Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 13908 686 пікір 18 Қыркүйек, 2017 сағат 10:30

Шыңғыс қаған есімінің мәні мен мағынасы

Сарырқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы Шыңғыстау, оның ең биік жері Мұңал шыңы деп аталады. Тау солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған. Шығыс Қазақстан облысының Абай, Аягөз аудандары аумағында. Қазақ шежіресі бұл таудың атауы әйгілі Шыңғыс ханның құрметіне қойылғанын айтады. 1206 жылы Темір  ханды қазақтың он екі биі Қазтаудың басына ақ киізге көтеріп алып шығып, Темірдің де, оның хан деген лауазымын да, таудың да аттарын өзгертіп  Темірді Шыңғыс, хан деген лауазымын Қаған, сол сияқты таудың да атын Шыңғыстау деп өзгертіп, осы таудың ең биік шыңын Шыңғыс ханның аталарының құрметіне Мұңал шыңы деп атаған болатын. Шыңғыс ханның тегі қазақ екендігіне бұдан артық қандай дәлел керек.

Күні бүгінге дейін бүкіл әлемнің тіл мен тарих ғылымдары  «Шыңғыс» хан есімі атауының не мағына беретінін тиянақты түсіндіріп, бір тұжырымға тоқтай алмай келеді. Тарихшылар Шыңғысхан есімінің дүниеге келуін тарихын былайша суреттейді:

1. «Маған (Көкешіге) Тәңіріден ишарат болды. Темучинғе бар, елге, халыққа «бұл күннен

соң Темучин демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім» деп айтты» деді. «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар, ыз – оның көпшесі» (Әбілғазы «Түрік шежіресі» еңбек 1662-1663 жылдары жазылған).

Уәж: Қазақта ежелден биік тауларға ұлы тұлғалардың есімін қоятын дәстүр бар. «Ұлы», «ұлық» деген сөздер синоним ретінде қолданыла береді. Мысалы, ұлы тұлға (ұлық), биік тұлға,  Ұлы-тау, биік тау. Ал, қатты дегенге келсек, Шыңның тастан тұратынын, сол тастың қатты екенін меңзегені деп түсінгеніміз дұрыс. Мысалы: тастай қатты, тастанда қатты (Тастемір).  Бұл жерде тарихшы-ғалымдар көп ескере бермейтін тағы бір  себеп бар. Ол ұлы тұлғаларға Ата мен Аналарының «азан шақырып» қойған есімдерінен де басқа лақап (мақтау) есім берілетіні. Атамыз Темірге Шыңғыс қаған есімі  осылай берілді.  Алашқа – Ас, Алшын; Алшынға – Көкбөрі;  Алып ер Тобышқа – Арыстан;  Қожа Ахмет Иассауиге – Қазіреті Сұлтан; Бұмын қағанға – Ел хан; Мұхаммед ханға – Орыс хан; Бейбарс атамызға - Ал (Алшын) Захир; Әбілмансүрге – Абылай, Ерасылға – Қабанбай, Ибрагимге - Абай деген лақап ат берілгенін еске алыңыз. Ал, екінші буындағы «ызға» келсек, «ы» мен «і» дыбыс-таңбасы бір топқа жатады. Бұл жағдайда Шыңыз - Шыңның (Шынның (Ақиқаттың)) ізі деген мағына беріп тұр. «Көпшесі» дегенде осы айтылғанға әбден келеді. Мысалы, ыза болу (ұлғаюы, ашудың шегі), ызғырық (желдің күшеюі), ызғындай болу (көбею) т.т.

2. «Бәрі оны Чингиз (Шыңғыс) деп ұлықтады, себебі бұл сөз Тұран тілінде Патшалардың

Патшасы дегенді білдіретін еді» (Хондемир Гияс-ад-дин (1475-1536) «Моңғолдар тарихы» СПб, 1834, 18-бет).

Уәж: Атам қазақтың сөздік қорында бір ұғымның бірнеше атаулары бола береді. Мысалы, ағашты жер, қалың ағаш, орман, тоғай деген сияқты. Бұлда сондай.

3. «Шыңғыс хан патшалардың патшасы болады. Могол тілімен және Көкжут Тәңірі сондай ат қойды. Барша ұлықтар ол мағынаны қабыл қылды» (Қадырғали Жалайыр («Шежірелер жинағы» 1602 ж.).

Уәж: Өте дұрыс тұжырым. Темірге хандардың ханы болғасын лауазымын Қаған (барлық хандардың ағасы), соған сәйкес Шыңғыс деген мақтау (лақап) есім берілді.

4. «Шашу тойында татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен. Шыңғыс қаған туып, жеті күн өткеннен кейін, мұхит аралының ішінде бір қаралтым құс, күр қара тастың үстінен күн бағытымен айналып, үш күн бойы шақырады...

«Сол қаралтым құс түңлікке қонып,

«Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырады.

Сол құстың дауысы шыққан себептен,

Шыңғыс қаған деп атаған» («Алтан Тобыш» 47-бет).

Уәж: Тарихи деректерде Теміршіге Шыңғыс есімі 1206 жылғы Құрылтайда берілгені  айтылады. Біз бұдан қазақтың рулық шежіресінің тілін білетін жандарға арналған құпиялы ақпарат көзін көреміз. Мысалы:

«Татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, соның құрметіне сол есім берілді» дейді. Демек, екеуінің арғы тегі бір халық. Әйтпесе, ондай құрмет көрсетілмес еді. Біз бұдан жауласып жатырса да, татар мен мұңалдың тегі бір халық екенін көреміз. Автордың бізге айтайын дегені де осы болса керек. Енді осының үстіне Татардың сөз түбірі «Ат, Ата» екендігін қосыңыз.

«Темір бесікке бөлеу» - Темірді алғаш ойлап тауып, оны «қамырдай илеген» Қазақтың Алшын руы дегенді білдіріп тұр.

«Мұхит аралының  іші» - ежелде түркілер аралды «Ада» деп атаған. «Ада» деген арал атауы Маңғыстаудағы Қазақ мүйісінде күні бүгінде де бар. Ал, Мұхиттың тұбірі «Ұқ», яғни Нұқ пайғамбар атамыздың есімін береді.

«Мұхит аралының ішінде бір қаралтым құс» - жер бетіндегі барлық қаралардың түбі де Маңғыстаудағы Түпқарағаннан (Қарағантүптен, Қарағантүбектен), яғни Қаралардың шыққан түбінен алады. Ал, «құсқа» келсек, осы жерде «Құсшы қорымы» күні бүгінде де бар. Демек, «қаралтым құстың» мағынасы осы.

