Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2659 0 пікір 10 Желтоқсан, 2010 сағат 09:13

Сағатбек Медеубекұлы. Мен Жәкемді сағындым...

(Әншi Жәнiбек Кәрменов туралы естелiк)

(Әншi Жәнiбек Кәрменов туралы естелiк)

Өткен ғасырдың соңғы ширегiнде өмiр сүрген қазақтың ғажайып, қайталанбас өнер шеберлерiнiң бiрi - әншi Жәнiбек Кәрменов болатын. Алла Тағала бойына берген дарын-қуаты, қабiлеттiлiк күшi оны қазақ ән өнерiнiң биiгiне шығарды.

Ол - талғампаз әншi едi. Әрбiр әндi әуездiк-әуендiк ерекшелiктерiне, мазмұндық тереңiне бойлап, тақырыбын, идеясын тауып, тамырын танып, әр буын, әр тiркес, әр сөздiң, әр дыбыстың атқаратын қызметiн түгел бiлiп, мәтiнiнде айтылатын ойдың тұтас салмағын сезiнiп барып, оны санасына сiңiргеннен кейiн ғана жұртқа жеткiзуге болар деп шешетiн. Түйсiгiне қонбаған, санасына сiңбеген, жүрегiне жатпаған әндi елдiң алдына шығаруға асықпайтын. Сөздiң мағынасын, мәнiн, маңызын түсiнiп, түйсiнiп айтатын әншi едi.
Жазушылығы өз алдына, шешен сөзгер де едi. Топ алдына шығып сөйлеп кеткенде аузынан ағытыла төгiлген сұлу сөздер мағыналы, мәндi көзқарастардың қорытындысы iспеттi құлаққа құйылып, жүрекке байыздап жататын. Сахнаның төрiне көтерiлгенде ерекше бiр құбылып, жанарынан от шашып, қызыл шырайлы жүзi балбырап, айырықша нұрланып кетушi едi. Ән тарихын асқан ыждахаттылықпен дәйектеп, майын тамыза, сөлiн сапыра жеткiзетiн. Ән авторлары жөнiнде де мағлұматы мол болатын. XV-XVIII, XIX, XX ғасырлардың бас кезiндегi қазақ музыка тарихындағы тұлғаларды толығымен бiледi десем, мен жаңылмаймын. Зерттелмей, айтылмай жатқан әншi-композиторларды жарыққа шығаруда Жәнiбектiң еңбегi орасан. Ол "Қазақ әндерiнiң анталогиясы" деген екi томды жинақты құрастырушы болды. Сол кезде талай әндер қайта тiрiлген. Сәдiқожаның, Қапездiң, Құлтуманың, Кененнiң айтылмай жүрген әндерi, басқа да халық әндерi өзiнiң төл болмысымен халықтың игiлiгiне жарады. Қазiр ол екi томды дүкен сөрелерiнен көрмейсiз. Одан кейiн қазақ әндерiнiң ондай толық жинағы шықты ма, шықпады ма, бiлмеймiн.
Жәкең он саусағынан саумал сарын сорғалаған домбырашы едi. Домбыраны шертiп қалғанда, оның дыбысы шанақтан емес, Жәкеңнiң кеудесiнен ақтарылып жататындай сезiлетiн, артық қимыл жасамайтын.
Жәнiбек әңгiмешiл едi. Өмiрдегi жәй ғана бiр оқиғаны айтатын кезде де шешен, шешiле сөйлеушi едi. Ұлттық ән өнерiне қатысты дәрiс-концерт өткiзген кездерiнде сан мәрте көзiм көрiп, көңiлiм сенiп, жан рахатына бөленiп, ұлттық руһтың мәйегiне тояттағанмын.. Ол әндi шырқамас бұрын әуелi оның шығу тарихына тоқталып, сол тарихтың басы-қасында өзi жүрiп, көзiмен көрiп, қолымен ұстап отырғандай көркем тiлмен мейiлiнше шынайы сипаттап, шұрайлы сөзбен мың құбылта суреттеп, бабына жеткiзiп, нәшiне келтiре баяндап бергенде құлағыңның құрышы қанатын.
