Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2972 0 пікір 8 Желтоқсан, 2010 сағат 22:45

Сансызбай НҰРБАБА. Жылқы үкіметке неге керек болмай қалды?

Алшаңдатып арғымақ мінген батыр қазақтың бүгінгі бәтуасыз билігіне жылқы мүлде керек емес екен. Өйткені министрліктегі мықтылар қыл құйрықты жануарды мал шаруашылығындағы басым бағыттардың қатарынан сызып тастаған. Демек, бұл - онсыз да мемлекеттік билік тарапынан көңіл бөлінбеген жылқы малына ендігі жерде бюджеттен соқыр тиын да бөлінбейді деген сөз. Оның үстіне, белгілі палуан Жақсылық Үшкемпіровтен басқа, жылқының жыртысын жыртатын қазақ тағы жоқ. Соңғы 10 жылдың ішінде жылқы түлігіне қатысты бірде-бір басқосу өтпегені соның айғағы болса керек. Тек бір ғана адам «жылқы-жылқы» деп шыр-шыр етеді. Ол - жылқыға бүкіл болмысымен берілген, майын тамызып тұрып қазақша сөйлегенде, қазақтың өзін жолда қалдыратын Игорь Николайұлы Нечаев дейтін ақсақал.

Алшаңдатып арғымақ мінген батыр қазақтың бүгінгі бәтуасыз билігіне жылқы мүлде керек емес екен. Өйткені министрліктегі мықтылар қыл құйрықты жануарды мал шаруашылығындағы басым бағыттардың қатарынан сызып тастаған. Демек, бұл - онсыз да мемлекеттік билік тарапынан көңіл бөлінбеген жылқы малына ендігі жерде бюджеттен соқыр тиын да бөлінбейді деген сөз. Оның үстіне, белгілі палуан Жақсылық Үшкемпіровтен басқа, жылқының жыртысын жыртатын қазақ тағы жоқ. Соңғы 10 жылдың ішінде жылқы түлігіне қатысты бірде-бір басқосу өтпегені соның айғағы болса керек. Тек бір ғана адам «жылқы-жылқы» деп шыр-шыр етеді. Ол - жылқыға бүкіл болмысымен берілген, майын тамызып тұрып қазақша сөйлегенде, қазақтың өзін жолда қалдыратын Игорь Николайұлы Нечаев дейтін ақсақал.

Кекілін күн сүйіп, жалын жел тараған жылқының басына төнген нәубет сонау ХIХ ғасырдан басталды. Ілгеріні қайдам, 1916 жылдың өзінде елімізде 4,5 млн бас жылқы болған екен. Бірақ осынша мал саны жыл санап төмендей берген. Бұған негізгі себеп ретінде екі мәселені атауға болады. Біріншісі, мал тұрмақ, жарты қазақты қырып тастаған ашаршылық жылдары жылқы саны 450 мыңға дейін құлдырады. Одан қалғаны кеңестің азық-түлік бағдарламасын іске асыру мақсатымен колхоздың көк арбасына жегілді. Оның үстіне, сәйгүлікке соқа сүйрету сәнге айналған тұста Дон жылқысынан айғыр салу шарасы кеңінен жүргізілді. Осылайша қазақы жылқының тұқымы бұзылды. Тек 50-інші жылдары техника кеңінен тарағанда ғана аттың арқасын­дағы жүк біршама жеңілдеген. Есесіне бұл тұста әйгілі жүгерітанушы Хрущев билікке келген болатын.

- Дәл осы тұста, - дейді ауыл ша­руашылығы ғылымдарының докторы, профессор Игорь Нечаев, - жандайшаптары «жылқы пайдасыз мал, егер жем-шөпті шошқа мен сиырға берсек, еттің астында қаламыз» деген есекдә­меге Хрущевті сендірді. Сөйтіп, алдымен Ресейдегі жылқының бәрі ет комбинатына айдалды. Кезек Қазақстанға келген тұста Дінмұхаммед Қонаев: «Никита Сергеевич, жылқы - біздің басты түлігіміз. Оның үстіне, Қазақстанда 180 млн гектар жайылым бар. Ол жерге жылқыдан басқа малды өсіре алмаймыз. Сондықтан бізге рұқсат етіңіз!» - деген. Ал Хрущев: «Далаңа қанша мал сыйса, сонша өсір, ендеше!» - деп, қо­лын бір сілтеген. Осының негізінде кей­іннен Қазақстанда ет пен қымыз өн­ді­рі­сін дамыту жөнінде арнайы қаулы шық­қан. Міне, осылайша Д.Қонаев қа­зақ жыл­қысын түгелдей құрып кетуден сақ­тап қалды, - дейді Игорь Нико­лай­ұлы.

