Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Жаңалықтар 1887 0 пікір 15 Қараша, 2010 сағат 07:22

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. ОТАНШЫЛДЫҚ МҮДДЕСІ

Тәуелсіздік қол жеткізген ой азаттығының орны ерекше. Халықтың Ұлы Қазаннан бұрынғы ғұмыры тәрк етілген, тек кеңес билігін мақтан тұтқан заман әлдеқашан артта қалды. Кешегі алып империяның азаттық алған күллі отар аймақтарында тарих қойнауына жаппай тереңдеу етек алғалы да жиырма шақты жыл болды. Шүкір, бұл шаруадан біздің ел  де шет жүрген жоқ, ірі ғалымдардан бастап қатардағы азаматтарға дейін шежіремізге терең үңіліп, қазақ тарихының ықылым заманнан басталатынына көз жеткізіп келеміз.

Бабалардың даңқты істерін кеңес дәуірінде мақтан ете алмадық. Өйткені ондай әрекет «Ұлы Қазан революциясының» беделіне нұқсан келтірер еді. Ал отар ел өкілі екенін ұмытып ондайға жол беру дегеніңіз - дүркін-дүркін саяси жазалау науқанын бастан кешкен зиялылар үшін өте қауіпті болатын. Бәледен машайық қашыпты... Сондай пайымнан туған шығар, тәуелділік дәуірінде бір заңғар жазушымыз: «Халқымның туған күні Ұлы Қазаннан басталады, мен мұны балаларымның балаларына айтып кетем», - деген сипатта «жүрекжарды сыр»  жазған. Қазіргі таңда бұл сөз ұмытылды, дегенмен, мойындау керек, біз тап осылай мемлекеттік деңгейде дәріптелген жаппай мәңгүрттік жағдайда өсіп-жетілгенбіз...

Тәуелсіздік қол жеткізген ой азаттығының орны ерекше. Халықтың Ұлы Қазаннан бұрынғы ғұмыры тәрк етілген, тек кеңес билігін мақтан тұтқан заман әлдеқашан артта қалды. Кешегі алып империяның азаттық алған күллі отар аймақтарында тарих қойнауына жаппай тереңдеу етек алғалы да жиырма шақты жыл болды. Шүкір, бұл шаруадан біздің ел  де шет жүрген жоқ, ірі ғалымдардан бастап қатардағы азаматтарға дейін шежіремізге терең үңіліп, қазақ тарихының ықылым заманнан басталатынына көз жеткізіп келеміз.

Бабалардың даңқты істерін кеңес дәуірінде мақтан ете алмадық. Өйткені ондай әрекет «Ұлы Қазан революциясының» беделіне нұқсан келтірер еді. Ал отар ел өкілі екенін ұмытып ондайға жол беру дегеніңіз - дүркін-дүркін саяси жазалау науқанын бастан кешкен зиялылар үшін өте қауіпті болатын. Бәледен машайық қашыпты... Сондай пайымнан туған шығар, тәуелділік дәуірінде бір заңғар жазушымыз: «Халқымның туған күні Ұлы Қазаннан басталады, мен мұны балаларымның балаларына айтып кетем», - деген сипатта «жүрекжарды сыр»  жазған. Қазіргі таңда бұл сөз ұмытылды, дегенмен, мойындау керек, біз тап осылай мемлекеттік деңгейде дәріптелген жаппай мәңгүрттік жағдайда өсіп-жетілгенбіз...

Алайда, поэзиясымен талай ұрпағымыз тәрбиеленіп, үлгі-өнеге алған ұлы Пушкиннің пікіріне қарағанда, бұл дегеніңіз - айтып-жеткізгісіз жүрексіздік, қоянжүректік және ауызға алуға ұят масқарапаздық болатын. Ол былай деген-ді: «Гордиться славою своих предков не только можно, но и должно; не уважать оной есть постыдное малодушие». Отанының бай тарихынан шығармашылығына мол азық алып отырған алып ақын азаматтық хақында осылай пайымдап, бiлiмдiлiктi жабайылықтан ерекшелендiретiн сипаттың тура осы өткенге құрметпен қарау сезiмiнде жатқаны жайындағы ойын шегелеп жазған еді. Алайда билеушілер тек соны бізге, отар пенделерге қатыссыз санайтын...

