Сенбі, 23 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 7331 5 пікір 13 Қараша, 2017 сағат 08:59

Болашаққа жазылған хат 2037 жылы оқылатын болады

2017 жылдың 4 қарашасында Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда “Отан – Ана” ескерткішінің іргесінде жарты ғасыр бойы сақталған аманат хаттың ашылу рәсімі өтті.

Алдымен 100-ден аса қонақтар - ардагер ұстаздар Керн С.Н., Спирина Н.П., Нахратова Г.М., Шешина В.И., Никитина М.В., Хусанова Ш.Х. мен 1960, 1970, 1980, 1990, 2000 жылғы бітіруші түлектер легі болып сапқа тұрып “Отан-Ана” ескерткішіне тағзым жасап ескерткішті гүл дестелермен көмкерді. Қолына факел ұстаған Шмарин Михайл ескертіш іргесіндегі бесжұлдыз сипатындағы алауды тұтатты. 1967 жылғы бітіруші түлектер Осипова Ольга, Шмарин Михаил, Гүлхан Сәдиқызы және сол кездегі ұстаздары Спирина Нелли Петровна елу жыл елжіреткен, қызыл барқытпен көмкерілген жастыққа қойылған аманат хатты аялай сап түзеп алаңды айнала хаттың мәтінін жариялау үшін мінберге көтерілді. Шексіз ризашылық сезіммен, көтеріңкі леппен, көңіл толқынының дірілімен аманатталған орыс тіліндегі хат мәтіні жарияланды.

Хатта мектеп ғимаратының тақыр алаңқай жерге 1939 жылы салынғаны, мектеп ұжымы мен түлектер мектеп ауласын көркейтуге үлес қосып еңбектенгендері, мәуелі бау-бақшасы жайқалып тұрғаны, Отан үшін от кешкен соғыс құрбандарына арнап “Отан-Ана” ескерткішін мәңгілікке тұрғызғандарын жеткізе баяндаған.

Бүгінгі кезең келбеті ертеңгі тарих еншісі болып қатталмақшы. Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан мектеп директоры Ж.А.Орынбаева іс-шараның маңыздылығына тоқталып, жас буын ұрпаққа айтар ойларын хатқа түсіргендерін айтып өтті. Тарихтың куәсі болған кемеңгер ұстаздарымызға, мектеп түлектеріне арнайы сөз берілді. Жаһандану әлеміне жұтылмай мемлекетімізді, елдігіміз бен ерлігімізді адамзат үшін мәңгілік ету үшін еңбек етіп жүрген бүгінгінің кейіпкерлері салмақты да салиқалы ойларын тың серпінмен 20 жылдан соң ашылатын өсиет хатқа түсіріп жазды. 11 сынып оқушылары – Әмірбекова Назым қазақ тілінде, Загидуллина Юлиана орыс тілінде, Файзурахманова Зарема ағылшын тілінде “Болашаққа хаттың” мәтінін көпшілік алдында жария етті.

Отаншылдық рухты бәрінен биік ұстау насихатталып, адамшылық қасиеттің жоғары тұғырда болу керектігі хатта көрсетілді. Технологияның қарыштап даму кезеңінде әділеттілікті ту етіп, әлем білімінің кеңістігіне ену үшін бар мүмкіндіктерін пайдалану қажеттілігі, жаңа тарихи бетбұрыста дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың “100 нақты қадам” жоспары бойынша атқарылып жатқан ауқымды ісшаралар легі, латын графикасына өтуді қолдайтындықтары және жас ұрпаққа арналған қадау-қадау 20 өсиет сөз хатта айшықталып көрсетілді. “Болашаққа хат” мәтінін жариялағаннан соң, аспан түстес көк барқытпен көмкерілген жастыққа қойылған капсуладағы хатты мектеп директоры Ж.А.Орынбаева 2017-2018 оқу жылындағы мектеп бітіруші түлектермен бірге салтанатты түрде ескерткіш маңына жеткізді.

“Отан-Ана” ескерткішінің іргесіне 2037 жылы жария болатын “Болашаққа хат” арнайы қорапқа салынды. Бұл айтулы іс-шара екі буын өкілдерінің арасында рухани ұрпақтар сабақтастығын орнатты.

“Жүз рет айтқаннан, бір рет көрген артық” дегендей, сезімді шуаққа бөлеген толғанысты тарихи сәт жадымызда ұзақ сақталары хақ. Салтанатты жиын соңы ақ дастархан басында жалғасын тапты. А.Н. Пудовкина мен В.А. Герасимовалардың ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты кештің маңызы тағылымға толы болды. Интерактивті тақтадан байырғы түлектердің топтама суреттері, видеороликтер көрсетіліп, жанға жағымды қызықты ұмытылмас естеліктер айтылды. Шәкірттік әдеппен алтын ұя мектептерінің таудан биік табалдырығын аттап келген түлектер балалық шақтарына бір уақ саяхат жасап, бауырмал құшақтар айқасып, жадырап мәре-сәре болып қимастықпен тарқасты.

Мектеп директоры Ж.А.Орынбаеваның басшылығымен Халилова Г.Т., Мухашева Б.Х., Михайлина Г.А., Муратова Г., Наурызбаева Г.М.,Жорықбаева С.К., Кононенко И.В., Есенкулов С.С., Дадашев Б.А., Сұлтанбекова А. т.б. ұстаздардың атсалысуымен «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың» арқасында жарты ғасырлық тәрбиелік маңызы бар елге үлгі боларлық салтанатты тарихи ісшара өз мәресіне жетті.

Ұлылықтың өлшемі мен сыры – тіршілік пен адамдар арасындағы жылылық. Өмір деген құбылыста адамзаттың бір-біріне деген мейірім шуағы, болашаққа сенім артқан жалпы адамшылықтың шуағы ешуақытта сөнбесін!

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458