Дегенмен соңғы жылдары Қамбар ата түлігі санының қайта көтерілгені аңғарылады. Ғалымдардың есебіне сенсек, қазір Қазақстандағы жылқы саны 1,5 миллионға жеткен. Бұл бәлен­дей көп болмағанымен, өзге елдермен салыстырғанда, әжептәуір жоғары көрсеткіш. Мәселен, Ресейдің өзінде мұндай мал жоқ. Ал ғалымдар жылқы өнімдерін өндіру бойынша еліміз Мексика мен Қытайдан кейінгі үшінші орында екенін айтады.

Кеңестік кезеңде бірқатар жылқы зауыттары жұмыс істеп, Қостанай, Көшім, Мұғалжар тұқымдары шығарылған. Ал қазақы жылқының жеті типі болса, соның бүгінге жеткені - адай мен жабы жылқылары. Бірақ соның бәріне дерлігі соңғы жүз жылдың ішінде әртүрлі жылқы тұқымдарымен будандасып, тегі бұзылған. Таза қанды қазақы жылқы тек Қарағанды облысының Шет ауданын­дағы «Шолақ еспе» шаруашылығы мен Ақтөбе облысында ғана бар.

Қазақы жылқының қасиеті неде? Мұны түсіндіру үшін бір-ақ мысал ай­тайық. Осыдан бірнеше жыл бұрын cаха жұртынан мамандар келіп, «Шолақ еспе» шаруашылығынан үш айғыр сатып алады. Жалпы, Якутия өлкесінің аса суық екені белгілі. Міне, солар кейін тағы бір кездескенде Игорь Нечаевке былай депті: «Біз бұған дейін де талай жерден айғыр әкелгенбіз. Бірақ соның бәрі суыққа шыдамай өле берген. Ал сіздердің малдарыңыз керемет екен. Барғанына 1 жыл болмай жатып, жүн­дері өсіп кетті. Ұзындығы - 10-11 сантиметр. Аязыңа қыңқ демейді. Тіпті біз саха жылқысының түпатасы - қазақ түлігі деген тоқтамға кеп отырмыз».

Ал енді осы таза қанды қазақы жыл­қы қалай сақталып қалды? Мұны көп­теген ғалымдар дәл осы Игорь Не­чаевтің есімімен байланыстырады. Ги­не­тикалық зерттеу жасаған ағылшын ғалымдарының өзі «Шолақ еспедегі» түлік тегінің тазалығына таңдай қағып­ты. Алайда заты орыс болғанымен, жа­ны қазақ Игорь Николайұлы - мақтанға жоқ кісі. Жылқы шаруашылығына сонау елуінші жылдардың басынан араласқан ол қазақтың осы санаулы жылқысын мен алып қалып едім демейді. «Енді қалғанын жоғалтып алмайық. Егер бұдан айырылсақ, мұндай жылқы әлемде жоқ», - деп шыр-пыры шығып жүр. Бірақ оны еститін құлақ тағы жоқ. Мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жылқы және түйе шаруашылығы бөлі­мін­де қысқара-қысқара 12-ақ адам қалған. Білімді жастардың бәрі бизнес­ке кетіп жатыр. Ал мемлекеттік газеттер ғалымның мұңын баспайды.

Жарайды, мұны қоя тұрайық, Қазақ­станға ет керек емес пе еді? Ендеше, жыл­қы еті өндірісін неге дамытпасқа? Мамандардың болжауы бойынша, енді 5 жылдан кейін жылқының саны 2 мил­лионға жетеді. Жыл сайынғы өсім 6-8 пайызды көрсетіп отыр. Қазақ­стандағы қауымның 70 пайызы - мұсыл­мандар. Игорь ақсақалдың сөзімен айт­сақ, «мұсыл­манды былай қойып, қазір кәпір­лерің де қазы-қартаның дәмін алып болған».

