Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Дін мен тін 5821 8 пікір 28 Қараша, 2017 сағат 12:48

Исламофобия. Діни әндерді таратқаны үшін Қазақстан азаматы сотталды

Алматының Алмалы аудандық соты араб тіліндегі діни әндер тыңдап, оларды әлеуметтік желіде "қайта жариялаған" Шухрат Кибировке қатысты үкім шығарды. Кибировтің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің хабарлауынша, сот Кибировті "діни араздық қоздырды", "терроризмді насихаттады" деп айыптап, 6 жыл 8 айға соттауға үкім шығарған.

Мемлекеттік айыптаушы - прокурор Арман Оразбақов бұған дейінгі сотта Кибировті аталған айыптар бойынша кінәлі деп тауып, 11 жылға соттау және дүние мүлкін тәркілеу жазасын кесуді сұраған. Бірақ судья Бейнегүл Кайсина прокурор сұраған жазадан аз мерзім кесті және жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды.

Шухрат Кибиров өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Адвокат Нұрпейісов Кибиров соттағы соңғы сөзінде өзінің "жазықсыз" сотталып жатқанын айтып, өзін не үшін соттап жатқанын сұрағанын, бірақ оған ешкім жауап бере алмағанын айтты. Адвокат сот үкіміне шағымданатынын жеткізді.

- Біз үкімге міндетті түрде шағымданамыз. Бірақ менің айтайын дегенім мынау - қазір исламофобия қатты ұлғайып барады. Бұл дегеніміз енді адамды кез-келген жағдайда терроризм, діни алауыздық тудыру айыптары бойынша негізсіз соттай беруге болады деген сөз, - деді адвокат Нұрпейісов.

Шухрат Кибировке тағылған айыптарға себеп ретінде тергеушілер 2014 жылы "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі "Алим Ахметов" атты аккаунт жариялаған араб және шешен тіліндегі діни әндерді алған. Мемлекеттік айыптаушы Арман Оразбақов "Вконтакте" желісіне "Алим Ахметов" деген логинмен Кибировтің тіркелгенін", логинді тіркеу үшін ол өзінің "мобильдік телефонын пайдаланғанын" айтты. "Вконтактедегі" "Алим Ахметовтің" парақшасында төрт араб және бір шешен тіліндегі нашидтердің (діни әндердің) аудиожазбасы жарияланған болатын.

Ғалым Нұрпейісов үкім нашидтерге сараптама жасаған маманның қорытындысына сүйеніп шығарылғанын айтты.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1550
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3344
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6168