Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 7388 59 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 08:24

Ежелгі қазақтың жеті түрлі әскери қосыны

Қазақ және басқа да Түрік-Ғұннан тараған халықтарда мынандай әскери атаулар істетілінген екен, таңданыс тудыратыны неше ғасырлар, мың жылдар өтсе де бұл атаулардың күні бүгінге дейін Қазақ жадында сақталуы мен қолданыста болуы. Төменде осы әскери атаулардың түсініктемесі берілді.

Мәліметтер «Түрік Шежіресін» (1838-жылғы Лондон нұсқасы) негіз ете жазылды, бұл «Түрік Шежіресінің» иесі Шыңғысханның үлкен баласы Жошыдан тараған бел ұрпағы Әбілғазы Бахадүр, ол Хиуа Хандығының Ханы болған. «Түрік Шежіресінің» әуелгі нұсқасы 1663 жылы Әбілғазы жағынан жазылған. Еңбек алғаш рет Француз тіліне 1726 жылы аударылса, кейін ағылшын және орыс тілдеріне аударылған.

Еңбекте айтылуынша ерте заманда Оғыз Хан барлық әскерлерін жинап жетіге бөледі, осы жеті топтың атаулары жеке-жеке мына ретпен келген.

1. Құрауыл: бірінші топ - ең алдында жүретін бірінші бөлімі. Бұл топ армияның ең алдыңғы қорғаныс, әрі шабуылшы шебі болған. Түріктер бұл топты «Құрауыл» деп атаса, Моғолдар (мұңғолдар) «Болжоңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр «Түрік Шежіресінде». Олар құрамалар болып, ең алдымен ұрысқа кіріп шайқас дәмін татады, әрі қырғынға көп ұшырайтын да осылар. Аты айтып тұрғандай олар әртүрлі құрама топтардан құралған. Хандар «Құрауыл» қосынына  әртүрлі тұтқындармен басқа жұрттарды көп қосатын болған, себебі қырылса ең алдымен солар қырылатын, өз әскеріне тым зақым келмейтін. Мәселен Шыңғысхан тұтқынға түскен тәжіктерді түмен-түменімен ең алдынғы «Құрауыл» қосынына қосып қалаларды алуға жеккен.

2. Ерауыл (немесе Мұңқолай): екінші топ - Түріктер бұл қосынды «Ерауыл» (ерген топ) және «Мұнқұлай» деп атаса, Моғолдар (мұңғолдар) «Бороңғар» деп атаған дейді Әбілғазы Бахадүр. Олар алдағы «Құрауыл» тобының артынан мәлім аралық-қашықтық қалдыра еріп отырады, бұл бөлімнің басты рөлі барлық қосындар арасындағы байланысты жандандыру болған. Ал араптар бұл топты «Мүкдүмт-ил-жиш» деп атайды, себебі бұл топқа қосындағы ең батыр жігіттер ұйыстырылған деп жалғастырады еңбек иесі. Бұл қосын «Құрауылдың» артын аңдап еріп отыратындықтан «Ерауыл» немесе «Ерген топ» аталған.

3. Оңқол: үшінші топ - жалпы қосынның оң жақ бөліміне орналасқан. Олар алдынғы екінші топ «Ерауылдан» садақ жебесі жетер ара-қашықтық яғни жебе ұшырым шалғайлық сақтап отырады. Бұл топты Түріктер «Оң-қол» деп атаса, Моғолдар (мұңғолдар) «Оңғар» деп атайтын, Арапша «Йүменә» делінген.

4. Солқол: төртінші топ - жалпы қосынның сол жақ бөліміне тұрақтасқан, яғни «оңқолдың» қарсы жағына орналасқан. Түріктер бұл қосынды «Солқол» десе, Моғолдар (мұңғолдар) «Жоңғар» деп атайтын. «Оңқол» мен «Солқол» ортадағы «Жасауыл» қосынынан тең аралық сақтап жайғасқан, осы ретпен жүреді .

5. Жасауыл: бесінші топ - жалпы қосынның қақ ортасына орналасып, «Қол» деп аталған. Олар  «Оңқол» мен «Солқол» екі топтың арасында қимыл жасап, қозғалыс алып барады. «Жасауыл» қосынның қолбасы ұрыста өзінің орнын осы арадан ауытқытпай сақтап, бұйрығын осы екі арада атқарады. Бұл қосын Түрік тілінде «Жасауыл» делінсе, Арапша «Қалыб-әл-жәйш» делінген. Хандар мен Патшалар осы Жасауыл қосынында жүретін болса керек, «Түрік Шежіресінде» Шыңғысхан Найманханмен ұрыста осы «Жасауыл» қосынында тұрғандығын айтады. Бұл қосынға бұзып-жарып кіру өте қиын болған, себебі «Жасауылды» алдыда «Құрауыл» мен «Ерауыл» қосыны қорғаса, оң жақтан «Оңқол», сол жақтан «Солқол» қосыны қымтаған, ал артынан «Шаңдауыл» және «Бұқтырма» қосыны қорғаған.

