Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7539 1 пікір 7 Қыркүйек, 2017 сағат 09:52

«Рухани жаңғыру» - киелі мекенде жалғасын тапты

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртылғандығы туралы айтылғаны белгілі. Бұл ретте «Руханият» Ақтөбе облыстық музейі жанынан құрылған «Аманат» экспедициясы, үстіміздегі жылы маусым айының 16 мен 20 аралығында Ақтөбе облысының ХІХ ғ.соңы – ХХ ғ. басында өмір сүрген діни қайраткерлердің өмірі мен қызметін зерттеу және насихаттау мақсатында экспедицияға шыққан болатын. 

Маңызды шараға қатысушылардың дені «Руханият» музейінің қызметкерлері, «Руханият» танымдық клубының мүшелері, "Тұран ТВ" арнасының тілшісі, блогерлер, өлкетанушылар, «Зере Тур» туроператорлық компаниясы, облыстық «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің өкілдері, діни қайраткерлердің ұрпақтары және экспедиция құрамында (мақала авторы) менде бармын.

Ақтөбе облыстық «Руханият» мұражайы – әлемдік діндердің бірі болған Исламның пайда болуы және даму тарихы, Ислам дінінің Қазақстан территориясына, соның ішінде Ақтөбе облысына таралуы және оның қазақ мәдениетіне әсері туралы сыр шертетін республикамызда ашылған бірден бір мұражай. Негізгі бағыты – ғылыми ағартушылық, ғылыми-зерттеу, білім қызметтерінің іске асырылуы және әлемдік, дәстүрлі діндердің тарихына байланысты заттарды, мұражай коллекцияларын жинақтау, зерттеу және көпшілікке жариялау болып табылады.

Экспедиция мүшелері ең алдымен XIX ғасырдың соңында салынған Шәкен - ишан мешітінде болды. Бүгінде ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Шəкен ишан діни ағартушы болған. Оның мешітінде мыңдаған шəкірт білім алған. Мұнан соң Ізтілеу ишан атаның басында болдық.

Мұндағы мешіт шамамен 1894-95 жылдары салынған. Ізтілеу ишанның шөбересі Бейбатша Сағиеваның айтуынша, атасы кезінде Меккеге үш жыл дегенде жаяу барған. Кеңес үкіметі тұсында жастарды имандылық пен адамгершілік қасиеттерге тəрбиелеген. Қазіргі мешіті 1948-50 жылдары алдымен астық қоймасы, соңынан құс фабрикасы ретінде пайдаланылған. Ізтілеу ишан діни ағартушы ретінде ел есінде қалған тұлға. Бүгінде мешіт күрделі жөндеуден өтуді қажет етеді.

Бесбұлақ мекеніне қарасты Қызылшаң қорымына да бардық. Мұнда Жұмағұл хазірет мешіті, Сағидолла хазірет, Мұхамбет Садық Жұмағұлұлы имам, Кәрімберген хазірет мешіттерінің орындары сақталған. Сондай-ақ, Құмсай ауылындағы Қисаметдин ишан, Рахманқұл хазірет, Әділ хазірет, Бисен хазірет, Бірмән ұста жерленген қорымға да соқтық.

Сапарымыздың келесі бағыты, Қаратал ауылы жағына ойысты. Тарихи орында бірде-бір үй қалмаған, барлығы жан-жаққа көшіп кеткен. Сол себепті болу керек, қараусыз қалған әулие Бекпан Хазірет салған мешіт, кітапхана және асханасы қазір жетімнің күйін кешіп тұр.Өкінішті.Іргелі шаралардан кейін бір жаңғырып қалар. Бір кездері осы мешітке келіп, білім алған жастардың саны көп болыпты. Бекпан бабамыз есімі алты Алашқа белгілі Досжан хазіреттің замандасы, əрі жақын досы болған. Кеңес дәуірі тұсында батыс өңірі бойынша кіші жүзден Мекке-Мединаға қажылық сапарға баруға ниет білдірген жүз адамды апарып әкелуге, тікелей атсалысқан Тұлға еді. Қасиетті Бекпан ата жатқан қорымға оның ұрпақтары келіп, іштей тілек тілеп, тәу етіп, құран бағыштады.

