Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 19012 28 пікір 15 Тамыз, 2017 сағат 11:21

Сүйінші, Қасымовтың келіні Қазақстанға оралды!

Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын «Abai.kz» ақпараттық порталында «Жамбылдық жігіт министр Қасымовты үйлену тойына шақырды» (http://abai.kz/post/54250 ) деген атпен Тұрсын Бөрібай есімді азаматтың Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Полиция генерал-лейтенанты Қ.Н.Қасымовқа жазған хаты басылған болатын. Сайтымызға басылған осынау хат БАҚ-та қызу талқыға түсіп, журналистердің қойған сұрағына министр «Әрине, біз бара алмаймыз. Бірақ ол жігіттің мәселесін шешкелі жатырмыз» (http://abai.kz/post/54720 ) деп жауап бергені де біраз әңгіменің көрігін қыздырғаны белгілі.

Қасымовтың келіні Жазира Иманәлі мен күйеу жігіт Тұрсын Бөрібай

Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы уәдесінде тұрып, сол мәселені шешті. Міне, бүгін Қалмұханбет Қасымовтың келіні Жазира Иманәлі Қазақстанға оралды. Күйеу жігіт Тұрсын Бөрібай бір құшақ гүлмен қалыңдығын Жаркенттен қарсы алған қуанышын жеткізді.

Гүл дегеннен шығады, мен министр Қалмұханбет аға Нұрмұханбетұлына кәдімгідей өкпелеп қалдым. Себебі, мен Қытайдан келіп, анау жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын аларда Қалекең Алматы қалалық ІІД-ні басқаратын. Бір өтінішті сол кісінің атына жазғаным есімде. Содан бері Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы көзіме ыстық көрінеді, үнемі көңілімнің төрінде жүреді. Кісі жақсы көрген адамына өкпелейді ғой, Тұрсын Бөрібай бір телеарнаға берген сұхбатында: «Қалыңдығым аман-есен оралса, Ішкі істер министрі Қалмұханбет аға Қасымовты, «Нұр Отан» партиясы республикалық Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан аға Жүкеновты, «Abai.kz» ақпараттық порталының басшысы Дәурен Қуатты тойма шақырам!» дегені бар. Өйткені, «бес жылға кеткен» қалыңдықтың қайта оралуына осы үш ағасының, олар басқарып отырған үш мекеменің еңбегі зор. Содан бері Дәурен Хасенұлы «Келінім қашан келеді?» деп, кәстөм-шалбарын үтіктеп, тойға дайындалғалы екі айдың жүзі болды. Жұмажан ағамыз да «Келін келді ме, Ауытжан?!» деп, күнде бір мәрте сұрап қояды менен. Ал, Қалекең бірақ кесті, «Әрине, біз бара алмаймыз!» – деді!

Жоқ, баруы керек еді, Қалекең! Ең құрығанда «Алдымен келінім келсін, тойдың шақыртуы қолымызға тисін, сосын көреміз!» десе, дұрыс болар еді. Онда тұрған не бар, өзі бара алмаса, Жамбыл облысындағы бір полицейінен бір буда гүл жіберіп, «Құтты болсын!» айтқыза салса, жетіп жатыр. Дәурен Қуат екеуміз Қалекеңнің ол кісілігі мен кішілігін жалпақ әлемге тағы сүйіншілеп жеткізер едік!

Қазір ұлттың санасында жаңғыру, ұлттық салт-санаға оралу  процессі жүріп жатқан тұс. «Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» – деді Елбасымыз өз мақаласында.

Біздің Ұлы мақсаттың бірі әрі бірегейі – әлемде шашырап жүрген Алаш баласының басын Атажұрты Қазақстанда қосу! Оның бір тұтқасы осы Қалекеңнің – Қалмұханбет аға Нұрмұханбетұлының қолында тұр.

Тоғыз жасар Мейіргүл отбасымен...

Айтпақшы, дәл осы Жазира Иманәлінің кебін киген Қалекеңнің тағы бір інісі мен келінін – Алматыда жалғыз қалған тоғыз жасар Мейіргүлдің ата-анасы Самет Ұларбек пен Тұрсын Оралханды да БАҚ-ты шулатып жүріп Отанымен қауыштырып едік (http://abai.kz/post/47512 ). Үлкен келін Тұрсын Оралхан Алматыға орала салып, Әмірбек атты шекесі торсықтай ұл туыпты!

Бұрынғы сәбеттік жүйенің, одан бергі нарықтық қоғамның әсері болуы керек, біздің қазақтың жүрегіндегі бауырмалдық, сүйіспеншілік өшіп кеткен. Болмаса, мұндай сорақылық болмас еді ғой!

Мысалы, 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз жазаға тартылып, өз еліне қайтарылыпты. Бұл – Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың сенатор Мұрат Бақтиярұлына өз қолымен берген жауабы. Хаттың көшірмесі менің қолымда тұр.

Сонда, бір немесе екі мәрте әкімшілік құқық бұзған қандастарын Қалекеңнің көші-қон полицейлері «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабының 5) тармағындағы «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деген нормаға қарамастан, хаттама толтырып, сотқа жөнелте берген. Қайрат аға Мәмидің төмендегі судьялары олардың үстінен әкімшілік іс қозғап, соттап, аппеляцялық тәртіпке қаратпастан «Атаңа нәлет, ит Жәңгір, қара қазақ баласын, шетінен тізіп айдады-ау, Орынбор деген қалаға!»-ның кебін келтіріп, келген еліне кері қайтарып отырған ғой. Бұларға қарағанда Жоғарының аты – Жоғары емес пе, Тұрсын Бөрібайдың зарын ести салған бетте Жазира Иманәліге тағайындалған «Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы» Кодекстің 517-бабының 2-бөлігі бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасы шегінен шығарып жіберу туралы жазаны Қазақстан Республикасының Жоғары соты он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға ауыстырып, келініміздің қайта оралуына мүмкіндік жасады.

Мен жоғарыда Елбасымыздың рухани жаңғыру туралы үндеуін тегін еске алғам жоқ. Бүгін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы, міне, тұп-тура 3 ай, 20 күн болды. Үш ай, жиырма күнде жаңа туған бала ата-анасын толық танып, ары қарай, басқа жақындарын да тануға талпына бастайды екен.

Бірақ, Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл болды, біз өз ұлтымызды әлі танып болғамыз жоқ! Билік бұтағындағылардың көбінде, әсіресе, құқық қорғау саласында таниын деген ниет өте аз болып тұр!

Тек, шеттеген оралып, осындай жағдайға ұшыраған әр қазақты әр полицей ескерту жасап, айыппұл салып, әр судья мен прокурор қызғыштай қорғап алып қалған кезде, әр әкім ауылына көшіп келген әр қазақтың заң аясында белгіленген жеңілдіктері мен сыбағаларын келген күннің ертесінде шашпай-төкпей қолына ұстатқан кезде ғана барып Ұлт Көшбасшысы алға қойған Рухани жаңғырудың нәтиже бергенін, Ұлы мақсаттың орындалғанын  көруге болады. Алла қаласа, ол күн де алыс емес...

Жә, Қалекеңнің сұлу келіні, қазақтың бір айдай аруы ғашығымен қайта қауышып жатқан қуанышты сәтте сынды доғара тұрып, алдымен құтты болсын айталық!

– Келініңіз құтты болсын, құрметті Қалмұханбет аға!

Аман-есен Тараздағы тойда кездесейік!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

 

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052