Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 5991 48 пікір 23 Қараша, 2017 сағат 11:17

Мемлекет пен халық біріксе, "Мугабе мәселесі" болмайды

Қазір бүкіл әлемдік ақпараттағы негізгі тренд – Мугабенің тақтан тайдырылуы. Зәңгілердің отаны саналатын Зимбабвені үзіліссіз тұп-тура 37 жыл басқарған Роберт Мугабе жайлы әңгімелейміз, бүгін.

Қазақстандық әм әлемдік ақпарат құралдары Роберт Мугабенің монархиялық мемлекеттерді есепке алмағанда, ең ұзақ ел басқарған диктатор басшы болғандығын жазып жатыр.

Әуелі, Мугабе деген кім? Күні кешеге дейін екінің бірі елей бермейтін Мугабенің тағдырына қазақ қоғамы неге сонша алаңдады? Ол  – халық батыры ма, әлде залым патша ма?

Роберт Мугабе қазір 93 жаста. Билік тізгінін тұп-тура 37 жыл өз қолында ұстап, абсольютті авторитарлық билік құрды.

Оппонеттерін тұқыртты. Сөз бостандығы мен адам құқықтарын шектеді. Әділетсіз сайлаулар өткізді. Енді осыларды рет-ретімен айтайық, Әбдірашит аға.

Роберт Мугабе – азаматтық соғыстың батыры

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Иә, ол ел Тәуелсіздігі үшін күресті. Қолына қару ұстап, майданның алдыңғы шебінде жүрді.  Сол үшінде 10 жылға түрмеге қамалды. 1964-74 жылдарды Мугабе түрмеде өткізді. Екінші «Нельсон Мандела» деген атақ алды. Роберт Мугабе өз халқы үшін – партизандық соғыстың қаһарманы. Оңтүстік Родзияда Еуропа отарынан босап шығу үшін күрес жүргізіп, 1980-жылы сайлау науқанына мықтап кірісті. Сол сайлауда жеңіп шығып, Зимбабвенің премьер-министрі болды. Содан бері билікті уысынан шығарған жоқ.

Роберт Мугабенің Зимбабвенің оқу-ағарту ісіне қосқан еңбегін ескеру керек. Әуелде Мугабенің мамандығы мұғалім еді. Африканың айдаладағы ауылдарында балаларды оқытты. 1961 жылы үлкен саясатқа келгенде дейін Мугабе – мұғалім болды.

Тәлтіректеп жүріп 93-ке толған Президент, ендігі экс-президент Мугабе әділдік пен тура жолды ұстанған – оппозиция өкілі еді. Ол билікке оппозионер ретінде келіп, авторитар ретінде кетті.

Зимбабвенің экономикалық жағдайы – соңғы кезде күрт төмендеді. Ұлттық ақшасы құнсыз қағазға айналды. Жұрт бір түйір нан сатып алу үшін бір арба Зимбабве ақшасын сүйреп жүреуге мәжбүр болды.

Экономикалық дағдарыс 2000-жылдардан басталды. Ал оның шарықтау шегі 2008 жыл болды. Инфляция – 231 миллион пайызды құрады. Халық құнсыз ақшаны отын ретінде пайдаланды. Себебі, бір қап отынның құны бірнеше қап Зимбабве ақшасынан едәуір қымбат еді.

Мугабе экономикалық қысымға Батыс елдерін кінәләді. Әсіресе, бір кездері Зимбабвені отарында ұстаған Британияны айыптады.

Себебі, Мугабе 2000 жылы билікті уысынан шығарып алмау үшін, ақ нәсілділердің жерлерін тартып алып, африкалықтарға үлестірді. Сол жылы тамызда 4000 ақ нәсілді шаруаны елден қуды. Ақырында Зимбабведегі  ақ нәсілділер бас сауғалап шықты.

Дәл сол жылы Халықаралық валюта қоры Зимбабвені қаржыландыруды тоқтатып, ЕО санкцияның төпесіне алды.

Солай ғой, меніңше, Роберт Мугабе өз халқына орасан зор еңбек сіңірген адам...

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Сөзіңнің бәрі шындық, Нұргелді! Мен де бүгінгі әлемдегі  ең кәрі диктатор Роберт Мугабенің кезінде өз халқына сіңірген еңбегін жоққа шығара алмаймын. Шынында да ол Зимбабвенің президенті болған алғашқы жылдары мемлекет халыққа білім беру деңгейі жағынан Африка континентінде бірінші орынға шыққан болатын. Әрине, әдетте, ішкі мазмұнға сай әрбір «диктаторлыққа ұмтылыс» халықты қараңғы жағдайда ұстауды талап етеді.  Ал мұнда оның сауатты, көзі ашық халықты қалыптастыруға деген талабын көреміз. Яғни, Р. Мугабенің  өзінің де «болашағын жан-жақты ойластыруға» шамасы жетпеген екен-ау деген ойға қалуға болады...

