Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5323 0 пікір 24 Қараша, 2010 сағат 19:17

Гүлнәр Міржақыпқызы: «Дауыс салып, жылағанымды еміс-еміс білем»

Орынборда Міржақып Дулатов өмірінің қызулы да қынулы кезеңдері өтті. Елінің қамы үшін неге де болсын жас арыстанша атылған Міржақып адуынына қарсы тұрар тос­­қауыл жоқ секілді. Тау жығардай екпіні бар. Білімге білігі сай, төңкерісшіл рухы өршелене ұйытқып, ақылмен суарылған іс-қимылы халық мүддесінің иірімдеріне атой­лай бас қойған алпауыт төс, орда жығардай отты шағы еді. Былтыр, 1914 жылы Қазанда өзіне "қазақтың тұңғыш романшысы" деген өшпес атақ сыйлаған "Бақытсыз Жамалы" қайта басылып, ұлы ақынның қайтыс болуының он жылдығына арнап, "Абай" атты толғамды мақала жазып, А.Н. Веселовскийді еске алуға арнап 1914 жылы шығарылған "Шығыс жинағына" қазақ ақындарынан тек Абай мен өзінің туын­ды­лары ғана енгізілгеніне көңілі сәл-пәл марқайыңқырап жүргенде осы, 1915 жылы Орын­­бордан "Терме" жинағы жарық көрісімен іле-шала 4 қарашада Гүлнәрі дүние есігін ашып, Ғайнижамал екеуінің бақыттан басы айналып тұрған сәті еді... Ей, дүние, ата-аналық арсалаңдаған асыл бір ғажап шақ екен ғой... Ақыры не болды?!

Орынборда Міржақып Дулатов өмірінің қызулы да қынулы кезеңдері өтті. Елінің қамы үшін неге де болсын жас арыстанша атылған Міржақып адуынына қарсы тұрар тос­­қауыл жоқ секілді. Тау жығардай екпіні бар. Білімге білігі сай, төңкерісшіл рухы өршелене ұйытқып, ақылмен суарылған іс-қимылы халық мүддесінің иірімдеріне атой­лай бас қойған алпауыт төс, орда жығардай отты шағы еді. Былтыр, 1914 жылы Қазанда өзіне "қазақтың тұңғыш романшысы" деген өшпес атақ сыйлаған "Бақытсыз Жамалы" қайта басылып, ұлы ақынның қайтыс болуының он жылдығына арнап, "Абай" атты толғамды мақала жазып, А.Н. Веселовскийді еске алуға арнап 1914 жылы шығарылған "Шығыс жинағына" қазақ ақындарынан тек Абай мен өзінің туын­ды­лары ғана енгізілгеніне көңілі сәл-пәл марқайыңқырап жүргенде осы, 1915 жылы Орын­­бордан "Терме" жинағы жарық көрісімен іле-шала 4 қарашада Гүлнәрі дүние есігін ашып, Ғайнижамал екеуінің бақыттан басы айналып тұрған сәті еді... Ей, дүние, ата-аналық арсалаңдаған асыл бір ғажап шақ екен ғой... Ақыры не болды?!

... Алдымен ату жазасын кесті, сосын он жылға абақтыға сүңгітті. Айдауда жүргенде ажал құшты. Әділдік қалмас ақтаусыз! Ақталды Міржақып! 1988 жылдың 4 қарашасында Республика Жоғарғы сотының коллегиясы қылмыс құрамы болмағандықтан М. Дулатовты біржола ақтап, шешім шығарды. Дәл Гүлнәр қызының туған күні ақталды әкесі! О, құдірет-ай! Алматыда сол күні құйып тұрып қар аралас жаңбыр жауды. "Халық жауы" қызының алпыс жыл бойғы қасіреті көз жасындай боп төгілді. Жаңбырмен жуылды.

... Сол емендей илікпеген, небір сұрапыл дауылдарда сынбаған шынар қыз - мәрт мінезді асыл ана Гүлнәр апай, осы қарашада 95 жасқа шаршап-шалдықпай, алқынып-аптықпай, сүрініп-сүрлікпей, шүкір дерлік саламат күйінде жетіп отыр! Тұлпардың алмас тұяғының кетілмегеніне керемет қуанып, бірер сөзін естігелі сұхбат құрғанбыз.

- Айналайын, Гүлнәр апа-ау! Тоқсан бес жас екінің біріне бұйырып па! Кешегі, көзін өзіңіз де көріп қалған алаш арыс­тарының аманатындай боп, ортамызда отыра беріңіз. Бұл да маңдайға бұйырған бақ қой! Өзіңізге қарасақ, осыдан бес жыл бұрынғы тойыңыздағыдан қылаудай өзгер­меген сыңайлысыз. Күллі алаштың бетке қал­қыған қаймағындай боп, осы тұғыры­ңыздан тая көрмеңізші, жан апа!

