіспеушіліктің, жікшілдіктің сыры неде? «Бізді: байға қамқор болып, кедейді шөмішпен қағып отырсыңдар - деп кінәлайды, ақылға сиярлықтай кез-келген шараны айқын да дәл етіп түсіндіріп берсе, байларға қарсы өзіміз де қимылдар едік қой», - дейді бұлар.

13. Голощекин сөйлеген сөздерінің бірінде: «Қазақстанды кіші октябрьмен бір сүзіп шығу керек»,- депті. Бұл не сөз? Ол мұны түсіндірмеді де, нақты шараларын да айтпады. Қазақстандағы ішкі саясатта принципті түрде де, іс жүзінде де айта қаларлықтай алауыздықты аңғара алмадық. Мұның бәрі де РСФСР-ге қатысты мәселені көлегейлеп, ұмыттыру үшін қолдан жасалып отыр ма?

14. Менімен әңгімелескендердің екіншісі былай дейді: «Мәселенің құйтұрқы тұсы - Голощекин тобының ауыл мен деревняға деген көзқарасының бірдей еместігінде. Голощекиннің ойынша, орыс кулагын әжептәуір әлсіретіп және қорлап қойдық та, байды әлі қозғаған жоқпыз. Сондықтан, ауылдарды «октябрьмен бір шарпып өтпесе болмайды». Қысқасы, Голощекин орыс деревнясына азаматтық тыныштық орнатып, қазақ аулына азамат соғысын жариялағысы келеді.

15. Күннен-күнге кеудеден кері итеретін әдетке бой ұрып бара жатқан бюрократизм бізді тұншықтырып отыр, еуропалық және қазақ коммунистерінің арасында үнсіз араздық бар. Қорқыныш, екіжүзділік, бір-бірінің ізін аңду белең алып барады.

Жалпы жағдай туралы осы пікірлерде түсініксіз тұстар көп. Әсіресе, орыс деревнясы мен қазақ аулына байланысты нұсқаудың маңызы ерекше. Мәселенің мәні неде? «Оңшылдарға»: кулактарға ыңғай беріп отыр - деген кінә тағылатын секілді. Шындығында солай ма? Кейбір әкімдер: кулактарға болысып отырған ешкім де жоқ - дегенді желеу етіп, дамымай қалған облыстарда кулактарға болысып, өздерінің солшылдық беделін арттыруға, билік жүргізуді жеңілдетуге тырысып отырмаса неғылсын?

Владимир Ильич: шалғай шеттердегі орыс коммунистері көмекші, жөн сілтеуші болуға тиіс - дейтін. Ал, мұндағы «көмекшілердің» бірсыпырасы «қамқорлығына алғандардың» дыбысын шығаруға мұршасын келтірмей отыр. Жалпы алғанда, бұл ортадағылардың ой-пікірлері бір-бірінен мойны озып тұрмағандықтан, топ-топқа бөлінген коммунистердің де көзқарастарында нақтылық, тұрақтылық жоқ, ауытқу көп. Сондықтан оларды «оңшылдар» қатарына да, «солшылдар» қатарына да қоса салу оңай. Дегенмен Орталықтың бюрократизммен күресінің нәтижесінде жергілікті жерде ұлтшыл-байшыл идеологияның элементтері қалыптасуы да ғажап емес.

Неғұрлым мешеулеу дамыған халықтардың ұлт өкілдерінің ішінен жас, қабілеті барларын шетелге жіберіп, таптық күреспен жақынырақ таныстырып алса жақсы болар еді. Бізде олар бірден мемлекеттік-әкімшілік болмысқа тәрбиеленіп, қасаңсып кетіп жүр. Л. Троцкий».

Жоқты - идеяға, барды - тәргіге айналдыру большевиктердің ең қуақы саясаты болатын. Қазақ зиялыларына «троцкишіл» деген айдар таққызып, қасірет әкелген Троцкийдің осы сапарына қатысты мына бір оқиғаны да назарға іле кеткенді жөн санадық.