Осы ретте жазушы әм әйгілі тарихшы Карамзиннiң: «Мемлекеттiк ереже бабаларға құрметпен қарауды бiлiмдi адамның жақсы қасиетi қатарына қояды», - деген тұжырымын алға тарту да орынды. Мұндай «мемлекеттiк ереже» де патша мен кеңес замандарында қазаққа қатыссыз саналды. Алайда біздің тәуелсіз дәуіріміз үшін мұндай ереженің зәрулігі мен өзектілігі ересен. Ондай пайым бiздiң қазiргi заманымызбен, елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi мемлекетiмiзде тарихымызды тану бағытында жүргiзiлiп келе жатқан iрi ғылыми және қоғамдық-саяси iс-шаралармен өте үндес қой деп ойлаймын, бұл өзі, тіпті, менің ойымша, заңдастыруға тіленіп-ақ тұр.

Осы орайда өзiн-өзi тану сынды тамаша харекеттiң кейбiр терiс көрiнiсiн сыни тұрғыдан ауызға ала кеткен де жөн. Шежiресiн түгендеп, тегiн әсiрелей әспеттеуге көшiп алған базбiреулер тарапынан тарихты ұсақ рушылдық негiзде бұрмалау және өзiнен өзгелердi өгейситiн қилы астам озбырлықтар жасау деректері ұшырасып қалуда. Бұл отаншылдық мүддемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, кей аймақтардағы түрлi буынның әкiмшiлiк баспалдақтарында қылаң беретін рулық-мансаптық өзiмшiлдiктерден  бастап, сайлау науқандарында елдiк бағдарлама емес, керек ата iздеу әрекеттерiнен, осы кездің өзінде жекелеген рушыл «жазғыштардың» аймақ атауын рулық нышанға сәйкес өзгерту «қажеттігін» ұрандатуынан  және қолдарынан келетіндердің қонышынан басып, жекелеген рубасыларына зәулім ескерткіштер тұрғызуларынан байқалып жүр.

Бiз мұндай қылықтардың өткiншi екенiне сенiмдiмiз. Дегенмен ондайларға тыйым салудың пәрмендi шараларын әрдайым жүзеге асыра берген жөн болмақ. Ал мұның ең ұтымды тәсiлi - жалпыұлттық сананы қалыптастыруда, баршаны, әсiресе жеткiншек ұрпақты шынайы тарихпен тәрбиелей беруде жатыр деген ойдамыз. Елiмiздiң баянды болашағы бiлiмдi, саналы, адал да әдiл, отаншыл  азаматтар қатарын өсiре түсумен қамтамасыз етiлмек. Оған әділ тарих пәрменді қызмет көрсете алады.

Тағы да Пушкинге жүгінейік. Сонау ұлы ақынның: «Дикость, подлость и невежество не уважает  прошедшего, пресмыкаясь перед одним настоящим», - дегенi де бар. Мәдениеттілікпен әдіптелген жабайылық, екіжүзді оңбағандық пен ғылыми атақ жамылған надандық үстем болған жерде өткенді сыйлау болмайды, ондайда тек бүгінгі күніңді ойлап, бүгінгі күнің тәуелді болып тұрған дәуіңнің табанын жалап,  соның алдында маңдайың жерге тигенше иілуің әм жер бауырлап жорғалай беруің керек.

Қасiреттi де тағылымды тарихыңды бiлмей, бiр күнгi артықшылығыңа мәз болып, өзiңдi артық жаратылғанға балау немесе керiсiнше, қазiргi жолыңның болмауын маңдайыңа жазылған мәңгiлік таңба ретiнде көру - қателескендік болады.

Бiздiң ұлы халқымызды ұлы еткен - аласапыран замандарда сан тайпаның қазақ туымен бастан кешкен түрлi ерлiкке толы тағдыры. Сонау қилы тағдырды жаңғырту - «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының қазақ құрамына кірген ру-тайпалар тарихын жазудағы басты мақсаты болып келеді. Әрбір көкірегінде сәулесі бар азаматқа оларды бiлу де, мақтан тұту да керек. Тек рушылдық саясат жүргiзуден аулақ болу ләзiм.  Өйткені ондай әрекет ұлттық бірліктің артуына, жалпыұлттық сананың дұрыс қалыптасуына залалын тигізеді. Ал жалпыұлттық сананы бекемдей түсер игі шара - халқымыздың баршамызға, күллі елімізге  ортақ ерлiкке толы тағдыры өрнектеген қастерлі оқиғаларды тани және ұлықтай білуде, мақтан ете алуда жатыр.