- Алдымен "Егеменіме" рахмет! Көптің сүйікті газеті ғой. 90 жылдығымды да жақсылап жазған. Бұл газеттің бір буын бастауында - "Еңбекші қазаққа" әкемнің маңдай тері сіңген. Редактордың стилис­тика жөніндегі көмекшісі болған. Қызыл­ордада шығып тұрған осы газеттің табал­дырығында 1928 жылдың 29 желтоқса­нында ұсталып кетті ғой. Карелияның Сос­новец стансасындағы қабірден әкемнің мүр­десі алынып, туған жеріне қайта та­быс­талатын тұста, 1992 жылғы 1-18 қыркүйек аралы­ғын­­дағы тәуелсіз еліміздің ірі оқиға­лары­ның бірі болып саналатын бұл жайды осы "Егеменім" халқыма тәптіштеп жазып, құлаққағыс қылып отырғанын қалай ғана ұмытайын. Мың алғыс! Өзі мен "Егемен­нен" төрт жас қалқыңқы болып шыққаным ба? Ең байырғы оқырманы екенмін-ау! Газетім әкемнің көзі, сөзі, өзі болғандықтан да ма­ған тым ыстық, жаныма жақын, елдің үні, ке­шегі сауатсыздықтың күні болды деп есеп­теймін. Бәрекелді, осы беттеріңнен жарылқасын!

- Өз әулетіңіз туралы таратсаңыз?

- Біздің тұқым Байжұмырдан - Сансызбай, одан туған Ниязбек, Дулат (1849-1897), болып тарайды. Дулат пен Дәмештен Асқар (1865-1938), Қонысбай (Қошай), Зылиха, Қанипа, Міржақып (1885-1935), Ақыжан туған.

Дулат атамыз ескіше сауатты, көзі аш­ық, көңілі ояу, қарапайым адам екен. Бай­лық-дәулет бітпеген, орта шаруалы, әр кә­сіпке икемді, етік тігіп, ер-тұрман шабатын өнерімен аты шыққан ұста. Қолына біз кіріп, ушығып қайтқан. Атамыздың зайыбы Дәмеш әжеміз - Қараман еліндегі атақты байдың қызы. Ақылына көркі сай, ажарлы кісі еді дейді. Жиын-тойларда домбыра тартып, ән салатын, айтыстарға қатысып, бақ сынаған, мәнерлеп сөйлейтін келісті де өнерпаз кісі болыпты.

- Білетіндер анаңыз туралы аңыз қылып айтады екен.

- Анашым-ай, асылым-ай! 45 жасында Ташкентте көз жұмды ғой. Перизат еді. Ақ­құба жүзді, күлімсіреген аялы көздері ұш­қын шашатын. Мейірімді еді. Әкеме қо­сы­ларда алдан қандай қиындық туарын сезе, біліп тұрып, мойнын қылыштың жүзіне төсеген ғой. Әнді қалай салатын сызылтып. Киім киісінен бүгінгі модельдерің шаң қабатындай, аса талғампаз, сәнқой болған. Сәбит Мұқанов айтады екен: "Комму­низмді көргілерің келсе, Дулатовтың үйіне барыңдар, Ғайнижамал жеңгейдің дастар­­қанын көріңдер" , деп. Мінезге бай, жаны сұлу бөлек жаратылыс еді, анашым! Сағынышыма орап қойып отырам мың мәрте! Ананы аңсауға қай жасың да кедергі емес екен, айналайындарым.

- Үйлену тойы сәнімен, мәнімен өтіпті ғой, шіркін.

- Қонақтардың көптігінен Омбы түбіндегі Куломзино стансасынан екі қабат үй жалдап, тойлаған екен. Кімдер қатысты дейсің ғой? Арасында М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Қ.Кемеңгеров болғанын ескерсек, мәртебенің биігі емес пе! Бүгінгі той иелері несімен мақтана алар екен деп ойлаймын кейде... Дастарқанның байлығы өтпелі де өшпелі нәрсе ғой.

- Әлекең, Ақаң, Жақаң десе, күллі қазақ жазбай танып, елең етіседі...

- Ұлтын сүйген ерекше жаратылыстар ғой, бұлар. Көксегені - бүгінгі тәуелсіздік емес пе еді. Олар бірін-бірі осылайша атап, сыйластық тінін үзбейтін. Кейде қанша пікір алуандығы туындап қалғанда да көңілдеріне кірбің түсіріп алмай-ақ, мәселенің мәніне сызат салмай, оң шешім қабылдайтын. Сондай көп сәттеріне куә болып, сезгендіктен де батыл бағалап отырған жайым бар. Халық сүйіспеншілігі шығар, әлгіндей атау-құрметпен еркелететін еді ардақтыларымды. Арғы жағы - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржа­қып Дулатов екендіктері бесенеден белгілі. Әкемнің ең алғашқы сәтті сапары 1904 жылы Омбыға түсіпті. Сонда Әлихан, Ахмет ағаларымен танысыпты. Бұрын көрмекке ынтық жүрек жарыла жаздап, қуанады ғой. Ол кісілердің саяси көзқарастары, ұстанған бағытының орыс революционерлерімен үндесіп, патша үкіметінің отаршылық саясатын әшкерелеуі, елді ұлт-азаттық көтеріліске үндеуі, жасырын ұйымдарға белсене қатысулары Міржақып әкемнің санасын оятып, зор ықпал еткені аян.

- "Қазақ" газетінсіз осы алыптардың толық саяси-ұлттық кескіндемесін айғақтау мүмкін емес қой...

- Осыған орайлас әкемнің елге жазған бір хаты еске түсіп отыр. Онда: "1913 жыл­дың бас кезінде мен Орынборға келдім, сондағы ғалым, жазушы, өзімнің ұстазым Ахмет Байтұрсыновқа барып сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шы­ғар­­мақ болдық. Бұл пікірімізді Әлихан Бө­кейханов ағамыз толық қолдады... Редак­­ция құрамын, оның мүшелерін белгіледік. Шығарушы бас редакторы Ахмет Байтұр­сы­нов, екінші редакторы мен болып, газе­ті­мізді "Қазақ" деп атап шығара баста­дық", деп үлкен жаңалығымен бөліскен болатын.

