Ғабит Мүсіреп. Діни «плацдарм»
Ұлты қазақтың бәрін сырттай еншілеп, мұсылман етіп жүрген өзіміз. Ал, шынтуайтына келгенде, аты қазақтың бәрі заты мұсылман болмайды екен. Оған енді түбегейлі көзіміз жетіп отыр. Дүниенің түкпір-түкпірінен ағылған миссионерлер қазақтың кең сахарасына туристік сапармен емес, өз дініне мінажат ететіндердің санын көбейтуге ұмтылатындай-ақ. Рим-католик шіркеуіне құлшылық етушілердің елімізде «десанттық тобы» ретінде 122 миссионер қызмет етеді. Одан кейінгі орында протестантизмнің өкілдері, 110 миссионер қазақ жерінің ой-шұқырын аралап, өздерінің туын тігіп, біржола жайғасып жатыр. Оның сыртында дәстүрлі емес протестанттық бағыттағылар да бар. Дәсүрлі емес деп, «қалың олжадан» құр қалсын ба, дінбасылары да олардың ішінен 25-іне батасын беріп, кең қазақ сахарасына ақ жол тілеп, шығарып салыпты. Иеарусалимнен артынып-тартынып Еврей қауымдастығының жалынды сәлемін жеткізуге де 9 миссионер келіпті. Бұлардың бәрі қағазға қатталып, ресми тіркелгендері ғана. Әйтпесе, байқамай «адасып» жүрген, тіркелмеген миссионерлер жетіп артылады ғой. Соларды шоттап, заң бұзса сотқа сүйретіп жатқан құзырлы мекеме бар ма?
Ұлты қазақтың бәрін сырттай еншілеп, мұсылман етіп жүрген өзіміз. Ал, шынтуайтына келгенде, аты қазақтың бәрі заты мұсылман болмайды екен. Оған енді түбегейлі көзіміз жетіп отыр. Дүниенің түкпір-түкпірінен ағылған миссионерлер қазақтың кең сахарасына туристік сапармен емес, өз дініне мінажат ететіндердің санын көбейтуге ұмтылатындай-ақ. Рим-католик шіркеуіне құлшылық етушілердің елімізде «десанттық тобы» ретінде 122 миссионер қызмет етеді. Одан кейінгі орында протестантизмнің өкілдері, 110 миссионер қазақ жерінің ой-шұқырын аралап, өздерінің туын тігіп, біржола жайғасып жатыр. Оның сыртында дәстүрлі емес протестанттық бағыттағылар да бар. Дәсүрлі емес деп, «қалың олжадан» құр қалсын ба, дінбасылары да олардың ішінен 25-іне батасын беріп, кең қазақ сахарасына ақ жол тілеп, шығарып салыпты. Иеарусалимнен артынып-тартынып Еврей қауымдастығының жалынды сәлемін жеткізуге де 9 миссионер келіпті. Бұлардың бәрі қағазға қатталып, ресми тіркелгендері ғана. Әйтпесе, байқамай «адасып» жүрген, тіркелмеген миссионерлер жетіп артылады ғой. Соларды шоттап, заң бұзса сотқа сүйретіп жатқан құзырлы мекеме бар ма?
«Естімеген елде көп» деп, қазекең қалай дәл айтқан. Естісеңіз айтыңыз, біз санамалайық. «Новая жизнь» шіркеуі, «Новое небо» шіркеуі, «Благая весть» шіркеуі, «Жатва» шіркеуі, «Живая Лоза» шіркеуі, толық Евангелия шіркеуі, Библия шіркеуі, «Вефиль» қасиетті шіркеуі, «Иисуса Христа Святых последных дней» шіркеуі сияқты «шіркеу» атаулыдан шекең шылқиды. Күллі дүниедегі дінге қатысты тірліктің бәрін жиып әкеліп, қазақ жеріне қотара салғандай. Соған қарап Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің өтуі заңдылық па деп қаласың. Алқалы жиын «дәстүрлі діндердің» басқосуы болғанымен, біз жоғарыда санамалаған қаптаған «шіркеулер» «дәстүрлі емес» протестанттық бағыттағылар. Құдай қаласа, осы қарқыннан айрылмасақ, «дәстүрсіздердің» де дәстүрлі басқосуы болатын шығар әлі елордада. Өйткені, олар елімізде еркін өмір сүріп, насихатын жүргізіп, қатарын молайтып келеді. Қазақстанда жерсініп жатқан «Новая жизнь» шіркеуі бірлестігінің саны - 53, толық Евангелия шіркеуі - 21, «Жатва» шіркеуі - 8, Библея шіркеуі - 4. Қалғанын санамай-ақ қоялық, «дәстүрсіз діндер» бірлестігінің еліміздегі жалпы саны 232-ні дөңгелектейді. Қазақтардың көңілін аулап, оларды өз қатарына тартудың амалы шығар, «Рахым» атты Евангель Христиан шіркеуі де бар.
