Сенбі, 23 Қараша 2024
ШОЛУ 6308 2 пікір 22 Тамыз, 2017 сағат 10:20

Шолу: Президент не деді? Біз не түйдік?

Апта ішінде Президент Назарбаевтың ақпарат құралдарына сұхбат беріп, ел саясатындағы ең маңызды деген мәселелерге өз пікірін білдірді. Солардың кейбіріне шолу жасаймыз. Президент не деді? Біз не түйдік?

Латын әліпбиі тек қазаққа ғана қатысты мәселе...

Әуелі, Елбасы "Хабар" арнасына берген сұхбатында латын әліпбиіне көшу процессі қазаққа ғана қатысты екенін ашық айтты.

"Латын әрпіне көшкенде, біз орыс тілінен қашып кетейін деген жоқпыз. Осындай алып-қашпа сөздерді кейбір саясаткерлер айтады. Әсіресе орыс тілінде. Әліпби тек қана қазақтың тіліне қатысты мәселе. Ғылым менен техниканың көзі болып отырған, көп аударылған орыс тіліне, барлығын ажыратпасақ, меніңше біз байымаймыз, кедейленеміз. Бұл жатқан үлкен мәселе. Үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Жақында мен бір-екі мәтінін қарайтын боламын. Осымен шұғылданып жүрген ғалымдарды, тілмаштардың барлығын жинап, солармен отырып, қарап бір жобаға тоқтайтын боламыз", - деді Президент Назарбаев.

Ұққанымыз - бір мемлекетке екі әліпби болады. Сөйтіп, Сәбеттің санадан арыла алмай келе жатқан мемлекеттік менеджмент кирилицаны латын әліпбиімен қатар алып жүруге ықылас танытты. Қазақстанда 3 миллионға жуық орыс диаспорасы тұратынын ескерсек, кирилицаға құлықтылар бар. Дегенмен, мемлекеттік статистика Қазақстан халқының 80 пайызы қазақ тілін еркін меңгергендігін айтты.

Соттар сәбеттік санадан арылмаған

Сәбеттік сана демекші, Президент Назарбаевтың өзі де айтты мұны. Елбасы күні кешегі сұхбатында Соттардың сәбеттік санадан арылмағанын айтты.

"Біріншіден, соттардың өзін қайта тәрбиелеу керек. Олар әлі сәбеттік санадан арылмаған. Германия, Британия, Франция, посткеңестік елдердің тәжірбиелерін қайта қарап шығу қажет. Солардың ішінде ең озық, ең тиімдісін таңдаймыз", - деді Президент.

Қазақ қоғамында әділ сотқа деген сенімнің күрт төмендеп кеткені белгілі. Қара қылды қақ жарады деген соттар "сауданың" сойылын соғып кеткені де өтірік емес. Нәтижесінде, билік пен халық арасы алшақтай түсті. Әсіресе, Жоғарғы билікке тікелей тәуелді Сот - сөз бостандығы, адам құқықтары деген мәселені екінші планға ысырып, аяғында бұйрықты орындаушыға айналды. Бұл антидемократиялықтың бір көрінісі еді.

Президентітң өзі "ұр да жық" соттарды тәрбиелейтінін, сот жүйесіне реформа керектігін айтты.

"Экономный" Есімов Елбасынан мақтау естіді

Айтпақшы, ЭКСПО-2017 өткізіп жатқан ел Президенті Есімовті мақтады.

Астана ЭКСПО-2017 ҰҚ АҚ басшысы Ахметжан Есімов "экономдап" жүріп Елбасынан мақтау естіді.

"Біз құрған компания — "Астана ЭКСПО-2017" — алғашында шығын 800 миллиард теңге көлемінде болады деп жоспарлаған. Қолданылған шаралар нәтижесінде шығын көлемі екі есеге — шамамен 400 миллиард теңгеге қысқарды. Мұның бәрі Ахметжан Есімов жетекшілік ететін ЭКСПО-2017 ұйымдастырушыларының еңбегі. Олар жақсы жұмыс істеді", - деді Назарбаев.

Айтпақшы, Есімов мырза 2015 жылы ЭКСПО құрылысынан 78 миллиард теңге үнемдеп, Елбасының алғысын алған еді.  Содан 2017 жылы ЭКСПО көрмесінің ашылуына аз қалды дегенде, Есімов мырза құрылыс және даярлық жұмыстарының аяқталғанын айтып, БАҚ-қа сұхбат берді. Онда ұзын-ырғасы 300 миллиард теңге үнемдегенін айтты.

«Біз үлкен жұмысты аяқтадық. Тіпті, мердігер компаниялармен арада келіспеушіліктер де болды. Әрине, олар көбірек алғысы келді ғой. Дегенмен біз өз міндетімізді абыроймен орындап шықтық. Соның нәтижесінде біз құрылыстың әуелгі белгіленген сомасынан 300 миллиард теңге үнемдедік», - дейді ЭКСПО-2017 басшысы Ахметжан Есімов.

Шаршамапты. Ешқайда демалуға бармайды

Елордада ЭКСПО өткізіп жатқан Елбасы әлі тың көрінеді. Ешқайда демалуға бармайтынын, барғысы келмейтінін жеткізді.

"Мен Жер бетіндегі көптеген әдемі жерлерді көрдім.  Бірақ өскелең ұрпаққа және замандастарыма айтқым келеді - мен қазір ешқайда демалуға барғым келмейді. Бурабай секілді ғажап мекенді мен осы уақытқа дейін кездестірмедім.  Дәл осындай табиғат Шығыс Қазақстанда бар. Ертіс өзенінің сексен пайызы қазақстандық судан құралған. Алатау баурайы өз алдына бөлек әңгіме. Қыста шаңғы теуіп, тауда серуендеуге болады", - дейді Президент.

Президенттің Сот жүйесін реформалау туралы айтқаны қоғамдық талқылауды қажет ететін тақырып. Ал латын әліпбиіне тек қазақтарды көшіру елдегі этностық бірлікті қақ жаруы әбден ықтимал құбылыс екенін де айта кеткен жөн. Әзірге осы болды.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377