Өжет те батыл, өткір тілді «орыс пен татардың қолбасшылығындағы қазақ полкінің» (өз сөзі) командирі Байкен Тыштыбаев бірде газет тігінделерін көлікке тиеп жүріп: «Кеңес мәдениеті жеңіл келеді, сондықтан да көтіңмен басып отырмасаң, аспанға ұшып кетеді»; сондай-ақ: «Қазақ полкін басқаратын қазақ туған жоқ», «1929 жылға дейінгі мал санын қалпына келтіру үшін үш немесе одан да көп бесжылдық керек», - деген сөздері үшін жауапқа тартылыпты. Оның үстінен кейін «намысты полковник» атанған Ә.Баймолдин көрсетінді жазған екен. Байкен Тыштыбаев 1937 жылы тергеушілерге:

«1928 жылдың аяғында, не 1929 жылдың басында (бұрынғы командирі - Т.Ж.) Бейсенбаев: «Троцкий қызыл армияның қолбасшысы әрі көсем, еңбегі сіңген адам, сәлем беріп шығайық», - деп ұсыныс жасады. Троцкий бізге: «Сендер жас бала емессіңдер, сондықтан да мені контрреволюционер деп жариялағанын білесіңдер. Енді сендерді жауапқа тартуы мүмкін»,- деп ескертті»,- деп жауап беріпті.

Оның айтқаны расқа айналып, іле Байкен Тыштыбаев бажасы Т.Рысқұловпен және Н.Нұрмақовпен, Ұ.Құлымбетовпен, С.Қожановпен, О.Жандосовпен бірге «троцкишіл, герман - жапон барлау қызметінің агенті» ретінде қосақталып, бәрі де атылып кетті. Айдаудан тірі оралған А.Байтұрсыновқа да, М.Тынышбаевқа да, Х. және Ж.Досмұхамедовтерге де, М.Жұмабаевқа да кейіннен тура сондай айып тағылды.

Сөйтіп, Троцкийге берілген сәлемнің құны бір емес, ондаған адамның және оның ішінде ең тұздықты қазақ қайраткерлерінің өмірімен өлшенді. Ол да болса заман үкімі.

Ал бұл үкімнің алғышарттары «Алашорда» көсемдерінің тергеу ісі тұсында қалыптанып, баптары анықталып, айыптау қорытындылары дайындалды. Көңілде күдік қалмас үшін ОГПУ-дің Қазақстандағы төтенше өкілі Мироновтың тікелей М.Тынышбаевтің ісіне қарата бекіткен «Айыптау қорытындысын» барынша толық келтіруді жөн көрдік.

«АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кірген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстінен қозғалған № 2370-іске

1. Тарихи анықтама

Ақпан төңкерісінен кейін ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кірген, «Алашорда» үкіметінің мүшесі болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкіметіне қарсы ашық күрескен, кейіннен контрреволюциялық армия мен үкіметке кешірім жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкілдері кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерін жалғастырып келді.

Қылмысты іс бойынша айыпқа тартылып отырған бұрынғы алашордашыл Әлімхан Ермеков 1921 жылдың басында, Мәскеу қаласында әйгілі ұлтшыл Байтұрсыновпен (қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына қатысқаны үшін ОГПУ-дің коллегиясының шешімі бойынша 1930 жылы сотталған) бірге башқұрт ұлтшылы Валидовпен кездесіп, контрреволюциялық ұйым ашуға келіскен, оның орталығына Орынбор қаласын таңдап алды (№ 541784-іс, 1 т., 10-парақ).

