8-қабаттан құлап қайтыс болған қыз туралы мәлімдеме
Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек 8-қабаттан құлап қайтыс болған Тілеугүл Қуанышты бір топ жігіт алып қашқан деген ақпаратты жоққа шығарды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 31 шілдеге қараған түні "Алғабас" шағын ауданында орын алған болатын. 19 жастағы Тілеугүл Қуаныш алдымен анасына өзін алып қашып бара жатқанын жазса, бірнеше сағаттан кейін жеңгесіне қоштасу мәтінін жазып, СМС-хабарлама жіберген.
"Қызды бірнеше адам алып қашқан деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бейнебақылау камераларының түсірілімдерін зерттедік, онда қыз бен бір ғана жігіттің көпқабатты үйге кіріп келе жатқаны анық көрінеді. Қазір "өзін өзі өлтіруге итермелеу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған", - деді С.Әзірбек.
Ал, қызбен бірге болған жігітті полицейлер қазір тергеу үстінде. Тергеу мәліметтері құпия болғандықтан, істің анық-қанығы әзірге айтылмады. Егер қыздың өліміне бірге болған жігіттің қатысы бар екені анықталса, ол сот шешімімен қамауға алынуы мүмкін.
Абай-ақпарат