- Ахмет атаның басқа бір өзгеше қырын байқағаныңыз бар ма, апа?

- Неге байқамайын. Бірнеше рет қабырғалас үйде көрші тұрғанымыз да бар. Ол кісі жұмыс жасап жатқанда, шешеміз аяғымызды санап басқызып қоятын. Әлдебір істен тыныстаған сәтте бөлмесінде әрлі-берлі жүргені еденнің сықырынан, баяулатып салған әнінен сезілетін. Дом­бырасын шертіп, қоңыр дауысымен жайлап қана "Елім-ай", "Екі жирен", "Қаракөз" әндерін сызылтатын. Біреу білер, біреу білмес, қазіргі "Қыз Жібек" операсында ай­тылып жүрген "Қаракөз" ариясы - Ахмет Байтұрсыновтың шығармасы ғой. Атам пианинода да, скрипкада да көсіліп ойнай­тын. Жаратылыс дара бітімділерді осы­лайша жомарт жарылқайтын секілді.

- Әкеңіз өз ортасында асқан сыйлы болған кісі. Шет жағасын сол бір сәбилік кезде-ақ сезген шығарсыз.

- Бала көңілінен ешнәрсе тасалан­бай­ды. Бір білетінім - қазақтың небір мар­қас­қа азаматтары әкемді сағалап жүретін, ақ­ыл-кеңес сұрайтын. Астанамыз Қызыл­ор­да­ға көшкенде жазушылардың көбі біздің үй­ге түсіп, аттанатын. Шымкенттен Жүс­іп­­­бек Аймауытов, Тәшкенттен Мұхтар Әуе­зов пен Мағжан Жұмабаев келіп, өздерінің жаңа шығармаларын талқыға салатын. "Жақаң­ның сынынан өтеміз, пікірін біл­гі­міз ке­леді", деп әкемді көтеріп тастап отыра­тын. Сондай зиялылар бас қосқанда, шай ішіліп, дәм жасалатын қастерлі дөң­ге­лек үстел әлі күнге біздің қолда­­­­нысымыз­дан қалған жоқ. Ескінің көзі ғана емес, жаңаның үлгісіндей етіп, қадірлеп ұстаймыз оны.

- Апа, жақында ғана телеарнадан әке­ңіздің сүйеніш қол таяғын ұстап отырып, өт­кеннен сыр суыртпақтадыңыз. Аппақ ша­шыңыз, мейірімді жүзіңіз, тарих тұңғиы­ғынан жылтырағандай ақылды көзіңіз, тіпті азап пен қатыгездіктен қаймықпаған бар болмысыңыз - қазақ қызының қанына біткен қасиетін аңғартады... Имек сапты қол таяқ - әке аманаттаған бүгінгі тәуел­сіз­діктің тірегі, сүйеніші, негізі іспетті елес­теп кеткенін қараңызшы!

- Жаным, бұл сөзіңе не қосайын! Менің жүрек сәулемнің себезгісі бүгінгі ұрпақтың жан-сарайын нұрландыра алса, осы ғұмырымды текке сүрмегендей сезінер едім-ау!

- Сіздің ғұмырыңыз өлшеусіз өнеге. Тағдыр өзіңізді өнегемен өрілген рухты адамдармен жақындастырып, араластырды. Солардың бірі сыйлы қайнағаңыз - Бауыржан Момышұлы емес пе?

- Біз, ерім Әбен екеуміз, Баукеңмен 1958-1970 жылдар арасында үзбей араласып тұрдық. Мені "төре келінім", "профессор келінім" деп атайтын. Бұрын басқа қайна­ғаларыма қазақша сәлем беріп көрмеген басым, Баукеңнің алдында әрқашан қо­лым­ды қусырып, иіліп тағзым ететін едім. Мүм­кін ол кісінің әкеме деген ыстық пейілін сезгендіктен бе екен, әйтеуір, ықыласым ерек­ше болды. Өзі де: "Ескінің көзісің, асыл­дың сынығысың, Міржақып ағамның қызысың", деп, үзіліп отыратын, жарық­тық. "Ал, қарағым, қарап жүруге болмайды, қолыңнан келгенше әкеңнің мұрасын толтыр, суреттерін, кітаптарын із­дестір. Бәрі әлі керек болатынын ұмыт­па", деп, көрегендікпен бағыт сілтейтін. Ақылды кісі ғой, айтқанын білдіртпей орындап жүр едім, әкем ақталғанда бай мұрасын мен жайып салмағанда, төрт құбыласы ашыл­май, кемшін соғып жатар еді. Ақ тілеулі Баукем-ай! Міржақыпқа ыстық ықыласы­мен бір жығылған адам сондай-ақ болар. Ұлтқа деген сүйінішті ұлы жүрек тұлғалар­ды бөле-жара қаратқыз­бай­тынын енді түсіндім. Жүз жылдық тойын да ел-жұрты сән-салтанатымен атап өткенін көріп-біліп отырмын. Елдік сынынан мүдірмеудің белгісі де бұл. Тәуелсіздіктің зор мүмкіндігі деп бағалаған жөн.

- Тағдырдың талай қиямет-қайымынан құрдымға кеткендей құр сүлдері қалса да рухы өшпей, өлшеулі ғұмырын өзгенің сәулелі жолына арнаған мәрт мінезділер сирек те болса ұшырасып қалады. Сондай­лардың қатарына кімдерді жатқызар едіңіз?