Мұның артынан іле-шала айыпқа тартылып отырған Досмұхамедов Халел мен М. Дулатов (ОГПУ коллегиясының шешімімен сотталған) Ташкент қаласында осы астыртын контрреволюциялық ұйымның бөлімшесін құрған, оның құрамына айып тағылып отырған: Досмұхамедов Халел мен Жаhанша, Тынышбаев Мұхамеджан, Үмбетбаев Алдаберген, Мұңайтпасов Әбдірахман және басқалар кірген, Орынбормен тікелей байланыстары болған және айыпкер Досмұхамедов Халел мен Жаhанша және Тынышбаев Мұхамеджан дайындаған бағдарламаны қабылдаған, оның негізіне «Алаш» партиясының бұрынғы бағдарламасының талаптары өзек етіп алынған, яғни, олардың түпкі мақсаты - кеңес өкіметін құлату, құрылтай жиналысын өткізу арқылы қазақтың ұлттық-демократиялық республикасын құру, бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдарға сықап тұрған кеңес өкіметінің мекемелерін пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтеріліске дайындап, кеңестік саясатты «Алаштың» бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздеді (№ 2370-іс, 1 т., 106, 1126, 123 және 179-парақтар, № 541784-іс, 4 т., 21, 80, 90 және 92-парақтар).

Семей және Петропавл қалаларында осы ұйымның бөлімшелері құрылды, оларға жауапқа тартылып отырған Ермеков Әлімхан мен Тілеулин Жұмағали жетекшілік етті. Өзінің іс-әрекетін кеңейту мақсатымен Ташкент бөлімі Алматы, Әулие-Ата, Шымкент, Түркістан, Қазалы және басқа да қалалардағы ұлтшылдарды бауырына тартып, ұйымның құрамына енгізді, жергілікті жерлерде өзінің бөлімшелерін ашуға тырысты.

Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшін 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету" комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпір-түкпіріне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелері ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетісу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкілі, Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Біләлді ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бір данасын тапсырды. Бағдарламаның бір данасы аштарға көмек комиссиясының Жетісу облысындағы Лепсі ауданындағы өкілі Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-іс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-іс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар).

Ташкент қаласындағы Қазақтың ағарту институтының жанынан құрылған студенттердің контрреволюциялық ұйымы студенттердің әскери жасағын ұйымдастырды, бұл «Қазақ халқының сатқындарына» қастандық ұйымдастыратын жауынгер жасақтың міндетін атқарды. Соның ішінде, Оқу-ағарту комиссары С.Қожановты өлтіру туралы шешім қабылдады, оны айыпқа тартылған Мұңайтпасов Әбдірахман өлтіруге тиісті болды. Бұл жасақтың құрамына айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшір мен тағы басқалар кірді (№ 2370-іс, 1 т., 383-парақ, 2 т., 659, 660 және 701-парақ. Соңғы парақтар өшіріліп тасталған. Зады айтылған айыпты дәлелдеуге еш қатысы болмаса керек - Т.Ж.).

Кеңес өкіметін құлату мақсатына орай контрреволюциялық ұйым Орта Азиядағы басмашылар тобын әскери күш ретінде пайдаланбақ болған, сөйтіп Ферғана басмашыларының басшысы Жанұзақовқа және басмашылардың жетекшісі - Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымның көсемі Заки Валидовке өкілдер жіберген, сонымен соңғы адамға (Валидовке - Т.Ж.) барған Үмбетбаев Алдаберген оны ұйымның мүшелерімен жолықтыру үшін Ташкентке жасырын алып келген, оны айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшірдің үйіне жасырып ұстаған (№ 2370-іс, 1 т., 23, 42, ІІІ және 259-парақтар, 2 т., 678-парақ).

Тура сол мақсатпен 1922 жылы қиыр шетте жатқан Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшін жетекші әскери мамандарды даярлауды ойластырған. Соның нәтижесінде, ұйымның мүшесі Әділев Дінмұхамед (ОГПУ-дің коллегиясының шешімімен сотталған) Сарысу ауданда бандылардың тобын құрып, жетекшілік етті, ішінде оның туысы Әділев Байсейіт те бар, ал жауапқа тартылған Үмбетбаев Алдаберген ұйымының тапсырмасы бойынша Қазақ ағарту институтындағы студенттерге әскери жаттығу сабағын жүргізген, мұндағы мақсат - ұлттық командирлерді дайындау еді.