Тағы бір діни ағартушы Бисен хазіреттің басында болып, дұға бағыштадық. Ол 1878 жылы қазіргі Жарық елді-мекеніне жақын орналасқан Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Әкесі Абдолла қажылық сапарға екі рет барған. Өзбекстанда діни білім алған, әрі сол жақта ұстаздық еткен. Абдолла қажы - баласы Бисенді де 15 жасында Бұхараға аттандырған. Бисен хазірет Бұхара медресесінде үш жыл білім алып, әрі қарай оқуын Түркияның Стамбул қаласында жалғастырған. Ол жерде бес жыл оқыған. Елге 23 жасында оралыпты. Бисен хазірет атақты Бірман шеберге салдырған мешітте 16 жыл бойы тер төккен, жұртты имандылыққа үндеумен қатар, араб тілі мен дін сабақтарын өткізіп, шәкірттер тәрбиелеген көрінеді.

Ақтөбе өңірінде бірқатар мешіт-медреселер салған сәулетші-шебер Бірман Көшімқұлұлының қорымында да болдық. Оның Ислам дінінің таралуына қосқан үлесі орасан. Сәулетші Жаманкөл жайлауында Бисен Абдоллаұлы мен Досжан Қашақұлының мешіттерін салған. Əсіресе Доңызтаудағы Қайнар деген жерде, кейін Шилісуда (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық елді мекенінің маңындағы Ишан ата кешені) екі үлкен мешітін Досжан Хазірет осы Бірман ұстаға салғызған.

Әрі қарай, Бесбұлақ мекеніндегі Қызылшаң қорымына табан тіредік. Тарихи орында Жұмағұл хазірет мешіті ғана сақталған. Бір кездері Мұхамбет Садық Жұмағұлұлы имам, Кəрімберген хазірет мешіттерінің орны болған.

Құмсай ауылына да соқтық. Бұл жерде кезінде Рахманқұл ишан Баймағанбетұлы тұрғызған мешіт болған. Ол шамамен ХІХ ғ.ІІ жартысында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында Қобда ауданы Терісаққан өзенінің жағалауында өмір сүрген. Ишан діндар, ғұлама адам болған екен. Ғұмырын халықты имандылық жолға, ұрпақ тәрбиесіне, адамдардың еңбекке, адамгершілікке үндеген. Жастарды білімге тартып, ағартушылықпен айналысқан. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша мешіт құрылысы саманнан салынған, биіктігі 3 метрден кем болмаған. Мешіт ғимараты 1955 жылға дейін тұрып, сол жылы мешіттің күмбезі құлатылған. Кейін мешітті колхоз өндірісіне қажетті заттар сақтайтын қойма ретінде пайдаланылған. Күтім көрмегендіктен әрі заман талабына сай қажеті жоқ деп танылып, төбелері құлап, ұзақ уақыт қабырғалары ғана сақталған. Өкінішке орай мешіт және қорым қазір жермен жексен болған.

Есесіне қорымға жақын орналасқан Бекбауыл бабамыздың өмірден өткен ұл-қыздары жерленген. Демек, бұл орынға зиярат етуге келіп тұратындар əлі де болса көп екен деген ой түйдік.

Сапарамыздың келесі бағыты Жарық ауылында жалғасты.Мұнда Бисен хазірет Абдоллаұлы мешіті, Ақырап ауылында Нәкеш Хусайынұлы мешіті, Сөгалі ауылдық округіндегі Сөгалі хазірет бейіті, Арыстан Бегалиев бабалардың мешітінде болдық. Өкінішке орай, Жиренқопа елді мекеніндегі Қобыланды батыр кесенесіне бару мүмкіндігі болмады. Себебі, біз барған кезде онда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан еді.

Асан Қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған кесенеге де ат басын тіредік. Айта кету керек, "Абат-Байтақ" қорымы бір кездері қараусыз қалғандай еді. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Сырты қоршалып, кесенеге тіке апаратын жол төселіп жатыр. Тілеухана да салынған. Келемін деушілерге мүмкіндігінше барынша жағдай жасалып жатқандығын көріп, қуанып қалдық. Болашақта бұл жер танымастай өзгереді деп сендірді Қобда аудандық мұражай қызметкерлері. Мұнда «Қыз-әулие» қорымы, сонымен бірге әртүрлі үлгімен, ою-өрнектермен салынған 200-ден астам тастан қашалып жасалған құлпытастар жақсы сақталған. Құлпытастарға өмірден озған кісілердің аттары, қысқаша өмірбаяндары араб хәрпімен жазылған және ру таңбалары салынған. Айта кету керек, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі Барақұлы Асау батырдың ұлы Уәзір ел қорғанына айналған батыр әрі би болған. Оның құлпытасы да осы "Абат Байтақ" қорымында.