Мен Жәнiбек Кәрменовпен танысқан күндерiмдi, әңгiмелескен, сөйлескен сәттерiмдi есiмнен шығара алмаймын.
1989-90 жылдары бiрге жүрiп, Алматы облысы Кеген ауданының әр ауылын аралап, лекция-концерт өткiздiк. Концерттi Жәкең өзi жүргiзетiн, ал мен - қасындағы атқосшымын. Кейде ғана, аз тыныстап алу үшiн маған домбыраны ұстатып, бiр-екi ән айтқызып қояды. Өзi сахнаның сыртына шығып кетiп, насыбайын атып келетiн.
Жәнiбектiң әншiлiк қуатын танытқан, республикаға түгел танымал еткен М.Әуезов атындағы халық университетiнiң жұма сайын өтетiн сабақтарында Ақселеу Сейдiмбекпен бiрге жүргiзген концертi болды. Бұл, кейiн қазақ телевидениясында қайта жазылып, жұртқа жайылды. Сол кезде Жарасқан Әбдiрашев жақсы, әдемi әзiл айтты: "Жәнiбек ән салады, Ақселеу тамсанады" деген сөздерi елдiң аузында әлi жүр...
Халық сол әзiлдi ғана емес, әзiлдi айтқан Жарасқанын да, айтқызған Ақселеудей ақылманын да, Жәнiбектей жампозын да аңсап жүр...
Жәнiбек ұстазына адал болды. Ж.Елебековтың қасында жүрiп оның бүкiл әндерiн бойына сiңiрiп алған, соны қайта жаңғыртқан, түлеткен. Шәкiрттiң ұстазына деген дәл осындай адалдығы әркiмнiң қолынан келе бермейдi.
Айтса да, Жәнiбек Кәрменов өзiнiң де ақындық, сазгерлiк қабiлетi бар екендiгiн танытты ғой. "Ағалар" деген әнiнiң сөзi Несiпбек Айтовтiкi дейдi немесе "Ойламаңдар, жiгiттер" деген керемет әндер алғаш шыққанда, бiреулер Жәнiбек Кәрменовтiкi емес, Ақтамбердiнiкi деген. Кейiннен Жәнiбектiң төл шығармасы екендiгiн жұрт мойындады. Өзi әзiлдейтiн: "Алғаш Ақтамбердiнiкi деп шыққаны жақсы болды, Жәнiбектiкi десе жұрт мойындамас едi" - деп күлетiн. Қайран Жәкең, жампоз Жәкең, жайсаң Жәкең бар-жоғы қырықтан асқан шағында ән қанатында қалықтаған күйi мәңгiлiкке қанат қақты да, оралмады.
Соңында Жәнiбек "Ақылбайдың әнi", "Ғашықтың тiлi" деген кiтаптарды, повестердi қалдырды. Қаншама шәкiрт тәрбиелеп шығарды. Жалпы ол аз ғана ғұмыр кешсе де, өзiнiң азаматтық, перзенттiк парызын өтеп кеткен, халқының алдында қарызы жоқ адам. Керiсiнше, халқы оған қарыз болып қалды. Жәнiбектiң бүткiл болмысын қайта жаңғыртып, жұртқа қайта тiрiлту мәселесi бүгiн күн тәртiбiнде тұр. Жәнiбектiң қазақ ән өнерiнiң ХХ ғасырда Жүсiпбек Елебековтерден кейiн қайта жаңғыруына сiңiрген еңбегi өлшеусiз.Ол еңбегi кейiнгiлер тарапынан өтеусiз болмас деп ойлаймын.