Қазақстанның партия ұйымдарындағы оңшыл элементтермен тығыз байланыс жасай отырып, оларға жасайтын ерекше ықпалын ескере келіп, астыртын ұйымның мүшелері оңшыл оппозициялық элементтерді партияның 12-съезінде өз мүдделерін жүзеге асыруға пайдалану үшін арнайы дайындық жүргізді, сол үшін ұлттық мәселе жөнінде тиісті ұсыныстар жасады, оның басты мақсаты - «ұлттық-мәдени автономияны» талап ету болды. Үндеуге - Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов және айыпкер Омаров Әшім қол қойды.

Осы үндеудегі бағыт-бағдарды қолдай отырып, айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстанның партия және кеңес мекемелеріндегі отарлаушылық пиғылдармен күрес дегенді желеу етіп, астыртын ұйымның міндеттеріне сай келетін шараларды жүзеге асыруда аса белсенділік танытты. Орынбор қаласында өткен Қазақстан кеңес қызметкерлерінің 2-съезі кезінде ол съезге қатысқан уәкілдердің ішінен тек қана қазақтарды - ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдарды жеке жиып алып, мәжіліс өткізді, онда «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудің әдіс тәсілдері» туралы мәселе қаралды. «Отарлаушылықпен» күрес жөніндегі Әуезовтің ең жақын қолдаушылары астыртын ұйымның мүшесі Сәдуақасов пен айыпталушы Омаров Әшім болды. Сәдуақасовтың мақсаты сәтсіздікке ұшырап, партиядан шығып қалу қаупі төнгенде, Әуезов оған Ташкентке баруды ұсынды, содан әрі қарай Ферғанадағы басмашыларға жетіп аласың деп кеңес берді, ал Ташкенттегі қазақтың астыртын ұйымы олармен байланыс жасап тұратын (№ 541784-іс, 1 т., 251, 255, 398-405-парақтар).

Валидов пен ұлтшыл Мұстафа Шоқай шет елге қашып кеткен соң, ұйым олармен астыртын байланыс орнатты, ол үшін шет елге оқуға барған ұйымның мүшелері Бірімжановты, Битілеуовті және айыпталушы Мұңайтпасовты пайдаланды. Басымашылар талқандалған соң, ұйым өзінің өмір сүруін тоқтатты, бірақ та бұрынғы мүшелер бірін-бірі тез тапты, олар өзара тығыз байланыста болды, ұйымның ортақ мүшесі ретінде бір-бірімен тез тіл табысты. Ұйымның бұрынғы мүшелері - алашордашылар кеңес өкіметімен ашық күресу туралы әрекет қимылын өзгертіп, енді кеңес мекемелеріне (әсіресе, Жер жөніндегі халық комиссариаты мен Оқу-ағарту комиссариатының мекемелеріне) және партия ұйымдарына кіріп алуды ойластырды, ондағы ойы - өздерінің мақсаттарына сәйкес партия мен кеңес өкіметінің саясатын өздерінің мақсаттарына қарай бұрмалап, өзгертіп отыру болды. «Әнуар паша мен Валидов бастаған көтеріліс жеңіліс тапқан соң біздің ұйым мұндай бағыттан бас тартты да, қазақ халқының тағдырына қатысты мәселелерді мүмкіндігінше: «Алашорданың» идеологиялық рухына сәйкестендіріп жүргізу үшін кеңес мекемелерін пайдалануды көздедік, оған өз адамдарымызды орналастыру, сөйтіп сол адам арқылы мекемелерге және жекелеген жауапты партия қызметкерлеріне - қазақтарға ықпал жасау жөнінде шешім қабылдадық» (Тынышбаевтің 1930 ж. 7.08. күнгі жауабынан, № 2370-іс, 1 т., 275-парақ)».