Жалпы, бәрінен аты озып тұрған протестант бағытын ұстанушылар, олардың республикада 946 (!) бірлестігі бар көрінеді. Одан кейінгі жүлделі орынды елімізде 77 діни бірлестігі бар католиктер иемденеді. Бахаилар, кришнаиттер, вайшнавтар сияқтылардың басын біріктіретін дәстүрлі емес діндер бірлестігінің ұзын саны - 56. Ал иудаизмге құлшылық етушілердің бірлестігі әзірге 24 екен. Жоғарыда аты аталмағаны бар, түгенделмегені бар, олардың қанша мүшесі бар екендігін, олардың қаншасы қазекең екендігін бір құдай біледі. Соңғылары да «өз үлестерінен» құр қалмай, несібесін теріп, мінажат етіп жүрген болар...
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне жүгінсек, басқа діндердің қорын «байытып» жүрген қазақтардың саны 500 мыңды шиырлапты. Тұтас бір елорданың халқына жетеғабыл ма, қалай? Бұл өткен он жылдың еншісіндегі «жетістік». Алдағы күннің қандай «сыбаға» сыйларын кім білсін? Қазекең бұрын-соңды бас жағынан бөлінгенімен, таласқа түспеген жалғыз дүниесі бар болатын. Ол - қазақтың мазары, басқалай айтқанда моласы. Ертеректе адамдарды зиратта арғы атасына қарай бөлек жерлегенмен, моланың жанынан өткен қазақтың қай-қайсы да бетін сипамай өтпейтіні болушы еді. Баба аманатына берік адамдар әлі күнге дейін осылай істейді. Ал ендігі жерде қазақтың өз арасында молалардың бөлінісі басталғалы тұр. Қазақтың кең даласы алдағы уақытта «шіркеулерден шекпен киген» қазақтардың мәңгілік қоныс тебетін өзіндік зиратымен толыға түссе, таңданбаңыз. Бес жүз мыңның әрқайсысына топырақ атажұртынан бұйырғанмен, қай моладан орын тиетіні белгісіз-ау. Бәлкім, бара-бара әрбір елді мекеннің жанынан дәстүрлі емес діндерге мінажат етушілер арғы дүниеге аттанған соң, олардың моласына жер бөліп беру де «дәстүрге» енетін шығар...
Шығыс әлемінің тарихында өзіндік орны бар қасиетті Тараздың төрінде қазір түрлі діни ағымдар тоғысып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан ежелгі қаланың жұртын миссионерлердің өз ыңғайына қарай бейімдеуге жанталасқан әрекетті көрген сайын Айша бибі анамыздың аруағы алдында өзімізді күнаһардай сезінеміз. Кеңестік кезеңге кебісін ауыстырмай, сүйретіп жеткен қазекең, ел тұтқасына өзінің қолы жеткен тұста ұстанымынан ажырап қалғандай. 2003 жылы «Иегова куәгерлері» атты діни бірлестікке кірген тараздық Жанара Сүгірбекова қызы Үміткүлді әкесінен қайтарып алу үшін сотқа береді. Азаматтық іс дейін десеңіз, ар жағында тағы бір ойдың ұшы қылтияды. Сот жүріп жатқан кезде Жанараның шашбауын көтеріп, тайлы-тұяғымен иеговашылар көшіп жүрді.
... Ал Үміткүлдің әкесі Т.Көпбаев зайыбының кебін қызы да киіп кете ме деп қорқады. Жаңа ғасырда қазақтың әрбір шаңырағына діни қатер төне бастағандай ма, қалай?
Бүгінгі бір отбасының қасіреті ертеңгі бүкіл қоғамның проблемасына айналуы мүмкін-ау. «Жұрттың отбасында не шаруам бар, өз шаңырағымның ынтымағы болсын» деген астамшылықтың ақыры адуынды апат болып қайта оралуы да ықтимал.. Астанадағы қазақтың қадір тұтқан зиялысы әу басында өз қызының болашақта жат діннің жетегінде кететінін білді дейсіз бе? Елдің алдында халықтың дәстүрі, қадір-қасиеті туралы тебірене әңгімелейді. Алайда, отбасындағы тірліктің сиқы жоғарыдағыдай. Қазақтың ұлттық қағидасын мұрат тұтқан азаматтың кейінірек өзінің бала тәрбиесінен опық жейтінін білді ме екен?
Қоғамдағы кез келген жаман әдет «жұқпалы». Бәлкім, қазақтың «адам басына түспей білмейді» дегені де осындайдан шыққан болар-ау. Бірақ, осылардың бәрін әрбір қазақ отбасы өз басынан кешіргеннен кейін сабақ алып жатсақ, онда бабалар дәстүрінен жұрнаққа бірдеңе қалады деп айту қиын.