Қазақ тарихы өте бай, онда еліміздің бүгінгі таңдағы  бірлігіне қызмет ететін белестер мен деректер аз емес. Дегенмен солардың ерек те дара кезеңіне, шын мәніндегі бірегейіне мемлекеттілігіміздің бастау алған жылы жататынын мойындау ләзім.

Рас, шындап келгенде, біздің мемлекеттілігіміздің бастауы мыңдаған жылдарға тереңдейді, қазақ халқы аты аңыз боп кеткен Алаша хан дәуірінде, түркі империяларында, Шыңғыс хан қағанатында, Жошы ұлысында, Алтын Ордада, Ақ Орда, Көк Ордада мемлекеттік байрағын желбіретті.

Бірақ, қалай десек те, халықымыздың тарих сахнасына өз атымен - қазақ мемлекеті ретінде,  қазақ хандығы болып шығуының негізін қалаған кездің орны бөлек.

Қазақ атымен ел болуды көксеген Жәнібек пен Керей сынды екі сұлтанның бұдан бес жарым ғасырдан астам уақыт бұрын - 1456 жылы қарамағындағы аз жұртымен Шу бойына Орда тігіп, ту көтеруі ұлы істің басы болды. (Бас-аяғы он шақты жылда күллі қазақ жайлайтын жер-су бір шаңырақ астына біріктіріліп, жиылып, Қазақ Елі деген өз атауымен тарих сахнасынан орын алған іргелі мемлекетке айналды. Керей сұлтан бас хан - қаһан болып сайланды). Қазақ мемлекетінің (қазақ атымен аталған хандықтың) тұңғыш рет тарихи сахнаға шығуы - болашақ біртұтас алып Қазақ Елінің іргесін қалаған сонау кішкене оқиға - өзінің маңызы жағынан ұлылардың ұлысы болып табылады. Сондықтан да сол сәтті біз ұлықтап, ардақтап, дәріптеуге міндеттіміз, бұл біздің азаматтық парызымыз.

Өкініштісі, осы тарихи белеске ерекше мән беріп, мемлекеттік мереке ретінде атап өту қажеттігін біз әлі ұға алмай келеміз. Қайта, «біз енді ғана ел болдық» деуге дайын тұрамыз. Ал ондай «ақжүректік», кешегі кеңестік-большевиктік сипаттағы «ағынан жарылуымыз», шынтуайтына келгенде - бұрынғы отарлаушыларымыздың мерейін тасытып, елдігімізге тек зиянын тигізеді.

Кешегі кеңес империясының бірінші де соңғы президенті қазақ аумағына қалай көз алартқанын ешкім ұмыта қоймаған болар, бірақ сонау ақырғы императордың со бір көз алартуының отаршыл орыс-казак қауымы пиғылымен үндесіп жатқанына көпшілік мән бере қойған жоқ па деймін.

Еске түсірейік, жаңа мыңжылдық табалдырығында Мәскеу казачествосы атамандарының кеңесі жабық отырыс өткізіп, Қазақстандағы орыстардың жағдайы туралы мәселе қараған болатын. Сондағы талқылаудың қорытындысында: «Қазақстан Республикасы өзінің XV-XIX ғасырлардағы  әлдебір мемлекеттікке дейінгі (протомемлекеттік) құрылымдардан сабақтастық алатынын айтады, алайда, қоғам құрылысының көшпенділік сипатына байланысты, бұл мемлекеттік құрылымдар туралы нақты сөз қылу мүмкін емес. ...Оның үстіне, қазіргі Қазақстанның бірқатар аймағын, қазақ этносының қалыптасу үдерісімен қатар, орыс халқы игеріп алған болатын...» - деген астам түйін жасалған.