«Біздің басты мақсатымыз - кеңес өкіметінің саясатына өзіміздің ықпалымызды жүргізу үшін және оны біз ойлаған бағытта жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік басқару аппаратына өз адамдарымызды барынша көп кіргізуге ұмтылдық. Бұған қызметкерлердің (қазақ - Т.Ж.) жетіспеушілігі де септігін тигізді, соның нәтижесінде аппаратқа өз адамдарымызды өткізудің сәті түсті. Содан кейін біз өзіміз жақсы танитын аппарат қызметкерлеріне тікелей ықпал жасадық. Сөйтіп, мақсатымызға жеттік. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов - Жер жөніндегі комиссариатқа, Қашқынбаев - Денсаулық сақтау комиссариатына, Бірімжанов - газет редакциясына, мен - ғылым жөніндегі комиссияның құрамына, Ж.Досмұхамедов те соның құрамына кірді. Біз өзіміз идеологиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық. Сонымен қатар біз әр түрлі жиналыстар мен мәжілістерді де пайдаландық, оларға өз адамдарымызды қатынастырып отырдық» (Досмұхамедов Халелдің жауабынан. 22.ІХ.1930. № 2370-іс, 1 т., 220-парақ).

1928-1929 жылдары ОГПУ мекемелері астыртын ұйымның бұрынғы мүшелері Байтұрсыновты, Дулатовты, тағы да басқаларын тұтқындаған болатын. Бостандықта қалған ұйым мүшелері уақытша бұға тұруды көздеп, ешқандай әрекет етпеуге тырысты, сол уақытта Байтұрсыновтардың ұсталу себебіне байланысты айыпталушылар - Ермеков пен Досмұхамедовтің арасында өзара талас туды. Олардың ұсталуына Ташкенттегі ұйым мен оның жетекшісі Досмұхамедов кінәлі деп айып тақты, ал екіншісі құрамына Ермековтің өзі жүрген Орынбордағы ұйым мен Семейдегі бөлімше кінәлі деп жауап берді. Бұл жөнінде Ермековтің пікірін Қадырбаев Сеидазым қолдап сөйледі (№ 370-іс, 1 т., 262 және 263-парақ, 2 т., 702, 703, 721-727, 733-735 және 736-740-парақтар).

Халел Досмұхамедов 1929-1930 жылдардың қысында Жаhанша Досмұхамедовтің кеңесі бойынша Мәскеудегі Ә.Бөкейхановқа барып, Ермеков пен арадағы таласты қалай шешудің жолын және Байтұрсыновтың тобының тұтқындалуына байланысты әрі қарай не істеу керек екендігін ақылдасты. Ол (Бөкейханов - Т.Ж.) ұйымның өзге мүшелері де тұтқындалуы мүмкін екендігін ескере келіп Халел Досмұхамедовке: «Тұтқындала қалған жағдайда өздеріңді өздерің мықты ұстаңдар, ешнәрсені де мойындарыңа алмаңдар, ал кейбір құжаттар сақталып қалса, оны Ә.Ермековке сақтауға беріңдер, Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мүшесі ретінде қазақстандық үкімет оған сенеді»,- деп нұсқау береді. Алматыға келе салысымен Досмұхамедов бұл жайды Ермеков пен Тынышбаевқа, кейіннен Ж.Досмұхамедовке айтты, олардың барлығы да Бөкейхановтың нұсқауын мақұлдады және алда-жалда тұтқындала қалған жағдайда ештеңені де мойындамауға келісті (№2370-іс, 1 т., 208, 222-парақтар, 2 т, 702 және 703-парақтар).

