Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6739 0 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 10:18

Толымбек Әбдірайым. Бопса

 

(Әңгіме)

Ахау, дүние жалған...

Ақан сері.

 

Түс ауған кез. Ауа шыңылтыр аяз. Тұтасқан қарақошқыл зеңгір аспан, еңсені басып-жаншығандай сұсты. Зәңкиген бес қабатты үйдің ортаңғы кіреберісінен шыққан, оңған шүберектей аппақ, қаңғажақтай қағылез шал белін жазып, төңірекке көз сүзе қарады.  Тысқа шықпағалы бес-алты күн болыпты. Таза ауаны құшырлана жұтты. Арырақта аққала соғып, бес-алты бала жүр. Арасында алысып-жұлысып қояды.

– Алаңсыз балалық-ай! – деді қария бұлдыр-бұлдыр сағымдай, артта қалған бал күндерін еске түсіріп.

Биыл елордада қар қалың. Күнара қалта телефонына Атбасар, Қарағанды, Көкшетау, Кереку бағытындағы асфальт жол жабық деген хабарлама келіп жатады.

Құстың ұясындай ескілеу үйде кемпірі екеуі неше жылдан бері тұрып келеді. Үлкен ұлдың шаңырағы бөлек, үйленген соң бұлардың қолында бір жылдай тұрды да, ипотекаға үй алып бөлек шыққан. Қазір осы қалада, ал кенже қызы күйеуге шыққаннан бері Қостанайда тұрады.

Кемпірі екеуінің зейнетақысы күнкөріске жетеді. Шүкір Аллаға!..

Ана кәриялар үйіндегі қарттарды да көріп жүр ғой. Олармен салыстырғанда тірліктері көш ілгері. Бірақ бас ауырып, балтыр сыздағанда кіндіктен өрбіген балаңмен бірге тұрған жөн екен. Ойы осы сауалға төңіректегенде жүрегі езіле шаншығандай, көңілі жабырқап сала берді. Адуынды, тасыр мінезді келіннің қолына қаратпасын... Бос белбеу, ез ұл соның айтқанын істеп, айдауына көнеді. Тыңдамай қайда барады?!. Өз қолын өзі кесе ме?!.

Өткен жылы жазда қан қысымы екі жүзге дейін көтеріліп инсульт алғалы қатты қорқатын болды. Түске дейін болмаса, кешке таман жалғыз-жарым  алысқа ұзамайды;  аяқтары  дірілдеп, құлап кетердей зәре-иманы ұшады. Осы жағдайды жақсы  білетін кемпірі «әкетіп бара жатқан шаруаң болмаса, үйде тыныш отыр» деп құлағына әбден құйған.

Қария өзі ерекше жақсы көретін немересі Даниярдың қолқасын орындауға аяқ астынан жиналды.

Ас үйде кешкі астың қамымен қыбырлап жүрген кемпір отағасының үйден шығып бара жатқанын аңғармай қалды ма, үн қатқан жоқ...

– Ассалаумағалейкум, Құсеке? – Зейнеткер болғанымен, құрылыс мекемесінде қарауыл боп  әлі жұмыс істейтін көршісі Байбол екен. Елпелек қаққан, ақкөңіл кісі. Жаз күндері күнде кешқұрым аулада жолығып, әңгіме көрігін қыздыратын.

–Уағалейкумассалам! – деді қос қолын ұсынған қария.

– Көптен  көрінбейсіз... Кеше ғана сізді еске алдық. Үйіңізге кіріп шығайын деп ойлаған едім... Жол болсын!.. Қайда тарттыңыз?!.

– Студент немеремнің қалта телефонына ақша салайын деп...

– Баламысың деген... Атасының пенсиясына жармасат десеңізші?!.

– Болмашы   стипендиясын жұмсап қоятын шығар... Грантқа оқиды...

– Әке-шешесіне айтпай ма?

– Кім білет...  Бір-екі мың теңгеде тұрған не бар, тәйірі?!. Атасынан алмағанда, кімнен сұрайды құлыным...

– Байқап жүріңіз, көше көк тайғақ!..

– Қарашы, таяғымды ала шықпай... Жә, бірдеңе ғып жетермін.

Кенет қарияның қалта телефоны шырылдай жөнелді.

– А... иә-иә, сенсің бе, балапаным?!. Бара жатырмын... Шыдай тұр құлыным... Қазір саламын, қазір...

Жақын маңдағы «Гүлжан» сауда үйіне бет түзеді. Сол тұстағы енсіз, тар

көшеден тайғанақтап зорға өтті. Абырой болғанда автомашиналар жүре қойған жоқ. Бірінші қабаттағы терминалдан немересінің қалта телефонына екі мың теңге салып, кідірмей кері қайтты.

Бұл жолы әлгі жолмен жалғыз жүруге жүрексініп, біреу-міреу өтер деп жалтақтай жан-жағына қарап тұрған. Қасынан өтіп бара жатқан домаланған жас келіншекке:

– Мына жерден өткізіп жіберші, айналайын, - деді жалына өтініп.