Ол - ғажап талғампаз, сыншыл ұстаз едi. Күреңбай сыншы аттың сынына келгенде алдына жан салмайтын көреген болса, ән өнерiне келгенде Жәнiбектiң де дәл сондай сыншылдығын айтатын мезгiл жеткен секiлдi. Өнерге адалдығы сондай, егер шын дарын, нағыз талант болмаса оны тегiне, жерiне, қанына немесе бет-әлпетiне, түр-тұрпатына, туған-туысқанына қарап қабылдамайтын. Тектi жылқы, тектi құс кез-келген нәрсеге талғампаз, кiрпияз болады. Жәнiбек те сондай талғампаз, кiрпияз болатын. Жүрдiм-бардым, олпы-солпы нәрсенi жек көретiн. Алланың өзi ерекше жаратқан, сом алтындай құйып қойған дарындарды көрсе, жаны қалмай соған қуана қамқор болушы едi. Рамазан, Ғалымжан, Ербол, Аманжол деген төрт баланы маған қуана-қуана таныстырған да осы Жәкең болатын. Студияға сәлем беруге бара қалсам: "Ой, айналайын! Сағатжан, жақсы келдiң. Мен сенi бiр ғажап талантты шәкiрттерiммен таныстырамын. Мынау көптен берi мұндай үлкен толқын легiмен келгенiн мен бiлмеушi едiм, сенiң ауылыңнан бiр үлкен толқын келдi ол - күйшi Аманжол, ол - Рамазан, Ербол, Ғалымжан деп таныстырды. Қазiр ендi оның ұлттық саз өнерiнiң нағыз сыншысы екендiгiн өмiрдiң өзi дәлелдедi. Бiрақ амал не, Аманжол деген ғажап күйшi жiгiттi бiр сотқарлар ұрып өлтiрiп кеттi. Ғалымжан марқұм ән iздеп Шыршыққа барып едi, алдынан ажал күтiп тұр екен...
Ал ендi Жәнiбек Кәрменовтың, Қайрат Байбосыновтың ән өнерiн мына заманға сай қайта жаңғыртып жүрген Рамазанның қазiргi еңбегi ұстаз аманатына адалдықтың белгiсi. Өмiрi ұзақ болсын. Жәнiбектiң ұстаздық, сыншылдық талғампаздық таразысынан шыққан әншi ғой...
Жәкең жарықтық қалжыңбас едi. Бала секiлдi сенгiш едi. Бiрақ, кiммен қалай сөйлесу керек екенiн бiлетiн едi. Ол тегiнде бар нәрсе ғой. Тегiнде болғаннан кейiн, өзi "тұлпарды тұлпар ғана таниды" дегендей, дарынды дарын ғана бағалайды. Жәнiбек кез-келген саланың дарынды адамдарымен адами тұрғыда жақын жүрушi едi.
1990 жылы 9-қаңтарда Шаһкәрiм деген ұлы дүниеге келгенде перзентханадан бiрге барып алып шыққан едiк. Ол кезде мен "Өнер" баспасында редактор едiм, Әлiбек Асқаров ағамыз: "Сағатжан, айналайын, сүйiншi! Жәнiбек ағаңның үйiнде дүниеге бiр ұл келдi, мәшиненi ал да, қазiр барып шығарып алыңдар" - дедi. Бардық. Сейфуллин көшесiнiң бойындағы перзентханадан шыққан Жәнiбектiң қолтығында нәресте, шiркiн-ай, сол кезде шыққан үнiн-ай! Сондағы мейiрiм, сондағы тебiренiсiн-ай, толғанысын-ай! Кеудесi күмбiрлеп келедi. Жүзiнен шашылған шуаққа қасында тұрған менiң басым айналғандай. "Күнiм-күнiм, жаным-жаным" - дейдi қолтығындағы кiшкентай ғана нәрестенi бүлкiлдетiп. "Айым, нұрым, шуағым, шапағым," - дейдi езiле, емiрене... "Алла-ай, Аллай-ай... Тәубә... Тәубә... Тiфә... Тiфә... Шүкiр... Шүкiр..." дейдi толқып. Машинаға мiнгеннен үйге жеткенше күбiрлеп келдi. Шiркiн, сондағы Жәкеңнiң дәл солай қуанғанын, қуаныштан мүлдем қанаттанғанын көрсе ғой бүкiл адам... Әшейiнде жұрт алдындағы сырбаз, менмен, такаппар, кiрпияз мiнездiң бiрi де жоқ, тұсауы ендi кесiлгенге мәз болып аяғын тапыл-тапыл басып, құлдалаңдаған жас бала кейпiне енiп кеткен...
