Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде сақталған құнды жәдігерлер
Қожа Ахмет Ясауи кесенесi тек ортағасырлық сәулет өнерiнiң керемет туындысы ғана емес, сол сияқты ортағасырлардан сақталған бай тарихи мұраларды сақтап отырған киелi орын ретiнде де тарихта белгiлi орны бар ескерткiш. 1978 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық музей ретінде ашылып халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болған. Музей қорына қабылданған алғашқы жәдігерлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХIV ғасырдан сақталған, Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған қола және ағаш бұйымдар. Олар тайқазан, шырағдандар, және қазандық, қабірхана есіктері, олардың қола халькалары мен балғашалары. Бұл қола бұйымдар туралы алғаш ғылыми деректер ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жариялана бастады. Мысалы, М.Е.Массон мен А.Ю.Якубовскийлер жалпы сипаттама жасаған болса 1960 жылдары Санкт-Петербургтағы Эрмитаждың шығыстанушы ғалымы А.А.Иванов кесенеде Әмір Темір дәуірінен сақталған бірнеше затқа толық анықтама жасаған болатын.[1]
Әмір Темір дәуірінен сақталған жәдігерлер қатары: келген адам ғимарат ішіне кіретін есіктерден бастау алады. Жәдігер есіктер жамағатхана бөлмесінің есігі «Қақпа» және Қабырхана есігі «Қапсырма». Шеберлер есіктің берік және әсем жасалуымен қатар, рәміздік мән-мағынасын арттыру үшін оған символдық мәнге ие ою-өрнектер, терең мағыналы хадистер мен нақыл сөздердің бедерленуіне көңіл бөлген. Есіктер екі бетінен ағаш, сүйек, алтын, күміс әшекей-өрнектермен өрнектелген. Әртүсті ағаш қиындыларымен және піл сүйектерімен жапсырып әшекейленген өрнектерінің біразы тозып жойылған. Қақпа есіктің орта бөлігінде есікті қағуға арналған екі қола алқа мен оларды орнататын топса-тұғырлары бар тік төртбұрышты тақташалар орналасқан. Алқаның топса-тұғырлары барыстың басы бейнесінде сомдалып, одан төменірек алқаның өзінде барыстың екі кішкене аланының бейнелері сомдалған. Қола тақташада алқаның ұрылып дыбыс шығаруына арналған сегіз жапырақшалы гүл бейнесіндегі кішкене төстігі бар. Екінші есік қабірхана есігі-Қапсырма. Жалпы пішіні Жамағатхана есігіне ұқсас, есіктің жоғарғы тұсында екі алқаның дөңгелек қола тақташалары және гүлге ұқсас сегіз жапырақты кішкене төстігі сақталып, алқаларының өздері жоғалған. Деректер бойынша жоғалған алқалар қақпа есіктің алқаларына ұқсас, сондағы жазулар да қайталанып жазылған. [2]
Қоладан құйылып, алтын күміс жалатылған алты шырағдан мен есік тұтқалары да халық өнерінің лағыл маржандарының қатарына жатады. Бұларды жасаушы шебер исфаһандық Тадж-ед-Дин ұлы Из-ед-дин. Қола тұтқада хижраның 797 жылы жасалғандығы көрсетілсе, Қола шырағдандардағы жазулар хижраның 799 жылғы 20 рамазанында Әмір Темірдің тапсырысымен жасалғандығы жазылған.
