Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 46751 32 пікір 24 Қыркүйек, 2017 сағат 09:19

Қытайдағы қыспаққа түскен қазақтарға қандай көмек көрсете аламыз?

 

Қазір ақпарат құралдары арқылы: «Қытайдағы қазақтарды қырып-жойып жатыр» деген суық хабарды күнде оқып, күнде естуге болады.

Рас, қытай алып ел. Алып империялар өзінің әлсіреген тұсында немесе өз ішінен ірірткіш күштердің көбейген кезінде, сыртқы жаулардан қорықып, қорғанған кезінде осындай жанталасқа барады.

Айталық, Сталин халықты неге қырды, неден қорықты? Ақыры өзі қорыққан құдыққа құлап, империясы тарады. Сталиннің сойылын соққан Шың Шысай халықты қырды. Ол 20 мың қазақтың көзін құртса, қазақ батырлары оның 60 мыңға жақын армиясын шығынға ұшыратты. Және де соңы Жаң Кайшыны паналап, Тайуанға қашуына ұласты. Мау Зыдұңның «Мәдениет төңкерісін» жүргізіп, сыртқы есікті тарс бекітіп алуы да сондай қорқыныштан еді. Оның да арты қазылды, тұқымы тұздай құрыды. Демек, халыққа қанды қақпан құрған бұдан бұрынғы зорлықты күш иелерінің сондай қорқынышы, халықты үрейлендіріп, қысыммен ұстаймын деуінің соңы – бәрі бірде трагедияға соғып отырған.

Бүгінгі қытай қоғамы жалғыз қазақтарды ғана қысып отырған жоқ. Он қытайдың арасына шағын ұлттардан (қазақ, ұйғыр, моңғол, дүңген, т.б.) біреуін қосып, екі еттің ортасына бір май қыстырғандай қақтап жатыр. Басты ойлағаны – өзінің ішкі қауіпсіздігі. Ал ішкі қауіпсіздікті бұлайша нығайту – қорқыныштың нышаны. «Неден қорықсаң, қатерің содан» дегендей, бұл –империяның ішінде іру бар деген сөз. Жә, ол ұзақ және саяси әңгіме.

Қазақтар жайына оралайық. Тағдыр кейде адамдардың қолына мүмкіндік береді. Қытайдағы қазақтардың 26 жылдан бері еліне орала алмауы бір қарағанда қолдағы бар алтын кезеңін өткізіп алғандай өкінішті көрінеді. Шын мәнінде әлі де болса желіміз оңнан тұр деудің мүмкіндігі бар. Қытай халық республикасы мен Қазақстан республикасы дос, көрші елдер. Әлде біреулер ұрандатқандай, Қытай қарулы күштерінің Қазақстанға басып кіруінің ешқандай негізі жоқ. Екі ел өзара шекара және бейбітшілік келісімдеріне қол қойып, «алты аласы, бес бересіміз жоқ» деп сөз байласқан. Одан қалса қытайлардың әлемдік қатеріне көз салып, олардың қыбыр-жыбырын аңдып отырған халықаралық ұйымдар бір елдің екінші елді жаулауына, басып кіруіне ешқашан жол бермейді. Алыстағы АҚШ түгілі Қытайдың көрші досы болып отырған Ресейдің өзі «шеткі үй көшсе, ортаңғы үй шет болады» дегенді жақсы біледі. Өзге елдің отарлануы арқылы өз елінің мүддесіне тиімсіз болатын келеңсіздіктерді күні бұрын аңдайды. Бүгінгі дүние елдерінің көбі алаң көңілмен Қытайға сақтықпен қарайды. Шын мәнінде Қытайдың көршілерін әскери күшпен жаулап алғаны туралы дерек жоқтың қасы. Қытай елі «шүршіт» атанған жоңғар кезінде Абылаймен қақтығысып қалған тұсының өзінде армиясын тез шегіндіріп әкеткен. Шияң Гаң (Гонгок), Аумын (Макао), Тайвань, т.б. ежелгі өз территориясы болған жерлерге иелік жағында да кезіндегі келісім-шартсыз, артық қадамға барған емес.

Алайда, бұл анықтамалар қытайлар «сүттен ақ, судан таза» дегенді білдірмейді. «Олар жүз жылда қайтқан кек – тез қайтқан кек» деп тек қана мысықтабандап жылжуды басты ұстанымы еткен. Және де ашық жаулаудан, жауласудан көрі «ақыл-айламен алу» амалын ата жолы ретінде бірінші орынға қояды. «Ұлы қорған» атанған қамалдың ішіндегі бұл халықтың ақырын-ақырын жылжып, қазіргідей байтақ территорияны бағындыруы сондай айлалы амалдарының жеңісі.