Ол кезде ғұлама Шәкәрiм дүниеге қайта келген кезi едi, Баланың аты соның құрметiне қойылды. Шаһкәрiм қазiр Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiнiң студентi. Талантты, тәрбиелi бала болып өсiп келе жатыр.
Айтса да, патшалық Ресейдiң отаршылдық саясатына қарсы қару алып күрескен, әскер шығарып соғысқан, өзi батыр, өзi ақын, әншi Шалтабай Алпарұлының өлеңiн, әнiн екеумiз бiрге тыңдау бақытына ие болғанбыз.. Ол 1989 жылдың күз айы болатын. Алматы облысы, Кеген ауданында термешi, жыршы, жыраулар байқауы өттi. Сонда ол қазылар алқасының төрағасы. Мүшелер сапында жазушы Қуаныш Жиенбаев, сыншы Әлия Бөпежанова, тағы да бiр екi адам. Байқау бiттi. Ол кiсiнiң жоспарында лекция-концерт бар екен. "Сағатжан, сен менiмен жүр, қасымда қал" - дедi. "Бастығыма телефон соғып, айтыңыз" - дедiм. Сонда мен редактор болып қызмет ететiн "Өнер" баспасының Бас редакторы - Әлiбек Асқаров едi. Жәкең айтты, мен қалдым. Ауыл-ауылды аралап лекция-концерт қойып жүрiп, кезегiнде Жылысайға келдiк. Жыршы-термешiлердiң байқауынан жүлделi орынға ие болған Тiлектес Намазбаев ол кезде ел ағасының жасындағы адам. Сол кiсiнiң үйiнде болдық. Жәкеңнiң ән шырқауынан кейiн Тiлектестiң орындауында бiрнеше терме, жыр және бұрын естiмеген Шалтабайдың әнiн тыңдадық.
Сөзi керемет:
Менiң атым - Шалтабай, әкем - Алпар,
Өтiп кеттi Тазабек қайран сұңқар.
Сары қымызбен ауызымды шайқаушы едiм,
Бiр қасық қара суға болдым iңкәр.
Пендеде де пенде болдым,
Биялайсыз жеңге қондым.
Жас күнiмде көл де болдым,
Көлге мас боп делбе болдым.
А-а-а-й! Қазаққа аты шыққан қыран едiм
Қайрылып қанатымнан жерге қондым...
- Сағатжан, қаламыңды ал да, жаз... мынау бiр ғажап ән екен, ертең кеш болады, - дедi. Мен сөзiн жазып алдым. Ол әндi кейiн үлкен ағайым Тоқанмен бiрге арнайы барып үйренiп келiп Рамазанға, Тiлеулеске үйреттiм. Қазiр екеуiнiң арқасында "Шалтабайдың әнi" деген атпен республикаға жайылды. "Кемпiрбай мен Әсеттiң қоштасуы" мен "Ақтамбердiнiң толғауы" дегендi Жәнiбекке дейiн кiм айтқанын мен бiлмеймiн, бiрақ осы екi мұраны Жәнiбек ерекше бiр биiктiкке көтерiп жаңғыртты. Әуез, мақамын Ақтамбердiнiң, болмаса, ауырып жатқан Кемпiрбайдың аузынан кiм диктафонға жазып алды дейсiң. Кiм сол сәтте нотаға түсiрiп сақтады дейсiң, мағынасы терең өлең мен толғауға өлмес өмiр сыйлау үшiн Жәнiбек өз жанынан да көп нәрсе қосып, қайта түлеттi-ау деп ойлаймын кейде. Жәкеңнiң шәкiртi Бекболат Тiлеухан, мысалы, XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларына халықта бар мелодияларды қосып қайта жаңғыртты ғой. Онысы - ұстазы Жәнiбектен көргенi.