-Келіңіз, қолтығымнан ұстаңыз, – деген жас әйел кәрияны сүйемелдеп, кең көшеге дейін жетектеп алып келді.

– Рахмет, Алла разы болсын! – Кәрия алғысын жаудырып алға аттай берген. Әлгі әйел оншақты қадам ұзаған соң қайырылып келді де:

– Ата, ұялы телефоным жоқ,  алсаңыз, қайтарыңыз, - деді қабағын түйіп.

– Не айтып тұрсың, қызым?!.

– Сіз ұрлап алдыңыз!.. Ол енді... анық...

– Түкке түсінбей тұрмын... Аяғымды азар алып жүрген адаммын...  Сау болсам, өткіз деп жалынам ба саған?!.

-Мәселе ушықпай тұрғанда жылдам қайтарыңыз! Әйтпесе полиция шақырам.

– Апырым-ай, не деп тұрсың жарқыным?!.

– Өйтіп мәймөңкелемеңіз... Жүріңіз тез...

– Неге ашуланасың?!. Менің телефонымнан өз нөміріңе қоңырау соқшы, көрейік.

– Күйеуіме хабарлайын әуелі. - Келіншек өзіне мәлім номерді тере бастады. Арғы жақтан жауап болмады.

– Айттым ғой, өз телефоныңызға қоңырау шалыңыз деп.

Келіншек күйеуіне қоңырау шалып сөйлесті.

Көп ұзамай жас әйелдің күйеуі; жып-жинақы киінген, сымбатты жігіт ағасы келді. Кәрия болған жағдайды ретімен баяндады.

– Сапагүл-ай... осындай мінезіңді қашан қоясың?!.. Айтып тұрғаның - жала, - деді беті қызарып. – Сырқат адам екен!.. Қан қысымы жоғары көрінеді!.. Оның үстіне инсульт алған...

– Алса қайтейін?!. Ендеше біреудің затын ұрламасын!..

– Ұят болады?!. Ұры адамға ұқсай ма, қарашы түріне!..

– Адам аласы ішінде! Адалдығын қайдан білесің?! Көріпкелсің бе?!  Айғағың бар ма дәлелді...

– Обал ғой?!.

– Тәжікелесіп қайтеміз!.. Әне-е, полиция келе жатыр!.. Ақ-қарасын ажыратар, – деді қасарысқан келіншек.

Кәрия полицияға болған оқиғаны тәптіштеп түсіндірді. Қалтасындағы заттарын; жеке куәлік, ақша салған әмиян,  көзілдірік пен дәрілерін  шығарды.

– Әлі де ойланшы, – деді күйеуі жұбайының қасына келіп. – Райыңнан қайтарсың.

Көздері ашудан шатынаған жас әйел тыңдаған жоқ, отырып арыз жаза бастады.

– Ата,  сөге жамандамаңыз!.. Шағым түскен соң болған оқиғаны тексеру, біздің міндетіміз, - деді аға лейтенант.

«Маған ашулануға болмайды, шыдайын!..»

Осы сөздерді ішінен қайталай берді, қайталай берді қария.

Сабырлы, ұстамды болуға қанша  тырысқанымен, көзі қарауытып, жүрегі қатты соғып, өзін-өзі меңгере алмай барады.

Ақсары келіншек бір кезде орнынан тұрып келіп:

– Ата, мен арызымды қайтарып алдым, - деді ешнәрсе болмағандай жайбарақат.

– Түсінгеніңе рахмет!..

Кенет қарияның дауысы дірілдей шықты:

-Мен жазам енді арызды!..  Ар-ұят арызы ол!..  Адамшылықтан аттаған адамға айтылар нала!.. Көпе-көрінеу бопсаладың!.. Ардан безген алаяқ, ұры-қары болдым мен!.. Ескертуді елемей, тасыр мінез таныттың!..

Қария жүрегін ұстап шөкелей отыра кетті... Еркінен тыс кірпігі айқасты....  Апырым-ай, дауыл соға ма уілдеп. Қалтырап неге тоңады?!.  Мынау кім?!. Баласы  ма жүгірген.  Немересі – Данияр ғой?!. Әлдеқайдан... алыстан... талып  жеткен айқай-шу:

– Жедел жәрдем!.. Жедел жәрдем шақырыңдар!.. Тез болыңдар!..

Қан қысымы жоғарылап, қарауытты жанары. Апырым-ай, не болды, төңірек неге қараңғы?!. Ұшып қайда барады, қайдан келген әкесі?!. Шақыра ма қол бұлғап!.. Аласапыран дүн-дүние... Әуелеп кетті-ау, қалықтап...

Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт сол екі арада жиналып қалды. Біреулері әуесқойлықпен көз тіксе, енді біреуі мүсіркей қарайды.

«Күзетші» деген жазуы бар униформа киген шикіл сары жігіт айқай салды:

– Дәрігер келе жатыр!.. Жол беріңдер халайық!..

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596