- Зылиқа апайдың бейнесі санамды осқылап өткендей болды. Мағжанның зайы­бын айтам. Апайды 1970 жылдардан тани­тын едім, 1989 жылдың ақпан айында қайтадан табысып, етене бола бастадым. Жазықсыз саяси қуғын-сүргінде жазалан­ғандардың жақындары мен ұрпақтарын "Жалын" журналының редакциясында жинады. Бізді соған Мардан Бәйділдаев басымызды қосып алып барған еді. Көлік үстінде Зылиқа апаммен көрістім. "Сен Гүлнәрсің ғой", деп, бетімнен сүйді. Жа­сы 96-дағы кісінің ұмытпағанына сүйсініп, қуанып қалдым. Әлі ширақ, көзі көріп, құлағы естиді, алжудан аман екен. Мағ­жандай жан жарын іздеп, сонау Карелияны шарлап, орманының аң-құсынан қорықпай, терең өзеннен тесік қайықпен жүзіп өтіп, аңсарымен табысқан қайран, қажырлы ананың алған бетінен қайтпайтын мақ­сат­керлігі кімге болсын өнеге. "Мағжанды орысша оқытқан сенің әкең", деп отырар еді, марқұм. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағының алғашқы данасын зайыбына табыстауға мені де қатыстырып, сол жолы апаймен мәре-сәре қауышқаны­мызды қалай ұмытайын.

- Алыптардан да ағаттық кетеді дейді. Мүмкін ондай "ағаттықтардың" өзі тұтас халықтың мүддесін көздегендіктен жасала­тын шығар, бәлкім. Ондайға кешірімді бола алдыңыз ба?

- Не көрмедік бұл пәниде! Не бір тү­сін­бестік халге де душар болдық. Кімді жаз­ғы­рарыңды білмейсің. Кінәлі өзің бе, өзге ме? Ажыратып көр. Бірақ әділдік - төреші бәріне. Мынандай жанымды қа­рыған жәйтті айтып берсем, ұрпақ дұрыс түсінер. Бұл мысалда ешкімді де тұқыртуға болмас... Заман ызғырығы да. Бас сауғалау емес, ұл­ты­ның келешек ырыздығы үшін жасалған "шарт­ты" да шарасыз қадам деп ұғыңыздар...

Алматы паркінің бірінде күзгі жапырақ­ты аяғыммен үйгіштеп, соның қызығына батып тұрғанымда, ту сыртымнан естілген: "Гүлнәр, сенбісің?" деген дауысқа жалт қарасам, алдымда Мұхтар Әуезов тұр екен. Ағаның ұсынған қолын алып сәлемдестім. Мұхтар аға баяғы бала кезімдегідей бетімнен сүймеді, оны көңіліме алғаным жоқ, бойжеткендерді сүймейтін болар деп ойладым. Көрмегеніме 5-6 жылдай уақыт өтіпті. Отызыншы жылдары ұсталып, түрмеде отырғанын білетін едім, босап шыққанын естіген емеспін. Өзінің сұрауы бойынша хал-жайымды аңқылдап айтып келемін. Бір кезде ол менің бетіме тура қа­ра­мастан қарлығыңқы, булыққан дауыспен жайлап қана: "Қарағым Гүлнәр, енді келешекте кездескенімізде бір-бірімізбен танитын кісілерше амандасып, сөйлес­пей­тін болайық", дегенін естігенімде, денеме суық су құйғандай, өне бойым мұздап, қалшылдап, шошып кетсем керек...

- Сол сөз жүрегіңізде өмір бойы шемен боп қатып қалды ма, әлде, жібіді ме екен?..

- Жібіген! Әттең, бірақ, ұлы жазушы дүниеден аттанып кеткен соң... Тірісінде өзі жібіткісі келген! Ұлының ұлылығы да иіле білінуінен көрінсе керек. Иә, есімде, қалай ұмытайын, 1947 жылдың жазы еді. Көше бойында бетпе-бет ұшырасып қалған Мұхтар ағамды елемегенсіп кетпек боп едім, сұңғыла кісі өзі тоқтатты. "Аз ғана кідір, кешір, жаным!" деді ол үні дірілдеп. "Кезінде басқа түскен пендешілік адамға не істетпейді, ауыздан шыққан сөз ұшқан құс тәрізді ұстай алмайсың. Өткенге сала­уат, сені көрмегелі талай жылдар өтті. Жа­қаң­ның, Гая (шешесі Ғайнижамал), Әлтай­­дың (інісі) арты қайырлы болсын, өзің аман бол, соңдарында қалған жалғыз көзісің ғой", деп көңіл айтты. Именіңкіреп, көз­деріне қарасам, жас іркіліп қалыпты... Тағы да ескертемін, ұлы Мұхтар ағаны да түсі­нуге болады. Басына нақақтан үйірілген қа­ра бұлттан қорғалақтауы табиғилық! Әбден жүнжіп, зәрезап болған бір байғұстың: "Мені қашан қамауға аласыңдар?" деп "үш қаріпке" қоңырау шалғанын да ес­тігенбіз. Сол залым саясатпен сипатталатын заман­нан не күтуге болар еді-ау!

- Қыстың долы желі соқса, тілім-тілім жүрегіңіз әлі күнге қақ айырылардай болатынын бір күңіреністі әңгімеңізде сыздықтатып жіберіп едіңіз.

