Сенбі, 23 Қараша 2024
Рух 7108 1 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 10:35

Тарихы "Тіршіліктен" басталған "Арқа ажары" газеті 100-ге толды

Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы ХХ ғасырдағы қоғамдық-саяси ахуалмен тікелей байланысты болғаны белгілі. Ғалым Бейсенбай Кенжебаев бұл жөнінде былай деп жазды: «ХХ ғасырдың басынан қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстары үдеді, қазақ интеллигенциясы құрала бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-журнал шығару ісі қолға алынды, халықтың сана-сезімі оянды» (185 бет).

ХХ ғасырдағы алаш көсемсөзінің мұраты – ұлттық рухты өсіруге, жастарды ғылым мен тәрбиеге, ізгілік пен парасаттылыққа шақыру еді. Басылымдар қоғамдық-саяси оқиғалармен ілесіп, ұлттың рухани қажеттілігін өтеуге қызмет етті. «Айқап», «Қазақ», «Жас азамат», «Тіршілік» сияқты алғашқы баспасөз қарлығаштары халықтың көзін ашып, рухани өміріне серпіліс әкелді. Бұл ретте біз, қайраткер тұлға С.Сейфуллин негізін салған «Тіршіліктің» тарихына тоқталуды жөн көрдік.

Газеттің тарихы 1917 жылдан басталады.  Бұл Ақмолада Қазақ комиттетері ұйымдастырылып жатқан кез болатын. Бұған қарсы ұлт азаматтары халыққа азаттық пен теңдікті алып беруді көздеген «Жас қазақ» ұйымын құрады, сонымен қатар халықтың санасын ояту мақсатында «Тіршілікті» жарыққа шығарады. «Тіршіліктің» шынайы тарихы, алдына қойған мақсаты, мақалаларының тақырыптық сипаты  С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында дәл суреттелген: «Қаріп келіп «Тіршілік» деген газет шығара бастадық»(77 бет). Бұнымен қоса романда 1925 жылы Ташкентте газет тілшілерінің бүкілқазақстандық съезінде алаш қайраткері Абдолла Байтасұлының “Қазақ баспасөзінің тарихы туралы” баяндама жасап, «Тіршілікке» қатысты пікір білдіргені айтылады.

Зерттеуші З.Тайшыбайдың «Мағжанның Қызылжары» еңбегінде басылымға қатысты мынадай мәлімет бар: «Солтүстік өңірдегі қазақ баспасөзінің қалыптасуы дегенде Ақмолада 1917 жылғы сәуір айынан бастап, 1918 жылдың шілдесіне дейін шығып тұрған «Тіршілік» газетінің орнын көрсетпесе болмайды. Либералдық бағыт ұстанған бұл газеттің редакторы және шығарушысы Рақымжан Дүйсенбаев. Газеттің жұмысына қаладағы мектептердің мұғалімдері Абдолла Асылбеков, Бәкен Серікбаев, Сәкен Сейфуллин сияқты азаматтар қатысты» (137 бет).

Бұдан кейінгі «Тіршіліктің» тарихы да тағылымға толы. Ол 1928 жылдың 17 қаңтарынан 1932 жылдың желтоқсан айы аралығында Ақмола округінің «Жаңа Арқа», онан кейінгі 1932 жылдың желтоқсаны мен 1939 жылдың қараша айында шыққан «Колхоз екпіндісі» және «Ақмола екпіндісі» «Сталин туының» кейінгі жылнамасы «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» деген атауларға өзгеріп жарыққа шығып отырады.

Тәуелсіздіктің арқасында «Коммунизм нұры» газеті 1991 жылдың 26 қаңтарынан бастап, «Арқа ажары» болып шыға бастаған-ды. Іргесін Сәкен Сейфуллин қалаған «Тіршілік» пен бүгінгі «Арқа ажары»  аралығында жатқан жүз жылға жуық  уақыт кезеңдерінде тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігі жатыр.

Ғасырлық тарихы бар «Арқа ажары» халықтық қоғамдық-саяси газеті бүгінгі күнде Ақмола облысындағы ұлт мүддесін көксеген белді басылым. Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени өміріндегі жетістіктері мен табыстары хақында салиқалы мақалалар жазу газет тілшілерінің басты ұстанымы. Газет мәртебесі мен беделінің  биік болуы алдымен, білікті журналистердің қажырлы еңбегі екені аян. Әр жылдары «Арқа ажарының» редакциясын Ақмола өңірінің қаламы қарымды, білікті, кәсіби тілшілері басқарып келе жатыр. 1991 жылдың 26 қаңтарында Ақмола облыстық газеті Арқа өңірінің келбетін, тынысын, үнін білдіреді деген ұстанымға сай газетті «Арқа ажары» деген жаңаша атаумен жарыққа шығуына бастамашы да, қозғаушы болған Октябрь Қайырұлы Әлібеков еді. 1995 жылы тамыз айынан «Арқа ажарының» бас редакторлығына Жомарт Сафиұлы Әбдіхалық тағайындалды. Ол баспасөз саласының білгірі, парасатты азамат тұлғасымен ғана емес, философиялық озық ой-тұжырымдарды тұла бойына молынан сіңірген ерекше дарын иесі болатын. Бұдан кейін жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің облыс әкімінің 2005 жылғы 18 қаңтардағы өкімімен «Арқа ажары» газетіне бас редактор болып тағайындалуы әріптес журналистердің бағын жандырудың, шығармашылық ұйымды тас-түйін ортақ мақсатқа жұмылдырудың бастауы болды.

Бүгін де алып ағалардың тәлімін көрген тәжрибесі мол, парасатты тұлға, қарымды журналист, қаламгер-ақын Қайырбай Төреқожа бастаған газет ұжымы халық игілігі үшін қажырлы еңбек етіп, ұлттық баспасөздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жатыр. Сәкен Сейфуллиндей алаштың аяулы азаматы негізін қалаған газетті басқару үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік екені белгілі. Бұл міндетті Қайырбай Төреқожа, Байқал Байәділов сынды Көкшенің ардақты азаматтары абыроймен атқаруда. Осы орайда, Редакция ұжымын 100 жылдық тойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, істеріңізге береке тілеймін!  Алаш рухы сіздерді әрқашан қолдап жүрсін!

Гүлсезім ТЕМІРТАС, Астана қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458