Жұма, 22 Қараша 2024
Әкімнің ісі 4612 4 пікір 30 Қараша, 2017 сағат 08:26

Қостанайдың Президент күніне тартуы «Макдональдс» болғаны ма?

Кейінгі кездері елімізде көңіл көтеру мен ойын-сауық орталықтарын көптеп салуда өзара бәсеке басталып кеткен тәрізді. Бұрын қандай да өндіріс орындары ашылып, адамдарға жұмыс табылды, енді өзі айлық алып отбасын асырап бір қуантса, мемлекетке салық төлеп қазынаның қарнын қампитар еді. Ондай заман көзден бұл-бұл ұшқан сыңайлы. Қазір қандай да кәсіпорындардың есігін айқара ашқанын тым сирек еститын болдық. Ал сол сирек өнеркәсіп орындарының алдымен салтанатпен ашылып, кейін үн-түнсіз жабылып қалатындығына да таң қалмайтын болдық.

Біздің өңірдегі басшылардың барлығы дерлік "еліміз аса бай, ал адамдар болса қалталарындағы ақшаларан қайда жұмсарын білмей дал болып жүр" деп ойласа керек. Сондықтан да ойын-сауық отауларын көптеп салып, халыққа жақсылық жасап жатырмыз деп ойлайтын сияқты.

Мұндай аттандаған жарыстан біздің Қостанай да алдыңғы қатарлардың бірінде десек, артық айтқандық болмас. Бізде мейрамхана салса, ең кемі мың адамдықтан кем болмайды. Соңғы кездері облыс орталығында осындай «Дала холл», «К-7» «Метрополь», «Ақ шаңырақ», «Қостанай плазе» дегендері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Жарайды, капитализм кезінде мұндай да қажет шығар. Алайда бізді алаңдатып отырған бұл жайт емес. Біздің түсінбейтініміз, осындай ойын-сауық орталықтарын асқан салтанатпен  ашуға міндетті түрде қала әкімі мен бірге облыс әкімінің де қатысатындығы. Жарайды, жүздеген жұмысшыларға жұмыс тауып беретін және жақсы өнім шығарып, өзімізді де, шетелді де қарық қылатын үлкен өндіріс орны ашылып, оған облыс әкімі барып құттықтап жатса, бәріміз де қуанбас па едік?. Ал енді ойын-сауық орталығына барып, лента қиюы облыс басшылығына абырой әперетін дүние емес. Мұндай көңіл көтеретін орындарды қала әкімі ашса да жарайды. Қанша дегенмен ол қалада орналасып, тек қала жұртшылығына ғана қызмет етеді ғой. Ендеше ол шаһар басшылығының шаруасы. Ал тек бір қаланы ғана емес, бүкіл облыстың жағдайына жауапты әкімнің осындай ұсақ-түйекке құмар болуы қалай? Біздің қаланың жұртшылығы міне осыған наразы.

Облысымыздың әкімі Архимед Мұқанбетовты ойын-сауық орталығынан емес, ірі бір өнімді істердің арасынан көргісі келеді. Әрине, облыс әкімі ештеңе тындырып жүрген жоқ деуден аулақпыз. Облысымызда аз да болса жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар бар. Ол да әкімнің тікелей араласуымен бітіп жатқан игілікті іс екендігі анық. Алайда оның жақында ғана аумағы ат шатырым «Қостанай плазе» ойына-сауық және сауда орталығының салтанатты ашылуына қатысып, ал күні бүгін «Март» сауда үйінің жанындағы  "Макдональдс"  жылдам тамақтандыру мейрамханасының лентасының қиюы ақылға сия қоятын іс емес деп санаймыз. Оған қала әкімі Базыл Жақыповтың өзі де жетіп артылады. Сонда Еліміздің тұңғыш Президенті күні меркесіне арналған сый-сияпат па бұл? Олай болса сыйлыққа жарыған екенбіз.

Мұнысымен қоймай әкіміміз мұны аса маңызды оқиға деп баға беріп, айды аспанға бір-ақ шығарды.  Сондағысы бұл мейрамханың қожайының осы шаруаға 780 миллион теңге жұмсағандығы екен. Ал оның арада аз уақыт өтпей-ақ неше жүз миллион болып қайтатындығын айтып жатудың өзі артық шығар.

Шынын айтқанда, бұл мейрамхананың салынуына қала жұртшылығы онша риза болмаған еді. Өйткені бұрын әп-әдемі болған шағын саябақтың 70 көгілдір шыршалары түгел оталды. Екіншіден оның орналасқан жері адамдар мен көліктің жүретін жеріне өте қолайсыз. Күні ертең мұнда келушілер көбейген тұста екі жаққа да салмақ түсетіндігі сезіледі. Яғни көліктің кептелуі көбейіп, жүргіншілердің жүруіне кедерге жасалынады. Сонда ұтақынмыз не? Тез тамақтанамыз деп бір жағынан экологияға зиян келтіріп, екінші жағынан көліктің кептелуін көбейтпейміз бе?

Сірә, мұндай ұсақ-түйек мәселелер облыс әкімін онша мазаламаса керек.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276