- Иә, қысты күні дауылды жел соқса болғаны, есімнен кетпейтін бір қайғылы оқиға көз алдыма келе қалады. 1928 жыл­дың 29 желтоқсанында Қызылорда түні ала­сұрған адуынды желмен түндігін желпінтіп тұрды. Шырт ұйқыда жатқанбыз, есік-терезелерді қақырата соғып, "ашыңдар" деген айқайдан шошып ояндық. Есікті түнеп жатқан қонағымыз Мұртаза Рафиков (Халел Ғаббасовтың інісі) ашты. Үйге ОГПУ-дің қарулы кісілері сау етіп кіріп келді, шам жағылып, бәрімізді орнымыздан тұрғызды. "Киініңіз, сізді тұтқынға ала­мыз", деген қаһарлы дауысты естіген­де он үштегі менің жүрегім езіліп кеткендей еді. Состиып, қалшиып тұрған папам бір мезетте некелі алтын балдағын қолынан суырып алып, мамамның саусағына кигізді. Басына төнген қауіпті елең қылмай аса сабырлы, байсалды қалпымен мұңайып жылап тұрған бізді жұбатып: "Жыламаңдар, тағдырдың тәлкегі адамды әлі талай қиын белестерден өткізеді, шыдап, берік болың­дар. Ал, Гүлнәрім, оқуды үзбе, мамаңды ренжітпе, жақсы адам бол!" деді де бәрімізді сүйіп, өзін айнала қоршаған алты адамның ортасында кете барды... Есік ашылғанда түнгі жел долданып, суырып тұр еді. Содан бері түнгі желден зәре-құтым қалмай дірілдеймін!

- Қаншама азапты жылдарыңыз әке туралы айтылмай келген ақиқатпен шер­леніп, шөктірді десеңізші, апа!

- Біздің Сатыбалдиевтер отбасында өз басым төрт баланың анасы болғаннан бері өткен аумалы-төкпелі заманның ыңғайына қарап, іштегі сырды ашық шығара алма­дым. Қырағы саясатқа тура келмейтін, аты­нан бүкіл қазақ баласы шошитын "Алаш" партиясы туралы, оның басты лидерлері кімдер болғаны, өз әкем М. Дулатов жайлы балаларыма да соңғы жылдарға дейін үй ішінде жақ ашпай келдім. Ең басты себебі, олардың ер жетіп, сана-сезімінің толысып өсуін күттім.

Жасыратыны жоқ, он үшке толғанымда "халық жауының" қызы атандым, жазық­сыз басыма кінә тағып қудалау басталды. Та­за көңіліме, адал пиғылыма, іс-әрекетіме се­німсіздік пен күдік туғызды. Басқан ізім мен сөйлеген сөзімді аңдып, бақылауға ілінгенімді сезіп, көңілім бей-жай болатын еді. Осындай қыр соңымнан қалмаған қыр­сық­тар жаныма қатты бататын еді, еңсемді жаншып, опық жеген, булыға өксіген қа­палы сәттерім жас жанымды жегідей жейтін.

Есейгенде де еңсемді езгілемеді ме! Жұрт қатарлы сүйікті әкемнің атын атап, еске алып, ашық айту деген шаттық сезім менің пешенеме жазылмапты. Сайрап кететін қызыл тіл күрмеулі, алдым қазылған ордай боп жаным түршігетін. Көңілде сақталған қорғасындай зілді ойлар, қамыққан күндерім мазамды кетіретін. Кейбір кездерде өз-өзімнен шошып, сабама түсе алмайтынмын. Бұл сұмдық Сталин заманынан қалыптасып қалған, миымызға әбден сіңген дерт іспетті қорқыныш болып осы мезгілге дейін сол құқайдан арыла алмай келеміз.

Сөйтіп, кеңестік кезең тұсында мәңгүрт болуға аз-ақ қалдық қой. Енді іске сәт, тәуекел деп, әлі есім барда, ұмытшақтық меңдемей тұрғанда балаларым көрмеген, тек сақталып қалған суреттерінен ғана ата­лары мен әжелерінің қандай кісілер екенін таныстырып жазып кетуді парыз көрген едім. Сол ойларымның үдесінен шықтым деп те ойлаймын. "Шындық шырағы" атты екі томдық кітабым оқырмандар қолында. Алаш арыстары туралы еңбегім де аяқталып қалды. Осылайша ұрпаққа ұлғатты өнеге тастауға кәрі басымды иіп, еңбек етіп жүрген жайым бар.

- Әкеңіздің мінез-құлқы кейінгілерге таңсық секілді... Бүге-шігесін білгісі келеді.

- Әкем барынша ақкөңіл, ашық-жарқын, жайдары мінезді, өте балажан, көңілшек те болатын. Сонымен қатар, бірбеткей, басынан ретсіз сөз асырмайтын қатаң мінезді, ашу қысқанда түсі бозарып, қабағы түйіліп, рай бермей қоятын. Бірақ, оғаш сөзге бармайтын, ашуы тез тарқайтын. Менмендігі жоқ, өзін өте қарапайым ұстайтын, көңілді отырып әңгімелесетін, кісілерді шыдаммен үнсіз тыңдай алатын. Талғаммен сәнді киінетін. Тазалықты қатты ұстанатын. Ал саяткерлігі өз алдына қызғылықты әңгіме дер едім.