М.Е. Массонның көрсетуінше, бұрын екі шеткі шағын бөлмелер арқылы енетін есіктер жабық тұрған да келген адам бас есік «Қақпа» есігінен кіретін болған. «Қақпа» табалдырығын аттаған кісі ғимараттың орталық залы-Қазандық бөлмесіне кіреді. Қазандық бөлмесінің ортасында «Тайқазан» тұрған. Қазанның салмағы 2 тонна, диаметрі 2,45 метр. Қазанда қант қосылған су толы болады да, мұны мешіт қызметшілері жұма намазы аяқталған соң емдік қасиеті бар су ретінде зияратшыларға үлестіріп беретін. Бұл қазан Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ елді мекенінде құйылған. Оны құйған тебриздік шебер-Әбд-әл-Әзиз ибн Шарафуддин.[3]
Музей қорының этнография тобында Әмір Темір дәуірінен сақталған жәдігерлерден бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын қазақтың қолөнер қазыналарының небір тамаша үлгілері сақталуда. Этнография бөліміндегі қазақтың қолөнер туындыларынан кестелі-тоқымалы бұйымдар, ағаштан, теріден жасалған ыдыс-аяқтар мен үй жиһаздары, құмандар мен самаурындар әсіресе тек күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың бірін-бірі қайталамайтын 800-ден аса түрлері кездеседі. Ұлттық мұраларды жинақтауда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шет елде жүрген қандас бауырларымызды елге қайтару саясатының арқасында елге оралған бауырларымыздың ұлттық қолөнер туындыларын нақышын бұзбай сақтап қалуы және оларды музей қорына тапсыруы көп көмегін тигізді. Олар, халқымыздың XVIII-XIXғғ. қолөнер туындыларын сол қалпында сақтап қайта елге алып келгендiгiмен және кейбiреулерi өздерi тiршiлiк еткен елдiң мәдениетiн далалық қазақ мәдениетiне сiңiрiп, синтезделiп келген мәдени мұралар екендiгiмен құнды.
Қазіргі күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорында 23 978 заттай мұрағаттар мемлекеттік есепке алынған болса, оның 2627 данасы этнографиялық, 5034 данасы археологиялық, 2734 данасы жазба ескерткіштер, 13583 данасы нумизматикалық жәдігерлер болып төрт ғылыми классификациялық топқа жіктелген. Олардың көпшілігі түпнұсқа да өте құнды, қайталанбайтын қолөнер туындылары болып табылады.
2734 дана жазба ескерткіш жазылу түрі мен атқарған қызметіне қарай 4 топқа бөлінеді. Олар: көне баспа кітаптар, көне қолжазбалар, жаңа құнды кітаптар және тарихи құжаттар.
Кез-келген халықтың жазба мұралары – сол елдің құнды дерегі, сол халықты танытатын тарихы. Соның ішінде қазақ халқының жазба мұраларына тоқталар болсақ, өте бай ауыз әдебиетімен қатар, жазба мұраларының да бай қоры болғанын айтуға болады. Кезінде тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапхана бөлмесінің өзінде бірнеше ғасырлық жазба мұралар сақталғаны тарихи деректерден белгілі. Кеңестік дәуірде түп-тамыры дінмен байланысты басқа да орындар сияқты қараусыз қалған немесе қасақана құрту кезінде ғасырлар бойы жинақталған бай мұраларымыз басқа орындарға көшіріліп, өртеліп, жоғалып, ұстағанның қолында кеткен. Қазіргі кезде қорда жинақталған жазба ескерткіштер музей ашылар кезде халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бастамасымен халықтың қолында сақталған басқа көне мұралармен қатар сый ретінде музейге тапсырылып жинақталды.
Музей қорындағы жазба ескерткіштер бірнеше топқа бөлінеді. Соның ішіндегі құндысы да, ең маңыздысы – қолжазбалар. Қордағы қолжазбалардың жалпы саны-158. Олар араб, парсы және түркі тілдерінде. Олардың біразы кітап түрінде жазылып түптелген, мұқабалары бар, кейбірі қалың дәптерге көшірілген, ал енді бірі қалта дәптеріне (блокнот) жазылған. Бұл қолжазбалардың тақырыптары әртүрлі, сақталулары да әр деңгейде, қолжазбалардың сақталуына қарап, олардың қаншалықты қолданылғанын байқауға болады. Қордағы осы дүниелердің қайсыбірі адамның иманына кәмілдік, сұрақтарына жауап, ізденісіне жаңалық, пікіріне дәлел ұялауына себебі тиер болса деген ниеттеміз. Көне қолжазбалардың біразы ХІХғ-ХХғ. басында, настағлик, насх жазуларымен жазылған. Музей жәдігерлерінің қолжазба қорын зерттеген тарих ғылымдарының докторы А.К.Муминовтың «Каталог арабографических рукописей музея-заповедника «Азрет-Султан» в городе Туркестан» атты кітабында ғалым қолжазбаларды 8 топқа яғни: Құран және құран ілімі, хадистер, догматика, фикх, логика, филология, поэзия, мутаффариқат (Математика және медицина) деп бөледі. Қолжазбалардың арасында Құран Кәрімнің толық нұсқасы немесе кей сүрелері жазылған кітаптар мен кітапшалар, Мұхамммед (ғ.с.) пайғамбарға қатысты өмірбаяны, тарихы баяндалатын, ұлының опат болуы жайында «Мәшһүр насихаттар» атты хадистері аудармаларының өлең түрінде жазылғаны, Мұхамммед (ғ.с.) пайғамбардың туылған айы құрметтеліп тойланатын Мәуліт мерекесінде оқылатын «Мәуліт Шәріп» жырлары кітаптары бар. Осы тақырыптағы айрықша тоқталатын түркі тілінде жазылған Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың өмірбаянын толық қамтыған өте үлкен көлемді 3 томдық «Мағариж уннубуат» атты қолжазба қорымыздағы ғана емес, жалпы сирек кездесетін құндылық.
