Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4773 0 пікір 12 Желтоқсан, 2010 сағат 14:16

Ұ.Т.Ахметова Ғ.Б.Балғымбаев және Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр қазақ елі тарихында қайғысы мен қуанышы қатар жүрген дүрбелең оқиғалармен халық есінде қалды. ХІХ ғасырдағы Ресей мемлекетінің қазақ жеріне жүргізген әкімшілік-территориялық реформасы қазақтардың дәстүрлі қоғамының даму процесін түбегейлі өзгертуге себепші болды. Патша үкіметінің қазақ елінің әкімшілік билігіне, оқу-білім, тіл, сот жүйесіне т.б. жасаған реформалары өз нәтижесін бере бастады. ХХ ғасырдың басы бір қазақты әлеуметтік жікке бөліп, саяси көзқарастарын анықтап жатқан кезеңде  ұлтымыздың зиялы қауымы, қоғамдық саяси өмірде ұлттық мүддесін сақтап, бар қазақтың басын біріктіріп, ұлттық тәуелсіз мемлекетін қайта қалпына келтіруге ұмтылды. Бұрынғы қазақ мемлекетін басқарған хан әулетінің балалары орыс мемлекетінің қазақ елін басқару құрылымына тартылды. Елдегі саяси жағдайға байланысты қазақ мемлекетінің билік жүйесіне қатысқан хан, би, батырлар балалары амалсыздан орыстандырылған мемлекеттік мектептерде оқып білім алып, өз талаптарымен жоғарғы оқу орындарына түсуге ұмтылды. Сөйтіп, патшалы Ресей қазақ елін басқаратын мемлекеттік қызметкерлерін  даярлай бастады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр қазақ елі тарихында қайғысы мен қуанышы қатар жүрген дүрбелең оқиғалармен халық есінде қалды. ХІХ ғасырдағы Ресей мемлекетінің қазақ жеріне жүргізген әкімшілік-территориялық реформасы қазақтардың дәстүрлі қоғамының даму процесін түбегейлі өзгертуге себепші болды. Патша үкіметінің қазақ елінің әкімшілік билігіне, оқу-білім, тіл, сот жүйесіне т.б. жасаған реформалары өз нәтижесін бере бастады. ХХ ғасырдың басы бір қазақты әлеуметтік жікке бөліп, саяси көзқарастарын анықтап жатқан кезеңде  ұлтымыздың зиялы қауымы, қоғамдық саяси өмірде ұлттық мүддесін сақтап, бар қазақтың басын біріктіріп, ұлттық тәуелсіз мемлекетін қайта қалпына келтіруге ұмтылды. Бұрынғы қазақ мемлекетін басқарған хан әулетінің балалары орыс мемлекетінің қазақ елін басқару құрылымына тартылды. Елдегі саяси жағдайға байланысты қазақ мемлекетінің билік жүйесіне қатысқан хан, би, батырлар балалары амалсыздан орыстандырылған мемлекеттік мектептерде оқып білім алып, өз талаптарымен жоғарғы оқу орындарына түсуге ұмтылды. Сөйтіп, патшалы Ресей қазақ елін басқаратын мемлекеттік қызметкерлерін  даярлай бастады. Қазақ мемлекеттік қызметкерлерінің легі екі ел мәдениетін, дәстүрлі ұлттық мәдениет және европалық орыс мәдениетін игерді.  ХХ ғасыр  басында тарих тағылымы дәлелдеген шындық патшалы Ресей мемлекетіндегі қоғамдық-саяси өзгерістерге саяси жағынан даяр болған, өз көзқарастарын дәлелдей алған белсенді топ қазақ зиялылары мен мемлекеттік қызметкерлер болды. Дәл осы шақта ағартушылық бағытта қазақтың педагогы Ғабдулғали Балғымбайұлы Балғымбаев көзге түсті (мұрағат деректерінде, зерттеулерде әр түрліше аталады – Ұ.А.).
Ғабдулғали Балғымбаев есімін Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының іс-құжаттарымен танысқан кезеңде кездестірдік.
Абдулғали Балғымбаев Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының 1903 жылдың 1 ақпанындағы жалпы жиналысында толық мүшелігіне бірауыздан сайланған [1, -С.124].
Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы 1887 жылы құрылып, 1881 жылы таратылған Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесінің іс-құжаттарын реттеумен, Орынбордағы тарихи мұрағаттың, мұражай ісінің дамуына, мұрағат кітапханасының негізін салумен айналысқан. Сонымен қатар, ғылыми комиссия мүшелері мұрағат деректерінің негізінде бірнеше ғылыми еңбектер жазып, оны Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясының Еңбектерінде жариялаған. Әрине, біз үшін ең маңыздысы қазақ мемлекетінің патшалы Ресейдің отар елі ретінде қазақ тарихының орыс деректерінде хатталуы еді. Қазақ тарихын Орынбор тарихи мұрағатына жинақтаған бірден-бір ғылыми мекеме – Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы еді. Осы Ғылыми мекемеге мүше болған қазақтар арасынан Ахмет Байтұрсынов пен Абдулғали Балғымбаевты атауға болады.
Біз баяндағалы отырған Балғымбаев туралы әр кезеңде жарық көрген ғылыми зерттеулерде мағлұмат қысқа ғана, аты-жөні әр түрлі  көрсетілген. Мысалы, А.К.Абилев пен Ж.А.Ахановтың мұрағатқа сүйенген шолуында Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясына мүше болған қазақ өкілдерінен А.Б.Балғымбаев пен А.Байтұрсынов аталады [2, -С.46]. Одан әрі  дәл осы бағытта Г.Хабижанова, Э.Валиханов, А.Л.Кривковтар еңбегінде Ғылыми комиссияға мүше болған қазақ елінің өкілі А.Б.Балгимбаев деп атаса,[3, -С.92], Ж.С.Есеналина авторефератында ХІХ ғасырда қазақтан шыққан оқыған, ғылыммен айналысқан зиялы өкілдері қатарында Г.Г.Балғымбаев деп көрсетіледі [4, -С.14]. Ал Г.М.Қойшығарина еңбегінде Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірушілер қатарында және ұлттық қазақ қоғамының жаңа көзқарасын қалыптастыруда қызмет атқарған қазақ шенеуніктерінің арасынан Г.Балғымбаевты ерекше бөліп атайды [5, –С.18].
Ғ.Балғымбаевтың қызметіне шолу жасаған М.Асылбеков пен Қ.Алдабергеновтер «Ғ.Балғымбаев туралы дерек толық болмаса да, Қазақ Совет энциклопедиясынан алуға болады» (2 том, 128-бет),-деп бағыттайды [6, -202б.]. Аталған Қазақ Совет энциклопедиясында: «Балғынбаев Әбіғали (1868, Қостанай уезі, қазіргі Торғай облысы,-1942) – қазақ педагогы. К.Д.Ушинскийдің идеясын жақтап, Ы.Алтынсариннің ісін алға апарушы. Торғай учлищесін, Орскідегі қазақтарға арналған мұғалімдік мектепті бітірді. 1886 жылдан бастап ұстазы Ы.Алтынсариннің ұйғаруымен Қостанай қаласындағы 2 кластық қазақ училищесінің төменгі бөлімдерінде мұғалім болып істеді. Балғынбаев Ақтөбе уезіндегі 2 кластық Қарабұтақ училищесінің меңгерушісі (1892-1902), «Торғай облысының ведомостволары» газетінің редакторы (1902) болды. Торғай халық училищесінің директоры М.П.Рогнинскийдің «қырғыздың ауыл мектептеріне арналған Әліппе» жазуына  (1905) көмектесті...». 1907-1917 жылдары Торғай облыстық халық училищелерінің инспекторы болып қызмет жасаса, бұл кезде оның инициативасымен Торғай және Ырғыз уездеріне 22 орыс-қазақ училищесі ашылды. Балғынбаев – мектептегі ғылыми пәндерге, атеистік тәрбиеге, сабақтың көрнекілігіне, оқудың практикамен байланыстырылуына, дене шынықтыру, еңбек тәрбиесіне ерекше мән берді. Революциядан кейін халықты сауаттандыру ісіне белсене қатысып, өмірінің соңғы жылдарында музейлерде, Қаз.ССР Ғылым Академиясында жұмыс істеді, Ы.Алтынсарин, туралы, Октябрь революциясына дейінгі халық ағарту ісінің басқа да қайраткерлері туралы естелік (1941) жазды»,- деп анықталған [7, - 128 б.].
