Сенбі, 23 Қараша 2024
Туған жерге туың тік! 6239 0 пікір 9 Тамыз, 2017 сағат 15:01

Алыстан көз тартады жап-жасыл бақ

????????????????????????????????????

 

Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс.

Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.

Н. Назарбаев, Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

Қарабұтақ орман шаруашылығы — Әйтеке би, Хромтау және Ырғыз аудандарын қосып отырған Ақтөбе облысындағы ірі орман шаруашылығының бірі. Қазір «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің ауласынан өткен жылы ашылған бақта 17 түрлі 500 мыңға жуық ағаш көшеті өсіп тұр.

Таңсық тұқым және тиімді әдіс

Айналасы жап-жасыл тәлімбақ алыстан көздің жауын алады. Мұнда тал-терек пен ағаштың түр-түрі бар. «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрлан Жұмашевтың айтуынша, бүгінгі күні тәлімбақта бозқараған, қытай шағаны, ақ терек, алма ағашы, жұпаргүл, қарағаш, Қазақстан терегі, қызыл қайың, көктерек, қарақат, сүмбіл терек, үйеңкі, сән ағашы, сірке ағашы, сондай-ақ шәңгіш пен шаған өседі. Биыл мекеме 2400-ден астам әртүрлі  ағаш көшетін сатыпты. Ал биылғы жылы мекемеге мемлекеттен 4 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның көп бөлігі ағаш көшеттерін егу, көгалдандыруға, бір бөлігі өрт сөндіру, жанар-жағармайға жұмсалған.

- Былтырға дейін ағаш көшеттері Қарабұтақтың қасындағы Қызылту ауылының маңындағы тәлімбаққа егілді. Сол жерде түрлі ағаштардың, сәндік бұталардың тұқымдары сеуіліп, келесі жылы өскін болғаннан кейін далалыққа егілетін. Былтырдан бастап біз осы мекеме ауласын бір гектарға дейін кеңейтіп, қоршап, тәлімбақ жасадық. Қазір осы тәлімбақта ағаш көшеттерінің 17 түрі өседі. Өткен жылы біз Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарының жасыл белдеуіне осы жерден ағаш көшеттерін апарып ектік. Биылғы жылы Бөгетсай елді мекенінің аумағынан 130 гектар жер алып, оның 62 гектарын шауып, соған ағаш көшеттерін дайындап отырмыз. Бүгінге дейін шаруашылық жұмысшылары 300 гектар жерге ағаш көшеттерін егіп, сол аумақтың ну орман болуына бар күшін салып келеді, — дейді мекеме басшысы.

Оның айтуынша, биыл мекеменің жұмысшылары тәлімбақта өсірілген ағаш көшеттерін Аралтоғай ауылына кіреберістегі жолдың екі жағына, Былшық бидің кесенесі мен атақты әулие Сары ишан атаның қорымының айналасына, Әйтеке би ескерткішінің маңына егіп беріпті. Күзде Құмқұдық пен Сарат ауылдарының маңына тал-терек екпекші.

-Тәлімбақта өсірілген ағаш көшеттерін біз алдымен үш ауданның аумағына егеміз. Қалғанын сатуға қоямыз, себебі мекемеге қосымша қаржы түсуі керек. Көбіне біздің мекемеден ағаш көшеттерін аудандағы мекемелер мен ұжымдар, мектептер мен балабақшалар алады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аудандардағы шаруашылықтар, кәсіпкерлер де келіп сатып алады, — дейді Н.Жұмашев.

«Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылы мекеме басшысы Ресейдің Челябинск қаласынан сән ағашының, Уфадан алма ағашының, Орынбор облысынан бозқарағанның, сондай-ақ Қызылорда қаласынан сірке ағашының тұқымын әкеліпті.

-Біздің шаруашылық көп жылдар бойы негізінен қарағаш өсірумен айналысып келді. Өткен жылдан бастап тәлімбақ шаруасы дұрыс жолға қойылды. Көршілес Ресей мен еліміздің өзге облыстарына арнайы барып, тәлімбаққа ерекше ағаш тұқымдарын әкеліп ектік. Олардың ішінде біздің облыста бұрын-соңды егілмеген ағаш түрлері де бар. Қазір, міне, сол ағаш көшеттері мекеме ауласында жайқалып өсіп тұр, — дейді «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қайрақбай Сүлеев.

Оның айтуынша, биыл тәлімбақ аумағына 20 мың бозқараған, 10 мың алма ағашы, 300 мың түп қарағаш, 20 мың түп жылауық тал, сондай-ақ сән ағашы мен көктерек, Қазақстан терегі тұқымдай егілген. Олардың көпшілігі тамшылатып суару әдісі арқылы суарылады. Ал кейбіреулерін мекеме жұмысшылары қолдап суарады. Өткен жылы тәлімбақ аумағынан екі ұңғыма қазылған.