Осы жерде мен мәселені басқа тұсынан қойсам деп едім: жалпы, кез келген ел басқарушы «диктаторлық атаққа» бірден қол жеткізбейді. Себебі, ел басқаруға халықтың қалауымен, не болмаса кездейсоқ жағдайлармен келген тұлғаның ең алдымен шешуі тиіс маңызды сұрақтарының бірі, бірі емес, бірегейі − билік тұтқасын қолына мықтап ұстау болып табылады.  Сол үшін ол уақытындағы түйткілді мәселелерді шешуге қадамдар жасай бастайды, не болмаса, оны «шешетіні» туралы халықты сендіруге тырысады.  Мысалы, өзің айтқандай «партизандық қозғалыс» Куба мемлекетінде де болған. Ал оның қаһарман басшыларының бірі Фидель Кастро да халықтың қолдауымен 1959 жылы билікке келіп, 49 жыл бойы (2008 жыл) билікті уысынан шығарған жоқ. 2016 жылы Ф.Кастро өлсе де, 2008 жылы оның орынтағына жайғасқан інісі Рауль Кастро әлі де Кубаны басқарып келеді. Бірақ табиғаттың тамаша жерінде орналасқан Куба Республикасы өзінің экономикалық дамуы тұрғысынан айтарлықтай табысқа жете алмады. Яғни, кезінде халықты дүр көтерген «революция ұшқыны» Ф.Кастроның бейнесінде Куба халқының үмітін толық ақтай алған жоқ.

Екінші бір мысалды алайық. Мәселен, Сингапур Республикасын 31 жыл басқарған премьер-министр Ли Куан Ю өз елін дамытып, әлемдегі бәсекелестікке аса қабілетті «экономикалық таңғажайып елге» айналдыра алды. Бірақ, оның жөні бөлек дер едім. Себебі, ел басқарушы тұлға өз елін осылай дамыта алса − онда әңгіме тіптен басқа болады. Бірақ, өкінішке қарай, әлемде мұндай оқиғалардың орын алуы  өте сирек. Көбіне, Р. Мугабе сияқты тұлғалар уақыт өте келе диктаторға айналып кетеді. Оның себептері арнайы зерттеуді талап ететін үлкен тақырып! Егер қысқаша айтар болсам − мәселенің негізі «халық, мемлекет және билік» деп аталатын үштағаннан шығады. Яғни, авторитаризм мен диктаторлардың табиғатын толық ұғу үшін «Осы «үштаған» арасындағы қатынас қандай принциптерден құралады, не, қандай принрциптерге сүйенеді?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Сонда, егер, Билік пен Мемлекет «бірігіп» кетсе − авторитаризм мен диктаторлық қатынастардың дамуын, ал, егер, Мемлекет пен Халық «біріксе» − ешқандай «Мугабе мәселесі» туындамайтынын көреміз.

Мугабені тақтан түсірген Құдай - халық

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Әбдірашит аға, Мугабенің сенімді серігі болған Дидимус Мутаса дейтін зимбабвелік саясаткер: «Біздің ғұрпымызда патшаның орнын Құдай ғана алмастарады. Мугабе біздің – Патшамыз!» деді.

93 жасқа келген Мугабенің әйелі, зипа бойлы, бәденді ханым  – Грейс Мугабе шалекеңнен 40 жасқа кіші. Роберт өзінің мұрагері ретінде Грейсті атаған. Төңкеріске себепші болғаны да осы жаңалық еді.

Бір қызығы, 2008 жылғы сайлауда Мугабе былай депті: «Егер сендер сайлауда халықтың сенімінен шыға алмасаңдар, онда саясаттан кететін уақыт жетті деген сөз».

Бірақ сол жылы ол өзінің басты қарсыласы Морган Цвангарадан жеңіліп қалып, сөзінен тайқып шыға келді. Қайткенде билікті сақтап қалу үшін қантөгіс жасады. Ақырында Цвангара өз жақтастарын аман алып қалу үшін, жеңілгені туралы мәлімдеді. Сондағы Мугабенің дегені: «Мені бұл тақтан бір ғана Құдай түсіреді», - болды.

Қазақта «Құдайдың бір аты – Халық» деген сөз бар. Мугабені өзі айтқан Құдайы түсірді тақтан. Әйтпегенде ол ендігі жылы өтетін сайлауға қатысуға ниетті екенін де айтқан. Оның әйелі Грейс: «Роберт өлсе, сайлауға оның сүйегі қатысады және ол жеңіп шығады» деді емес пе?..