- Әкеңіздің ақталуы да оңайлыққа соқпағаны мәлім. Алдыңғы лектен ысырылып, оқшауланып, шегеріле берді. Өзіңіздің тегеурінді ықпалыңыздың әсері байқалмай қалмады, әрине.

- Әкем Міржақыптың көзімнің тірісінде ақталғанын көруді Алладан жал­­барына тілеп, мақсат еттім. Сол тілекпен уақытты зая жібермей, нақты ізденіп бақтым. Тәуекелге бел буып, 1988 жылдың наурызында СОКП Орталық Комитетінің жанындағы саяси қуғын-сүргінге ұшыра­ған­дардың ісін қарайтын комиссияға М. Дулатовтың қызы боламын деп арыз жаз­дым. Мәскеу бұл арызымды Қазақстан­ның қарауына жіберіпті. Қазан айында Қазақ КСР Прокуратурасынан хат алдым. Онда әкеңіздің ісі қайтадан қаралып, тексерілу үшін Жоғарғы Сотқа жіберілді делінген.

- Одан әрі қанша күттіңіз?

- Зарықтырған шешімнің шыққанын 6 қарашада естідім. Қонақта отыр едім, құла­ғы­ма сыбырлап, ғалым інім Сейітбек Нұр­ха­нов айтты. Күйеу баласы Жоғарғы Сотта істейтін еді, естігенін жасырын сездірткен түрі ғой. Әлі жария болмаған құжатты айғақтаудан сескенген түрі де. Отыра алсамшы орнымда. Тынысым тарылып, миым шаққандай әбігерге түстім де, атақты ғалым Мекемтас Мырзахметов қайныма: "Үйге апарып салшы" деп өтініш айттым. 9 қабаттан лифтімен түсу бір жылға созыл­­ғандай болған шығар. Аяғым сыртқа тиген бетте-ақ дауыс салып, жылағанымды еміс-еміс білем. Мекемтас аң-таң. "4 қара­шада әкем ақталыпты!" дегенімде, ол да жаны қалмай қуанып, еңкілдеп құшағына басты. Көшеге шықсақ, қар аралас жаңбыр құйып тұр екен. Елемеппін, табиғаттың меніменен қоса жылағанын: "Әке-ау! Дәл қызыңның туған күнінде аппақ та кіршіксіз атыңды мәңгілікке әйгіледің-ау! " деп әйдә келіп аңырайын, боздап...

- Міржақыптың елімен қауышуы қандай қуанышты болса, Карелия жерінде жатқан мүрдесінің туған жері Торғайға қайта табысталуы да тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтарды толтырудың нақты мысалы ретінде қарастырылып жүр ғой қазір.

- Дұрыс айтасың, жаным! Өзің де, анау Марат Әбсемет балам да басы-қасында бол­дыңдар. Бабаларыңның рухына жасаған ең­бектеріңе разымын. Басына кесене тұрғы­зыл­ды, мұражайы бар. Бірақ елді мекеннің құ­ты қашып, ыдырап, азын-аулақ отбасы қал­ған екен. Сонда да Міржақып кесе­не­сінің қарақ­шысындай болып, сол жерден табан аудармай отырған ауыл тұрғындарына ақ басымды иіп, алғыс айтамын. Жангелдин ау­данының орталығында Ақаң мен Жа­қаңның әде­би-мемориалдық мұражайы бар, респуб­лика бойынша бірнеше мектептер мен кө­ше­лерге аттары берілді. Шүкір, қос арыс атау­сыз қалып отырған жоқ. Әкемнің 125 жылдығы да хал-қадерінше мерекеленіп жатыр.

- Міржақып ақталғаннан кейін шығар­маларын жинастырып, бастыруға белсене кіріскеніңізді білеміз. Нәтижелі жұмыс жа­салды. Бес томдығының өзі рухани қайнар бұлақ іспетті. Тағы қандай ойыңыз бар?

- Қазір әкемнің еңбектерінің біразы жи­­нақталып, жүйеленіп, оқырмандарына жол тартты. Әйтсе де өз елімізден тысқары ірі ша­һарлардағы мұрағаттарда Дулатовқа қатысты, өмірі мен қызметі, шығарма­шы­лығы тура­сында айтам, әлі де тың деректер жатқанына имандай сенем. Сол жағы бір бүйрегімнен кетпейді. Шіркін-ай, арнаулы экспедиция құрып жіберіп, іздестіру, нақ­тылау, жинас­тыру жұмыстарын қолға алса ғой.

Ал ақталғаннан кейін іле өзім іздестіріп тапқан дүниелерінің өзі бір төбе еді. "Болат жүрек" өлеңі, Сұлтанбек Әбеуұлына (С. Мұқановтың "Мөлдір махаббат" романы­ның кейіпкері) арналып 1927 жылы жазыл­ған үш шумақ өлеңі, Қараш Жүсіпбекұлына арнап 1931-1932 жылдары Соловкиде жаз­ған өлеңі, 1922-1923 жылдары Орынборда жастарды құттықтау жыры, т.б. еңбектері сондай сапалы санатқа жатады. Жаңа ес­керт­­тім ғой, әкемнің мол мұрасы түгелімен жиыстырылып біткен жоқ. Келешек еншісіндегі міндеттер екені түсінікті. Жастарға сенім артам!

- Тарих тылсымынан жеткен әкеңіздің шығармаларына деген қызығушылық әр жүректі кернеп тұрғанда, жасыратын несі бар, ақталу "науқанына" үлес қосып қалуға ынтығушылардың жарыса шыққанын білеміз. Ауыс-түйіс пікірлердің айтылып қалғанынан да хабардармыз. Сізге де жеңіл тимеген шығар?