Бүгінгі қытай аумағындағы ежелгі түркінің жерін мәңгілікке бауырына басып қалуы үшін олар қолынан келгенін аямайды. Жақында ғана ҚХР төрағасының: «Біз біреудің жеріне көз алартпаймыз, біреудің біздің жерге көз алартуына да жол бермейміз», - деуі сол ескі жараның тырналуын емексіткені еді. Оның кейбір нақтылы мысалдары жоңғардан босаған ежелгі түркі жұртына қазақтардың қайта қоныстануы барысындағы күрестен көрінген болатын. Нақтылап айтқанда, Еділ бойындағы қалмақтарды жоңғардан босаған жерге қоныстандырып, қазақ көшіне тосқындық жасау идеясы ертеде қалай қалыптасса, қазірде солай жалғасып отыр. Бүгінгі Қытай аумағындағы қазақтар қоныстанған өңірлерге Шыңғысханды дәріптеп, моңғолдан, жоңғардан қалған кейбір ескерткіштерді қайта жаңғырту арқылы «бұл сенің жерің емес, жоңғардан босатып алған өз жеріміз» деген пәтуәсін айтуда.

Бірде мынадай бір қызық жайт болыпты. Қытай төрағасы Си Цзиньпин Берлинде Германия Канцлері Ангела Меркельге кездесіп, оған тарту-таралғы ұсынса, неміс басшысы оған Иоган Маттиас Хазен атты математик, астроном, картографтың 1740 жылы сызған байырғы картинасын сыйлаған екен. Басында байқамай қуана қабылдаған қытай басшысы соңында барып, «әттеген-ай» деп сан соғып, бармақ тістеп қалса керек. Себебі, әлгі картада қазіргі Қытай территоиясының  жарты бөлігі, яғный, Ішкі моңғол, Маньжурия, Шынжаң, Хайнань, Тайван және Тибет үстірті мүлдем көрсетілмеген дейді.

Демек, екі миллиярд халықты қалай асыраймын деп тарыққан Си төрағаның басы ауырып, балтыры сыздаған сәттерде жаман түстерден шошып оянуы әбден мүмкін ғой. Ол жаман түс, әрине, ежелгі һұн, түркі, моңғол деген алтын арқауға қосақталған көшпенділердің бас біріктіріп, атқа мінуі, «жау болып жағаға жармасуы, бөрі болып етектен алуы». Ендеше, кеңестік кезеңде «сәтті» болып көрінген «түп тамырымен отау, жөргегінде тұншықтыру» қағидасы бойынша күдік-күмәннің шекесі қылтиса болды, басымен қоса шауып түсіру – олардың қазіргі ұстанымы.

Енді ойлап көріңіз, сыртқа алып аждаһа болып көрінген империяның өз ішінде кеулеп жатқан қанша қанды іріңі бар. Еркін демократияны аңсаған қытайдың озық ойлы зиялылары бір ғана «коммунистік жүйені», «ортақ қазанды», «бір партиялы диктатураны» сүймейді. Бір ел емес, көп қытайлы ел болып та әлем елдерімен бой теңестіретін штаттық басқару жүйесі сынды ежелгі «бектік» басқаруды ойлайтындар да аз емес. Тіпті комунистерді емес, гоминдаңшыл қара қытайларды артық көретін қаншамасы бар.  Осындай «ішкі қауіпке» сырттан көз алартатын АҚШ ықпалын қосыңыз. Ендеше «сырттан сақтанудың жолы – ішті тазалау» деп білетін олар есек мініп ереуілге шыққан ұйғырды да, атқа мініп арандатпасын деп қазақты да тарпа бас салуға дайын. Сталин, Шың Шысайдың зұлматты күндері басқаша бейнемен бас көтеріп, тарихи оқиғалардың қайталанып қалуы мүмкін деген үрей бүгінгі Қытай билігінің бойын буып барады.

Олай болса, талай от пен судан аман өткен қазақтар не істеу керек?

Ереуілге шығу керек пе? Жоқ, Қытай өкіметі онсызда түртіп қойып, сондай сұмдықтың шеті көрінсе, «террорист», «шығыстүркістаншыл», «шетпен байланысып, отанды аудармақ болды» деп  сыныққа сылтау іздеуде. Болмашы кінәмен тырнағына ілінген талайды бас бостандығынан айырып, темір торға тоғытып жатқанын ақпараттан аңдап отырмыз.