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Негізі, ниетің де, ойың да дұрыс, Нұргелді. Бірақ менің естуім бойынша, Мугабені тақтан тайдыруға мәжбүрлеген әскерилер болған сыңайлы. Әрине, замана  көшіне ілесе алмай қалған, соған қарамастан тағынан ажырағысы келмеген Мугабеге деген наразылық, алдымен, қоғамдық пікірде пісіп-жетілді. Бірақ «халықтың талабын» орындаушы күш басқа болуы да мүмкін. Мысалы, 1971 жылы Түркияның әскери элитасы қоғам тұтастығын сақтау үшін осындай қадамға барғаны белгілі. Ондай қадам, 1980 жылы тағы орын алды. Бірақ бұл жолы экономикалық коллапсты болдырмау мақсаты тұрды. Нәтижесінде, Түркия билігі Қауіпсіздік Кеңестің қолына өтіп, Түркия экономикалық коллапстан аман қалды. Сондықтан, Зимбабведе де әскерилердің демократиялық жолмен елге жаңа президент әкелуге мүдделі болғандары байқалады.  Мұнда әскерилер мен халықтың мүддесі бір арнада тоғысқанын атап өтпеске болмайды.  Жалпы, Нұргелді, болашақта «авторитаризм табиғатын» зерттеп көрсең қайтеді? Сонда біраз мәселенің беті ашыла түседі. Мысалы, «Қазіргі ұлттық мінез» деген тақырыптың да бұған қатысы болуы әбден мүмкін екендігіне көз жетер еді...

Путин мен Мугабенің достығы санкциядан басталды

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Әбдірашит аға, дұрыс айтасыз, әскерилер мен халықтың мүддесі тоғысты. Оны Мугабе отставкасынан кейінгі халықтың дулы көңлінен-ақ анық байқауға болады. Енді осы тұста, Роберт Мугабенің Мәскеумен ымыраласқаны жайлы айтайықшы. Зимбабве ақ нәсілділерді репрессиялаған соң, Батыстың кәріне ұшырап, санкцияның төпесінде қалғанын айттық. Ол кезде ақ нәсілді шаруалар елдің экономкиасын ұстап тұрған еді. Мугабенің тақ үшін тәрк еткені – экономика мен шетелдік инвесторлар болды.

Ресей Украинадан Қырымды заңсыз аннекциялап алған кезде – Мугабе Ресейді қолдады. 2014 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Қырымды мойындамау туралы резолюциясына қарсы шыққан 11 елдің бірі – Зимбабве болды.

Тіпті, 2015 жылдың 9-мамыры күні Мугабе Мәскеуге ұшып келді. Путиннің арнайы қонағы болды. Әскери шеруді тамашалады.

«Сіздер де, біз секілді санкциямен күресіп келесіздер. Бұл империялистік пирамиданің басында АҚШ тұр, оның қосшысы болып Еуропа тұр. Міне, сол үшін де біз бірге болуымыз керек». Бұл - Мугабенің Мәскеуде Путинге айтқаны.

Біз жоғарыда «Мугабені тақтан түсірген Құдай – халық» дедік.  Халықсыз Мемлекет те, оның диктатор басшысы да болмайды.

Қазақ «Халық қаласа, Хан түйесін сояды» дейді. Зимбаведегі әскери төңкеріс әркімге сабақ. Әсіресе, автократиялық билікке немесе псевдо-демократиялық қағидаға сүйеніп өмір сүретін көп басшы, көрді мұны. Енді қорытынды шығару керек.

Әуелде елдің сүйіспеншілігіне ие болған Мугабе секілді басшылар ұзақ жыл ел басқарса, соңы жиіркенішпен аяқталады. Мысалды алыстан іздемейік. Біз де билікті бір адамның қолына беріп қойып, тыныш отырған халықпыз. Халық дейтін – Құдаймыз. Дінмұхамед Қонаев – Сәбеттің кезінде қазақты 31 жыл басқарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Президент болған Назарбаев елді 28 жыл бойы басқарып келеді.

Сөз соңында ең ұзақ ел басқарған әм басқарып келе жатқан (кейбір елдерде олар билік ісіне араласпайды, бірақ көне дәстүр бойынша мемлекетік тұлға болып есептеледі) адамдар жайлы бір дерек, біле жүріңіздер...

Елизаветта II Британия тағында отырғанына биыл  65 жыл. Жасы 91-де.

Хассанал Болқия Брунейдің сұлтаны. 50 жыл бойы тақта отыр. 71 жаста.

Поль Биия Камерунды 35 жыл басқарып келеді. 84 жаста.

Теодоро Обианг Нгема Мбасого Эквоториалды Гвинеяны 38 жыл бойы басқарып отыр. Қарсыластарының етін жеген деген дерек те бар. Жасы –75-те

Жозе Эдуарду душ Сантуш Ангола Президенті. Билікте 38 жыл. Жасы 75-те.

Йовери Муссовени Уганданы 31 жыл бойы басқарып келеді. Жасы 73-те.

Бұл тізімді саусақты бүгіп алып арықарай жалғастыра беруге болады...

 Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377