Өзара байланыстары мен іс-қимылдарын құпия ұстау үшін ұйымның бұрынғы мүшелері тек қана екі-екіден екеуара ғана кездесіп, мүдделі мәселелерді талқылады, оған айыпталушы Тынышбаевтің: «Соңғы уақытта біздің ұйымымыз ешқандай да жиналыс пен кеңес өткізген жоқ, екі-екіден екеуара ғана жолығып, мүдделі мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ, Ермековпен де, Досмұхамедовпен де жеке-жеке кездесіп, олармен болған әңгімеде... кеңес өкіметінің саясатын айыптадық» (Тынышбаевтің жауабынан. 3.ІХ.1930.№ 2370, 1 т., 125-парақ),- деп жауап берді».

М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов жетекшілік еткен «Алашорданың» Ташкенттегі астыртын контрреволюциялық ұйымының кеңес өкіметіне қарсы іс-қимылдарына» Мәскеу мен Алматының жазалау саясатын жүзеге асыратын заң және тергеу, сот орындарының берген «Тарихи анықтамасы» осындай.

«Айыптау қорытындысындағы» мәселелердің ақиқаты бірінші томда барынша толық талданғандықтан да, оған тоқталып жатпаймыз. Тек әр сұраққа әрбір «айыпкер» қалай жауап берді, олардың қай тұста пікірлері тоғысты, қай тұста көрсетінділері алшақ кетті, түрме мен қысым жағдайында әр кім өзін қалай ұстады? - деген көкейтесті сұрақтарға жауап іздейміз. Өйткені қиыннан қиыстырылған қисынсыз баптардың тек қана айыптау бағытында құрылғандығын дәлелдеп жатудың өзі артық. Екіұшты ой туғызбас үшін осында көрсетілген «қылмыстардың» кейбіреулеріне қысқаша ғана түсінік бере кетеміз. Олар мыналар:

Бірінші: «1922 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құрылды», - деген айғақты осының алдында ғана тергеуі аяқталған Ахмет Байтұрсынов бастаған «Алашорда» қайраткерлері жоққа шығарған болатын. Ал Әлихан Бөкейханов мұндай сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты. Ол:

«Алашорда» үкіметінің мүшелеріне кешірім жасаған - кеңес өкіметі. Ол үкімет әлі құлаған жоқ. Демек, оның шешімі де күшінде. Оның үстіне бізге кешірім жасаған Лениннің өзі. Сендер сол Лениннің жолымен жүріп келеміз деп ұрандатып жүрген жоқсыңдар ма. Ендеше, әңгіме осымен бітті»,- деп тергеушілердің меселін қайтарып тастаған болатын.

Алаш көсемдерінен «тістері сынған» тергеушілер екінші топты, өздері «Ташкент тобы» деп атаған адамдарға қасахна осы сұрақты қайталап қойған. Шындығында да, ресми түрде астыртын ұйым құрылған жоқ. Бірақ кеңес өкіметінің «коммунистік - отаршылдық» саясатымен елді күйзелтуге әкеліп соқтыратын экономикалық шараларына, ұлттық рухани тәуелсіздігін сақтап қалуға қарсы бағытталған «таптық мәдениеттің жіктелушілігіне» сын көзбен қарады, оны қатерлі бағыт деп санап, ашық түрде мәлімдеді. Тарих - «Алашорда» үкіметінің ұлттық экономика мен мәдениет туралы бағдарының дұрыстығын дәлелдеп берді.

Екінші: 1920-1922 жылдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлімхан Ермековтің, башқұрт ұлтының көсемі Заки Валидовпен Мәскеу қаласында кездескені, әңгімелескені рас. Тіпті бір рет көгалға шығып, көңілді серуен де жасаған. Әрине, олардың «бұл серуенде» ұлт тағдыры жөнінде пікір алысқандары аян.

Үшінші: «Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов 1921-1922 жылдары Аштықпен күрес жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде астыртын ұйымға кіру туралы үндеу таратты», - деген айып - айып емес, кәдімгі сандырақ. Мұнда олар, қырдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ аудандарына көмектесу үшін оқыған азаматтарға салауат жариялап, оларды азық-түлік жинау науқанына ат салысуға шақырған болатын. Ол үндеуді Өлкелік комитет ресми түрде бекіткен. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың қазақ қызметкелерінің арнайы Кеңесін шақыруы да осы ашаршылыққа байланысты. Онда, расында да, «коммунистік колонизаторлықтың» зардаптары туралы да нақты мәселелер қаралды.