«Бір қаралтым құс, күр қара тастың үстінен күн бағытымен айналып, үш күн бойы шақырады...» - Шыңғыс есімінің шығу тегі Маңғыстаудағы Ман Адайларға қатыстылығы айқын меңзеліп тұр. Себебі, Қара тасты – Қаратау, Күн бағытын – Күншығыс, Үш күнді Адайлардың Сауранды үш айналуымен сәйкестендіруге әбден болса керек.

5. «Шыңғыс» сөзінің не мағына беретіні кезінде ғалымдар арасында пікірталас тудырып, түрлі болжамдардың өмірге келуіне себеп болғанымен, пәтуалы тұжырымын таппағаны мәлім. Біздің пайымдауымызда: «Шыңғыс» сөзі әу баста «шың» және «ғыз» (күш) деген екі сөзден құралған. Осындағы «шың» – таудың ең биігі» дейді. (Қ.Салғарин «Ұлы қағанат» 382 бет).

Уәж: «Шыңға» жасаған тұжырымына толықтай келісеміз. Ал, «Ғызды» күш деген мағына береді дегенін, «шыңға (биікке)» балама ретінде ғана қабылдауға болар. Және оның үстіне Шыңғыс есіміне жалғанып тұрған «ғыз» емес «ғыс».

Атам Қазақтың сөз жасау жүйесіндегі дыбыс-таңбалық рет бойынша да бұл сөз «Г», «Ғ», «К» және «Қ» болып, толып, толысқан жалғасын табады.

6. «1206 жылдың көктемінде Онон өзенінің бастауында Ұлы  құрылтай Монғолияның түпкір-түпкірінен жиналған хандар мен нояндардың, Шыңғыс ханның жаңа және бұрынғы жақтастарының құрылтайы шақырылды. Жиналғандардың төбесінде, моңғол әскерлерінің қорғаушысы сүлде рухының тоғыз құйрықты ақ туы желбіреді. Өзінің алғашқы шешімдерінің бірінде құрылтай Темүжінді – Шыңғысты Моңғолия билеушісі етіп жариялады, оған хан Шыңғыс деп ат қойды, немесе «оны император қылды», делінген «Асыл сөздердің» қытай аудармасында (І.Есенберлин).

Уәж:  Олар бұл жерде «Шыңғыс» деген сөздің өзін император (ұлы билеуші) деген мағына береді деп отыр. «Білмеген адам «у» ішеді» деген осы. Алайда, балама мағынасы ретінде қабылдауға әбден болады.

«Моңғол әскерлерінің қорғаушысы сүлде рухының тоғыз құйрықты ақ туы желбіреді» - Біз бұл жерде де Шыңғыс ханның тегі Қазақ екенін айқын көреміз. Шыңғысхан қағанаты туының ақ және оның тоғыз шашақты болатын себебі, Ақ -  ақиқат пен аға болса,  тоғыз саны Мұңалдың тетелес ағасы Тобыштардың сандық атауы. Тобыш пен тоғыздың түбірлес болатыны осыдан. Олар сонда өз ағаларының есімдерін ту етіп көтеріп жүрген болып тұр.

Ал, Біз ағаларымызға осындай құрмет көрсете алып жүрміз бе?

 7. «Шың – қазақ тілінде таудың ұшар басы, ұшарлығы; ғыс – көне түркі тілінде (қазіргі қазақ тілінде «қияс» түрінде сақталған) нұр, сәуле. Ендеше, бұл есім «биік, нұр сәулелі хан» деген мағына береді» дейді (13-б.). («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: 1. Қияс – Қиғаш, қиыс. 2. Қисық, бұрыс, бір қырын. 3. Ауысп. Қыңыр, қырсық, қиқар» (Қ.Данияров «Қазақстанның балама тарихы». Алматы: «Дайк-Пресс», 2008, 505-бет).

Уәж: «Нұр, сәуле» - балама сипаты ретінде қабылдауға әбден болады. Алайда,  Қияс сөзінің шығу тегіне байланысты басқаша тұжырым ұсынамын. Себебі, Қиястың түбірі «Қи, Қия» -  бастауын Қаз Адайдың мұңалынан өрбитін Қиян (көпшесі Қият) руынан алады. Қиян мен Қияттың түбірі Қия. Маңғыстаудағы ең терең ойпаттың Қарақия атанатыны осыдан. Ары қарай сөз түбірімен қуаласақ, Қияның түбірі «Иә». Иә, Иә кәдімгі Азия дегеніміздегі екінші буында тұрған «Иә (Ия)». Ал бірінші буында тұрған «Аздың» Қаз бен Қазақтың сөз түбірі екендігіне кімнің, қандай дауы бар. Міне сөз түбірлері осылай сөйлейді және ешқашан жаңылыспайды.

Тарих тағлымы: Сөз түбірі (өз түбі, өз Атасы) ешқашан жаңылыспайды. Жаңылысатын адамдардың санасы, яғни білім деңгейлері мен ақылы ғана.

8. «Әлемді дүр сілкіндірген ұлы хан алдымен өзін шығыстың билеушісі – Шығыс хан деп атады. Шығыс хан сөзі бірте-бірте әбден құлағымызға сіңген Шыңғысхан сөзі болып өзгерген».  (Қ.Закирьянов «Шыңғыс ханның түркілік ғұмырнамасы». 268 бет).

Уәж: «алдымен өзін шығыстың билеушісі – Шығыс хан деп атады» дегенге еш келісуге болмайды. Оған «Шыңғыс» деген лақап (мақтау) есімді халық берді. Ежелде лақап есім ұлы тұлғаларға тек қана осылай берілген. Кейіннен орыс патшалығын құлатқан еврейлік-большевиктер лақап есімді өздері таңдап алып, қазақтың бұл жақсы қағидасының мәнін жойып,  қолданыстан шығарды.

1206 жылғы құрылтайға дейін Шыңғыс хан шығысындағы мәнжүрлерді де, корейлерді де бағындырған жоқ еді. Алайда, Шығыс пен Шыңғыстың синоним екеніне тоқтағанымыз дұрыс болар. Себебі, шығысың болмаса, түстігің мен батысыңда болмаған болар еді.

9. «Шыңғыс» сөзі туралы «1910 жылы Қазанда шағатай тілінде басылған «Тауарих хамса» деген кітапта «Темүжінді соғыс ғылымы тәсіліне қарап, парсыша «Жың анкиз» (жиһангер) – жиңгыз – Шыңғыс» деп атады делінген. Осы түсінік дұрыс болуы мүмкін» («Моңғолдың құпия шежіресінің» М.Сұлтаняев аудармасы. 63-бет).