Жалпы, жылқы етіне деген сұраныс нарықтағы бағадан да аңға­рылады. Жылқы еті өзге түліктердің етінен еш кем емес. Тіпті артық та. Қазы­ның 1 келісі - базарда 2,5 мың теңге. Олай болса, жылына 30 мың тонна етті сырттан тасып отырған Қазақ­станға жылқы шаруа­шылығын өркен­дету - өзін-өзі қамтудың ең тиімді жолы болмас па еді. Оған қоса жылқы еті адам ағзасына да пайдалы. Онда қан тамырларды бітеп тастайтын холестерин жоқтың қасы. Жердің астындағыны білетін еуропалықтар, міне, осыны ұққан соң Қамбар ата түлігіне басқаша қарай бастады. Қарағаны сол, Еуропада жылқы етіне деген сұраныс жыл санап өсіп келеді. Мәселен, бір ғана Фран­цияның өзінде жылдық тұтынылатын еттің 30 пайызын жылқы еті құрайды екен. Сондықтан бұл ел Польшадан әр жыл сайын 20 мың жылқыны сатып алып отыр. Жалғыз Франция емес, Германия мен Италия да сырттан жылқы етін тасиды. Тіпті 300 миллион халқы бар Американың өзі соңғы жылдары жылқы етіне жылы қабақ танытып жүр. Демек, жарнамасын дұрыстап жасаса, тек жа­йылымда өсетін қазақтың қыл құйрықты жануарына әлем назары ауары анық. Оған Қазақстанның жылқы өндірісі бо­йынша жұмыр жердегі алғашқы үштіктің құрамында екенін де қосып қойыңыз.

Жалпы, қазақ жылқысының қырда өсуі, жайылыммен күнелтуі ет сапа­сының жоғары көрсеткішін ғана айқын­дамайды. Бұл әрі - текті түлікті көбей­тудің өлшеусіз мүмкіндігі. Бұлай дейті­німіз, Ақылбек Күрішбаев бастаған мин­ис­трліктің атқара алмай келе жатқан бір жұмысы - жем-шөп өндірісі. Кеңестік ке­зеңнен бергі 20 жыл ішінде аграрлы мемлекетіміздегі мал азығы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Өткен қыстағы малдың жаппай қырылуына да ең алдымен осы жем-шөптің аздығы себеп бол­ған болатын. Биылғы жиналған азықтың көлемі де мандып тұрмаған сыңайлы. Кейбір деректер бойынша оның көлемі - 40-45 пайыз. Бұл - керекті мөлшердің жартысынан да төмен.

Бетін әрі қылсын, қыс биыл да қысып кетсе, қорадағы малдың біразы шығын болуы әбден мүмкін. Ал әлдеқандай жұт келіп қалмаса, анау-мынау аязыңа бой бермейтін, адамның «қасқыры» болмаса, даланың қасқырына алдырмайтын, тамағын тебінмен тауып жейтін жылқының орны - әманда бір бөлек. Бұл артықшылық па? Артықшылық.

Әлемде жыл сайын 2 миллион адам құрт ауруынан өлім құшады екен. Дамыған 50 елдің құрамына кіргісі келетін Қазақстан туберкулезге шал­дыққандардың көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарға ытқып шықты. Әр жыл сайын елімізде 2800 адам осы дерттен көз жұмса, індетке бой алдырғандардың саны 20 мыңның шамасында. Ал осы дерттің емі не? Оның дауасы - қымыз. Мұны қазір бүкіл әлем мойындаған. Қымыздың қасиеті бұдан да өзге талай дертті қағып тастауға жетеді.

