Сенбі, 23 Қараша 2024
EXPO - 2017 6519 1 пікір 21 Шілде, 2017 сағат 11:58

«Hit Italy» тобы Абайдың әнін шырқады

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай «Қазақстан» орталық концерт залында «Сан-Ремо жұлдыздары — Астанада» атты кеш өтті. Оған Робертино Лоретти, Тото Кутуньо сынды әлемге әйгілі әншілермен қатар «Ricchi e poveri» және «Hit Italy» топтары қатысты.

Кеш шымылдығы итальян тілінде шырқалған ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» əнімен ашылды. Осы туындыны Астанаға келерде арнайы жаздырған «Hit Italy» тобы көрермендерді бірден елең еткізді. Әрі қарай өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдардағы танымал туындылар орындалып, аға, апаларымызға жастық шақтарына, өзімізді балдай балалық кезімізге сапар шектірді.

«Сан-Ремо» — 1951 жылдан бері Италия жерінде өтіп келе жатқан музыка фестивалі. Талай талантты әншілерге үлкен сахнаға жолдама алып берген бұл думанды шара жыл сайын ақпан айының ортасында осы елдің солтүстік-батысында орналасқан курорттық қалада ұйымдастырылады.

Мәселен, 1983 жылы бұл фестивальде «L’italiano» әнін орындағаннан кейін Тото Кутуньоның есімі әлемге жайылды. Осы әнмен қатар әншінің репертуарына «Solo noi», «Et si tu n`éxistais pas», «Salut» атты әлемдік хиттер енген. Қазірге дейін 17 альбом шығарған Тото Кутуньоның композиторлық өнері де бар. Сондай-ақ, ол аккордеонда, гитарада, саксофонда, барабан және клавишті аспаптарда ойнайды.

1960 жылы Римде өткен XVII Олимпиада ойындарының ашылуында «O Sole mio» әнін орындаған 13 жасар Робертино Лоретти әлемге танымал болды. Оны ән сүйер қауым «жаңа Карузо» деп атап, белгілі опералық тенор Беньямино Джильимен салыстыратын. Ал 15 жасында жарық көрген алғашқы синглы «алтын» атанды. Әншінің дискографиясында 8 альбом бар. Ол шырқаған әндер күні бүгінге дейін радиода орындалып, кинода және мультфильмдерде пайдаланылып жүр. Әсіресе, әншінің «O Sole mio», «Jamaica» мен «Santa Lucia» әндері кең таралды.

«Қазақстан халқын жаныма ерекше жақын тұтамын. Осы елде бірнеше мәрте болдым. Бүгінгі күнге әртүрлі мемлекеттен маған 820 шақырту келді. Осының алдында үш ай ауруханада жатып шықтым. Алайда бар күшімді жинап, Астанаға жеттім. Бұл менің көрерменге соңғы көрінуім. Осыдан кейін сахнадан кетемін деп шештім. Бірақ жақында өмірім, өнерім жайлы фильм шығады» деді Робертино Лоретти.

«Ricchi e poveri» тобының аудармасы — байлар мен кедейлер. Музыканттар өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары танылды. Генуя қаласында осыдан жарты ғасыр бұрын құрылған топтың күйтабақтары бүгінгі күнге дейін барша әлемге 20 млн данамен таралды. Топ телевизиялық қойылымдар мен мюзиклдерге де түскен. 1982 жылы «Mamma Maria» синглы Еуропада ең көп сатылған альбомның басты әніне айналды.

...Бәрі дұрыс. Дегенмен, ақыры айтқан соң жетістікті ғана емес, кемшілікті де айту керек шығар. Рас, қызықты концерт болды. Бағдарлама тізгінін өз қолына алған қонақтар бірте-бірте әуелде белсенділік таныта қоймаған көрермендердің қызығушылығын оятып, қанын қыздырды. Дауыстары баяғы бабындағы кездегідей болмаса да, өнерпаздар өздерінің ақ ниет, шынайы көңілімен көпшілік ықыласына бөленді. Қызу қолдап қол шапалақтаудан кемдік болған жоқ. Алайда бұл - әнші өнері мен көрермен көңілінің арқасы. Солардың табысы, солардың жетістігі. Ал жүргізушілер мен "Қазақстан" орталық концерт залының дайындығы, музыкалық аспаптардың бабын келтіріп, дауысын реттейтін дыбыс режиссерінің өрескел қателіктері мен сауатсыздығы намысқа тиіп, қанымызды қарайтты. Сырттан келген қонақтар мен өнерпаздар алдында ел-жұртымызды жерге қаратып, ұятқа қалдырды. Дауыс күшейткіштері дұрыс жұмыс істемей, микрофонды қанша рет қайта ауыстыруға тура келді. Ақырында тіпті ашу қысқан ақсақал әнші - Робертино Лоретти әнін аяқтамай сахнадан шығып кетті. Бұдан өткен масқара болмас!.. Абырой болғанда әйтеуір көрермен қауым қол соғып, қайта шақырып қоймаған соң әнші райынан қайтып, сахнаға қайта шықты. Таң қалғаным - елордамыздағы ең үлкен концерт залының дені дұрыс дыбыс маманын таба алмағаны. Бұл не, салғырттық па, салақтық па? Бәлкім тіпті надандық болар? Сіз не дейсіз?..

P/S: Айтпақшы, әншілер мен көрермендер арасында түсіністік байланыс орнатуға ерекше ықпал еткен аудармашы еңбегіне алғыс айтамыз.

Тұрмағанбет Кенжебаев

Abai.kz

 
1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413