Соңғы жылдары «Торғай» газетінің библиографиялық тізімін жинақтаған тарихшы В.З.Галиев: «Орынбордағы қазақ мұғалімдер мектебінің түлегі Габдулла Балғымбаев еді»,-деп жазып жүр [8, -С.27]. Зерттеуші оның «Торғай» газетіндегі қызметіне шолу жасаған.
Сонымен біз зерттеп отырған Ғабдулғали Балғымбаев әр кезеңде жарияланған зерттеулерде оның аты-жөні көрсетілгенімен, арнайы зерттеу объектісіне айналмаған және әр еңбектерде аты-жөнінің әрқилы шатастырылып берілуі. 2006 жылы жарық көрген Қостанай облысы энциклопедиясында өмір жолдары өте ұқсас екі адамның аты мен фамилиясы былайша қатар, алдымен «Балгымбаев Габдулгали - учитель. Окончил Орскую учительскую школу (1886). Учитель Кустанайского училищ, заведовал Карабутакским 2-х классным училищем (1891-1902), ред.Тургайских обл.ведомостей, инспектор школ (1907-1917). За это время открыл 22 русско-киргизских училища. Внес большой вклад в развитие  нар.образования Кустанайской области. Автор «Букваря для аульных школ», оның астында: «Балгынбаев Абигали (р.1866) по предложению своего учителя И.Алтынсарина начал работать учителем Кустанайского 2-х классного русско-казахского училища. Заведовал 2-х классным Карабутакским училищем Актюбинского у. (1891-1902); ред.газ. «Тургайские обл.ведомости» (1902). В 1905 помогал М.Рогинскому написать «Азбуку для школ киргизских аулов». Работал инспектором нар.уч-щ Тургайской области (1907-1917). В это время по его инициативе в Тургайском и Иргизском уч.было открыто 22 рус-каз.училища. В последние годы жизни работал в музеях, АН Каз.ССР в 1941 году написал мемуары об И.Алтынсарине и др.деятелях просвещения до Октябрского периода»,- деп берілгендігін атап көрсетеміз [9, -С.242].
Біздіңше, Абдулгали Балгимбаевич Балгимбаев деп жазушылар Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясының Еңбегінің 14 басылымында жарияланған комиссия есебіндегі дерекке сүйенген болуы керек [1, -С.124], ал Балғынбаев Абиғали деп берілген Қостанай энциклопедиясы өзінен бұрын жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясындағы анықтамаға сүйенген сияқты. Әйтсе де, бұл Қазақ Совет энциклопедиясында аталған деректі қайдан алғандығы анық жазылмаған. Сонымен Абдулғали, Ғабдулғали, Габдулла, Абиғали Балғынбаев, Балкимбаев, Габдул-Галиевич деп түрлі атаумен берілген, біздіңше, бір адам Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының №25 «Торғай облыстық басқармасы (1869-1917)» деп аталатын қорында жеке іс қағазы жинақталған Балгимбаев Ғабдулғали Балғымбайұлы туралы деп есептейміз [10].
1901 жылы 5 мамырда толтырылған Орынборға қарасты Торғай облыстық басқармасының қызмет бабындағы тізбесінде Балғымбаев Ғабдулғали Балғымбайұлы 1866 жылы 20 сәуірде дүниеге келген [10, -12п.]. Ол Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебін 1886 жылы 16 қыркүйекте №2 куәлікпен бітірген. Осы жылдың қыркүйегінде Қостанай 2 кластық училищесіне мұғалім көмекшісі болып алғашқы ұстаздық қызметін бастаған. 1887 жылы осы училищенің 1 класының мұғалімі және училищенің уақытша меңгерушісі қызметін, кейін 1891 жылы Торғай облысының инспекторы қызметін қоса атқарған. Осы жылдары Ғабдулғали Балғымбайұлы Орынбор Оқу округінен 6 мәрте ағарту саласындағы қажырлы қызметі үшін алғыс алған.
1900 жылы 13 қарашада Ғ.Балғымбаевқа Торғайдың құрметті азаматы атағы берілген.          
