Сүлейменов қазақтың ақыны бола алмайды
Олжас Сүлейменов отарлық кезеңдегі «буферлік» әдебиеттің көрнекті өкілі. «Буферлік» деген себебім, Сәвет одағы кезінде ұлт тілінде жазатындардан басқа, өз шығармаларын бөлек мақамда, бөтен тілде жазатын тағы бір ерекше топ пайда болды. Олар кейін не орыс әдебиетіне орныға алмай, не қазақ әдебиетінің жазушысы бола алмай, әлгі бір анекдоттағы түлкі құсап екі ортада қалып қойды.
Мүмкін ол Ресейде туғанда, орыс әдебиетінің көрнекті өкілі болып қалатын ба еді, кім білсін?! Бірақ оны қазір «қазақ әдебиетінің өкілі» деп айту да қиын. Олжастың бар проблемасы осында жатыр. Ол қазіргі ұлттық саясатқа сол баяғы интернационалдық, космополиттік көзқараспен қарағысы келеді. Коммунистер заманындағы мақамның уақыты өтіп кеткенін сезбейтіндей.
Әйтпесе, латын әлібиінің орысша сөйлейтін, орысша жазатын адамға түк қатысы жоқ қой! Олжас ағаға одан келетін қауіп жоқ. Ол бұрынғыдай орысша ойлап, ресейліктердің кириллицасымен жаза береді. Осыны біреу ол кісіге «ымдап» болсын түсіндіруі керек еді.
Әдебиеттегі кез-келген тұлғаға уақыт өте келе басқаша баға берілетіні бар. Әсіресе, отарлық кезеңдегі әдебиеттің «көрнекті өкілдері» кейін жаңаша ойлайтын ұрпақтың идеологиялық сүзгісінен өтеді де, олардың жазған шығармасы түкке жарамай қалып жатады. Сәветтік сарында сайрайтын ақынның ойлары да дәл осылай қазақ қоғамында қарсылыққа ұшырап, бөтен біреудің егініне түсіп кеткендей болып жатыр.
Иә, айтпақшы, «космосты» жырлаған космополит ақынның неге қазақ жазушысы бола алмайтынын да айта кетейік. Екі қазақ Англияға барыпты. Біреуі орысшадан басқаны білмейтін жазушысымақ болса, қасындағысы қазақшаның майын тамызып тұрып сөйлейді екен. Лондонда олар бір мықтымен кездесіп, қазақшасы мен ағылшыншаны бірдей меңгергені орысша сөйлейтін (русскоязычный писатель) әріптесін әңгіменің орайы келгенде ағылшынның жазушысымен таныстырыпты. Өзін «орыстілді қазақ жазушысымын» деп әспеттеп атаған әлгі дүбәра немеге ағылшынның мырзасы сонда қатты таң қалып, оған былай деген көрінеді: «Онда сіз орыс жазушысы болдыңыз ғой!»....
Жолымбет Мәкіш
Facebook-тегі парақшасынан