Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2349 0 пікір 22 Қараша, 2010 сағат 03:47

Қуандық Шамахайұлы. Шыңғыс хан тұсындағы ел тәуелсіздігі туралы қағидалар

Осыдан сегіз ғасыр бұрын Шыңғыс хан құрған көшпенді халықтардың Ұлы Мемлекеті тек бүгінгі монғолдарға ғана тиесілі емес. Ол сол тұста жеке-жеке тайпаларға бөлініп билік құрған, қазіргі таңда біртұтас Қазақ мемлекетін құрап отырған біздің де ортақ тарихымыз. Хан Тэмүжиннің өзі де бір ғана ру, тайпа немесе жалғыз ұлттың билеушісі емес, жалпы киіз туырлықты көшпенділердің қолбасшысы болғаны тарихтан мәлім. Сондықтан, отарлықтың бұғауынан босап тәуелсіздік алған алты Алаш үшін Шыңғыс хан құрған көшпенді тайпалардың біріккен Ұлы Мемлекеті тарихынан тағылым алу парыз болмақ.

Осыдан сегіз ғасыр бұрын Шыңғыс хан құрған көшпенді халықтардың Ұлы Мемлекеті тек бүгінгі монғолдарға ғана тиесілі емес. Ол сол тұста жеке-жеке тайпаларға бөлініп билік құрған, қазіргі таңда біртұтас Қазақ мемлекетін құрап отырған біздің де ортақ тарихымыз. Хан Тэмүжиннің өзі де бір ғана ру, тайпа немесе жалғыз ұлттың билеушісі емес, жалпы киіз туырлықты көшпенділердің қолбасшысы болғаны тарихтан мәлім. Сондықтан, отарлықтың бұғауынан босап тәуелсіздік алған алты Алаш үшін Шыңғыс хан құрған көшпенді тайпалардың біріккен Ұлы Мемлекеті тарихынан тағылым алу парыз болмақ.

Көшпенділер ежелден ел тәуелсіздігі жайындағы мәселеге өте мұқият мән берген және оны ешқашан жалпылама әңгімеге айналдырмаған. Керісінше, оны шынайы өмірден туындатып нақты тәжірибеге сүйенген. Олар ел тәуелсіздігін бастапқы, ортаңғы және жоғары деңгей деп үшке бөлген. Оның алғашқысы - отбасылық дәрежеде, ортаңғысы - дос, жарандар арасында, соңғысы - елдік, мемлекеттік деңгейде қарастырылады делінген. Сонымен қатар  бес азап, жеті құлдырау, төрт құрдымнан тұратын 16 қара жаза деген болыпты. Оның 5 азабына ойсыз сәнқойлар, өз байлығын өзгеге қолдан берушілер, өз елінің дамуын тежегіш керітартпалар, билікті әлсіретіп жауапсыздыққа жол берушілер, ағартушылыққа зейін қоймай көз алдындағыны ғана ойлайтын ақылсыздарды жатқызған.  Ал, жеті құлдырауға мыналар жатқызылған: маскүнемдік пен елірме науқасқа шалдығу, ел тәуелсіздігінің бағасын білмей абыройын төгіп жермен жексен ету, орынсыз шығынға жол беріп мемлекет қазынасын тонау, бөтен жұртқа көзсіз еліктеу, орынсыз қорқыныш пен үрейге берілу, әлеуметті салғырттыққа итермелеу, сергек ой мен әділ сөзді тұншықтыру. Төрт құрдымға - мемлекет ішінде алауыздық тудыру, үкімет билігіне бағынбау, ел байлығын талан-таражға салып мемлекетті борышқа батыру, халықты өзара өштестіріп соғыстыру жатқызылған.

Шыңғыс ханның «алдымен өз басыңды, одан кейін отбасыңды түзеп жөнге сал, содан кейін барып ел-жұртыңды басқаруға кіріс!» - деп айтқан бір ұлағатты сөзі бар. Барлығын өзінен бастауды, өзгеге үлгі-өнеге көрсетудің маңыздылығын айтқан ұлы ханның бұл өсиетін қазақ бабаларымыз кезінде «ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» - деп тұжырымдағаны кездейсоқтық болмаса керек.