Уәж: Бұл жағдайда 1206 жылғы Құрылтайға жиналған  қазақ руларының бәрі жаппай парсыша сөйлеген болып шығады емес пе!? Меніңше мұндай тұжырым жасап, жазу түгілі, ойлаудың өзі білімсіздік. Себебі, Шыңғысты хан көтерген 40-қа жуық ру-тайпалардың бәрі күні бүгінде де қазақ халқының құрамында.

10. «Осы шежірені («Тауарих Хамсаны») аударып,  «Шыңғыс» деген сөзге түсінік берген Моңғолияның тіл ғылымының докторы  Д.Церінсодным «Осы түсінік дұрыс болуы мүмкін» деп жазыпты.

Уәж: «Апама жездем сай» болып шыққан. Демек, бұл қазіргі Монғолияның Шыңғысхан бабамызға тектік қатысы жоқ деген сөз.

11. «Құрылтайда оны таққа отырғызып, Шыңғысхан» деген ұлы атақ берілді. Бұл атақты бекіткен Көкөші болды... Оның аты Төбе-Тәңірі болатын. «Шың» дегеннің мағынасы – күшті, мықты, ал «Шыңғыс» - осының Қара Қытайдың ұлы билеушілерінің атағы болған гурхан сөзімен мағыналас көпше түрі, басқаша айтқанда ұлы да мықты билеуші» (Рашид-ад-дин).

Уәж: «Құрылтайда оны таққа отырғызып, Шыңғысхан» деген ұлы атақ берілді» - дейді. Дұрысы «Құрылтай таққа отырғызды» емес, Құрылтайда халық Темірді хан сайлап, хан көтерді болады. Бұл ең басындағы Мұңал даласында (қазіргі Моңғолияда)  болған оқиға. Ал, оған Құрылтаймен екінші рет қаған (барлық хандардың ағасы) деген ең ұлы лауазым беріліп, Шыңғыс деген лақап (мақтау) атты еншілеген жер қазіргі қазақ даласындағы Сарыарқаның төсіндегі Қазтау. Сол жерде Қазтаудың да аты Шыңғыстау болып өзгертіледі. Сонымен қатар, Шыңғыстаудың ең биік шыңы «Мұңал шыңы» деп аталады. Біз ол жайлы әңгімеміздің басында айтқанбыз.

«Бұл атақты бекіткен Көкөші болды... Оның аты Төбе-Тәңірі болатын» - Біз бұдан Шыңғысты хан (қаған) көтергендердің Тәңір дінінде болғанын көреміз. Көнекөз қариялар күні бүгінде де «О, Құдайым!» мен «О, Тәңірімді» қатар қолданып жүрген жоқ па!?

«Шың» дегеннің мағынасы – күшті, мықты» - тек қана балама мағынасы ретінде қабылдауға болады. «Шыңның» тікелей мағынасы олай емес. Оған кейін арнайы тоқталатын боламыз.

«Ал «Шыңғыс» - осының Қара Қытайдың ұлы билеушілерінің атағы болған гурхан сөзімен мағыналас көпше түрі, басқаша айтқанда ұлы да мықты билеуші» - Ұлы да мықты билеуші дегеніне толықтай келісуге болады.

12. Қытайлық Чжао Хунның мәліметтері бойынша, «Шыңғыс» - «Тянцы» - аспан шарапаты немесе «аспанмен шарапатталған», ал «император Шыңғыс»-билеуші, мемлекеттің негізін салушы делінген. Темүжіннің хан көтерілуі мен «Шыңғыс» атағын иеленуі шамандық салттар бойынша шаман Көкөшінің басшылығымен іске асты. Осыған байланысты «Шыңғыс» деген атақ кейде көне татар-моңғол рухы – тәңірлердің бірінің атауы деп те түсіндіріледі.

Уәж: Біз бұл мәліметтен «Шыңғыс» есімінің Тәңір дініне қатысты екенін көреміз. Маңғыстаудың қырында (Үстіртінде, Үстіңгі жұртында) Шың деген тау биігінің болуы осы айтылған сөздің растығын айғақтаса керек. Әйтпесе, Қашаған жырау «Шыңғыстай болып Шың да өткен» деп жырламаған болар еді. («Жыр-дария». 138 бет).

13. Танымал моңғолтанушы Д.Банзаров моңғол жазбаларынан қажылар рухы – Шыңғыс-тәңірдің бар болуы туралы естеліктер кездестірген.

Уәж: Ешбір халық жалған естеліктерді есте сақтамайды.

14. «Темүжін иеленген» Шыңғыс атауының мағынасына түсінік беру өте қиын. Бұл атақты Темүжін сол кездердегі моңғол бақсытанушылары бас иген жарқын рухтың атының құрметін алған деген жорамал жасауға болады. Сонымен қатар, көбі Темүжінді аспанның өзі таңдады деп санауы бұған түсінік, Темүжіннің өзі де оның тағдырына «Мәңгілік аспанның» араласқанына көп бас ауыртқан болса керек. Қазіргі кездегі түсінікке қарағанда «Шыңғыс» сөзі түріктің «тенгіс» сөзінен шығып, «теңіз», мұхит, ал «Шыңғысхан» деген сөз «мұхиттің, жер-судың иесі» деген мағына берді деген көзқарас қалыптасқан» (Академик Б.Я. Владимирцов «Шыңғысхан әлем сілкіндірушісі» 55-56 беттер).

Уәж: «Шыңғыс» атауының мағынасына түсінік беру өте қиын» дейді. Өзгелер үшін әрине қиын. Ал, «Шыңғысхандай ұлы тұлғаны дүниеге әкеліп, сол қағанаттың қарашаңырағын ұстап отырған қазақ халқы үшін оның түкте қиыншылығы жоқ. Менің мына сараптамам осы айтылғандардың айдай айғағы болмақ.

Өзі академик бола тұра шың мен теңіздің аражігін ажыратуға да білімі жетпеген.

15. «Чингиз» (Чингис, Хингис) сөзінің мағынасы әліге дейін анықталған жоқ. Шығыстанушылардың ойынша ол түрік-моңғол сөзі, теңіз, мұхит деп, «хан – мұхит», «Әлем – билеушісі», «Әлемдік – хан» дегенді білдіреді» (тарихшы-ғалым, профессор Тұрсын Сұлтанов «Поднятые на белой кошме, Ханы казахских степей» Астана – 2006, 12 бет).