Үндемей қою керек пе? Жоқ, үнсіз қалуға болмайды. Тарих қайталанады демекші, Шынжаң тарихында мұндай кезеңдер көп болған. 1951 жылы Қытай қызыл армиясын бастаған Уаң Жын генаралдың армиясы алдындағыны қынадай қырып, Оспан батыр бастаған баһадүрлерді құртқан соң, солардың «құйыршығы» деп ұйғыр мен қазақты сотты-сотсыз ата беретін бір заман болды. Әсіресе, 1952 жылы 1937-1938 жылғы қырғындағыдай сұраусыз ата беру дәстүрге айналып, талай мұсылманның басы допша домалап еді. Сол тұста озық ойлы ұйғыр, қазақ азаматтары Халықаралық ұйымдарға және қытай төрағасы Мау-дың атына арыз хаттар жіберіп, қырғынды тоқтатуын талап еткен. Бұдан хабар тапқан Қытай Орталық партия комитеті шұғыл жиын шақырып, Уаң Жынды Бейжіңге қайтарып алған. Әрі оған «жер реформасын жүргізуде солшылдық қателік өткізді» деген айып таққан. Ізінше халықаралық ұйымдардың ықпалымен Шынжаң секілді аз ұлттар мекендеген өңірді басқаруға «Ұлттық территориялы автономия саясатын» қолданған еді. Алдап-арбау секілді атқарылған заңның басы тиімді баптармен шағын ұлттарға пайдалы болғанмен, соңы сабан қағаздағы сайғақтың ізі болып  қала берді.

Демек, осы тәжірибені негізге алып, Шынжаңда болып жатқан «асыра сілтеушілерді» әшкерелеген нақтылы хаттар жазылып, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына және Қытайдың орталық партия комитетіне, Бас прокуратурасына жолдау керек. Және де Қытай заңдарының, оның ішінде автономия заңы баптарының өрескел бұзылып отырғаны жайында нақтылы дәлелдер болуы қажет. Бұған «арғы беттегі» қазақ зиялылары заңды құқықтарын пайдалана отырып кірісуі қажет, мүмкіндік болғанда Бейжіңге тікелей барып, нақты жағдайды мәлімдеуі керек.

Біз не істей аламыз? Бұл сұрақты қазақстандық азаматтардың бәріне қоюға болады. Соның ішінде шеттегі қазақпен жұмыс істейтін Сыртқы істер минстрлігінің консулдық басқармалары, Ішкі істер минстрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігі, Мәдениет және Спорт министрлігі, Білім және Ғылым министрлігі, т.б. орындардың құлағында отырған азаматтар алыстағы ағайынның Атажұртқа оралуындағы барлық кедергілерді алып тастауы керек. Нақтылап айтқанда виза, кеден, тіркелу, ықтиярхат, азаматтық алу, оқуға түсу, жұмысқа орналасу, медициналық жәрдем, үй, жер алу, т.б. жұмыстардың бәрінде қандас бауырына деген барлық жеңілдіктер жасалуы керек. Одан қалса, осындағы қазақы қаны тасыған зиялы қауым өкілдері Сыртқы істер минстрілігі арқылы ортақ хатқа қол қойып, оны Қытай Сыртқы істер министріне және олардың осындағы консулдық басқармасына табыстап, жауап беруін талап етуі шарт. Парламентте депутаттар бұл мәселені өзекті оқиға ретінде қозғауы тиіс. Мұндайда қазақ: «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «досы көпті жау алмайды», «өзіңді өзің сыйласаң жат жанынан түңілер» деген сөздерді қолданады. Өз бауырыңды өзің жарылқай алмай отырып өзгеден қандай қайыр, мейір күтесің!?

Аталған құқықтық жүйелерге байланысты көрсетілер көмек заңның аясында барлық мүмкіндіктерді қарастырып іске асса, ресми емес мекемелер мен ұйымдар: білім, өнер, мәдениет салалары рухани көмек көрсетуге міндетті. Нақтылап айтқанда, шет жұртта отырған 5 миллион қазақтың жанашыры – қазақ. Түп қазығы – Қазақстан. Арқа тірегі, санасындағы асқары, көңілінің медеуі осы ел – бізбіз. Олай болса, ананың балаға арналар махаббаты, ордалы қара шаңырақтың отауға жасалар аталық бауырмалдығы – қазақ елінің, қазақ азаматтарына түскен сынақ. Қазақ мемлекеті қазақ тілді басылымдар, кино-театр, ән-күй, қолөнер, т.б. ұлттық құндылықтарының бәрін олардың кәдесіне тегін ұсынуы керек. Ендігі өсіп келе жатқан өспірімдерінің  санасына әр күні қазақ екенін салып, жаңғырық тудырып отыратын механизим жасауымыз қажет. Ат ізін суытпай оларға барып-келіп тұрсақ, оларды үнемі шақырып, қонақ ретінде сыйлап отырсақ, ағайыншылық үзілмейді. Үміті жоғалмайды.