Сонымен бірге мұрағаттан Ғ.Балғымбаев жанұясы туралы да деректі кездестіреміз. Онда: «Ғабдулғали Балғымбайұлы Торғай уезінің қазағы Бетембай Меңдібаевтың қызы Әліп Бетембаевамен отбасын құрған. Ғабдулғали мен Әліп отбасында 6 бала тәрбиеленген: үлкен қызы Мәрия 1888 жылы 10 қазанда дүниеге келсе, ұлы Әбубәкір 1891 жылы 5 қарашада, қызы Халима 1893 жылы 14 наурызында, қызы Рахима 1895 жылдың 5 тамызында, қызы Нағима 1900 жылдың 20 наурызында, одан кейінгі қызы Рахила 1901 жылдың 1 желтоқсанында дүниеге келген» делінген [10, -13 п.].
Ғ.Балғымбаевтың А.И.Добросмысловқа 1900 жылдың 28 қарашада жазған хатынан байқағанымыздай, ол осы жылдары Орынбор оқу округіне қарасты Қарабұтақ орыс-қырғыз училищесінің меңгерушісі болып қызмет атқарған [10, 268 -іс, 94 п.].
1901 жылдың 17 тамызында Торғай облысының әскери губернаторына жазған өтініш хатында Қарабұтақ 2 жылдық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі Ғабдулғали Балғымбаев мұғалімдіктен Торғай облыстық басқармасына мемлекеттік қызметке сұранады. Торғай облыстық мектептер инспекторы И.С.Хохлов 1901 жылдың 29 қыркүйегінде Торғай облысының әскери губернаторына: «Қарабұтақ 2 жылдық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі Ғабдулғали Балғымбаев қызмет бабында да, жеке басы да толық мінсіз өнегелі адам, сонымен қатар тәжірибелі мұғалім»,-деп хабарлайды [10, 268-іс, 4п.].
Ғ.Балғымбаев 1902 жылдың 15 мамырында өз өтінішіне байланысты Торғай облыстық басқармасының іс жүргізушісінің көмекшісі болып тағайындалған. Әйтсе де, Орынбор оқу округіндегілер Қарабұтақтағы 2 жылдық училищесін жөндеуге 1000 рубь ақша бөлінгендігін алға тартып, бұл мектептің Ғ.Балғымбаевқа етене таныс екендігін ескеріп, жөндеуді аяқтау үшін оған 1 тамызға дейін еңбек демалысын беруді сұрайды. Кейін ол бір ай еңбек демалысына жіберілген.
Міне, мұрағат деректерінен көріп отырғанымыздай, педагог Ғ.Балғымбаев қазақ қоғамындағы жаңашылдық көзқарасты қалыптастыруда, ел баласын оқытуда, сауаттандыруда үлкен істер тындырған.
Торғай облыстық басқармасының іс жүргізушісінің көмекшісі Ғ.Балғымбаев 1902 жылы 30 қарашада Торғай облыстық басқармасының №130 бұйрығымен Торғай облысының баспасөз бөлімінің бастығының қызметін уақытша жүргізуші болып тағайындалады [10, 268-іс,  21 п.].
Педагог Ғ.Балғымбаевтың өмірінің Орынбордағы кезеңінде журналистік, публицистік, аудармашылық қызметтерімен айналысқанын байқаймыз. Орынбор тарихшысы Д.А.Сафоновтың еңбегінде «Торғай облысының ведомстволары» газетінің ресми бөлімінің редакторлық қызметін 1902 жылдан 1907 жылдың 28 қаңтарына дейін басқарғаны көрсетілген [11, -С.157]. Бұл газет Торғай облысының орталығы Орынбор қаласынан патшалы Ресейдің ресми ақпарат органы ретінде 1917 жылға дейін шығып тұрды. Ал қазақ тілінде орыс алфавитімен «Торғай облысының ведомостволары» 1892 жылы шыға бастады. Мысалы, И.П.Поповтың «Шаруалардың мініс жылқылары» мақаласы қазақ тілінде 1899 жылғы газетінде жарық көрген. «Торғай облыстық ведомостволары» саяси, әдеби-қоғамдық басылым ретінде негізгі шығарылу мақсаты – патша үкіметінің жарлықтарын, жергілікті әкімшілікке берілген нұсқаулар, жарлықтар, облыс басқармаларын бекіту және босату уездік, облыстық дәрежедегі шенеуніктер бекіту т.б. уақытында елге тарату болды. Сонымен бірге бейресми бөлімінде ауыл шаруашылығы саласы мәліметі, өлкетанулық сипаттағы ғалымдардың саяхатының материалдары, оқу-ағарту саласы т.б. жарияланып тұрған.