Уәж: Бұл да «Апама жездем сайдың» кері. Атам Қазақтың рулық шежіресін басшылыққа алып, ақын-жырауларымыздың шежіре-дастандарын, қанатты асыл сөздерін зерттеген де   мынадай тұжырым жасамаған болар еді. Өзі қазақ бола тұра қазақтың қарапайым ғана  «Шың» деген сөзінің мағынасына түсінік бере алмай, «астындағы атын алты ай іздеу»  тарихшы-ғалым, профессор үшін кешірілмес кемшілік деуге әбден болар.

Біз бұл ғалымның тұжырымынан Қазақстан тарих ғылымының Қазақтың шынайы тарихынан қаншалықты алшақтап, айдалаға қаңғып кеткенін айқын көріп отырмыз.

16. «1189 жылы тайпалар көсемдері оған «Шыңғыс» атағын беріп, хан сайлады. «Шыңғыс» - «теңіз, мұхит» «Теңіз» дегенді білдіреді. Сонда «Шыңғысхан» теңіздей шалқар аумақтың иесі деген болып шығады. (Қазақстан тарихы 1 том. 296 бет).

Уәж: «Апама жездем сай». Жат жұрттың тарихшылары не айтса соны қайталаған. Өз туған елінің тарихын өз сөзімен зерттеп тұжырым жасауға саналары, яғни ақылдары мен білімдері жетпеген.

Демек, Біздің мына жағдайымызда Қазақстанның тіл мен тарих ғылымына түбегейлі реформа қажет. Қазақты ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де менсінбегендіктен мемлекеттік тілді меңгермеген, шет ел не айтса соны құп көретін «ләппай, білгіштерге» бұл салаға деген көзқарастарыңыздан өз еріктеріңізбен бас тартуға кеңес береміз.  Себебі, сіздің шынайы өмірбаяныңызды өзіңізден басқа ешкім жаза алмайды. Бұл да тап сондай дүние. Қазақтың шынайы тарихын өздерінен басқа ешкім жаза алмайды.

17. 1206 жылғы Шыңғыс қағанның ел таңбасында төмендегідей сөздер ойылып жазылған. Онда: «Көкте тәңір, жерде қаған бар. Әлем иесінің таңба мөрі» (Эренжан Қара-Даван, Чиргис – хаан как полководец и его наследие. А-А, 1991, 19 бет).

Уәж: Шыңғыс қағанның өз сөзі. Міне, нағыз қазақтың өз сөзі. Қысқа да нұсқа. Бір ауыз сөзге бәрін сиғызған. Осы сөзді бізге жеткізгені үшін Қара-Даванға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Жарайды. Осымен доғарайын. Әйтпесе, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей болжамдарды  әлі де көптеп жалғастыра беруге әбден болады.

Өздеріңіз көріп отырғандай, орыс тілді Қазақстан билігіне тәуелді тіл мен тарих ғылымы «шың (таудың ең биіктік шыңы)» мен «теңізді (суды)» ажырата алмайтын жағдайға жеткен.

Шындығы, «Шыңғыс» сөзінің түбірі «Шың» деген сөз «таудың ең биік шыңы, яғни ең ұлы биіктік» деген мағына береді. Мысалы, мен таудың ең биік шыңына шықтым.

«Құмнан зырылдап өтеді.

Құмның арғы шеті шың еді.

Шыңға таман жетеді.

Шыңның шықты басына...

Шың жағалап жүреді.

...Биік тау мен шыңдары.

...Қарамая шыңдары». (Қырымның қырық батыры 27 бет).

«Ақын Шәйтім Мұңайтпасұлы – Шың деп аталатын Үстірттің Арал теңізі бетіндегі биігін жайлаған белгілі ақынның бірі» (Бейнеу (тарихи-танымдық әңгімелер) Алматы-2003 42 бет).

«Шың» - ең жоғары биіктік, Қазақ даласының бір пұшпағы Маңғыстауда дүниеге келген. Оның топономикалық айғақтамасы Үстірттің Арал теңізі бетіндегі ең биік жердің «Шың» деп аталуы болып табылады.

Ежелгі жазбалардың бәрінде, қасиетті Құран-Кәрімде де Ұлы Жаратушы - Алланың адам баласына аян беретін жерінің атауы Синай тауы делінеді.  Сөз түбірі Син (Сын). Қазақта осы түбірден Сын, Сынды, Сынай, Сынтас, Сыңғырлау, Шын, Шындық (Ақиқат), Шың, Шыңырау, Шыңдау, шыңдалу, шыңдаушы (темірді) деген ұғымдар туындайды. Бәрінде де сөз түбірі Сын, Шын, Шың. Бұлардың бәрі синоним сөздер. Қазақтың ежелгі  «Сына» жазбасы солардан қалды. Олардың ең алғашқы ғұмыр кешкен жерлері Маңғыстаудың қыры, яғни Үстірті (Үстіңгі жұрты). Ол жерде қазір Маңғыстаудың қара ойынан Үстіртке  көтерілер  жерде Сынды асуы, Сынды тауы және осы аттас құдық бар. Осы қырдың бір биік жері жоғары да айтқанымдай, күні бүгінде де «Шың» деп аталады. Міне Алшын атауының шығу тегі. Бұл жер Сынды тауындағы түйелі ауыл тұрғындарының Ұлы Жаратушы Алланы алғаш таныған жері.  Ол жерде күні бүгінде де Қаратүйе - Ман ата деген тау атауы бар.

«Шыңғыс хан Аль-Темирджи татар ханы болғанда Шығыс және Солтүстік елдеріне иелік етті» (Эннувейри (1279-1333 ж.ж.) арап тарихшысы). Біз бұл деректегі «Ал» деген түбір сөзден  Шыңғыс ханның тегі Алшын, ал есімі Темірші екенін айқын көреміз.

Шыңғыс ханға қатысты аударма шежірелердің бәрі оның Ата-Анасының «Азан шақырып» қойылған  есімі Темүжін (Темучин, Темужин, Темуджин, Төмүчин т.б.) болғаны айтылады:

«Құпия шежіреде»: «Сол кезде Есүкей батыр Татардың Темүжін-Үке, Қоры-Бұқа бастаған татарларын жаулап келгенде… Шыңғыс қаған туыпты…. Татардың Темүжін-Үкені әкелгенде туды деп атын Темүжін деп қойған мәні сол (77-б.)» делінген.

Тура осылай деп Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихында» да баяндалған (І том, 2-кітап, 75-б.).

«Шашу тойында татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен» делінген Лубсан Данзан 1628 жылы жазған делінетін «Алтын топшы» кітабында. 47 бет).