Жабық мәжіліс қаулысында «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы шекара: а) нақты емес, ә) тарихи дәйектелмеген, б) қайта қарауды талап  етеді деп саналсын» деген тұжырым жазылып, бірқатар қатерлі шешімдер шығарылған.

Мәселен, Мәскеу атамандарының кеңесі сол жиынында: «Қазақстанның солтүстігін, шығысы мен батысын мекендейтін орыс және казак тұрғындарын Ресей мемлекеттігі бағынысындағы орыс халқының ажырамас бөлігі деп есептеу», «мемлекеттік шекараның орыс және қазақ халықтарының орналасуларының этностық шекарасына сәйкес жүргізілуін талап ету және соған қол жеткізу», «Қазақстанның бірқатар облыстарында орыс жерлерін қайтарып алу мәселесі жөнінде референдум өткізуге қол жеткізу», «референдум өткізгенге дейін Қазақстанның орыс отырған  аумақтарын «даулы» деп тауып, оларды қазақ заңымен басқаруды шектеуге қол жеткізу» деген межелер белгіленіп, тағысын-тағы солар сияқты арандатушылық тұжырымдар жасалған еді.

Құдайға шүкір, мемлекеттік шекарамыз заманауи тәжірибе ауқымында нақтыланғалы және жаһанның ірі елдері тарапынан мойындалғалы бері талай жылдың жүзі өтті. Әйтсе де, «Славян әлемі» ақпарат агенттігі мазмұндап, дүниежүзілік өрмек желілерімен, ғаламтор арқылы күллі әлемге таратып жіберген бұл «жабық мәжіліс» материалдарын қалтарыста қалдыру, яки оған терең мән бермей, немкетті қарау - қазіргі кедендік одаққа байланысты туындаған шекара ашуға құмарлық ахуалында  дұрыс болмайды.

Казак-орыс атамандарының «қазақ этносының қалыптасу үдерісі өтіп жатқан XV-XIX ғасырларда-ақ»  «Қазақстанның бірқатар аймағын орыс халқы игеріп алған» деген шаласауат әм арам пиғылмен бұрмалаулы, бірақ өктем, озбыр  сес ескен мәлімдемелеріне жәй ғана езу тартып күліп қоя салдық білем, алайда оның, әділін айтқанда, тым босбелбеулікке жатары кәміл. Тәуелсіздігінің баянды болуын ойлайтын әрбір азамат осы орайдағы парызын діттеуі керек. Түптеп келгенде, басқыншы Ресей мен демократиялық Ресей құндылықтарының аражігін дәл де айқын ажыратуға күш салып, халқымызды тарихпен тәрбиелеуге күш салу ләзім.

Большевизм идеологтары құлағымызға құйып, қанымызға сіңірген отарлық тарихнамадан ажырар шақ әлдеқашан келген, осыны зерделейік.

Қазақ этносының қалыптасу үдерісі қадым заманға кетеді. Берісі - бұл құбылыс Жошы ұлысы, яғни  Алтын Орда дәуірінде аяқталған. Жәнібек пен Керей сұлтандар сан түрлі көшпенді түркі ру-тайпаларынан құралған, бірнеше саяси бірлікке қараған қазағын тілі, ділі, діні, өмір сүру салты, шаруашылық жүргізу қалпы бір болғандықтан да,  бір және тұтас этнос ретінде әлдеқашан қалыптасып, алып аумақта тұтасып  жатқандықтан да, аз жыл ішінде  дербес хандық туы астына топтастыра алды. Жошы хан дәуірінен кейін Қазақты Ұлы Далада жаңаша түлетіп, өз атымен аталатын дербес мемлекет дәрежесінде қайтадан ұйыстыра алды.

Ал ру-тайпалар, қазақтың барша рулық бірлестіктері, олардың тармақтары, аталықтар мен аталар содан - баршасына ортақ қазақ мемлекеттігі құрылғаннан бастап азаматтық қоғам институтының рөлін атқарды, яғни, Гегельдің ойымен айтқанда, отбасы мен мемлекет арасындағы дифференция ғана болды. Осы ретте атап айту керек, бүгінгі кейбір оқу өтіп кеткен азаматтардың «біз әлі ұлт болып ұйысып болған жоқпыз» деген жылаңқы жарапазаны қазақ тарихының ерекшеліктерін ескермейтін, қазақтың ұлттық сана-сезімін ұштай түсуге кедергі келтіретін зиянды әрекеттер болып табылады.

