Қырғыз депутаты билікті басып алмақ болды деген күдікпен 48 сағатқа қамалды
Қырғызстан парламентінің депутаты Қанатбек Исаев «қылмыс жасауға дайындалды», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» және «билікті күшпен басып алмақ болды» деген күдікпен 48 сағатқа қамауға алынған. Бұл жөнінде Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлайды.
Заңға сәйкес 48 сағаттың ішінде оны ұстау шарасы белгіленеді. Қазіргі уақытта депутатты арнайы қызметтің тергеу абақтысына отырғызған.
30 қыркүйекте Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Жоғорку Кеңеш депутаты Қанатбек Исаевтың және ұйымдасқан қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлап, олғарға қатысты бас прокуратура қылмыстық іс қозғады деп мәлімдеді.
«Қылмыстық істің материалында президенттіктен үміткер Өмірбек Бабановтың белсенді жақтасы Қанатбек Исаев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алу мақсатында жастарды ақшаға қызықтырып, дайындап, оларды сайлау кезінде және сайлау өткеннен кейін пайдаланбақ болған», - делінген Қырғызстанның арнайы қызметі таратқан мәлімдемеде.
1 қазанда Өмірбек Бабанов Бішкекте баспасөз мәслихатын өткізіп, әріптесінің қамауға алуына қатысты пікірін білдірді. Ол мұның арандату екенін айтып, егер Қанат Исаев өзін қолдамағанда, онда мұндай проблема болмаушы еді деді.
Abai.kz