Уәж: Шыңғыс ханның «азан шақырылып» қойылған есімі Темүжін (Темучин, Темужин, Темуджин, Төмүчин) емес екендігін оп-оңай дәлелдеуге болады.  Себебі, қазіргі «моңғол» атанып жүрген  тұңғұс-мәнжүрлерде де, түркілерде де мұндай есім жоқ. Ал, қазақта Темір, Темірхан, Темірби, Теміржан, Теміртас, Темірбек, Темірғали, Темірлан,  Өзтемір, Шынтемір, Бектемір, Тастемір деген сияқты темір металына қатысты есімдер толып жатыр.

Шыңғыс ханның «Азан шақырылып» қойылған есімі Темірге қатысты екендігі мұсылман тарихшыларының еңбектерінде айқын көрсетілген. Олар Шыңғыс ханның ата-бабасы жайлы жауынан жеңіліс тапқан Қиян (Қият) және Нүкіз (Нөкіс) екі адам азғана елін бастап, Алтай тауының Еркіңе қон (Ергенекон) аңғарын 450 жылдай қоныстанғаны, кейіннен халқы аңғарға симағандықтан таудың темір кені мол тұсына көрік орнатып, отпен балқытып, таудан түсер жол жасағаны айтылады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері Жошы ханнан тараған Әбілғазы баһадүр хан 1663 жылы жазған «Түрік шежіресі» атты кітабында мұны былайша баяндайды: «…таудан шығатын жол іздеді, таппады. Іштерінде бір темірші бар еді, сол айтты: «Пәлен жерде бір темір кені бар, соны ерітсе, жол болар еді». Ол жерді барып көріп, теміршінің айтқанын мақұлдады. Ол елге отын және көмір жинатты. Таудың кен жеріне ағаш пен көмірді үйіп, жетпіс теріден көрік жасап, жетпіс жерге құрды. Көрікті бәрі бірігіп басты. Құдайдың құдіретімен от күшті жанғаннан соң, тау темір болып аға берді… Сол шыққан күнін той етіп тойлау моңғолдың дәстүріне айналды. Ол күні бір кесек темірді отқа салып, қызарған кезде оны қышқашпен ұстап, төстің үстіне қойып, әуелі ханы, одан кейін бектері балғамен ұрар еді. Бұл күнді тар қапастан шығып, ата жұртына келген күніміз деп құрмет тұтар еді ( 29-бет)».

Алшындардың темірді «қамырдай илегені» ежелгі шежіре-дастандардың бәрінде айтылады. Қазақ шежіресінде темірші – ұсталардың пірі (ұстазы) он сегіз мың ғаламды билеген әйгілі Сүлеймен патшаның әкесі «Ер Дәуіт» делінеді. Қорқыт бабаның да,  Шыңғыс ханның да тегі Қиян (Қият) руынан екендігіне де ешкім дау айтпайды. Ол жайлы ауызша да, жазбаша да айқын жазылған.

Ал, екінші буындағы «ғыс» жалғаулығынан, сөз басы болып жаңа сөз жасалмайды. «Г,Ғ,К,Қ» деген топтағы «Ғ»-ны Қ» мен ауыстырғанда ғана бұл сөзден «Қыс» деген жаңа сөз туындайды. Осыған орай Атам қазақтың сөз жасау қағидасында «ғ» мен «қ» дыбысы сөз үндестігіне орай ауыстырылып қолданыла береді. Мысалы, Маңғыстау – Манқыстау, Шынғыстау - Шыңғыстау деген сияқты. Біз бұл сөз тіркестерінен Манғыстау мен Шыңғыстаудың синоним екенін көреміз.

Қыстың сөз түбірі (өз түбі) – «Ыс». Соған сәйкес, Қыс және ыссы деген ұғымдардың да – сөз түбірі осы. Бұл жалпы ауа райының ыстық және суық кезеңінің ең биік шыңы. Ұзақ жанған оттан да «ыс» қалады. Мысалы, ошақтың мұржасында.

Ыссы (ыстық) – Анаңның ыстық құшағы. Күннің жылуы мен ыстығы, Алланың мейірімі, яғни барлық дүниенің шырқау шыңы.

Қазақта осы «ыс» түбірінен туындайтын «пысы басты» деген сөз бар. Міне осы бір ауыз сөз бізге бүкіл әлем тарихын айна-қатесіз сөйлетіп бере алады.

Қазақтың 30 дыбыс-таңбалы Әліппесінің 1 мен 14 реттік санын құрайтын «Ал» деген буын сөз бен «Алпыс» деген сан атауының қалай сөйлейтінін талдап көрейік:

Ал (Алғы, Алғашқы, Алдыңғы);

Алғи (ру атауы, Адайдың ежелгі ұраны, ежелгі шежіре-дастандарда Алғидың даласы, Алғидың тауы, Алғидың ала шөлі т.т. болып кездеседі, Алғи руы қазіргі Орта жүз Қоңыраттың құрамында);

Алаша (ру, Алшыннан тарайтын он екі Ата Байұлының бір баласы);

Алаш (Қазақ пен Алаш синоним. Ақиқаты Алаш қазақтың баласы. Алаш қазақтың ұраны (Ұранға шығу үшін ұранға шығаратын елі болуы керек). Алаш жұрты);

Алты Алаш (Алаштың өсіп, өніп көбеюінен дүниеге келген Адам Атаның алтыншы буын ұрпағы;

Балықшы (Алты Алаштың рулық шежіредегі атауы, Адайдың алтыншы буын ұрпағы);

Алшын (Алаш шыны (Шын Алаш), Алаштың Алланы таныған шындығы, Алаштың (қазақтың) шыққан шыңы));

Алты - Алты саны Алаштың (Балықшының) сандық атауы;

Алпыс – Балықшының он (Мұңал-Монғол) еселенген сандық атауы.

Бәрінің «Ал» деген бір түбірден болатыны осыдан. Алпыс саны атауындағы «ыс» пен «пыс» деген түбірден пайда болған, «пысы басты» деген ұғым осылай дүниеге келді.

Атамыздың лақап (мақтау) есімінің құрамындағы «Шың (Шын)» және «Ғыс (Қыс)» деген екі буынның толық мағыналары осы. Бұл Шыңғыс қаған Алшын-Көкбөрінің, яғни Қазақ халқының төл ұрпағы және бұл ұғымдардың бастау алған жері Маңғыстау, ал Шыңғыстау оның жалғасы   деген сөз.