Сондықтан да қазақ мемлекеттігінің бастауында тұрған аталмыш екі қайраткердің тарихи еңбегін терең ашып көрсетіп, әділ бағасын беретін, қазақтың бірлігі рәсімделген кезеңді ашық атап, бар дауыспен жаһанға жар салатын уақыт жетті.

Біз осы уақытқа дейін әр заманғы батырларымызды, даңқты бабаларымызды  ардақтап, ас беріп, ескерткіш қойып дегендей үлкен істер жасап  келдік. Бұл шаруа жалғаса да береді. Дегенмен, қазақ мемлекеттігінің іргесін қалаған қос сұлтанды ұлықтау жекелеген рубасын ардақтаудан гөрі мәнді, өлшеуге симайтын мөлшерде маңызды екенін парықтау ләзім. Рубасы - халықтың бір бөлігінің ғана, ал Жәнібек пен Керей - бүкіл елдігіміздің символы. Олар - ұлттың ұлы тұлғалары. Егер біз осы қос қайраткерге және олардың тарихи қадамына ылайықты құрмет көрсете білсек, онда біз жас ұрпақтың, күллі халқымыздың бойына айрықша отаншылдық сезім теліп, шет жұрттағы мысық тілеу саясаткерлердің жымысқы ниетін барша жұртымыздың ұлттық мақтанышымен тұншықтырамыз.

Қазақ мемлекетінің негізі қаланған шақты мемлекеттік мереке ете алмауымыз - ұлы оқиғаны әлі күнгі өз мәнінде парықтай алмай келе жатқанымыздың көрінісі.  Ұсақ князьдіктерге бөлшектеніп жатқан  терістік-батыстағы көршілер Біртұтас Қазақ Елі құрылғаннан кейін жарты ғасыр өткеннен соң ғана бірігіп ел болу қамына кірісті. Тез өркендеп, ұзамай, Алтын Орданың орнын басты... Сол шақтағы және одан бергі даму өзгешеліктері - басқа әңгіме.

Бізге бүгін әлем таныған мемлекеттігіміздің бастауын өр көңілмен атап, оны да, одан бергі қилы белестердегі бабаларымыздың ерлік істерін де жете тану, мақтаныш ете білу маңызды. Бұл үшін тарихты үлкен өнер тілімен насихаттау ісін мемлекеттік деңгейде жолға қойған жөн. Кезінде пролетариат көсемінің киноға, өнердің осынау маңызды саласының идеялық мазмұнына қалай мән бергені және соны ұран еткен кеңестік-партиялық басқарманың қандай ірі нәтижелерге қол жеткізгені мәлім. Бізге сонда жинақталған мол тәжірибені қазіргі таңда ұлттық мүдде пайдасына тартуды ойлай отырып, осынау пәрменді  өнер түрін, әсіресе, ықпалы өркениеттің қарыштап ілгерілеуіне сай ерекше дәрежеге көтерілген телевизия өнерін қазақы ұлы мақсатқа бағындыра дамытуды күн тәртібінде ұстау абзал.

Бүгінде теледидарда қазақ тіліне аударылған шетелдік сериалдар көп. Бірақ солардың ұлт тәрбиесіне, тәуелсіздікті нығайта түсу ісіне түк бермейтіні дәлел тілемес деп ойлаймын. Құзыретті ұйымдар мен мекемелер осы төңіректе ой жүгіртіп, тарихи тақырыпты өзек ететін тізбекті  отандық киноөнімдер жасалуын ұйымдастырса дұрыс болар еді. Бізге отаншылдық мүддесін көздейтін көркем-танымды туындылар өте қажет.

Қазақтың өзімен бірге тұрып жатқан күллі өзге жұрт өкілдеріне де ортақ ұлттық мемлекетін құру идеясына адал көңілмен қарап, сол жолда жан-жақты және терең түсінушілікпен тер төгіп еңбек етуге бел буған баршамызды әрдайым ұлы бабаларымыздың аруағы қолдасын, тәуелсіздік азаматтары!

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1568
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3379
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6474