"Абу-Дабидегі" қақтығыс. Не болды, кімдер тұтқындалды? Шолу
Елордада ел күтпеген тосын оқиға болды. Абу-Даби плазаның құрылыс алаңында қазақ пен үнді жұмысшылары қақтығысып қалды..
Шетелдік жұмысшылар мен қазақ құрылысшыларының арасындағы қақтығысты полиция тыныштандырған соң, 8 адам ІІБ-на жеткізілген деген ақпарат тарады.
Оқиға 2-қыркүйек күні болған. Қазақстанда жұмыс жасап жүрген Үндістан азаматтарының бірі құрылыс нысанына мас күйінде келгендіктен, күзетші (қазақ жігіт) үндістандық жігітті ішке кіргізбей қойған. Есесіне үндістандық жігіт қол жұмсап, күш көрсеткен. Дау осы жерден басталады. Қазақ күзетші мен үндіс құрылысшылының арасындағы кикілжің өршіп, ақырында Астананың Абу-Даби плаза орналасқан бөлігіне бір топ белсенді жастар жиналған.
Төбелес кезінде 2 үндістандық таяқ жеп, емханаға жеткізілген.
Ал жергілікті полиция 41 қазақ жігітін ұстағаны туралы да жазылуда. Олар қоғамдық тіртіпті бұзуға талпынды дейді-мыс.
Астана әкімі Әсет Исекешев қақтығыс болған жерге келіп, дүрліккен жұртқа басу айтты.
"Күзет ұйымы мен шетелдікқ құрылыс компаниясы қызметкерлерінің арасында конфликт болды. Келіссөздер жасалды. Келісімге келдік. Енді болған оқиғаға қатысты шаралар қолданылады. Тек, басы артық пікірлерді айта бермеу керек. Провокация мен жанжалды өршітіп алмау керек. Провокацияға берілмеу керек.", - деді Астана әкімі.
Әзірге әлеуметтік желілерде аталған қақтығысқа қатысты түрлі сипаттағы бейне жазбалар жария болып жатыр. Солардың бір легін назарларыңызға ұсынамыз. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, жанжалды тоқтату үшін оқ атылған.
Ілияс Ақбай
Abai.kz