Тау – «Т» дыбыс-таңбасы сөздің қай жерінде қолданылса да толып, толысқан Ата, ал, «Ау – Ауа Ана» деген мағына береді. Адам баласы үшін өзін мына жарық дүниеге әкеліп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» тәрбиелеп өсірген Анасынан жақын, Анасынан ұлы, Анасынан биік ұғым бар ма? Сол үшін де, сол Анаға ең ұлы құрметін білдіру үшін бүткіл жер бетіндегі тастан жаратылған биіктіктердің бәрін жалпылама атаумен Тау деп атады. Ал, сол таулардың әрқайсысына, яғни Ата мен Ананың Ақ сүтін ақтағандарға Таудың атын берді. Шыңғыс қағанның құрметіне Шыңғыстаудың атын беру себебі осы. Бүткіл жер бетіндегі таулардың атауы осылай дүниеге келді.

Ал, Қағанға келсек, Қаған да таза қазақ сөзі – сөз түбірі Аға, ары қарай Қа (Қазақ, Қара (Қар (Ақ) пен Қара), Ағ (Ақ, ақиқат), Аға және Ан (Ана) деген біріккен сөздерден тұрады.

Қаған (Қ-аға-н) - барлық хандардың ағасы, әлемді билеген ең ұлы хан. Сөз құрамындағы Аға деген  түбір сөздің, Хан деген сөздің қақ ортасында айшықталып тұруы тек қана осыны білдіреді. Қазақта осындай сөз жасауы тек қана бұл емес, бұдан да өзге сөздер жеткілікті. Мысалы, С-аға-қ (Сақ аға, «Су ақпайтын ба еді сағадан, сөз басталмайтын ба еді ағадан»), С-ада-қ (Сақ ата, қазақтың әйгілі қаруы Садақтың авторы), С-ене-к (Сақтардың Енесі) С-аба-қ, (Сақтардың Бабасы), С-ана-қ (Сақ ана), Қ-аға-з  (Қаз аға), Қабар (Қ-аба-р) Қардың (Ақиқаттың) апасы (қар мен ақ синоним), К-өлең-ке (Өлеңнің көкесі. «Өлең сөздің патшасы» (Абай). Өлең мәңгі сөзбен бірге, көлеңке мәңгі адаммен бірге), Қ-алма-қ  (Алма тұтас дүниені қақ жарып, Адам Ата мен Ауа Ананы ұжмақтан қуып шықты. Шежіре-дастандардағы қазақтың барлық жауларының «қалмақ» деп жалпылама атаумен аталатынының сыры осы) т.т. болып кете береді.

Қаған атауы өз бастауын Маңғыстаудың Түпқараған түбегіндегі Қаңға бабадан (алқап, елді мекен, ежелгі қорым, қамал) алады. Қаңға бабаның түп атауы Хан аға. Бүткіл жер бетіндегі ең алғашқы хандық құрылған жер осы. Қазақтың сөз жасау қағидасында екі сөзден бір сөз жасағанда, дыбыс үндестігіне сәйкес екінші сөздің бірінші дыбысы, немесе бірінші сөздің соңғы дыбысы түсіп қалып, қосылып айтылады. Мысалы, Би Адай – Бидай, Қу Адай әке – Құдайке, Үстіңгі жұрт – Үстірт, Атамыздың жұрты – Атажұрт, Сары аға – Сарға, Торы айғыр – Торайғыр, Торы ат – Торат (Таурат), Ман әке – Меке, Балықшы Сақ Ғұн – Баласағұн, Сақ аға – Саға, Сақ Ана – Сана, Қазық жұрт – Қазығұрт, Ар апа – Арап, Қаз бір (Қаз пір) – Қазір, Бүгінгі күн – Бүгін, Оқ пен қыз – Оғыз, Ада (Ата) мен Ай – Адай, Төрдегі ін (үй) – Төркін, Қожа Ахмет – Қожахмет, От Ман (Отпан) – Отан, Қыз Ман – Қызан, Жеті ру – Жетру, Барын ауыл – Барнаул, Жары бұлақ – Жарбұлақ, Жары кент – Жаркент, Жары тас – Жартас, Жары құм – Жарқұм, Мандардың қыстауы – Манқыстау т.т. болып кете береді. Демек, хан елдің ағасы болса, Қаған ел мен бірге барлық хандардың ағасы. Қазақ халқының өз хандары мен қағандарына Құдайындай сеніп, айтқандарын мүлтіксіз орындайтындарының және олардың алдында «Хан аға» деп қолын кеудесіне қойып, бас иіп тұратындарының сыры осы. Атам қазақтың өз ханы мен қағандарына құрмет көрсеткендері  соншалық олар отыратын орын тақты, алтын тақ деп атап, бастарына «тақия» етіп киіп жүрген. Ал, олар өз кезегінде Әз әулие (қазақ) атасының есімі мен Анасының атын басына көтеріп,  әжесін Тәж деп атап бастарына киген.  Қазақтың ата-бабаларынан қалған ежелгі қағида да  інілері ағасына қарсы шығып, беттерінен алып, жағасына жармаспаған. Қазақта Аллатағала деген ең ұлы да, аса қастерлі ұғым бар. Осы сөздің құрамы Алла, Ата және Аға деген үш біріккен сөзден тұрады және Ал (алғы, алдыңғы) сөзі осы сөз құрамында төрт рет қайталанып, осы үш ұғымның үшеуінде ортаға алып тұр. Сол үшін де оларды Қас би (Каспий), Бас би, Тау би, Шыңби, Көпби деп атаған.  Бүткіл жер бетінде Адам-адам болғалы  мұндай сөз жасау мәдениетіне еш бір ел жете алмаған.

Шыңғыс ханға ата-аналарының «Азан шақырып» қойған есімі Темір. Біз мұны оның көптеген ұрпақтарының осы есімді иемденгенінен де айқын көре аламыз. Мысалы, (Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» бойынша) Шыңғыс ханның ұрпағынан: үлкен ұлы Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темір, ал оның ұлы Бай Темірдің немересі Кен Темір; Жошының өзге ұлдарынан тараған немере-шөберелерінің есімдері — Мөңке Темір, Інжіл Темір, Тоқтемір, Илақ Темір, Бектемір, Түлектемір, Тоқта Темір, Құтлық Темір, Темірбай; Ал Шыңғыстың екінші ұлы Шағатай ұрпақтарының ішінде Темір, Бұқа Темір, Өрік Темір, Әбіл Темір, Қабыл Темір, Жұлдыз Темір, Белге Темір, Иса Темір, Бек Темір, Құтты Темір, Айық Темір, Тоқатемір, Шегін Темір есімділері бар. Үкітай мен Төледен тараған ұрпақтарда да Темір текті есімділер баршылық.