Сенім мен құлшылықтарды бекіту, Фикх іліміндегі түрлі сұрақтардың жауабы табылатын ислам дініндегі танымал кітаптар Мұхтасар ал-Уиқая, Чахар китаб пен олардан үзінділер және түрлі діни мәселелер жазылған кітаптардың көпшілігі, қолжазба түрінде сақталған дұғалар мен тұмар дұғалары да аударылған. Көне баспа кітаптардың негізгі бөлігі ХІХ-ХХғ. басында, Ташкентте, Қазанда, Уфада, Стамбұлда, Бұхарада және Санкт-Петербургта басылған.
Қорымыздың ең құнды жәдігерлері Қожа Ахмет Ясауи шығармаларының яғни хикметтерінің бірнеше қолжазбасы мен көне баспа кітаптары. Солардың ішінде осыдан 7 жыл бұрын мұражай қорына қабылданған «Диуани Хикмет» қолжазбасының түпнұсқасы. Бұл – 326 беттен тұратын кім жазғаны әзірге белгісіз хикметтері толық, тиянақты шамамен 1845 жылдары көшірілген кітап. Сақталуы да жақсы. Қожа Ахмет Ясауидің мұнан басқа «Миратуль қулуб» (Жүрек Айнасы), «Фақырнама» және кейіннен табылған «Рисала дар адаби тариқат» (тариқат әдебі) атты еңбектерінің түпнұсқасы болмағандықтан, олардың қолжазбаларының көшірмелері жинақталған.
Музей қорына жинақталған кітаптардың тағы бір түрі-Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің шығармалары. Олар шығыс үлгісіндегі диуан, ғазал, назым түрлерінде парсыша немесе көне түркі тілінде, яғни шағатайша жазылған. Омар Маргунфтың шығармалары «Беділ Диваны», С.Бақырғанидің «Диваны», «Софы Аллаяр» кітаптары.
Кейінгі төте жазумен жазылған қазақ ақындары мен жырауларының шығармаларына, мысалы Айтбай Белгібаевтың «Арманда Айтбай» мен Ізбастының «Ахуали қияматына» қарап олардың Ясауи ілімінің немесе сопылық ағымның уағыздаушылары екенін көруге болады. Осылардың ішіндегі ең бір құнды да қызықтысы Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің Ясауия силсиласының теориялық, практикалық ғұрыптары жөнінде өте терең мағлұмат беретін шамамен ХҮІІІғ. аяғында түркі тілінде жазылған «Диуани Хикметтен» кейінгі құнды кітап деп бағалауға болатын «Бустан уль-Мухиббин» мен сопы, ақын, Фарид ад-Дин Мухаммад ибн Ибрахим Аттар әулиенің парсы тілінде жазылған «Тазкират ул-Аулия» (Әулиелердің өмір жолы) кітабын айтуға болады.
Музей қорларында сақтауға алынған жәдігерлердің жартысынан көбін құрайтын жәдігерлердің бірі нумизматикалық жәдігерлер. Нумизматикалық жәдігерлер қатарына археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан аумағының «Яссы-Күлтөбе», «Тоған», Сауран, Иқан, Қосқорған, Төрткүл (Құшата), Төрткүл ІІ, Жүйнек, Міртөбе қалаларынан табылған ортағасырлық 11 ақша көмбелері яғни нумизматикалық табыстар және сирек кездесетін жәдігерлер кіргізілген. Бұл көмбелердің көпшілігі Қазақстандық нумизмат-ғалым Р.З.Бурнашева және Өзбекстандық ғалым Л. Шпенева тарапынан зерттеліп, осы ғалымдардың түрлі ғылыми еңбектеріне өзек болған.