Сырттан келіп өз дінін насихаттаушылар қазақтар қонағының көңілін қалдырмайтындығына әбден дағдыланып алса керек, алдағы кезеңге арналған жөн-жобасын да өзімен бірге, қолтығына қыстыра келіпті. Мәселен, Евангелия сектасының «Благодать» шіркеуінің бағдарламасына үңілсеңіз, қазақтардың бәрі осы шіркеуге құлшылық етушілердің қатарын толықтыруы керек сияқты. «Ұят қой, сонша жерден, мұхиттың арғы бетінен, Лос-Анджелес қаласынан арқаланып келген екен, тапсырмасын орындасын», деген көңілжықпас ой сап ете қалады. Қараңыз.
«Мақсаты:
... Орталық Азия мен Қазақстандағы шіркеуде іс жүзінде құлшылық етуі үшін қуатты көшбасшыларды әзірлеу жөніндегі орталықты айқындау...
2010 жылдың аяғына елді толыққанды евангелизациялауға қол жеткізу».
Құдды кеңестік кезеңдегі стратегиялық жоспарлар тәрізді. Кешегі кеңестік қоғамға өздерінің тәсілімен діни экспансия саясатын жүргізу бар секілді америкалықтардың ойларында. Амал жоқ, осыдан кейін қонағына қорадағы жалғыз қойын сойып беретін қазекеңе евангелиямен шұғылдануына тура келеді. Әйтпесе, ыңғайсыз болады әлемдік евангелистер алдында...
«Бір ұлттың бірнеше дінге бөліне бастауы әрі қарай осылай жалғаса берсе қиын». Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі осылай қынжылады. Ендеше, қазақ топырағына діни төзімділік емес, діни бөлінушіліктің ұрығы себіліп жатқандай. Кезінде Рәтбек қажы айтқан жетпіс пайыздық мұсылмандық меже барған сайын біртіндеп азая беретін болғаны ғой. Әйтпесе, басқа діндерге құлшылық етушілердің елімізге қопарыла көшіп келіп жатқандары байқалмайды. Тек арнайы «десанттық топ» қана болашаққа «плацдарм» әзірлеп жатыр. Онысы жеміссіз де емес, әлгі бес жүз мыңдық нөпір соның алғашқы «нәтижесі». Миссионерлердің қай-қайсысы да алақандарын ысқылап, дінбасылары берген межеден көрінуге, қазақтарды өз қатарына мейлінше көбірек тартуға жанталасуда.
«Діни мәдениетке қауіп сырттан емес, іштен, біздің санамыздан, пиғылымыздан туып отыр», дейді философ Амангелді Айталы. Рас-ау, өзіңе-өзің мығым болсаң, сенде кімнің шаруасы бар? Басқалардың бағдарламасына қазақтың қатысы қанша? Бірақ, кез келген ықпалдың ыңғайына жығылуына әзір тұратын менталитетіміздің ақыры «Құдай -біреу, сондықтан түрлі дінге құлшылық еткенде тұрған ештеңе жоқ» деген қазекеңнің кәдуілгі немқұрайлы тірлігіне ұласпаса болғаны. Жеке отбасының қауіпсіздігі Отанның қауіпсіздігіне ұштасатынын біреуіміз біліп, біреуміз білмейміз ғой. Әйтпесе, «дін мемлекеттен бөлек, ал адам қай дінге құлшылық етеді, ол өз еркі» деп өзекті мәселелерге қатысты ұстанымымызды босаңсытып жібермеген болар едік. Бәлкім, «көпұлттылықты» көпдінділікке» ұластыру туралы тағы біреулердің «бағдарламасы» да бар шығар?! Ал, сонда қазақ ұлты өз қауіпсіздігін қорғауға дәрменсіз болғаны ма?
Бәрін «бүлдіріп» отырған - «Діни бірлестіктер туралы» Заң. Оған өзгеріс енгізуге депутаттардың да тәуекелі жетпеді. Сөйтсе, мұхиттың арғы бетіндегі Сэм ағай қатты ренжіпті. Кәрі құрлықтағы басқа «ағайлар» да түсінбестік танытыпты. «Діни наным-сенімге еркіндік беріп, осы саладағы қарым-қатынасымызды тереңдетеміз, адам құқын алдыңғы қатарға шығарамыз деп отырғанда , қазақтардың бұл қай тірлігі?» Сосын амал жоқ, «ағайлардың» айтқанын құп алуға тура келді. «Өзімізге ештеңе етпейді, ең бастысы көкелер ренжімесін, олар қапаланса жағдайымыз мүшкіл болады». «Мың өліп, мың тірілген қазақ қой, бұл жолы да аман шығар?» Осылайша тірлік кешіп жатқан жайымыз бар. Бағзы бабалардың аруағына жалбарынбаса, бүгінгі жер басып жүрген жандардың қарекеті қазекеңді «оққа байлап» бергендей...
«qogam.kz» сайты