«Темучин» - сапалы темір және болат дегенді білдіреді. Міне осылайша, Шыңғыс ханның шын аты Темучин емес, Темір болады» (Иокинф-Бичурин).

«Рашид-Ад-Диннің сөзінше, Монғолдар ер адамның тегін анықтау үшін сөзге «чин (шын)» деген жалғау қосады. Осы жалғауды алып тастасақ оның аты Темір-железо болып шығады» (М.Тынышбаев. «История казахского народа» 112-б.).  Шынында да Теміршың, Шынтемір, Шынболат деген есімдерден «шынды» алып тастасақ осы айтқандай болып шығады. Және біз бұл есімдердің Алшын атауына байланысты екенін айқын көреміз.

Шыңғыс хан ұрпақтары арасында, нақтылай айтқанда, Үкітайдың екінші ұлы Құтанның баласының аты Шынтемір, алтыншы ұлы Қаданның немерелерінің ішінде де Шынтемір, Шынболат есімділері бар. Мұндай есімдер қазақта жетіп артылады.

Ал, Темучин (Теміршың), Темірші дейтіндеріміз де шындықтан көп алшақ кетпейді. Теміршің де, Шыңғыс та темір металына қатысты. Тек біріншісі, Теміршің – «темірді шыңдаушы, ұста» деген сөз болса, екінші есімі, Шыңғыс та теміршілердің тілдік қорындағы сол, «шың, шыңдалған» деген балама мағына береді.

Қазақта «шы», «ші» деген жалғаулар, кәсіби мамандықты білдіреді. Мысалы, малшы (мал бағатын адам), жылқышы (жылқы бағатын адам), қойшы, жаушы, шолғыншы, сауыншы, қымызшы, аспазшы, түйеші, егінші, шөпші, жүргізуші, темірші (ұста), етікші т.т. болып жалғасып кете береді.

«Төмөр – темір, Төмөрч (ин) – ұста» («Моңғол-қазақ тілі сөздігі»).

Ал, «Н» дыбыс-таңбасы сөздің қай жерінде қолданылса да Нұқ пайғамбар атамыздың есімін беріп, баласы, ұрпағы дегенді білдіреді. Мысалы, Сарин, Алтынсарин, Нұралин, Нұртазин, Майлин, Карин, Мамин т.т.

Шыңғыс сөзінің шығу тегіне келсек, бұл ұғым Шың (Шын) және Қыс (ғыс) деген екі біріккен сөздерден тұрады.  Мұнда екі түбір сөз бар «ың (ын)» және «ыс (іс)».  Шың – таудың ең биік жері (шыңы).  Шын – сөздің ең расы, ақиқаты.

Ал, Қыс (Ғыс) – бұл Мандардың қыстауынан шықты деген мағына беріп тұр.

«Шыңғыс» сөзінің қазіргі моңғолға еш қатысы жоқ. Себебі, Шыңғыстың бірінші буынындағы «Шыңнан - шыңдалған» деген сөз туындайды, яғни темірдің шыңдалуы дегенді білдіреді. Рашид-Ад-Диннің «Шынның мағынасы – күшті, қатты», Әбілғазының  «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар» деуімен де сәйкес келеді. Ал қазіргі моңғол тілінде мұндай сөз жоқ. Ол тілде «шыңдалу» – тужирэх, ал «темір шыңдау» – төмөр ширээх делінеді.

Қазақтың дыбыстық таңбалары: 1.А,Ә,Е,   2.Б,П,  3.Г,Ғ,К,Қ,   4.Д,Т,   6.Ж,З,   7.И,Й,Ы,І,  8.Л, 9.М,   10.Н,Ң,   11.О,Ө,    12.Р, 13.С,Ш,    14.Ү,Ұ,У,  15.Һ.  болып, 15 топқа бөлінген.  Қазақ Алып биінің кереметі, барлық таңбалар мен буындар осылай 15/15 болып белгілі бір математикалық жүйеге, яғни Адам Атамыздың шежірелік жүйесіне сай орналастырылған. Мына топтардың басында тұрғаны бастауы болса, соңында тұрғаны сол буынның толып, толысқан соңғысы. Бір дыбыс-таңбадан тұрғандары мағынасы өзгермейтіндері.

Шыңғыс дегеніміздегі екінші буынның басында тұрған «Ғ» дыбыс-таңбасы осы кестенің үшінші қатарының екінші буынында (Г,Ғ,К,Қ) орналасқан. «Г» - газ (ауа) деп Қаз-дың негізін қаласа, «Ғ» - Аға деген сөздің және қимыл әрекеттің шыққан шыңын білдіріп тұр.

Мысалы, осы екінші буында тұрған «ғыстан» - ағыс (қимыл-әрекет), бағыс, күнбағыс (ежелгі Күндер (гүндер) салған Ата-баба жолы, бағыты), соғыс (Аталар салған Алланың ақ жолынан таймау үшін), тоғыс (толып, толысқан мүдделердің бір жерден шығып тоғысуы), шығыс (бастау, күннің шығысы), Шынғыс (шын-рас, яғни Алланың Ақ жолы, Шыңғыс (Шың – таудың ең биік шыңы, баламасы адам баласының Алланың Ақ жолын танудағы ең биік санасы),  сөз ортасында Манғыстау (Маңғыстау, яғни Мандардың қыстауы), Шынғыстау (Шыңғыстау) болып шығады.  «Ғыс-тың» толық мағынасы осы. Қазтаудың атын өзгертіп Шыңғыстау деп қоюларының да сыры осы.

Қазақ та «Ғыс» бірінші буынға қойылып сөз жасалмайды. Қас билердің бір ауыз сөзбен тарих жазу кереметі де міне осында.

Қазақтың рулық шежіресінде Адамзаттың дүниеге келуі, есеюі, кемеліне келуі мен толып толысуы дыбыстық таңбалар және сандармен белгіленіп бәрі қатар өріледі. Сол үшінде кейде біздер, санның орнына 1-А, 2-Ә, 3-Б, 4-Г, 5-Ғ, 6-Д, 7-Е, 8-Ж, 9-З, 10-И, 11-Й, 12-К, 13-Қ, 14-Л, 15-М, 16-Н, 17-Ң, 18-О, 19-Ө, 20-П, 21-Р, 22-С, 23-Т, 24-Ү, 25-Ұ, 26-У, 27-Һ, 28-Ш, 29-Ы, 30-І  деген дыбыстық таңбаларын қолданамыз.  Адамзаттың жетпіс мың жыл ғұмырындағы ең алғашқы әлемдік ұлы держава Қазақ қағанаты  қолданған дыбыстық 30 таңбаcы осы. Бұл 30 таңба әлем тарихындағы адамдардың, рулардың, тайпалардың, елдердің, хандықтардың (мемлекеттердің), қағанаттардың дүниеге келу, яғни ата тектік рет санымен толықтай сәйкес жасалған. Біз Алып би (Әліппе) әлемінде өмір сүріп келеміз. Әліпби – халықаралық жағдайда түрлі мемлекеттердің, ұлттардың мәдени қарым-қатынасын жүзеге асыратын және олардың шыққан тегінің реттік орнын анықтайтын ең сенімді құрал.

