Сенбі, 19 Маусым 2021
Өз сөзі 5186 22 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 17:57

Латынға қарсы қайраткерлер нені ескермей отыр?

Соңғы екі-үш күннің ішінде латынға көшу мен Парламентте ұсынылған жаңа әліпби жобасы көптің қызу талқысына түсіп жатыр. Жөн. Талқы болуы керек, сын айтылуы керек. Қазір латын графикасын енгізудің бірыңғай стандартын енгізу жөнінде Парламентте де, қоғамдық ұйымдарда да талқылау жүріп жатыр.

Тыңдау барысында ұсынылған нұсқаны қолдаушылар аз болып шықты. Бұл тегінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қарсылық дегенді білдірмесе керек. Қолдау – қос қолды көтеріп алып уралай беру емес, қолдау деген бізше болғанда, кем-кетікті дер кезінде айту, көрсету.

Алайда соңғы күндері тым қауіпті тенденция байқалып қалды. Басқа-басқа емес, өзіміздің қазақ саясаткерлері арасында «кеңестің кирилицасында қала берейік» деушілер пайда болды.

Мысалы, «Латынға көшу – өз еркіңмен өшу» деп жазыпты Геройхан Қыстаубаев өзінің «Фейсбуктегі» парақшасында. Бұл өте қауіпті тенденция. Латынға көшу заман талабы. Декоммунизацияның зайырлы жолы. Геройхан мырза өзінің уәжінде екі түрлі мысал келтіріпті.

Әуелі, латынға емес, руна жазуына көшуді ұсынып, осы бағытта жұмыс жасамаған ғалымдарды тілдепті. Мейлі, бұл абзацқа лингвистер мен ғалымдар жауап беруі тиіс.

Тіл мәселесімен сол саланың мамандары айналысуы керек деп түсінеміз. Әрине, пікір айтуға әркім құқылы. Дегенмен, пікір мен ұсыныс жүйелі әм қызыл эмоциядан ада болса, дискуссия жасауға ешкім шек келтірмейді. Себебі, латынға көшу секілді тарихи кезеңде қызыл эмоциямен мәселені шешпейтініміз анық. Және бұл сынықтан сылтау іздеп отырған биліктегі кейбір топқа, тарихи қадамды тежеудің таптырмас мүмкіндігі.

Күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырзаның пікірін мысалға келтіргенді жөн көріп отырмын. «Латын қарпіне көшу жөніндегі шешімнің ұлттық мемлекетіміз бен қазақ ұлтының дамуында үлкен рөл атқаратындығына және дер кезінде қабылданғанына сенемін» деді. Мен неге Азат Перуашевтің пікірін беріп отырмын, себебі, күні кеше ғана хабарласып сөйлестік. Пікірлестік. Азат мырза басқарып отырған «Ақжол» партиясы латынға көшу туралы бастама әу баста айтылғаннан бастап, түрлі ұсыныстар көтеріп жүр.

Сол Азат мырза, «Кеше ерте болса, ертең кеш болады. Бұл біздің әлемдік өркениетке енуіміздің жаңа белесі. Бұл реформа – рухани отарсызданудың тура жолы!» деді. Құптаймын. Қазіргі геосаяси ахуал кирилицадағы қазақ әліпбиін латынға көшіруге қолайлы кезең.

Батыс  елдері  бірлестігі – АҚШ пен Еуропалық Одақ және НАТО  Ресейдің  экономикалық  және саяси күйреуін алдыға мақсат етіп қойып отыр.  Ресей мен Батыс  елдері бірлестігі арасындағы араздық әлі жалғаса түседі. Өйткені, Ресей агрессивтік саясатын әлі жалғастырып жатыр. Оның үстіне Ресейдің жақтастары күн санап азаюда. Тілі мен ділі бір деген Беларуссияның өзі дүрдараз жағдайда екенін, Ресейдің екі мемлекетте соғыс (әскери операция) жүргізіп отырғанын және ескеріңіз. Ресей халқының 27 пайызы кедейлесіп кеткен. Себебі, Батыс санкциясы Ресей экономикасын әлсіретіп жатыр.

Осындай тұста, латын графикасына көшу процессінің қолға алынуы дер кезінде қабылданған шара екені тағы рас.