6. Шаңдауыл: алтыншы топ - алдынғы «Қол» тобынан белгілі аралық сақтап орналасқан, яғни олар «Қол» қосынының ат тұяғынан шыққан шаңына жетеқабыл қашықтықта еріп жүруі керек. Бұл қосын Түрік тілінде «Шаңдауыл (Шаңды-ауыл)» делінсе, Арапша «Сәкех» делінген. Кейде Түріктер бұл топты «Оқшы» деп атаса, Моғолдар (мұңғолдар) «Оқжоңғар» деп атайтын.

7. Бұқтырма: жетінші топ - «Шаңдауыл» қосынына оң-солға бөлінбей жинақы түрде еріп отыратын қосын. Олар жаулар «Шаңдауыл» қосынының ат тұяғынан шыққан шаңды көре алмайтындай аралық тастай бұға еріп отырады. Түріктер бұл топ қосынды «Бұқтырма», Моғолдар (мұңғолдар) «Басоңғар», Парсылар «Күменгәх» деп атайтын еді, ал Арап тілінде не дейтіні анық емес, олар бұл топқа ат қоймаған сияқты. Парсылар осы тектес қосын-армия әскери түзімдерін Татарлардан (Түрік-Моғолдардан) алған. Аты айтып тұрғандай «Бұқтырма» жалпы қосынның ең артынан бұғып жасырына еріп жүретін қосын.

Бұл ертедегі әскери атаулар көне замандағы Түрік-Мұңғол ел-ұлыс-рулары жорықтарында істетілген. Қызығарлығы бұл атаулардың Түрікшесі қазіргі қазақтар арасына, ал Моғолшасы мұңғолдар арасында әлі күнге дейін қолданыста, бұл Қазақтардың олармен тіке мұрагерлік жалғастырушы байланыста екенін тіпті де анықтай түседі. Әбілғазы осы «Түрік Шежіресінде» Шыңғысхан моғолдарымен Найман ханның наймандары арасында болған ұрыс дәл осы әскери бөліс тәртібі бойынша жүргізілгенін айтады, қатысты уақиға аса анық түрде былай суреттелген. Үзінді:

"...Қозы (Көксауыл батыр) батырдың бұл сөзін естіген Найман ханы қатты ұялып, өздерінің ұрыс айласын күшінен қалдырады да, кері шегініс жасап ұрысудың орнына қарсы соғысқа дайындалады. Ханзада Төле Темұшынның (Теміршін) «Болжоңғар (Құрауыл)» немесе алдынғы қорғаныс қосынымен жетіп келіп, Наймандарға шабуылдай бастайды, Найманның бұл бөлімі жеңіледі, артынша Найман «Құрауылына» көмекке Қозы батыр Найман Ханның «Бороңғар (Ерауыл)» қосынымен жетеді, ал олар Құбылай мен Жебе Ноян бастаған «Мұнқұлай, яғни Ерауыл» қосынымен қылыш айқастырып, екі жақ ұрыста тең түседі, қос жақтан да өте көп сандағы адам өледі. Осы кезде Темұшынның «Қол (Жасауыл)» қосыны немесе негізгі қосынымен келеді, тағы да оған ілесе «Оңқол» және «Солқол» қосынды бастап Шағатай мен Өгедайлар шайқасқа араласады. Ал Жошы болса «Әсүбех (әсүбе)» («Шаңдауыл немесе Бұқтырма» қосыны болса керек) немесе запас қосынмен Моғол қосынының артқы және жан тұстарын қорғап келе жатқан. Құрашар Ноян (Шыңғысханмен бір аталас, Әмір Темірдің арғы ұлы атасы) ерекше батырлық танытып Найман ханға қарсы аса сәтті ұрыс айлаларын іске асырады. Дәл осы кезде, Темұшын өзінің армиясындағы асқан жаужүрек батырларымен басын бәйгеге тіге қанды шайқас  майданына бас қойып, бар жан-тәнімен ұрыс салады, ол Найман ханға қарсы бората аса сәтті соққылар жүргізеді. Темұшынның барынша құлшынысты шайқасынан соң, Найман ханы ауыр жараланып, денесінен қан көп кетеді де атының жалын құшып салбырап қалады, Найман ханды бектері қорғаштап атын жетектей жақын арадағы тауға алып кетеді, Хан сол арада бұл дүниеге қош айтады"...