«Ыс» деген түбірдің алдына қойылатын дыбыстық-таңбалардан Ғыс (5), Қыс (13), Мыс (15), Пыс (20), Рыс (21), Тыс (23) деген алты сөз ғана туындайды. Өздеріңіз көріп отырғандай Бес деген баға «ғыс»-қа берілген.

Ал, Ад 1-6, Ада 1-6-1, Адай 1-6-1-11, Адам 1-6-1-15, Манғыстау 15-1-16-5-29-23-1-22-26 болса, Шыңғыстау 28-29-17-5-29-22-1-22-26 болып, Адам Атаның ұрпағы Ман Ата, Шыңғыстау Маңғыстаудың жалғасы екендігі айқын көрініп тұр.

Қазіргі өтеміз деп отырған Латын Әліппесі Ата тарихымызды осылай сөйлете ала ма?

Осы жерде арнайы атап өтілуге тиіс жағдай, олардың бәрі сол заманда түркі тілінде, яғни қазіргі қазақтың Ана тілінде сөйлеген. Себебі, Күн қағаны Мөде б.з.д. 209 жылы құрған империядан бергі 1500 жыл ішінде қазіргі Мұңалия (Моңғолия) аймағында қазақ этносын құраған көптеген тайпалар мен рулар өмір сүрген. Бүгінгі күні Керілген (Керулен) өзенінің арнасынан 25 шақырым жердегі Шыңғыс ханның жазғы жайлауы Аваргада 1990 жылы қойылған ескерткіште Шыңғыс қаған империясының негізін қалаған қырыққа жуық қазақ тайпасы мен руларының таңбасы қашалған.  Олар: арғын, бағаналы, балталы, шапырашты, беріш, ошақты, жалайыр, тарақты, тама, табын, жаппас, шекті, қаңлы, телеу, керей, алаша, таз, ысты, адай, сарыүйсін, дулат, уақ, қоңырат, рамадан, алтын, кете, төртқара, қарасақал, жағалбайлы, шеркеш, сиқым, албан, ботбай, шымыр, матай және терістаңбалы. Бұл рулардың барлығы күні бүгінде де Қазақ халқының құрамында. Олар тілін өзгертіпті деген дерек еш жерде жоқ және бола да алмайды. Себебі, көшпелі халықтың тілі ешбір елдің тілімен будандаса алмайды.

 Шыңғысханның өзі де, қағанаты да ежелгі қазақтар сияқты бір ғана Тәңірге сыйынды.   «Мұңалдың Құпия шежіресінде» Шыңғыс ханның үш рет «мойнына бұршақ салып», Тәңірден тілек тілегені айтылады. Маңғыстаудағы ежелгі қорымдарда (мысалы Қараман Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата т.т.) Тәңірлік кірес таңбалы зираттар көптеп кездеседі. Тіпті «Шақпақ Ата» жер асты мешітінің өзі де кірес бейнесінде салынған.

Шыңғысхан қағанатының ұраны Алаш, таңбасы «Тіл» мен «Жебе» болды. Бұл таңба Шыңғыс қағанның туған жері Мұңалияның (қазіргі Монғолия) Аваргада деген жерінде Шыңғыс ханға арналып қойылған обелскіде таңбаланған. Маңғыстау мен Үстіртте мұндай таңбалар кездеспейтін бірде-бір қорым жоқ десе де болады.

Әлемдегі ең үлкен құрылық Азияны (Қазияны, Қазақияны) мекендеген халықтардың Темірді – Шыңғыс, Қазтауды – Шыңғыстау, хан деген лауазымын – Қаған деп өзгертулерінің ақиқаты осы.

Сөз соңында айтарым. Қазақта «Ердің екі сөйлегені өлгені» деген мақал бар. Аталарымыз екі сөйлемеген. Уәдесін жұтпаған. Сөздің қадірін білген. Өз тарихын бір ауыз сөзбен жазған. Орынымен айтылған бір ауыз сөзге тоқтаған. Мына «Шыңғыс» деген жалғыз ауыз сөз осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. «Тектіден туған текті», көне көз қарияларымыздан білім «сарқытын» ішкен, Ата салтын сақтайтын  ерлеріміз бұл сөзге тоқтар, орыс, арап, парсы, ағылшын қытай т.т. табынған «Тегін білмейтін тексіз, жеті атасын білмейтін жетесіздер» тағы да жағама жармасар...

Бірақ ондайлардың мынаны есте сақтағандары жөн. Алып биімізді (Әліппемізді) қайта-қайта ауыстырып (бір ғасырға жетпейтін уақыт ішінде үшінші рет ауыстырылмақшы), қазақ тарихында болып көрмеген тәжрибе жасап сәбилерімізді балабақшадан бастап үш тілде оқытып, ЖОО-нан тарих сабағын алып тастап қазақты тілі мен тарихынан айыруға қанша жанталасқандарымен одан түк шықпайды. Себебі, қазақи ілім тек қана кітап арқылы емес, жүрек арқылы да жалғасады. Ол ілімнің аты Тарихат жолы, яғни Сопылық ілім. Бұл ілім ел арасында Ар ілімі, Жан ілімі, Хал ілімі, Хақ ілімі  деп те атала береді. Жоғарыдағы зерттеу еңбегімді сол ілімнің шапағаты деп білгейсіздер.  Ал, қазақи жүректердің соғысын тоқтату бір Алладан болмаса, адам баласының қолынан келмейді.

ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

«Кім өз үйін дұрыс басқара алса, ол мемлекетті де дұрыс басқара алар, кім он адамға өз сөзін тыңдата алса, ол үлкен әскерге де басшылық ете алар. Кім де кім өзіндегі жаман қылықтарынан арылса, мемлекет қамын ойлай алар» (Шыңғыс қаған өсиетінен).

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау      

Abai.kz

         

 

 

686 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413