Алыстағы ағайынның табанына кірген шөгір – менің маңдайыма кірсін дейтін Ана Отан, Ата Жұрттың алтын мейірі осындайда көрінсе керек-ті. Кейде шетелдегі қазақтарға қатысты қандай да бір шыр-пыр болар жағдай туа қалса, көбінде сол елден оралған азаматтар алдымен көзге түседі. Тіпті, әркімнің өзі меншіктеп алған елі, жері, жүзі, тақырыбы бар сияқты болып, басқалары қарап тұратын жайлар да кездеседі. Дін аяққа тапталды десе, ол діндарларға ғана керек сияқты. Тіл десе оны тіл жанашырлары қолға алу керектей сезіледі. Қытайдағы қазақтар жайы сөз бола бастаса, көбінде сол топырақтан келгендер көзге түсіп, басқалар «соңы не болар екен?» деп, санадан тысқары сабырға ерік беретіндей болады. Осындайда аталарымыз: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Бірлік болмай тірлік болмайды» деген ғой. Сақтық, әрине, әркімнің өз басына жақсы шығар, бірақ туған халқың, туған топырағың, отаның, жан бауырың отқа оранатындай болса, соқа басыңды амандап, алтын кесемен су ішкенің кімге керек!

Қытайдағы қазақтар туралы сөз болғанда олардың басына төніп келе жатқан тағы бір қатер – олардың әдебиеті мен мәдениетінен көлеңке іздеу. Ондағы діндес бауыр – ұйғырлар арасында осыдан біраз бұрын дәл осындай «тырнақ астынан кір іздеушілік» жүргізілген екен. Ұйғырдың бір қаламгерінің терезе жақтауына қонған түз кептері мен қамақта отырған үй кептерін мұңдастырған мысал әңгімесі тырнаққа ілініп, ақырында авторының сотты болғанын естігенбіз. Қытайдың Құлжа қаласында той өтікізіп, атасының атын атағанына кінәлі болған Оспан батырдың немересі де түрмеде жатыр.

Әлде қайда есімізден шығып бара жатқан ескі індетіміздің бірі –  талантсыздарды таланттыларға қайрап салып, көк бөрілерді көп итке талату еді. Империяларға құлдыққа сатылған талай қазақ баласы атасын сақалынан сүйреп оққа ұстап берген заман болған. Келмеске кеткір сол күнді Қытай қоғамы қайта «тірілтіп», «әдебиеттегі тазалау науқанына» кіріскен сыңайлы. Әрине, кім қалай жазды, өз ұлтына, отанына қалай бүйрек бұрып, «ортақ отан – Жұңхуаға» қалай қарсы тұрғысы келді? – дейтіндей сандырақтар талай саңлаққа тұсау салып қана қоймай, сананы шаршатып, ағайынды арандатары айдан анық.

Ендеше, ел болып, ер болып, ортақ ұлттық ойға жиналып, қамалды қалыңдатып, қалқанды сайлауымыз керек. Жат жұртта жанашырсыз қалған қандастарымыз жалғыз шырпыдай сынып біткенше сынай қарап отырсақ, елдігіміз, мемлекеттігіміз қайда?! Өзге ұлттың телегейіне жұтылып бара жатқан бауырларды құтқармасақ, жау қолында қалған жалғыз ұл үшін қан кешкен бабалар рухына қиянат жасаған боламыз! Бұл жүк – қаны қазақ азаматтың бәріне парыз. Ол мейлі жер шарының арғы беті – Америка құрлығында доллар санап жүрсін, ол мейлі құран құшақтап араб топырағында отырсын, ол мейлі көз жасын көлдетіп жат жұртта жаутаңдап жүрсін, ол мейлі «алтын ғасырым» деп Ақ ордада алшаңдай бассын – бәрі, бәрі қандас қазағына күйінуі, оған көмектесудің жолын қарастыруы қажет! Аталар қанынан ағып жеткен алтын түйіршіктер бізді дәл осылай бірігуге, ұлтты сақтауға, құрып жоғалмауға шақырады. Өйкені біздің дініміз – Ислам, түбіміз – түрік, ұлтымыз – қазақ. Біз ешқашан осал болуға қақылы емеспіз!

Жәди Шәкенұлы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Abai.kz    

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320