Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 15662 16 пікір 26 Қыркүйек, 2017 сағат 11:47

Түркіменбашы "Желтоқсан желі" әнін ұрлап алған ба?

Біз бүгін түркіменнің талантты басшысы Гурбангулы Бердібұхамедов туралы сөз қозғамақпыз. Дәлірек айтсақ, Түркіменбасының композиторлық қыры әм қазақ музыкасының құдыреті жайлы жазамыз.

Түркіменстанның қазіргі әм келешектегі Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов туралы әңгіме былай басталады...

Гурбангулы Бердімұхамедов Аркадаг ағасы, ОА елдері басшылары сапында ең тоталды авторитар және авторитар-фанат Президент Сапармұрат Ниязовтан мұраға тақ бұйырып, ел басқарған сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жігіт. Жігіт деймін-ау, алпысты алқымдаған жігіт ағасы.

Түркімен жұртының табынары да, сыйынары да сол – Аркадаг.  Өз елінде және шетелде алған марапаттары төсінен тобығына жетерлік култь-тұлға. Түркімен елінде оның туған-туыстары мен өзіне арналған саябақтар, ғимараттар мен парктер, тіпті ескерткіштерге дейін орнатылған.

Түркіменбасы Гурбангулы Бердімұхамедов 3 сайлауда айқын басымдықпен жеңіп шықты. Ең соңғы рет 2017 жылы халықтың 94,27 пайыз дауысына ие болды. Сөйтіп, Конституцияны өзгертті.

Гурбангулы Мәлікұлы әнші, композитор, барабанда, ұлттық аспаптарда және гитарада ойнайды. Түркімен жұртындағы ең көп жазатын жазушы. Оның кітаптарынан шәй ішу манерасы туралы немесе ақалтеке аттың бапталуы туралы танымдық ізденістерді байқауға болады.

Ол 18 университеттің құрметті профессоры, философ. Армия генералы, шабандоз. Оны әлем жұрты «Түркіменстанның Рембосы» деп таниды. Ол көлік жарысын жақсы көреді. Өзі профессонал-авто-дрифтер.

Міне, осыншама дарын-қабілеттің иесі жақында ән жазыпты. «Алға, алға, тек қана алға! Туған жерім Түркіменстан» атты су жаңа әннің авторы – Аркадаг ака Гурбангулы.

Президенттің бұл әні өткенде ғана Ашхабатта өткен Азиада ойындарының гимні болды. Жалпы, ән тыңдарман қауымға 2015 жылдың қараша айында алғаш рет ұсынылған еді. Түркіменстанның Мары шаһарында өткен думанды кеште Түркіменбасы сахнада әнді өзі орындап, оны стадионға жиылған жұрт ду қол соғып қошеметтеген еді. Бұл салтанатты сәттің бейне жазбасы  әлеуметтік желіде бар.

«Ән жазса жазған шығар. Онда тұрған не бар» дерсіз. Міне, гәп осында жатыр. Түркіменбасының  әнге деген әсіре әуестігі оның әндеріндегі плагиатты әшкереледі.

Біздің байқағанымыз, Гурбангулы Бердімұхамедовтың дәл осы әні қазақ сазгері Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» дейтін композициясымен егіз қозының сыңарындай сәйкесіп тұр.

Иә, әнді жүз пайыз көшіріп алған жоқ. Әуенді әрлеу, тағысын тағы, процедуралардан бөлек те, екі композитордың шығармасы бір-бірінен айнымай тұр. Бұны шығармашылық ұрлыққа жатқызатын болсақ, кім-кімнен ұрлады деген сұраққа келіп тірелеміз. Әбекеңнің әні жарыққа шыққалы ширек ғасырдан асты, білеміз. Ол әне қазір қазақ әндерінің алтын қорына қосылып та үлгерді. Түркіменбасы болса,өз әнін 2015 жылдың қаршасында ғана жариялап отыр. Ал Гурбангулы мырзаның әнінің қайырмасы қазақтың  мұңын, қайғысын арқалаған "Желтоқсан желі" әнінің айна қатесіз әрленген формасы. Ау сонда  тоқсан өнер бойына біткен талантты тотолитар басшының әні плагиат болғаны ма? Ұят болғанда, ұрланған ән Азиаданың әнұраны болды емес пе?..

Түйін: "Желтоқсан желі" әні қазақтың қайғысы мен мұңы. Бұл әнді әлдебір спорттық сайыстың науқандық әнұранына айналдырып, мазақ етуге қазақ халқы төзе алмайды. Бұл мәселеге біздің СІМ арласып, наразылық нотасын жіберу керек. Себебі, Желтоқсанда опат болған Қайраттардың жанайқайын жеткізген ән өзге ұлтта қуанышты сарында шырқалуы қазақтың әнін, мәдени құндылығын ұрлау ғана емес, ұлттың намысын қорлау болып саналады.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300