2012 жылдың ақпан айында Ораңғай елді мекенінің тұрғыны кездейсоқ тауып алған ХҮ ғасырдың соңы мен ХҮІ ғасырдың алғашқы ширегінде соғылған 54 дана мыс фельстерді (мыс ақшалар) мұражай қорына өткізді. Сол жылдың наурыз айында Шаян ауданы Сарыбұлақ елді мекенінің тұрғыны тау етегіндегі Құрысай деген жерден табылған 450 дана мыс ақшалар көмбесін әкеліп өткізді. Көмбені зерттеу барысында көмбе ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс дирхемдері екендігі анықталды. Бұл көмбе зерттеліп, нәтижелері ғылыми-практикалық конференцияларда жарық көрді. Зерттеулер нәтижесінде, Отырарда ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс ақшаларын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде кездеспейтін тың жаңалықтар көрініс берді.
Музей қорында 20 дана алтын, 500-ге жуық күміс жәдігерлер сақтауға алынған. Құнды металдардан соғылған ақшалардың барлығы дерлік Республикалық сынамдау палатасында тексеріліп, құрамы анықталған.
Нумизматикалық жәдігерлер қорында нумизматикалық жәдігерлермен қатар бонистикалық, фалеристикалық жәдігерлер де сақтауға алынған.
Алтын тиындардың 1 данасы ХІІІ ғ. басында Мұхаммад бин Текештің атымен соғылған алтын динар кездейсоқ табылған. [1 сурет]. Ақша сарайы атауы мен соғылған жылдық жазбасы жойылып кеткен. Тағы бір 1 дана алтын динар бетіндегі бедер қалдықтарының сақталған бөліктеріне қарағанда Шыңғыс хан немесе Менгу хан атымен шекімеленген, кездейсоқ табылған. Динар Самарқанда 660/680 х.ж. арасында соғылған. Тиын өте сирек кездесетін алтын динарлар қатарына жатады [2 сурет].
13 дана алтын динар ХІІІ ғасырдың орта тұсында Орта Азия қалаларында соғылған. Бұл ақшалар кезінде ақша соғу ісіндегі ерекшеліктерге байланысты сынамдары әдейі төмен етіп соғылып отырған (500-580% сынам) алтын динарлар қатарынан. Тиындар беттерінде ақша сарайлары аттарынан тек Бұхара және Самарқан атаулары ғана сақталған. Барлығының беттерінде «Калима» жазбасы мен халифа Наср лид-Дин Аллахтың аты түсірілген. Тиын жиектеріндегі жазба бедерлері барлығында дерлік жойылып кеткен. Бес дана алтын тиындар Истанбулда, Иранда, Австрия-Венгрия, Ресей патшалығында ХIХ-ХХ ғасырларда соғылған.
Түркістан қаласы, Қарашық өзенінің маңындағы қалалық қорымнан кездейсоқ табылған 6000 данадан астам мыс ақшалардан тұратын көмбе құрамынан 370 дана тиын Қазақстандық нумизмат Р.З.Бурнашеваға зерттеуге жіберіліп, одан кейін Өзбекстандық нумизмат-ғалым Л.Ю.Шпенева «Әзірет Сұлтан» музейіне келіп, көмбені толықтай зерттеді. Көмбе толықтай XV ғ. хижра жыл санағы бойынша 832 х.ж. (1428-29 ж.) көрсеткішімен, Темуридтер мемлекетінің Мавераннахрлық бөлігінің билеушісі Ұлықбек тарапынан жүргізілген ақша реформасы тұсында соғылған мыс адлилерден тұратыны анықталды. Көмбе құрамындағы ақшалар тек, 832 х.ж. көрсеткішімен соғылған ақшалардан ғана емес, сонымен қатар, 851, 854, 862 жылдары Мавераннахр мен Хорасанның түрлі ақша сарайларында соғылған ақшалардың кездесуімен де құнды. Р.З.Бурнашева мен Л.Ю.Шпеневалар жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде көмбе құрамында бұған дейін Темуридтер мемлекетінде беймәлім болып келген жаңа ақша сарайларын анықтады. Көмбе құрамы Р.З.Бурнашева, Е.А.Смагулов, М.К.Туякбаевтардың Клады и монеты Туркестана атты кітаптары мен Р.З.Бурнашеваның бірнеше ғылыми мақалаларында қарастырылған [5].