Ғ.Балғымбаев орыс тіліндегі материалдарды қазақшаға, қазақша мәтіндегіні орысшаға аударып отырған. 1895 жылдың 1 қаңтарынан «Торғай облысының ведомостволары» газетінің бейресми бөлімі жеке дара «Торғай» газеті атауымен жарық көре бастады. Газет шыққан күннен бастап саяси, әдеби-қоғамдық басылым ретінде көзге түсті. Ғ.Б.Балғымбаев 1902, 1903 жылдары «Торғай» газетінің редакторлық қызметін атқарды. Газеттің қазақ тілінде арнайы бөлімі болды. Бұл газетті зерттеген тарихшы В.З.Галиев оған талдау жасап, жарық көрген мақалалардың тізімін жариялады [8]. Шыққан кезеңнен бастап қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, өмірінен қызғылықты материалдар, дін, сот ісі, әсіресе, газет оқырмандарын қызықтырған тақырыбы қазақтың тарихы мен этнографиясы болды. Мысалы, атап айтар болсақ, В.З.Галиев еңбегінде көрсетілгендей, қазақ қымызының орыс патшасына тартылуы, Торғай және Ырғыз қалаларының пайда болуы. Бөрте болысындағы қазақ жылқыларының ат жарысы және көрме туралы, Қостанай уезіне шаруалардың қоныс аударуы, 1880 жылы Торғай облысындағы жұт туралы, қазақ мақал-мәтелдері, қазақ тарихи шежірелері жарияланған [8, -С.21]. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс буржуазиялық революциясы қарсаңында бұл газет бетінде қазақ еңбекшілерінің екі жақты езгіге түсіп отырғандығын баяндайтын материалдар да жарық көрген. Міне, осыған қарап, біз «Торғай облысының ведомостволары» мен «Торғай» газетін Қазан төңкерісіне дейінгі орыс баспасөз материалдары қазақ тарихының белгілі бір кезеңінен құнды хабар берер салыстырмалы тарихи дерек ретінде қарастырамыз. Осы басылымдармен жұмыс жасаған Ғ.Балғымбаев туралы да «Торғай» газеті арқылы бізге бірнеше деректер жеткен.
1907 жылы 4 ақпандағы «Торғай» газетінің №5 санында «Ғ.Балғымбаевты шығарып салу» мақаласы жарияланып, онда оның Торғай облыстық басқармасының газет столы меңгерушілігінен Торғай облысының қазақ мектептерінің инспекторы қызметіне ауысқанын хабарлайды және қысқаша өмірбаяны туралы мәлімет береді [8, -С.150].
Шындығында да, Ғ.Балғымбаев 1907 жылдың 25 қаңтарынан бастап Торғай облыстық бірінші аудандық халық училищесінің инспекторы қызметіне ауысқан [10, 78-іс, -36п.].

<!--pagebreak-->
Ғ.Балғымбаевтың алғашқы публицистік мақаласы – «Торғай» газетінің №45 санында 1895 жылғы  29 қазанда Қарабұтақтағы орыс-қазақ қыз балалар училищесінің ашылуына байланысты сөйлеген сөзі басылған. Осы жылдары Ғ.Балғымбаевтың түрлі басылымда ғылыми еңбектері, аударған аудармалары жарық көріп тұрған.
1907 жылдың 16 қыркүйегінде «Торғай» газетінің №37 санында «Облыстық хроника» атты айдарында: «Торғай уезінен шыққан Г.Балгынбаев «Торғай облысы ведомоствосы» газетінің редакторы және облыстық газет бөлімінің бастығы, Торғай облысы бойынша мектептердің екінші инспекторы бұратана халықтар училищесінің тәртібін қарау үшін құрылған комиссия құрамында Санкт-Петербургке жүріп кетті»,-деген дерек келтірген, ал 1909 жылы 19 сәуіріндегі газеттің №16 санында Қостанайдағы тұтқын балалар үйінің пайдасына қайырымдылық көрсеткен адамдардың тізімінде Ғ.Балғымбаевтың да аты аталған.