Төртінші: Ташкентегі, Сарысудағы, Адай жұртындағы, Қызылқұмдағы әскери жасақтардың бүліншілігі хақында баяндалған «Тарихи анықтамадағы» айғақ та шындыққа жанаспайды. Бұл аудандардағы көтерілістің басты себебі - аштық пен тәркілеу науқанының әділетсіз жүргізілуінен еді. Жалпы көзқарас тұрғысынан ықпалы болғанымен де, көтеріліске «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының тікелей қатысы жоқ болатын. Өйткені патша үкіметі мен шет елдік армияның көмегіне сүйенген адмиралдар мен генералдар, атамандар басқарған тұрақты армия жеңе алмаған қызыл әскердің бетін бесатар мен сойылға жүгінген «дала жасақтары» тойтарып, кеңес өкіметін құлата алмайтынын, мұның қызыл қырғынға әкеп соғатынын олар жақсы білетін. Ал: «Сұлтанбек Қожановқа қастандық жасау әрекеті жоспарланды», - деген айып мүлдем қисынсыз. Мұны ешқандай дерек растай алмайды. «Алашорда» үкіметінің «қылмысын» неғұрлым ауырлатып, террорист етіп көрсету үшін жасалған кезекті бір құйтұрқы амал.

Бесінші: Бірімжановтың, Битілеуовтің, Мұңайтпасовтың Алманияға барып оқығаны, онда Заки Валидовпен кездескені, Валидовтің бұларға көмектескені шындық. Бірақ олардың әр қайсысы әр қандай жағдаймен әр мезгілде елге қайтып оралды. Әрине, Валидовтің «Алашорда» үкіметінің қайраткерлерінің хал-ахуалын сұрауы, сәлем айтуы табиғи. Ал астыртын бірігіп іс-әрекет жасау туралы уағдаласуының анық-қанығы әлі де дәлелді дәйектерді қажет етеді. Екі жақ та қалыптасқан жағдайда ондай әрекетке бару мүмкін емес екендігін жақсы білді. Ал Валидовтің жасырын түрде Ташкентке келгені, Қожанов пен Рысқұловқа хабарласуға ниет қылғаны шындық. Мұны түрмедегі айыпқа тартылушылардың жауаптары да, сыртқы деректер де растайды.

«Тарихи анықтамадағы» тарихи шындықтар осылар. Ал өзге-өзге, ОГПУ-дің тергеушілері «әдеби өңдеуді» өте жақсы меңгерген болатын. Сондықтан да берілген жауаптың тонын айналдырып баяндау оларға пәлендей қиындыққа түскен жоқ. Мысалы тергеу хаттамасындағы:

«Мен - Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов - Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев - ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз», - деген жауабы «Айыптау қорытындысында» тергеушілердің өңдеуімен:

«Нәтижесінде аппаратқа өз адамдарымызды өткізудің сәті түсті. Содан кейін біз өзіміз жақсы танитын аппарат қызметкерлеріне тікелей ықпал жасадық. Сөйтіп, мақсатымызға жеттік. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов - Жер жөніндегі комиссариатқа, Қашқынбаев - Денсаулық сақтау комиссариатына, Бірімжанов - газет редакциясына, мен - ғылым жөніндегі комиссияның құрамына, сондай-ақ Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кірді. Біз өзіміздің идеялогиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық»,- деп түзетіліп берілген.

Сырттай бұл мәтіндер мағыналық жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен де, саяси және заңдық тұрғыдан келгенде үлкен кілтипан бар. Бұл тәсілді тергеушілер өздерінің «кеңселік жазу стилі» ретінде емін-еркін пайдаланған.


«Ақиқат» журналы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641