Екіншіден, Геройхан мырза: «Орталық, Шығыс, Солтүстік және Солтүстік Батыс Қазақстан, яғни мемлекетіміздің 70%-дан астам территориясында орналасқан орыс тілді халық латынға өлсе өтпейді. Бұл аумақ мемлекет ішіндегі мемлекет болады. Ендеше, біз өз қолымызбен осындай алып территориямызды келешекте Ресейге бөліп беруге негіз жасап отырмыз. Донецк, Луганскіні ұмытпаған абзал» деп жазады.

Рас, латын қарпіне көшу қазақтан басқаға міндетті емес дегенді Президенттің өзі және биліктегі өздерін элита көретін аз ғана топ айтты. Бір анығы – орыс тілі  маригиналданған бизнес-элита мен саяси элитаға ғана керек тіл.

Біріншіден, Мемлекетіміздің 70 пайыздан астам территориясындағы орыс диаспорасы мен қазақ тілінің, қазақ тілділердің жағдайы өзгерген.

Қазақстанда қазақтың әм қазақ тілді азаматтардың саны 82%-ға жетті. 2016 жылдан бері қазақ тілді БАҚ 13%-ға көбейді. 2015 жылы Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгергендер 76,3% болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 82,3%-ды құрады. Есесіне, орыстілді азаматтардың саны 0,6%-ға азайған. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде 2025 жылға дейін қазақ тілін еркін меңгергендер саны 95%-ға жетеді. Бұл «Ranking.kz» жасап түзген рейтинг.

Мемлекеттік тіл ҚР Білім саласында да қарқында дамуда. Қазақ мектептерін тәмамдаған түлектер саны еліміз бойынша 70%-ға жетті.

Қазақ тілі кең өріс алған тағы бір сала – бұқаралық ақпарат құралдары. Әсіресе электронды БАҚ-тар арасында қазақ тілді интернет сайттардың саны екпін алып, 84%-ды құрады. Ал пропорцианалды есеп бойынша, еліміздің 16%-ы ғана орыс тілді БАҚ-ты керек еткен.

Ол аз десеңіз, 1991 жылы еліміздегі орыстардың жалпы саны 5,9 млн болған. Қазір 3,7 млн орыс қалды. Орыстардың саны 2 млн.-ға азайды.

Иә, негізгі қауіп, негізгі дау «латын әрпіне неге қазақ тілді орта ғана көшуі керек?» деген мәселеде болып тұр. «Улап-шулап, көдедей көп сияқты көрініп жүргенімен орыстілді жұрттың қарасы қазір азайып барады. Ендеше оларға қарайлап отырудың қажеті қанша? Бізбен бірге латынға көшсін, қаламаса, сары жұртында сарғайып отыра берсін» деген Дәурен Қуаттың сөзімен тағы қосыламын.

Иә, рас, латын графиксы әлемдік бренд, оған біз ғана емес, бағзыдан төл жазуы болған қытай, жапон сияқты елдер де қол созып отыр. Бұған қосып айтарым: латын – өлі тіл. Оның артында қазақтың ділін, тілін, дінін "шауып алатындай" ештеңе жоқ. Латынға өту арқылы қазақ тілі, қазақ жазуы сәнге айналатын болады.

Есі бар жұрт екі бастан орыстың тілі мен ділінен, әліпбиінен бас тартып жатыр.  Салыстырмалы түрде айта кетейік. Украина орыс тілінен толығымен бас тартты. Білесіздер, Ресейден іргесін аулақ салғанда Президент Порошенко халық алдына шығып, «Прощай, немытая, Россия, страна рабов» деген  Лермонтовтың әйгілі өлеңін оқып тұрып, «орыстың өзінен де, тілінен де» бас тартқанын мәлімдеді. Сөйткен Украинаның 50,9 пайыз халқы орыс тілділер еді.

Молдова 2014 жылы, Латвия 2012 жылы, Грузия 2009 жылы орыс тілінен бас тартқан. Әзірбайжан мен Өзбекстанда латын қарпінде. Латын әліпбиі, әлемде кең таралған. Қазір латын әліпбиін Еуропа, Америка және Азия елдері қолданып жүр. Ендеше біз неге тежеліп тұрмыз?

Рас, қазіргі ұсынылған нұсқа кем-кетіктерге толы. Сондықтан да, бұл жоба қоғамдық талқыға жіберілді. Ұсыныс айтыңдар деді. Ендеше ұсынайық. Кері тартуға болмайды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

22 пікір