Келесі «Торғай» газетінің 1909 жылдың 13 желтоқсанындағы №50 санындағы «Оқу ісі» мақаласында Ғ.Балғымбаевтың Торғай уезі училищесінің меңгерушілігінен Ырғыз уезіне ауыстырылғандығы жөнінде хабарлаған. Бұл хабарламаның шынтуайттылығы төменде келтірер Орынбор мұрағаты дерегімен расталады.
Заманында жазылған бұл баспасөз деректерінен байқағанымыз, Ғабдулғали Балғымбайұлы бар күш-жігерін ауыл мектептерінің жағдайын жақсартуға жұмсағандығы. Мәселен, 1911 жылы тамызда Торғай облысының халық училищесінің директоры М.П.Рогнинскиймен бірігіп жазған: «О мерах, могущих улучшить постановку учебного дела в аульных школах, инспекции Тургайского района» атты баяндамасының жазбасы сақталып, бүгінге жеткендігін атап өтуге болады.
Ғ.Балғымбаев педагогтық қызметін жалғастыра жүріп, Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясымен тығыз байланыс орнатып, өлке тарихын насихаттауда қажырлы еңбек еткен. Ғылыми комиссиясының төрағасы А.В.Попов хатында 1911 жылдың 1 наурызындағы №195 іс-қағазында Торғай облысы Ырғыз уезінің халық училищесінің инспекторы Ғ.Балғымбаевқа қазақ ақыны Сейіт-Ахмет шығармаларының баспадан шығарылу ісі қалай жүріп жатқанын хабарлауды өтінеді [12, -22 п.].
Ғ.Балғымбаев 1911 жылы 2 сәуірде Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының төрағасы А.В.Поповқа Торғай қаласынан жолдаған хатында: «...Ақша жетіспеушілігіне байланысты Сейіт-Ахмет өлеңдерінің жинағы әлі шығарылмағандығын, өзінің қалтасынан 87 рубль ақша шығарып, ақынның қолжазбасымен Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебінің мұғалімі Абдрахман Мұртазинов-Мачеевке беріп жібергенін және оған лито-типографиямен кітап етіп шығару жөнінде тапсырылғанын айтады. Ал қалған жетіспейтін қаражат Сейіт-Ахметтің туысы Торғай қаласындағы Б.Қаралдинде екендігін хабарлайды» [12, -165 п.].
Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының 1911 жылы 6 қыркүйегіндегі кезекті мәжілісінде комиссия төрағасы А.В.Попов комиссияның толық мүшесі Ғ.Балғымбаевтан хат алғандығын, онда қазақтың халық ақыны Сейіт-Ахметтің қазақ тілінде жазылған өлеңдерінің қолжазбасын беріп жібергендігін атап өтіп, бұл қолжазбаның мазмұнымен танысып, пікір білдіруді комиссия мүшесі М.Ф.Качинскийге тапсырма берген [13, -С.54].
Одан әрі 1911 жылдың 18 қазанындағы жиылысында комиссия төрағасы А.В.Попов М.Ф.Качинскийдің: «Қазақ ақыны Сейіт-Ахметтің шығармасы туралы жазған пікіріне тоқталып, онда бұл шығарманың ешқандай тарихи маңызы жоқ, бұл еңбекте Крыловтың ертегілері және қазақ халқының «Қырық уәзір» ертегілерін өңделген»,- деген Качинский пікірі түскендігін көпшілікке жеткізеді. А.В.Попов М.Ф.Качинскийдің сын-пікіріне алғыс айтып, жинақты  авторға қайтарып жіберуге шешім қабылдаған [13, -С.58].
Дегенмен, Ғ.Балғымбаев ұсынған қазақ ақыны Сейіт-Ахметтің 74 беттен тұратын шығармасының қолжазбасы мұрағат қорында сақталып қалған.
2006 жылы Б.Қаралдиннің қоғамдық-саяси қызметін зерттеген М.Ж.Бекмағамбетова еңбегінде: «Деятельность в газете стала возможной и благодаря дружбе с Г.Балгимбаевым интеллигентом и отлично разбирающимся в политической обстановке того времени. Становление Б.Каралдина происходило и под влиянием атмосферы царившей среди местной интеллигенции»,-деп келтірілген [14, -С.13].