- Әр қаламгердің немесе қатардағы тілшінің ақталуға атойлаған көңіл-күйін түсінемін, әрине. Бұрыс ойдан ада, дұрыс жазғысы келеді. Дегенмен, тарихи жәдігер­лер аса сақтықты қажет етеді. Соған біреу­дің сабыры жетсе, екіншісін "жаңашыл­дық" буы бөстіріп жібереді. Қалайда, Ду­ла­тов туралы шапшаң айтып қалғысы ке­леді. Әсіре пайым сондай өзеуреуден шы­ға­ды. Еліміздің көптеген баспасөзін індете оқып, әкеме қатысты әрбір сөйлемді сүз­гі­ден­ өткізіп отырған маған, солардың кей­бірі көңіліме қылау түсіріп, кәдімгідей тү­ңілдіріп тастайтын. Асқынған аптықпаның алдын алғым келіп, "Жазғандарымызға жауапты қарайық, ағайындар!" деп мақала жазуыма тура келді. Фактіге сүйеніп сына­дым. Мүкіс кеткендердің аты-жөнін дардай жазушылығы мен ғалымдығына қарамай, беттерін қайырып тастадым. Дәл қазір олар туралы дақпырттап қайтемін. Әлі де болсын ескертерім, Дулатов хақында жазылған, жа­зыла береді, тың соқпақтар ашылады, ай­на­лайындарым, айтқандарың мен жаз­ған­дарың айна-қатесіз айбынданып жатсыншы!

- Бүгінгілердің кейбірі әлгіндей ретсіз бүгежіктеп жатса, асыл бабамыз Міржақып келешектегіні дәл өлшеммен болжай білгеніне енді таңданбасқа шарамыз жоқ. Басқасын былай қойғанда, бір ғана тұжырымына - ұлы Абай туралы көрегендікпен жазғанына тәнтіміз.

- Иә, оқиыншы мына "Абай" атты екінші мақаласынан бір үзінді: "... Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. "Бірінші ақынымыз" деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухы­мыз сезер, қуанар..."

Көріпкел сөз осы емес пе? Ұлы Абай­дың биыл 165 жылдығы Семей өңірінде тойланды. Әкемнің сөзінің құпталғанының жарқын айғағын сол жиын тағы дәлелдеп берді емес пе? Ойшылды ойшыл тап басып тануының анық мысалы шығар?

- Апа, жан жарыңыз Әбен Сатыбал­диевті қазақ халқы жақсы біліп, қадірлейді. Ол кісі туралы өз аузыңыздан бір лебіз естісек...

- Әбенім қырық жылдан артық мерзім аралығында қаламымен туған халқының бақытына, мәдениетіне қызметін аямаған азамат. Журналистік салаға 1939 жылы кел­ген ол "Оңтүстік Қазақстан", "Социалистік Қазақстан", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде, "Ара" журналында жауапты қызметтер атқарған. Әбен көркем әдебиетпен айна­лы­сып, бірнеше шығармалар жазып қалдырды. "Ақмарал" повесі және басқа әңгімелері қазақ прозасына қосқан үлесі дерлік.

Ғылыми еңбегін қорыта келіп, "Рухани қазына" монографиясына айналдырып, ол "Жазушы" баспасынан екі рет жарық көрді. Оның Міржақыптың күйеу баласы болуы себепті нақақтан айып тағылып, қуғын-сүргінді басынан кешіргені жұртқа мәлім. Сондықтан Әбен прозадан көркем аударма­­­шылық өнеріне ауысуға амалсыз мәжбүр болды. Шебер тәржімеші орыс классик­терінің талай романын қазақша сөйлетті. Атап айтсам, Б. Полевойдың "Нағыз адам туралы аңыз", Е. Мальцевтің "Шын жүректен", Ф. Гладковтың "Балалық шақ туралы повесть" туындылары мен Марк Твен әңгімелері, И. Гончаровтың "Жар" романының өзі неге тұрады!

Әбен өмірінің алты жылында халқы­мыз­­дың тарихында тұңғыш шыға бастаған Қазақ Совет энциклопедиясы бас редак­то­рының бірінші орынбасары болуымен қа­тар, Бас редакция жанындағы терминоло­гия­лық комиссияның төрағасы ретінде те­рең б­і­лім­дарлығын көрсете білді. Шүкір, Әбен­нің тағылымды өмірі бүгінгі тәрбиелі немере, шөберелерімен жалғасын тауып жатқандай.

- Мирзоянға хат жазып, қабылдауында болуыңыздың өзі қайраттанып кетсе, әділдік туын қолдан бермейтін қазақ қызының қасиетін айқындайтын күшті рухтыға тән бірбеткей мінез ғой, апа!

- Ширыққан жанға тосқауыл жоқ шы­ғар. Шамырқанып, шытырлап-ақ кетесің. Және де "халық жауының қызы" деген қара бұлт төбеңнен үйіріліп тұрып алса, өксік өмірдің құны бес-ақ тиын боп кететінін несіне жасырайын. 1933 жылдың қоңыр күзі болатын. Әулиеатадан Алматыға келіп, крайкомның бірінші хатшысы Л.Мир­­­зоянға арыз жазып, өз басымның күй­белең жағдайын шешіп алуға көмек­те­суін өтіндім. Жазған арызымда аты-жөнім­ді, туған жылымды, кімнің қызы екен­ді­гімді, өз елімде оқуға мүмкіндік берілмеуі, жұмысқа орналассам фамилиямнан кім екенімді біліп шығарылатынымды айта келе: "Әділдік деген бола ма? Қашанғы қу­далауда жүремін? Менің қандай жазығым бар?" деп, өзінің тиісті көмек көрсетуін өтіндім. Күтпеп едім, қабылдауына шақыртыпты...