Осы іспеттес әскери бөлістер Әбілғазының айтуынша Алтын Ордамен Әмір Темір арасында болған аса зор ұрыстарда да істетілген. Мәселен оны Әбілғазы былай сүреттейді:

"...Сол алапат ұрыстан соң Бахрен Ұғылы Байдың денесі оның руындағы сап қаракөк болат сауыт киген 700 жас жігіттің өлігімен жабылып қалған күйінде табылады, бұлар Ұғылы Байдай Ноянын қорғамақ болып жанын берген жігіттер-тұғын. Олардың барлығының мінген жылқыларының жалымен аяғына қитас (тау қодастың құйрығы, ұрыс айлаларының бірі, қитас аттың жүрген ізін білдірмеу үшін тағылады, ат аяғына байланған қитас ат ізін өшіріп отырады және аттың қай бағытта бет алғанын білдірмейтін рөлі бар) ілінген екен, осыдан-ақ бұл ұрыста оларда қаншалықты шығын болғанын мөлшерлей беруге болады. Сол күннен бастап Өзбек хандарының әскери қанатындағы немесе құрындағы (әскер құрамасы немесе дұрбарыс) Бахрен тайпасының орны сол-қанатта (Солқолда) болып қалған, сол-қанат немесе сол-құр қосынды Моғолдар «Жоңғар» деп атаса, Түріктер «Сол-қол» деп атайтын еді. Бахрендер одан бұрын өздерінің туыстастары болған Қоңырат, Найман, Жалайыр және Үлешүн (Үйсін немесе Алшын) қатарлы тайпалармен оң қанат (Оңқол) әскер құрамында еді (оң жақты Моғолдар «Оңғар», Түріктер «Оңқол» дейтін). Бұл шайқас Бахрендердің жан санын аса көп дәрежеде кемітіп жібереді, одан бұрын Бахрендердің саны Қоңыраттар мен Наймандардың екі есесіндей көп болатын"...

Берілген деректер бойынша ертедегі Оғыз Қаған, бертінгі Түрік-Моңғол ұлыстары да ұқсас әскери атауларын істеткенін байқаймыз, әрі бұл атаулар  күні бүгінге дейін Қазақ халқы арасында сақталған. Қазақтың «Жеті» санын құрметтеуі де осы себептермен болса керек. Айтылған 7 түрлі әскери қосындардың орналасуын зерделесек олар бейне садақтың жебесі секілді пішін түрінде келгенін байқаймыз, төменде суреті берілді. Жалпы қосын ұрыс барысында әрқандай жағдайда да осы жебе формасындағы қосын тәртібін бұзбауы міндет болған.

Әбілғазы осы әскери атауларды Әмір Темірдің ұрпағы болып келетін атақты ғалым Ұлықбектің жазған «Төрт Ұлыс Хандары (Тариқи-ұлұс Арбаға)» атты еңбектен алса керек. Сонымен бірге Әбілғазы бұл еңбекте Шыңғысхан және Моғол рулары Нұх пайғамбардың баласы Жапеттен туған Түріктің ұрпақтары дейді, «Жәмиғ Әл-Тарауиқтың» иесі Рәшид Ад-дін мен «Зафарнама» (18-ғасыр) атты еңбекте Язидта солай түсіндіреді, алайда 14-ғасырда жазылған «Тәрйқ Әл-ғұзйда» атты еңбекте Хамадұллах Қазуыни Моғолдар Түріктің баласы емес, ол Түріктің "Мансақ" деген інісінен тараған, Мансақты «Дыбақу Хан» деп те атайды, ол Ғұр жұртының атасы деп жалғастырады, әрі Жоғарғы еңбектерде Ғұрлар Түріктің дұшпаны болып саналған.

Бұл еңбектерден осы тектес Қазақ халқының өткеніне-бүгініне қатысты тарихи дерек-деталдарды көптеп жинақтауға болады. Тағы бір қызығарлығы бұл «Түрік Шежіресіннен» басқа нұсқадағы «Түрік Шежірелерінде» кездесе бермейтін осындай құнды деректер молынан табылады.

Пайдаланған еңбектер:
1. «Түрік Шежіресі» (1838-жылғы Лондон нұсқасы), Ж.Нұрсұлтан аудармасы.

2. «Жәмиғ Әл-Тарауиқ», Рәшід Ад-дін.

3. «Зафарнама», Язид

4. «Тәрйқ Әл-ғұзйда», Хамадұллах Қазуыни

5. «Қазақшылық, Аса Тәуекел Серілік және Қазақтардың Қалыптасуы, Алаша Хан бөлімі», Жойплй.

Жолдас Нұрсұлтанұлы

Abai.kz

59 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349