Экспедиция мүшелері Кеңес Одағының батыры, мерген, ефрейтор Әлия Молдағұлова дүниеге келген Бұлақ ауылында да болды. Қазір ауылда бар болғаны 30 шаңырақ тұрады. Барлығы да шаруа қожалығымен айналысады. Әлия апамыздың өзі дүниеге келген үй сүрілген, орнында Батыр қызға арналған ескерткіш тұр. Жанында кіші саябақ бар. Мұнда жылда келушілер саны көп, әсіресе 9 мамыр жеңіс күні еліміздің аймақтарын айтпағанда, Ресей, Қырғызстан, Украина, Германия және т.б. елдерден келушілер қатары көбеймесе, азаймайды екен.

Мұнан соң, Қобда ауданындағы Əлия ауылындағы "ƏЛИЯ" патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында болдық. Мұражайда батыр қыздың өмірінен сыр шертетін мәліметтер жақсы сақталған. Бала кезіндегі суреттері, туыстары, білім алған оқу орындары және Әлия туралы жазылған көптеген авторлардың кітаптарын табуға болады.

Экспедицияның үшінші күні кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі, есімі аңызға айналған Барақ батырдың әкесі Сатыбалды бабамыздың бейітінде болдық. Ол Ақтөбе облысы, Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан ауылдық округтің ішінде жерленген.

Сондай-ақ, осы ауыл ішіндегі Сатыбалды бабамыздың Барақтан басқа тағы бір ұлы бар, ол Ербөлек атамыздың бейіті. Яғни, Барақ батырдың туған бауыры. Жерленген жері əкесінен 2 шақырым жерде екен.

Экспедиция мүшелері ең соңғы нысан ретінде Темір ауданы,  Шұбарқұдық ауылындағы Досжан хазірет Қашақұлының басына барып, құран бағыштады. Ол 1812-1896 аралығында өмір сүрген діни ағартушы, ұстаз, қоғам қайраткері. Солтүстік Үстірт (Доңызтау) пен оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін қоныстанған.

Төрт күнге жалғасқан шарада экспедиция мүшелері бірқатар құнды ақпараттар жинақтады. Ал экспедицияның қорытындылау "Руханият" музейінде өтті. Барлық қатысушыларға Ақтөбе облысы "Нұр-Ғасыр" мешітінің бас имамы Төлеби Оспан "Досжан Ишан және Батыс Қазақстандағы діни қайраткерлер мен діни нысандар" атты кітаптар мен алғыс хаттар табыстады. Осы шараны ұйымдастырушылар, яғни "Руханият" музейінің жетекшісі Жібек Абдуллина, өлкетанушылар Серік Әбілжан және Қуаныш Байбақты, тарихшы Исламғали Бітік осындай тәрбиелік мәні зор шараны жылда өткізіп тұру қажет деген ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен "Туған жер" бағдарламасы - Жалпыұлтттық патриотизмнің негізі" тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Аталмыш шараға елімізге белгілі саясаттанушылар Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Дос Көшім және т.б. танымал тұлғалар қатысып, сөз сөйледі.

Жаратқан, қазақтың кең пейіліне сай, дархан даласын нәсіп еткен. Сол жерлерде киелі де, қасиетті тарихи мекендер аз емес. Оның ішінде Ақтөбе өңірінде де кісі аяғын баспаған, тың, ғылым үшін зерттелмей жатқан мекендердің саны көп. Осы экспедиция арқылы зерттеуші-ғалымдар жаңа мәліметтер мен тың деректерге қанықты. Бір қуанарлығы, діни қайраткерлердің өмірі мен қызметін зерттеу және насихаттау жұмыстары әрі қарай міндетті түрде жалғасады деп сендірді  шараны ұйымдастырушылар. Алдағы уақытта, "Аманат" экспедиция мүшелері Ақтөбе облысының Байғанин ауданында болуды жоспарлап отыр. Яғни,  экспедицияның әлі жалғасы бар...

 Дайындаған Нұрбол Оқуов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

Abai.kz

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354