Мирзоян орнынан тұрып, кабинетінде ерсілі-қарсылы үндемей, аз ғана жүрді. Мен де көз айырмай қарап отырмын. Бір кезде: "Ну, девочка!" деп сөйлеп кетті. "Ары­зың­мен таныстым, әрине, сенің ешқандай жа­зы­ғың жоқ, әкең үшін сені қаралаудың жөні келмейді. Енді оқығың келсе жол ашық, қазір барып қалаған институтыңа доку­мент­теріңді өткіз, өзім жолдама бере­мін", дегенін естігенде, бетім ду етіп, булы­ға жылап жіберіппін. Осылайша жолымның ашылғаны бар... Бәрібір тағдыр қамыты аяусыз сығып, ғұмыр бойы демімді өші­рер­дей болғанда, өршелене түстім өмірге! Өр­шелену - өртке тастағанда да жандырмай­ды екен! Әлі күнге жанбай келем, міне, жаным! Өмір мені ызғыры­ғы­мен қақтап келді. Енді ғана ғой, мейі­рі­мімен елеп-ес­ке­ре бастағаны... Мүмкін, жұмақта мәң­гілік­ке жылынармын!.. Мен марапат, сөлке­бай­лардан ада да таза адаммын. Дәмет­пей­мін де. Әкем мен анам рухы алдында пен­де­ші­лік­пен төмендемей, өр күйімде өткім келеді...

- Сосновец стансасындағы лазаретте 1935 жылдың 5 қазанында, таңғы сағат 5-те демі үзілген Міржақып Дулатовтың өлім актісімен қоса тұтынған заттарын, киім-кешегін НКВД-нің Алматыдағы сіздің атыңызға салып жіберуі әлі күнге таңданыс туғызады. Елу жасқа бір ай, жиырма күн жетпей, халқым деп өмірін қиған асыл боздаққа деген бұл құрметтің тегін жасалмағаны кейін белгілі болды ғой.

- Әкемді арулап көмген. Кез келген тұтқынға көрсетілмейтін құрмет. Сүйегі белгісіз сайда қалғандары қаншама? Сос­новецте бірге жазасын өтеген алаш қайраткерлерінің бірі Мырзағазы Еспо­лов­тың хатынан білгеніміз: "Жақаңды жерлеу үшін үлкен қызмет көрсеткен өзімен жұмыс жасаған лазареттің дәрігерлері мен Жақаңның қолынан емделген жергілікті тұрғындар поселкенің зиратына қою үшін НКВД-дан рұқсат алыпты. Сөйтіп, белгілі жерге қолымыздан арулап қойдық. Зират басында құран қайырған белгілі татар жазушысы Махмұд Бұдайли еді".

Таңғаларлық ғажап нәрсе - қайсысы тұтқынның заттарын үйіне, туыстарына жібергенін кім естіп, кім көрген? Менің әкемнің ұрпақтарына сондай мүмкіндік жасалды. Көп кешікпей қолымызға тиді. Тұтынған, иісі сіңген киім-кешегін алға­ны­мызда көңіл шіркін босап, жылағанымызды ұмытқаным жоқ.

Біздің қолымызға тиген бір дәптердің жөні бөлек еді. Халқына рухани байлық бо­лар­дай, ғылымға қосқан үлесі, ол - үш тілде бір­дей қатырып жазып кеткен түрік-қазақ-орыс сөздігі. Дәптер беттерінде көк сия қа­лам­­мен толтырған әріптер өрнегі көз тар­тар­лықтай әдемі, бұл қолтаңбасын архивімнен әлі шығарғаным жоқ. Басқа заттарды мамам өз еркімен ағайындарға үлестірген еді, менің ондай шаруаға кірісе бермейтін кезім.

- Жан апа, жүрегіңізге артық салмақ сала беріп қайтемін. Болар іс болды. Дулатов салтанат құрды. Қазір сізден асқан бақытты ана жоқтай көрінеді маған!

- Бауырым-ау! Бақыт деген ұлы ұғым барша қазақ еліне жұғысты болса екен! Тәу­елсіздіктің өзі - бақыт! Әкем арман­да­ған бақыт! Баянды болсын бағымыз! Тағы бір сөз қосайыншы. Әкем : "Қай елдің бас­пасөзі мықты, сол елдің болашағы зор", деп ұрандатқан екен. "Егеменіме" қарап, елім­нің ертеңіне ұйып отырамын, жаным!"

... Алатаудың басында алажаздай қар жатпай ма! Бауыры сыңсыған ну ағаш. Гүлнәр апамның аппақ шашына қараймын да, сүйсінемін. Ақылды, тұңғиық көзіне үңілсем - жас бостандықтың жанартауы атқылағандай керемет әсерге бөленіп кетем! 95-тің шыңындағы, Апа, маңайыңызға көрік боп, құт-береке, үміт шашып жүре беріңізші!

Әңгімелескен Қайсар ӘЛІМ.

Суретте: Гүлнәр Міржақыпқызы (ортада)90 жасқа толған тойында. Алматы, 2005 ж.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5605