Орта деңгейдегі, яғни, дос-жарандар арасындағы тәуелсіздікті көшпенділердің көне қағидасы бойынша бес бағытқа бөліп оған аса мән берген екен. Оны бірінші - қанда, екіншісі - мида, үшіншісі - жүректе, төртіншісі - істе, бесіншісі - кеңістікте деп айқындайды да бәрін біріктіріп ұлттық тәуелсіздіктің тетігі деп атайды. Көптеген жайлардан аңғарылып отырғандай, дос-жарандар немесе орта деңгей деп атағандары әлеуметтік орта тапты меңзейтін сияқты. Дос-жарандар төрт ірі өлшемге сай келіп барып ұжымдасады екен.  Айталық, біріншісі - бар болу, екіншісі - өмір сүру, үшіншісі - отбасын құру, төртіншісі - көзге түсу. Бар болу дегені қиын кезде қастан табылу, жауапкершілікті сезіну деген ұғымды білдірмек. Өмір сүру дегені өз ақылымен, санасымен ішкі қуатқа ие болу деген мағынада. Отбасын құрудың мәні түсінікті, ал, көзге түсу дегені өзінің дарын-қабілетін, артықшылығын көрсетуді меңзеп отыр. Аталмыш төрт өлшем белгілі бір сынаққа бағынған. Атап айтсақ, елдің тәуелсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете алып отыр дегенге. Осы төрт өлшеммен қатар көшпенділердің мәдениетін көтеру, білім тарату, күш-қуатын арттырып елді сыртқы жаудан қорғау деген маңызды міндеттер жүктелген. Монғол тілінде «анда» деп аталған осындай топтар тарихи кезеңде көшпенділер мемлекетін ұлы империяға айналуына елеулі рөл атқарған ұйымдастырудың айырықша бір формасы болған.

Шыңғыс хан әскерін ондық, жүздік, мыңдық, түмен, бұмын деп бөлген болса, «анда» формасының ұйымдастырылуы одан өзгеше болған. Соғыс тактикасын жетік меңгерген ұлы қолбасшы бейбіт кезде ел басқарудың бәрінен қиын екендігіне аса мән берген. Оған Тэмүжиннің «ат жалында құйғытып жүріп, әлемді жаулап алу оңай. Ал, аттан түсіп ел басқару аса күрделі, оған озық ой мен дана шешім керек» деген өз сөзі дәлел. Сондықтан да болар, шаруашылық пен өлкелік басқару жүйені мүлдем өзгеше бағытта ұйымдастырған. Мысалы, от (гал), әулет (шандас), ру (отог), аймақ  (аймаг), ұлыс (улс), ел (гүрэн), ұлы держава (их улс) деген атаулар анда тобына қатысты пайда болған ұғымдар еді.  Гал - он отбасынан, шандас - жүз үйден, отог - мың үйден,  аймаг - түмен отбасынан құрылса, жүз мың отбасын құрайтын әлеуметті ұлыс деп атаған. Осының бәрінің негізі отбасынан басталатындығына ерекше назар аударған.

Бүгінде біз тәуелсіздік мәселесін экономикалық, саяси, рухани, мәдени деңгейде қарастырамыз. Ал, сегіз ғасыр бұрын мемлекет құрған көшпенділер тәуелсіздікті бес асылға балап, ақыл, отбасы, ұлы жарғы, хан және халық деп бөліп қарастырған екен. Бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысатын асыл құндылықтар саналған. Аталмыш құндылықтардың алғашқы сатысы ретінде отбасы мен отағасын ерекше атап көрсетеді. Ол ұрпағын қорғап өсіреді, ұлттық тәуелсіздіктің тетігі осы ошақтан бастау алады делінген. Асылы, «отан отбасынан басталады» деп қазақ ата-бабаларымыз тегін айтпаса керек.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,  ҚР мәдениет қайраткері.

«qogam.kz» сайтынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652