Ғ.Балғымбаевтың өмір кешкен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы аралық  ұлт тарихының нешебір тауқыметті бастан кешірген кезеңі екендігі белгілі. ХХ ғасырдың басында ұлттық саяси элита тарих сахнасында халқы үшін жасаған іс-әрекеттерімен көзге түсті. Осы кезеңде Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясында Ғ.Балғымбаев пен А.Байтұрсынов еңбек еткен-ді. Екі тарихи тұлға да патша үкіметі үшін сенімсіз қайраткер еді. Ғ.Балғымбаевтың 1914 жылдан бастап Орынбор қаласының жандармериясы басқармасының бақылауында болғандығы жөнінде деректер кездеседі.
А.Байтұрсыновтың Орынборда жандарм бақылауында болған кезеңінде оның айналасындағы қазақ зиялыларының барлығы тізімге алынып, іс-әрекеттері қатаң бақылауға алынған. «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсыновқа байланысты жинақтаған жандармерия құжаттарында Орынбор Округтік Соттың судьясының хатшысы С.Қадырбаев пен аудармашы Ғ.Балғымбаевтар Торғай қазақтарын «Қазақ» газетіне зорлап жаздыртып жатыр  және онымен қоймай, «қазақтар орыс бодандығын өз еркімен қабылдаған жоқ, қазақ жерін орыс мемлекеті қазақ дворяндарына сатып жатыр» деген жала-жабулар жинақталған [15, -118п.]. Арыздың астына 4-5 қазаққа арабша қол қойғызған. Орынбор губерниясы жандармериясының басқармасының бастығына 1914 жылғы 4 қазандағы генерал-майор Бабичтің Торғай губерниясынан жолдаған №106 614 қатынас қағазында: «Орынбордан шығатын «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов пен газет редакторының хатшысы М.Дулатовтың газет шығарудағы жақтастары деп Торғай облыстық басқармасының мұсылман тіліндегі шығатын баспасөздердің аудармашысы Мұхамедияр Тұнғаншинді, Орынбор Округтік Сотының хатшысы Сейтарым Қадырбаевты, Орынбор Округтік Сотының аудармашысы Ғ.Балғымбаевты және Орал облысы Темір уезінің шаруалар бастығы Батырша Исмахановты көрсетеді. Арыз жазушы қазақтардың бұларға қойған кінәсі «Қазақ» газетінің оқырмандарының күн санап өсуі» екен [15, -125п.]. Шындығында, «Қазақ» газетінің кең таралуы қыр қазақтарын емес, керісінше орыс үкіметінің жандармерия қызметіндегілерді және жергілікті әкімшілікті қатты алаңдатқан еді. Орынборлық тарихшы Д.А.Сафонов дерегі бойынша «Қазақ» газетінің оқырмандар саны 1913 жылы 3000 адам (тек қазақ даласы емес, сонымен бірге таралым Санкт-Петербургте, Москвада, Түркия және Қытайға тараған – Ұ.А.), 1914 жылы – 2 500 тираж, 1916 жылы – 3 000 тиражбен 1 600 оқырмандары болған екен, ал 1918 жылы – 8 000 аса данаға жеткен [11, -С.240].  
Орынбор Округтік Сотының аудармашысы Ғ.Балғымбаевтың дәл сол кезеңдегі қызметі туралы мұрағатта мынадай құжат сақталынған. Құжатта: «Далее прощенное говорится, что газету поддерживали, пользуясь своим влиянием на киргиз переводчик Оренбургского Округа Суда Балгимбаев и секретарь Темирского уездного съезда крестьянских начальников Батырша Ихсанов, он должность переводчика при местным суд никогда не занимал, а был в мае сего года, когда из суда ушел присяжный переводчик Шуакаев в университет, а для выездной сессии суда в городе Тургай переводчик был необходим, то суд временно пригласил в качестве переводчика писца Тургайской областной Правления Балгимбаева, он ездил с судом в Тургай и дней через 10 опять вернулся в Тургайской Правление. Откуда же киргизское население могло узнать, что Оренбургской Окружной Суд на такое короткое время приглашал к себе Балгимбаева, во всяком случай об этом могли знать только киргизы города Тургая, а не киргизы целых 2-х областей, которые могли бы указать своим доверенным на этом факт. Во всяком случай Балгимбаев не есть еще авторитетное лицо, которое могло бы оказать существенное влияние на киргиз в пользу Байтурсыновых...»,-делінген [15, - 128 п.].