1982 жылы Ясы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғ. басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхемдер мен фельстерден тұратын көмбе табылған. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Кашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Жодженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері бар. Көмбе құрамында Алмалық ақша сарайында соғылған бір дирхем бетінде бұл ақша сарайына қатысты бұған дейін кездеспеген жаңа 688 х.ж. /1289 жылдық көрсеткіш анықталғаны және Шағатай ұлысының Е.А.Давидовичтің кезеңдестіруі бойынша, ІІІ ші кезеңде жұмыс атқарған ақша сарайларының барлығының дерлік өнімдері кездесуімен маңызды. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын көрсетеді.
2000 жылы Түркістан қалашығының «Қоқан цитаделінде» жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Жани әулетінің билігі тұсында соғылған 75 дана күміс тангаларынан тұратын көмбе табылған. Тангалар Имам Қули Хан, Надыр Мұхаммед хан және Абдулазиз хан тұсында соғылған тиындардан тұрады. Көмбенің маңыздылығы оның Жани әулетінің алғашқы билеушілерінің тұсында соғылғандығында. Нумизматика саласын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Е.А.Давидович VIII-XVIII ғғ. Орта Азия ақша айналымын ІІІ кезеңге бөліп қарастырады. Бұл көмбе ІІ кезең тиындарынан тұратыны анықталды. І және ІІ кезең тиындарының соңғы кезеңнен айырмашылығы бұл кезеңдерге тән күміс ақшалардың сынамы жоғары болған. Ал, соңғы кезеңде тангалар металының күміс құрамы төмендеп кеткен. Бұл көмбе құрамында жоғарыда аталып өткен билеушілер аттарынан соғылған тангалардың бұрын ғылымда белгісіз болып келген типтері анықталды. Имам Қули хан атынан соғылған тангалардың 73-79 аралығында белгіленген жаңа типтері, Надыр Мұхаммед ханның бұрын белгісіз болып келген 18 және 19 типтері анықталды.
2016 жылдың ақпан айында мұражай қорына бірнеше мыс ақшалар келіп түсті. Олардың құрамында XIVғ. ІІ-ші жартысында Алтын Орданың Сығанақ, Хорезм ақша сарайларында соғылған түрлі типтегі үлгілері кездеседі. Осы тиындар арасында бір бетіндегі жазба бедерлері түгелдей жойылып кеткен, екінші бетінде араб графикасымен جهان...ر خان жазбасы түсірілген мыс ақша да бар. Бұл тиынға жүргізілген алғашқы зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша мыс ақшаның қазақтың ханы Жәңгірдің атымен соғылған тиын болуы мүмкін деген болжам жасалып отыр. [3 сурет] Себебі, осы кезеңге тән Орта Азия билеушілері арасында Жахангир атымен белгілі хан жоқ. Тиын типологиялық қатынасы бойынша ерекше. Әрине, тиын қазіргі таңда бір ғана үлгіде болғандықтан дөп басып айтуға ертерек. Дегенмен, болашақта жиналатын материалдар жұмбақтың сырын ашады деген сенімдеміз. Жалпы, Қазақ хандары арасынан тек Тұрсын Мұхаммед хан атымен соғылған ақша ғана белгілі.
Нумизматикалық жәдігерлер қорында нумизматикалық жәдігерлермен қатар бонистикалық, фалеристикалық жәдігерлер де сақтауға алынған. [4, 5, 6]
Музей қорының археологиялық тобы Түркістан оазисіндегі ежелгі қалалар Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан, Қаратөбе-Сауран, Сидақ-ата қалалары мен қоныстарына жыл сайын жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлермен де толықтырылуда. Қордағы ең ежелгі археологиялық жәдігерлер Түркістан өңіріндегі Қосқорған, Шоқтас тұрақтарынан табылған тас жаңқалар, сондай ақ Қазақстан жеріндегі басқа да тас дәуірінің тұрақтары Семізбұғы, Тасқотан, Тәңірқазған, Маңқыстау аймағындағы ескерткіштерден табылған яғни б.з.д. 700-500, 150-120 мың жыл бұрынғы өзектастар, еңбек құралдары. Олардың қатарына б.з.д. ХІҮ-ХІІІғғ. қола әшекейлер топтамасы қос мүйізді білезіктер, әшекейлер мен тастан тізілген моншақтар және қыш ыдыстардың бірнеше түрлерін қосуға болады. Олар қола дәуірінің Андронов мәдениетінің Федоров және Алакөл кезеңдерінің жәдігерлері. Түркістан қаласына жақын маңдағы Шпан қорымынан табылған 120 ға жуық жәдігерлердің ішінен алтыннан жасалған әйелдердің бас киімін безендірген салпыншақ құлақ әшекейлері де, б.з.д ХҮІІ-ХІҮғғ. жататын құнды дүниелер.
Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірлердегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендіктерін көрсетеді. Жинақталған жәдігерлердің ішінде кейінгі дәуірлерде де Түркістан өңірінде қыштан ыдыс жасау өнерінің ерекше дамығандығын және ыдыс түрлерінің нақышталу сипаты мен түсірілген өрнектерінің мән–мағыналылығы назар аудартады.
Сидақ, Сауран т.б. ерте орта ғасырлық қала қоныстарын зерттеу нәтижесінде табылған материалдар бұрын беймәлім болып келген тың деректердің көзін ашты. Ерте ортағасырлық [7, 8] Сидақ қаласы қазбасынан табылған хумдардың ерекшелігі, көлемінің үлкендігі және пішіндерінің әртүрлілігі. Олар кезінде астық және тағы басқа азық–түліктер сақтауға пайдаланылған. Олардың бүйірлерінің сыртына, иініне, төменгі жағына күйдірілгенге дейін кертіп салынған тамға немесе тамға тәрізді белгілерді өрнек орнына қолданғандығын кездестіруге болады. Бұларға қарап ұсталар ыдысқа өздерінің ру таңбасын немесе жеке белгісін салған болса керек деп жобалауға болады. Археологиялық жәдігерлердің ішіндегі құнды дүниелердің қатарына Сауран, Сидақ ата қалаларынан табылған ІV-Vғғ. тән «жалған жүзіктер» түріндегі сасаниттік беттеріне әр түрлі жәндіктердің, құстардың, аңдардың кейбіріне түсініксіз бейнелер батыра ойылып салынған геммаларды, Сауран қақпасында жүргізілген археологиялық қазбадан табылған формалары дөңгелек пішінді болып жан-жағы жұмырлана жонылған Абдолла ханның әскерлері атқан (катапульта) тас оқтарын, кәріз құдықтарын жатқызуға болады.
Музей қорындағы ыдыстардағы орта кеселер мен табақтардың өрнектерінде ең көп кездесетіні ақ фонға қарамен және көкпен немесе ақ фонға сия көкпен қиғаш тор көздер мен өсімдік жапырақтары, сабақтар түріндегі салынған оюлар кездеседі. Мұндай тәсілді археологияда «Темуридтік стил» деп аталып кеткен керамикалық өндіріс тәсілі деуге болады. ХҮ-ХҮІ ғасырларда ең көп тараған осы тәсіл Түркістанда ыдыс сәндеудің жоғары дәрежеде дамыған қыш өндірісінің болғандығын білдіреді. Ал мұндай өнер туындыларын музей қорынан көптеп кездестіруге болады.
Қорымыздағы осындай халқымыздың рухани байлығы көне құнды жәдігерлерімізді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмыстарының бірі.
Әдебиеттер:
- Иванов А.А. О Бронзовых изделиях конца XIVв. из Мавзолея Ходжа Ахмеда Ясеви. Средняя Азия и ее соседи в древности и средневековыя 68. Издательство «Наука» Главная редакция восточной литературы Москва 1981
- Мейірманов А. Есіктер. Буклет. Түркістан. 2009 ж. 4б.
- Нағым-Бек Нурмухаммедов, Қожа Ахмед Яссауи мавзолейі, Издательство «Өнер», Алма-Ата, 1980, 11 б.
- Муминов А.К. «Каталог арабографических рукописей музея-заповедника «Азрет-Султан» в городе Туркестан» 1997ж. «Мұра»
- Бурнашева Е.З., Смагулов Е.А., Тұяқбаев «Клады и монеты Туркестана» Издательство «БАУР», Алма-Ата 2006
Ж.Әубәкір, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры
Түркістан қаласы
Abai.kz