 Өртке қарсы техника аз…

Бүгінде Қарабұтақ орман шаруашылығында 34 мың гектар жер бар. Оның 5 мың гектары — орманды алқап. Биылғы жылы Қарабұтақ орман шаруашылығы өзінің қызметін бастағанына 50 жыл толыпты. Қазір аталған мекемеде 56 адам жұмыс істейді.

Жоғарыда атап өткендей, шаруашылық үш ауданды қамтып отыр. Қазір әр аумақта орман қорықшысы, орман шебері, орман инженері жұмыс жасайды.

— Қолымыздан келгенше ауылдарды көркейту, көгалдандыру бағытында көп жұмыстар жасағымыз келеді. Сондықтан алдағы уақытта ауылдағы әкімшілік алдына, аудандағы саябақтарға, елді мекендер маңына қарағаш, көктерек, сүмбіл терек, жылауық тал көшеттерін егуді жоспарлап отырмыз. Биыл Талдысай ауылының аумағына 5 мың түп қарағаш, ауылға кіреберіс жолдағы Әйтеке би ескерткішінің айналасына 200 түп әртүрлі ағаш көшеттерін ектік,— дейді шаруашылық басшысы Н.Жұмашев.

Оның айтуынша, орман мекемесінің жұмысы сан салалы. Мәселен, мекеме ішінде ормандағы өртті сөндіру станциясы жұмыс жасайды. Онда он шақты адам еңбек етеді.

Қазір мекеме ауласында өрт жағдайында оны сөндіруге арналған техникалар, құрал-саймандар тұр. Барлығы жұмыс жасауға жарамды. Алайда биылғы жылы мекемедегі техникаларды жаңартуға, жөндеуге бюджеттен қаржы аз бөлінген.

«Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің механигі Маралбек Қосжановтың айтуынша, биыл мекеме техникаларын қайта жаңғыртуға 700 мың теңге бөлініпті. Ал бұл қаржы мекемедегі барлық техниканы жөндеуге, оларға жаңа бөлшектер алуға жетпейді.

Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауының және қосымша табыс табудың арқасында шаруашылық техникалары біршама жаңартылды. Қазір орман шаруашылығы бойынша 4 «МТЗ» трактор, бір «ДТ-75» тракторы, бір өрт сөндіру машинасы, «УАЗ», «Нива» жеңіл көліктері, үш соқа, тұқым себетін қосымша агрегаттар бар. Алайда бұлардың барлығына жыл сайын құрал-бөлшектер салуға, оларды жаңартуға қаржы жетіспейді, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл мекеме басшысының бастамасымен ормандағы өртті сөндіру станциясы жұмысшыларына жаңа арнайы киім алыныпты.

Бүгінгі күні орманды көздің қарашығындай сақтауға, жаз айларында өртке жол бермеуге бар күшін салып жатқан мекеме қызметкерлері жұмыс кестесіне қарамай еңбек етуде. Әсіресе шілде айында өрттің алдын алу немесе өрт болған жағдайда дереу шаралар қабылдау үшін жұмысшылар кезекшілікке шығуға мәжбүр. Өйткені өрт — тілсіз жау. Келеңсіз жағдайлар аяқ астынан орын алуы мүмкін.

Өткен аптада Қарабұтақ ауылдық округі әкімшілігімен бірігіп, 20 адам болып ауыл маңында болған өртті сөндірдік. Техниканың аздығына қарамастан, мекеме жұмысшылары бар күшін салды. Егер өртті дер кезінде сөндірмегенімізде орманды алқапты да шарпуы мүмкін еді. Сондықтан орман шаруашылығын дамытуда өрт сөндіру станциясы қызметкерлерінің еңбегі зор, — дейді Нұрлан Жұмашев.

Тәлімбақта «Жасыл ел» жасағы жұмыс жасайды

Мекеме ауласындағы тәлімбақты аралағанда «Жасыл ел» жасағының жауынгерлерін көрдік. Олар ағаш көшеттерін суарып, арамшөптерін жұлып, мекеме жұмысшыларына көмектесіп жүр.

Топ бригадирі Азамат Жұмабектің айтуынша, биыл аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық «Қарабұтақ орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесіне 9 жас жіберген. Олардың дені — студенттер.

 - Мамыр айынан бастап осы мекемеде жұмыс жасап жатырмыз. Өзім Ақтөбе қаласындағы «Тарлан» көпсалалы колледжінде оқимын. Ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосып, сондай-ақ жазғы демалыста азын-аулақ қаражат жинағым келді. Сол себепті қазір «Жасыл ел» жасағында жұмыс жасап жүрмін. Тобымда 4 ер бала, 5 қыз бала бар. Біз тәлімбақтағы орман шеберлерімен бірге ағаштарды суарып, шөп жұлып, тұқым себуге көмектесеміз. Ай сайын 55 мың теңге еңбекақы аламыз. Өз ауылыңда еңбек еткенге не жетсін! — дейді ол.