Бірақ сиыр сүтіне субсидия бөлген үкімет қымызға көк тиын төлемейді. «Спортпен айналысыңдар, келешек ұрпақтың денсаулығы мықты болуы керек» дегенді Н.Назарбаевтан бастап, биліктегілердің бәрі айтады. Дұрыс қой. Алайда нан табудың өзі мұң болып тұрған қазіргі заманда ауылдың елі далаға шығып, гимнастика жасайды дегенге дені дұрыс адам илана ма? Қайта ауылдағы ағайынға «Жылқы өсіріңдер, бие байлап, қымыз ішіңдер! Біз өзіміз ғана ішіп қоймай, қымыз бен етті экспортқа шығаратындай деңгейге же­туі­міз керек. Көбейткен малдарыңа, өткізген қымыздарыңа субсидия бере­міз, - десе, қандай ғанибет! Онда жігіт­тердің дені астына ат мініп, қолына құрық алып, қырға шығар еді. Әр литрі алақанына тиын түсіретін болған соң, келін-кепшік те жатып алмай, желібау жағалап, биенің сауырына еңкейер еді. Міне, нағыз спорт! Кешегі Сексенбай, Тоқсанбайлар осындай тірлік кешіп, дастарқанынан қымыз үзілмеген қазақ­тардың шаңырағында туған. Міне, - нағыз денсаулық. Бірақ біздің билік мұндай ұлттық құндылықтарға, қолда бардың қадірін біліп, ары қарай да­мытуға құлықты емес. Себебі, ақша аяйды. Өкінішке қарай, сол аяған қар­жысы қазір ит пен құсқа жем болып жатыр. Қалай дейсіз бе? «Кедендік одаққа кірсек, Ресейге 60 мың тонна ет өткі­земіз. Сөйтіп, ақшаның астында қаламыз» деп лепірген қазақ билігі қазір ет тұрмақ, ит мұжыған сүйек таппай, шетелден сиыр таси бастады.

 

Ашу айтар

Игорь НЕЧАЕВ:

  • Жылқының иісін сезбейтін үкімет жылқыға тиын шығармайды. Мин­истрліктегі бір қазақ жігіті: «Адай жылқысы не керек?» - дейді. «Әй, айналайын-ау, адай жылқысы менің емес, сенің атаңның жылқысы ғой», - деп күйдім мен сонда. Қазір жылқы іздеп жүрген еш­кім жоқ. Қазақтың жігіттері не жақсы жұмыс, не жесір қатын іздейді.
  • Бұрын патша заманында Қазақстаннан барған сиыр еті Мәскеу мен Петерборда ең қымбат бағаға сатылатын. Орыстар оны талап алатын. Неге? Өйткені біздің мал тек далада жайылатын. Қазір шетелден сиыр әкеп жатыр, бәсекеге қабілетті боламыз деп. Атасының басы. Біздегі жем-шөп шетелдегіден 3 есе қымбат. Осыны бастықтар түсінбейді. Бүгін бастық болып отырған олар ертең орнынан түссе, бізге лаборантқа да жарамайды.

Қыдырбай АМАНЖОЛОВ:

  • Өткен жылдары Казагроинновация Аргентинадан мамандар әкеліп, отан­дық ғалымдарды оқытпақшы болған. Сонда не оқытады дейсіз ғой. Бізге, яғни қазаққа егін-егіп, мал бағуды үйретпек екен. Бұл қазақты мазақ ету ғой. Ал енді соған қанша ақша жұмсалды? Олардың мұнда келген іссапарына, жа­тын-орны, ішетін тамағына қанша қаржы жұмсалды? Бұған кім жауап береді?

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

  • Қазір бізде қызмет істеп жатқан жігіттер асыл тұқымның барлығын шетелден сатып аламыз деп жатыр. Ол ой белгілі. Ақша бөліп, сатып алатын болсақ, онда министрліктің де, мамандардың да қажеті жоқ.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ:

  • ...70-80 мың асыл тұқымды қымбат мал тасу жөніндегі ұсынысқа келіспейміз. Өйткені сырттан мал әкелу үшін селек­циялық асылдандыру жұмыстары мен жем-шөп өндірі­сінің мүмкіндіктері жүйеленуі керек. Және шаруа­шылықтардағы бұрыннан бар материалдық-техникалық базалар пайдаланылмаса, аса қымбат шетелдік мал генефондын жоғалтып аламыз. Ал ондай ысырап біздің тәжірибемізде бұған дейін болған («Казправда» газетінен).

«Общественная позиция» (проект «DAT» № 44 (81)  08 желтоқсан  2010 ж.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475