Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Күбіртке 7782 16 пікір 20 Қараша, 2017 сағат 10:56

Ресейліктер осымен төртінші рет біздің Гимнді шатастырып отыр

Өткенде көрші Ресейдің Сочи дейтін қаласында Самбодан Әлем чимпионаты өтті. Оған 90 мемлекеттің 500-ден аса спортшысы қатысты. Қарашаның 9-ы мен 13-і аралығында өткен шарада қазақ палуандары да бақ сынады.

Сол бір әйдік шарада әуелі гүржі палуанынан, сосын, ақ орыс пен сары орыстың үкілеген үміткерлерінен айласын асырған біздің палуан Есет Қуанов (қазақ палуаны) алтын жүлдені қанжығасына байлады. Есет Қуанов 62 келіге дейінгі салмақта күресті.

Өкінішке орай, Қуановтың қуанышын көп көрді ме, әлде әдейі істеді ме, әйтеуір шараны ұйымдастырушлар Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін шатастырды.

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі кезінде тағы да ескі Гимн ойнады. Бұл бейне жазба әлеуметтік желіде жария болды. Қырғыз комментаторларының кекесін күлкісі жүлдегердің жеңісін қызғанғандай көрінді десек те, айыпты - оргкомитет.

Басқа басқа емес, қос бірдей одақта ортақ экономикалық саясат жүргізіп келе жатқан құдайы көршіміздің ширек ғасырдан бергі стратегиялық серіктесінің Гимнін шатастырып алуы қаншалықты шынайы?

Геосаяси картада құрлықтық шекараның рекордттық көлеміне ие болып отырған, ескі әм жаңа одақтас орыс жарандарының мұнысы қалай?

Білмей қалды деп ақтауға келмейді. Білді. Тіпті, бейне жазбада пікір айтып отырған қырғыз комментаторларының өзі қазақ Әнұранын сөздерін судыратып отыр.

Иә, тәжірбиеде бар дүние бұл. Бір мемлекеттің Әнұранын шатастырып алуды бұрын да көрдік. Әсіресе Қазақстанның Әнұранын әлемдік мінберлерде шатастыру жиілеп кетті.

Мысалы, 2011 Францияда өткен Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында ескі Әнұранды естідік. Бұл Зүлпия Шиншанло Алтын алған кез еді.

Сосын, 2012 жылы Кувейтте Қазақстан спортшысы садақ атудан ешкімге дес бермей, бірінші жүлдені иемденді. Ал ұйымдастырушылар "Борат" дейтін бейсауат фильмдегі "Қазақстанның псевдогимнін" қойып масқаралаған еді.

Одан кейін, 2013 жылы Ресейдегі Хоккей лигасында Қазақстанның ескі Әнұранын бір емес, екі мәрте қайталап қойды. Әуелі, Твер қаласында өткен ЖКХ лигасында қарағандылық "Сарыарқа" мен "Тверлік хоккей клубы" арасында өткен ойында, сосын Мәскеуде өткен "Барыс" пен "ЦСКА" ойынында ескі Гимн қойылды.

Содан соң, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу шаһарында өткен  Бокстан Әлем чемпионатында Қазақстанның ескі Әнұраны шырқалды.

2015 жылы Финляндияда өткен Хоккей лигасында "Барыс,"- "Йокерит" мачтында Қазақстанның 1992-2006 жылға дейін қолданылған ескі Әнұраны орындалды.

Дәл сол 2015 жылы фигурист Денис Тен Хорватияда топ жарды. "Golden Spin" турнирінде топ жарған Тенді марапаттау кезінде ескі Әнұранды тағы тыңдадық.

2015 жылы Ауыр атлетикадан Ресей Федерациясы Президенті кубогы кезінде қазақстандық зілтемірші Илия Ильинді марапаттау кезінде де дәл осындай жағдай орын алды. Тағы да көрші орыс жарандары біздің Әнұранды білмей шатасты.

Міне, солай. Ресейліктер осымен төртінші рет біздің Гимнді шатастырып отыр. Бұл қалай? Әдет пе, әдеттегі келеңсіздік пе? Жоқ әлде саяси тұқыртудың түре ме бұл?

P.S. Өзгеге өкпелеп жүргенімізбен, өзіміздің әкім-қаралардың өзі Әнұранды әжуалап тұрса, сол өзгеден не сұраймыз... Мынау, 2012 жылы болған масқара жағдай. Қостанай облысының әкімі Нұрлан Сәдуақасов қатысқан жиында Мемлекеттік Гимнді Рикки Мартиннің "Livin' la vida loca" дейтін әйгілі хит әнімен шатастырып алды ғой.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053