Ал осы мекемеде 11 жылдан бері еңбек етіп жүрген орман қорықшысы Батырғали Дүйсеналин шаруашылықтың жұмыс қарқыны қазір күшейіп жатқанын, еңбеккерлердің орман шаруашылығын дамытуда қосып жатқан үлесі зор екенін айтады. Оның айтуынша, мекемедегі қызметкерлердің барлығы уақытпен санаспай, халық игілігіне жұмыс істеп жүр.

Бір айта кететін жайт, біздің мекеме қызметкерлерінің жалақысы өте аз. Олар ай сайын небары 32-40 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Ал олардың жасап жатқан жұмысы көп, тыным таппайды. Кей кездері белсенді еңбеккерлерге қосымша сыйақы төленеді. Алайда олардың жасап жатқан еңбегі орасан, — дейді мекеме басшысы Н.Жұмашев.

Оның айтуынша, биыл шаруашылық Қарабұтақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ауласынан жер алып, 18 мың түп көктерек, Қазақстан терегі мен сүмбіл терек егіпті. Аталған аумақтағы жасыл желекті күтіп-баптау мекеменің орман қорықшысы Ғазиз Кереевке жүктелген. 9 жылдан бері аталған мекемеде еңбек етіп келе жатқан Ғазиз амбулатория аумағындағы тал-теректердің бәрін суарып, оларға күтім жасайды.

— Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Сәкен Нұржановқа алғысымыз шексіз. Біздің ұсынысымызды қабылдап, қолдау көрсетті. Қазір бұл жер жасыл желекке айналды. Дәрігерлік амбулаторияға келген тұрғындар бізге ризашылығын білдіріп жатады, — дейді Н.Жұмашев.

 Жұмыс көп, мәселе де жоқ емес…

 Орман мекемесінің жұмысымен танысып жүргенімізде, Аралтоғайдан келген екі-үш кісі бізге қарай жақындады. Сұраса келе олардың Аралтоғай ауылының тұрғындары екенін білдік. Олар мекеме басшысынан жайылымдық және шалғындық жер сұрай келіпті.

— Аралтоғай ауылы Қарабұтақтан 18 шақырым жерде орналасқан. Біздің ауылдың халқының 90 пайызы малмен күн көріп отыр. Шаруа қожалықтарының саны да көп. Біз сияқты қарапайым адамдар қазір малын өріске жібере алмай отыр. Себебі ауыл маңында жайылымдық жер жоқ. Шөп шабатын да жер таппайсың. Көп аумақты жеке шаруашылықтар жалға алған. Олар бізді өз меншігіндегі жеріне кіргізбейді. Малымызды өткелден өткізіп жіберсек, ауруға ұшырайды, үйге жеткенше әлі құрып, бітеді. Мұны ойлап жатқан ешкім жоқ. Амалымыз болмаған соң, Нұрлан Жұмашевқа келіп, шаруашылық аумағынан жер сұрауға келдік, — дейді аралтоғайлық Рашид Қуанышев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Аралтоғайда бір бума шөптің бағасы 200 теңге тұрады. Ал бұған қарапайым халықтың қалтасы көтермейді.

— Заң бойынша шаруашылық меншігіндегі аумаққа кірген немесе рұқсатсыз малын жіберген тұрғындарға айыппұл төлетеміз. Ал бұл жігіттер амалы жоқ болған соң бізге келіп отыр. Олар біздің аумақтан уақытша жайылымдық немесе шабындық жер алса, мемлекетке салық төлейді, — дейді Нұрлан Жұмашев.

Биыл мекеме қызметкерлері ауылдағы саябаққа 100 түп көктерек пен ақ терек егіпті. Қазір саябақ аумағында жасыл желек жайқалып тұр.

Ауыл тұрғыны Мағрипа Қайырбаеваның айтуынша, бұл саябақ сонау Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі уақытта салынған. Саябаққа алғаш рет ағаш егіп, ауыл көшелеріне көгалдандыру жұмыстарын жүргізген соғыс ардагері, жырау Закария Шоқаев. Ол майданнан жараланып елге келген соң ауылдағы қыз-келіншектерді жинап осы саябаққа ағаш көшеттерін егіпті

- Соғыстан кейінгі жылдары елде ер-азаматтар аз болды. Ол кезде біз жаспыз. Әлі есімде, Закария Шоқаев деген кісі саябақтың төрт бұрышынан құдық қаздырып, қыз-келіншектерге ағаштарды суартатын. Ол кісі майданда жүргенде екі құлағынан айырылған, ештеңе естімейтін. Ұжымшардағы үлкендер жағы сол кісіге қағазға жазып беріп, жыр айтқызатын. Міне, сол кісі ең алғаш тал-терек еккен саябақ осы еді. Закария Шоқаевтың Қарабұтақ орман шаруашылығына қосқан үлесі зор, — дейді кейуана.

Жасы сексеннің сеңгіріне жеткен Мағрипа әже алдағы уақытта осы саябаққа Закария Шоқаевтың есімі берілсе деген тілегін жеткізді. Кейуананың айтуынша, ол кісінің ұрпақтары Ақтөбе қаласында тұрады.

Данагүл Қазихан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434