Бұл құжаттан орыс елінің отарлау саясатының ашық әрекеті айқын көрініп тұрғанын айта кетуіміз шарт. Бірінші, қазақ елін толық басқаруды көздеген патшалы әкімшілік өздері даярлаған мамандарға, олардың Ресей еліне адалдығына әлі де күдікпен қарағаны мәлім, екіншіден, саналы пісіп-жетіліп келе жатқан қазақтың ұлттық саяси қайраткерлеріне өздері даярлаған кеңсе қызметкерлерін қарсы қою, яғни, бір қазақты бір-біріне айдап салуы, үшіншіден, орыс мемлекетінің қызметіне тартылған қазақтарды саналы және мақсатты түрде беделін өсірмеу, реті келсе, өз уысында ұстауды көздеген. Сондықтан да біздің пікірімізше, Ғ.Балғымбаевтың бір елде өскен А.Байтұрсыновтай халқы үшін қызмет қылған саясаттары мен саяси көзқарастарының қайшы келуі мүмкін емес еді.
Қорыта келе, қазақтың педагогы, Ы.Алтынсариннің ісін жалғастырушы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр бас кезеңіндегі қазақ қоғамын ағартушылық бағыттағы қызметімен қазақ елін саяси тығырықтан алып шығуға ұмтылған қазақтың ұлдарының бірі Ғ.Балғымбаев та елінің болашағына зор үмітпен қарағаны анық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.    Отчет состоянии Оренбургской Ученой Архивной Комиссии в 1903 г. // Труды О.У.А.К. Выпуск 14., Оренбург, Типо-литография И.И.Евфимовского-Мировицкого. 1905. – 220 с.
2.    Абилев А.К., Аханов Ж.А. Из истории деятельности научных учреждений по изучению Казахстана ХІХ-начала ХХ в. Архивной обзор. Алма-Ата. «Ғылым», 1990. 67 с.
3.    Хабижанова Г.Б., Валиханов Э.Ж., Кривков А.Л. Русская демократическая интеллигенция в Казахстане (Вторая половина ХІХ-начало ХХв.) Москва, «Русская книга», 2003.-288 с.
4.     Есеналина Ж.С. Взаимодействие научных обществ Западного Казахстана и Волго-Уральского региона во второй половине ХІХ-30-е годы ХХ веков: автореф. ... к.и.н.: 07.00.02-Уральск, 2006. 26с.
5.     Қойшығарина Г.М. Роль учебных заведений Южного Урала в формировании национальной интеллигенции Северо-Западного Казахстана (ХІХ – начало ХХ вв.): автореф. ...к.и.н.:07.00.02. – Уральск, 2007. 30с.
6.    М.Асылбеков, Алдабергенов Қ. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отарлау саясатының зардаптары (1860-1917). Павлодар: Университет баспа орталығы, 2003. – 369 бет.
7.    Қазақ Совет энциклопедиясы. Т.2. Алматы, 1973.-638 б.
8.     Галиев В.З. Казахстан на страницах дореволюционной печати: Сибирская газета, Тургайская газета.-Алматы, 2000.-180 с.
9.    Костанайская область. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2006. – 736 с.
10.    Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ) – 25-қ., 2-тізбе, 78-іс, 1-36 п.п.
11.    Сафонов Д.А. Периодика Оренбургского края. Выпуск 1. Первые сто лет. Оренбург «Оренбургская губерния», 2004. – 504 с.
12.    Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты. (РФ ОрОММ). 96-қ., 1-тізбе, 96-іс.
13.    Отчет о составе и деятельности за 1911 год. (24-й год со времени основания). Составлен Правит.дел И.С.Шукшинцевым // Труды О.У.А.К. Выпуск 29. Оренбург, Типография «Каримов, Хусаинов и К», 1913.
14.    Бекмагамбетова М.Ж. Жизнь и общественно-политическая деятельность Байкадама Каралдина: автореф. ... к.и.н.: 07.00.02. – Алматы, 2006. 27 с.
15.    РФ ОрОММ. 21-қ., 9-тізбе, 4-іс.

 

http://www.iie.kz/magazine/5/2.jsp

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527