Жарылғапбердiнiң, Құлтуманың, Кененнiң, Ақанның, Бiржанның, Ғайнидың, Қалқаның, Естайдың, Жаяу Мұсаның жалпы XIX ғ. әншi-композиторларының әндерiн қайта қарап, қайта сүзгiден өткiзiп, өз заманының тыңдаушы талғамына сәйкестендiрiп, дәстүрлi тамырын бұзбай жаңғыртқанды дұрыс жолға қоюды жандүниесiмен жалғаған да Жәкең едi. Әншiлiк Алла Тағала беретiн қабiлет қой. Бiрақ, Жәнiбектiң әншiлiгiмен қатар азаматтық-патриоттық, ұлтшылдық рухы жоғары едi... Алла берген көмеймен айта беру өз алдына, ұлттың болашағын ойлап еңбек ету, соның баянды болуына күресу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Тегiнде шын дарын таланттар сондай болу керек қой. Алла берген дауысын ғана сақтап, сонымен нан тауып жүргендер қаншама... Әнге ұлттың ұлы мұрасы деп қарап, соны шашау шығармай, сом алтын күйiнше кейiнгi ұрпаққа жеткiзу үшiн күресу, бүгiнгi заманның көшiнен қалмай, ұлттың болашағын көксеп барып еңбек ету, соның арқасында еңсенi тiктеп жұрттың алдында жүру мүлдем бөлек нәрсе. Жәкеңнiң қашанда қазақ ұлтының алдында еңсесi тiк болатын.
Күрескер әншi едi ғой Жәкең... "Ой, кейiнгi композиторлардың әндерi тұсалған ат секiлдi кiбiртiктейтiн болды" - деп жаны күйзеле қынжылатын. "Өнерге арымен келмейдi, ұятымен бармайды қазiргiлер" - деп қиналатын. Бiрде дәрiсiне бара қалсам, шәкiрттерiне айтып отыр екен: "Өнерге таза жүрекпен келмесе, болмайды, таза жүрек, ыстық ықылас, шын дарынымен келмесе, өнердiң де, өзiнiң де бағын байлайды. Өнер биiгiне тамыр-таныстықпен, жора-жолдастық, байлық-мансаппен шыға алмайсың. Өкiнiшке қарай, қазақтың сорына өнердi туысқаншылдықпен, рушылдықпен бағалайтындар, қалтамен қадiрлейтiндер көбейдi. Халтуршиктер осындайдан шығады, Өнерде қашанда халтураның, жолбикелердiң жолы болады ылғи, таза таланттың жолын қияды солар", - деп ренжiп отыр екен.
Менiңше, Жәнiбек ылғи да дайындалып жүретiн, әркiммен кездескенде, сөйлескенде де арнайы үлкен репетиция - дайындықтан кейiн сөйлеп тұрғандай болушы едi маған. Дауыс ырғағын құбылта толқындатып отыратын. Бiр деңгейде, бiр қалыпта, бiр тонда сөйлемеушi едi. Ол өзiн бар болмысымен халқына арнап кеткен, айналасында "Мынау - Жәнiбек пе" деп сынай қарап тұрған адам барын бiр сәтке есiнен шығармаған, озық мәдениеттi тұлғаның қайталанбас үлгiсi едi...
Алаштың ардақтысы, қайран Ақаң-Ақселеу ағамыздың: "Жәкең ән саңлағы ғана емес, сонымен қатар үлгi эталлоны да едi ..." - дегенi - айдай ақиқат...
Мен Жәкемдi сағындым...

«Түркістан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1484
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512