Сенбі, 23 Қараша 2024
5134 5 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 08:37

Ақтөбеде телефон сатушы "діндарлар" босатылған

Ақтөбенің ескі бөлігіндегі «Астана» сауда үйінен полиция бөлімшесіне 21 қазанда ұстап әкеткен азаматтардың барлығы босатылды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның 23 қазан күні таратқан мәліметінше,олар рейд кезінде жүздеген қалта телефонын тексеріп, олардың арасынан ұрланған телефондарды таппаған. Бірақ «рұқсат етілмеген жерде сауда жасаған» 12 адамның, «тіркеусіз тұрып жатқан» 30 адамның үстінен әкімшілік іс қозғалған. Бұл азаматтардың барлығы кеше «Астана» сауда үйіндегі жұмыстарына қайта кіріскен.

«Астана» - Ақтөбенің Уәлиханов көшесі бойындағы киім-кешек сататын орталық. Сенбі күнгі оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұсталған азаматтардың барлығы осы орталықта қалта телефоны мен оған қажетті аксессуарларды сатады. Бірқатарының «Астана» сауда үйінде телефон жөндейтін орындары бар.

Солардың бірі-қалта телефонын сатушы Айбатты өткен сенбі күні арнайы жасақ анасының көзінше автобусқа салып әкеткен.

- Бесін намазы шықпаған кез еді. Сағат түскі бірлердің шамасы. «Астанадағы» мұсылман балдардың бәрін екі автобусқа тиеп әкетті. Қалай әкетіп бара жатқандарын көзіммен көрдім. Тіпті балаларды ұрып жатқанын да көріп, «ұрмаңдар» деп айғайладым, -дейді Нұрсұлу Гафарова.

Анасының сөзіне қарағанда, отбасындағы бес баланың бірі біраздан бері Айбат дін жолын ұстанады. «Өз күнін өзі көріп» , «бес теңгені он теңге қыламын» деп жүрген ұлын Нұрсұлу Гафарова сақалына бола ешбір мекеме жұмысқа алмайтынын айтады. Сондықтан Айбат сатушылыққа жалданып, жүкті келіншегі мен бауырларын асырап жүрген көрінеді.

Өткен сенбі күні жұмыс орнынан полиция алып кеткен Есет «Астана» сауда үйінде қалта телефонын жөндейді. Есеттің анасы Жаңагүл Әбдіғалиеваның сөзіне қарағанда, полиция ұлын осыған дейін де бір рет жұмыс орнынан алды-артына қаратпай алып кеткен.

Қалта телефонын сатушылардың аналарын Азаттық тілшісі 21 қазан күні түс әлпетінде Ақтөбенің ескі бөлігіндегі Елек полиция бөлімінің жанынан кездестірген болатын. Басым көпшілігінің сырт кейпі дін ұстанатындығын аңғартатын он шақты әйел Елек полиция бөлімінің қара құлып салынған қақпасынан ішке қарай өте алмай тұрды.

Азаттық тілшісіне сол күні кешкілік хабарласқан Альфия есімді әйел әбден жаурағандарына қарамастан полиция бөлімінің қасында алты сағат бойы тұрғандарын айтты. «Інім кешкі алты жарымдар шамасында ғана шықты» дейді Альфия.

Полицияның бұл әрекетін Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев «телефон ұрлығын ашуға бағытталған іс-шара» деп түсіндірді. Дәулембаевтың айтуынша, күштік құрылымдардың қолында ұрланған телефондардың барлығы «Астана» сауда үйіне өткізілетіндігі туралы мәлімет болған.

Ақтөбе қалалық әкімдігі әлеуметтік желілер арқылы таратқан ақпаратта соңғы кездерді Ақтөбеде қалта телефондары мен планшеттердің қолды болуы жиілеп кеткендігі туралы айтылады. Сондықтан күштік құрылымдар ұрланған электронды техниканы сатып алып, саудалайтын жерлерді жаппай тексере бастапты.

Ал Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі телефон ұрлығына қатысты статистика мен «Астана» сауда үйінен сенбі күні қанша адамның әкетілгені туралы мәлімет беруден бас тартты. Телефон сатушылардың туыстары қырықтан астам азаматтың алты сағат бойы Елек полиция бөлімінде болғанын айтады. Полиция бұл аралықта "олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, кәсіпкер-салық төлеуші ретінде тіркелудің қажеттігі туралы айтылды" деп хабарлайды.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351