Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ақмылтық 5635 10 пікір 8 Қыркүйек, 2017 сағат 11:54

ІІМ қауіпсіздік үшін халықты Астанадан қумақ па?

Қазақстанның ішкі істер министрлігі Астана жұртына құлаққағыс жасады. Үш айдан бері қазақ және шетел туристерін қонақ еткен әйдік шаһар тұрғындарына халықаралық көрменің жабылуы кезінде қала сыртына шығып кетуге кеңес берді. Иә, қалыс естіп, шалыс оқыған жоқсыздар. Анау-мынау емес, министр Қалмұхамбет Қасымов мырза жетекшілік ететін министрліктің өзі Астана халқын қаладан шығып кетуін қалап отыр. Бұл ақпаратты "Today.kz" порталы таратты.

Анығырақ айтсақ, бұл жайды қауіпсіздік шаралары туралы бұқаралық ақпарат құралдарына баяндап, брифинг өткізген ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төраға орынбасары Талғат Мұсаханов мәлім еткен.

"Шараның ресми жабылуы кезінде бізде Ислам мемлекеттерінің саммиті өтеді. 18 мемлекеттің Президенті келеді деп күтілуде. Тағы 20-сы белгісіз. Шынымен де, қала қарбалас болады. Әр Президентке біз жол бастап жүреміз. Олар 8 қонақ үйге және 2 резиденцияға орналасады. Олар тағы ЭКСПО-ның жабылуына қатысады. Оған қоса концерттік бағдарлама тағы бар. Біз қалада қауіпсіздікті арттыру үшін құқық қорғау органдарының барлық күшін жұмылдырып отырмыз. Шыдай тұру қажет. Жалпысы 30 мемлекет қатысады. Олардың әрқайсысына жол бастап жүру керек", - дейді Талғат Мұсаханов.

Министрлік өкілінің мәлімдегені осы. Сондықтан да, қалада қолайсыздық туындамауы үшін қаланың сыртына шығып кетуге, әрине уақытша, кеңес беріпті.

Айтпақшы, дәл осы күні қала тұрғындары жеке көліктерін қолданбағаны да жөн екендігін ескертті.

"Біз қала тұрғындарына жеке көліктерімен жүрмеуге, мүмкіндігінше қала территориясынан шығып кетуге кеңес береміз", - дейді министрлік өкілі.

Министрліктің бір комитетін тізгіндеп отырған Талғат мырза, астаналықтарға осылай деді.

Енді тарқатып айтайық. Бұл не үшін керек болды дегенде, қауіпсіздік пен қолайлылық үшін екен. Қауіпсіздікті бұзатын кім, қолайсыздықты тудыратын кім? Әлде Астанадағы миллионға жетер-жетпес жұрт қалаға сыймай қалды ма?

Астана халқы үш ай бойы шетелдік туристерді қонақ етті. 3 миллион турист келді. Қалаға сыйды, халықтың сыйын көрді.

Ол аз десеңіз, көрмеге 115 мемлекеттің өкілі қатысты. Халықаралық ұйымдар тағы бар. Олардың әрқайсысы ұзын-ырға делегациясымен келді. Біздің төр үйге олар да сыйды. Есептей беріңіз. Қатысушылармен қоса есептегенде 4 миллионға жуықтайтын жұрт емін-еркін Астанаға сыйып жүрмеді ме?. Енді жабылуына келетін 30 президент үшін ел-жұртты қаладан қашырып жіберу неге керек?

Айтпақшы, көрменің ашылу салтанатына да 17 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшылары келіп қатысқан-тын. Ол кезде бәрі тыныш өткенін өздеріңз де білесіздер.

Енді міне, көрменің жабылуы салтанаты секілді дүниежүзі көз тіккен шара кезінде өз азаматтарымызды өзектен тепкендей, өз үйлерінен қуып не көрінді?

Біз бұны қауіпсіздік шарасы үшін қажет деп тапқан болар деп түйдік.

Өткенде ғана "Абу-даби плазада" болған келеңсіз жайттың ізі суған жоқ. Ел жұрт әлі күнге ақ-қарасын айыра алмай, даудың басы неден басталғанын талқылап жатыр. Әлеуметтік желінің беті қазақ-үнді қақтығысының қайдан шыққаны туралы ақпаратқа толы.

Астана билігі осы сипаттағы тағы бір оқиғаның қайталанбасы үшін барлық шараны қолдануға бар екендігін, Тәкеңнің мәлімдемесінен аңғаруға әбден болады.

Билік өкілінің бұлай кеңес беруінің бар шындығы - халық бірдеңені бүлдіре ме деген қауіп. Рас, жұрт қалада болмаса, қала да тыныш. Айтпағымыз, бұл Астана билігінің өз азаматтарына сенбейтіндігінің көрінісі ме, жоқ әлде қауіпсіздікті бұзатын негізгі нысан - халық деген түсінік пе?

Айтпақшы, 2010 жылы Елордада  ЕҚЫҰ саммиті өткені елдің есінде. Ол кезде де бас ал десе, шаш алатын полиция елордалықтарға "балконға шығуға болмайды" деп бұйрық соққан еді. Бұл жолы, мүлде қаладан кетуге кеңес беріп отыр. Иә, бұйрық емес, кеңес.

Ал біздің айтарымыз, халық көрменің жабылуы салтанаты деген ақта-төк шараны жұрт қатарлы тамашалағысы келеді. Және көреді. Оған толық құқылы да. Ендеше, жұртты қаладан қуалағанша, сақтықтың сау түрін, сауатты түрін қарастырған абзал.

Түйін

Дүние жүзі көз тіккен көрменің ашылуына қара халық қажет болды. Көрмені көруге де қазақ елінің түкпір-түкпірінен мұғалім-дәрігерлерді қойдай иіріп әкелгеніміз және бар. Сонда біздің билік халықты қайда айдағысы келсе, сонда жібере ме? Кеңес беру деген жай сөз. Мұны бұйрық деп қабылдайтын шолақбелсенділер Астанадағы халықтың құқығын таптап, қолына қамшы алмасына кім кепіл?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522