Елбасы: Астана келбеті - ұлт келбеті
Сарыарқаның сайын даласында Отанымыздың жаңа елордасы, өркендеу үстіндегі Қазақстанның орталығы - Астана бой түзеді. Жаңа елорда салу бастамасын алғаш Қазақстан Президенті көтергені баршаға мәлім. Ол кезде, тоқсаныншы жылдар ортасында бұл идея жүзеге асатынына сенгендер көп болған жоқ. Жаңа қала салу мен оған көшу көптеген онжылдықтарға созылады деп санағандар да болды. Бірақ олардың бәрі қателескен еді. Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналды.
Қаланың бас сәулеткері шын мәнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады. Оның идеясы мен ұсыныстарының арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болды. Қаланың көптеген ғимараттары, ескерткіштері кезінде Президент сурет, сызба және нобай түрінде түсірген ойлардан алынды. Әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын өмірде жүзеге асыра білді. Олардың арасында Кисе Курокава, сэр Норманн Фостер, Кензо Танге және тағы басқалар бар. Ғимараттардың басым көпшілігі Астананың ең көрнекі орындары мен қаланың өзіндік рәміздеріне айналды.
Мемлекет басшысының сызбасы бойынша «Бәйтерек» - Астананың және бүкіл елдің ең танымал бренді бой көтерді. Ол елорданың жаңа бөлігінің дәл орта тұсында орналасқан. Оның басынан бүкіл қаланың әсем көрінісі көзге шалынады. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің суреті мен сызбасы негізінде «Хан Шатыр» бірегей сауда және ойын-сауық кешені салынды. Арнаулы полимерлік жабыннан жасалған кешен Forbes Style журналы нұсқасы бойынша, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енді. Дүкендер мен павильондарға қоса, мұнда кинотеатр, көптеген аттракциондар, сұлулық салондары, тіпті аквапарк та бар. Мемлекет басшысы ойластырған тағы бір маңызды нысан - «Отан қорғаушылар» монументі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу үшін Нұрсұлтан Назарбаев пирамида түрінде арнайы сарай салуды ұсынды. Бұл идеяны Норман Фостер табысты жүзеге асырды. Бүгінде Бейбітшілік және келісім сарайы - Астананың сәулеттік ансамблінің бөлінбес бөлшегі. Президент мәдениет орталығы, Ақорда резиденциясы және Астананың өзге де сәулетті ғимараттары да алдымен Нұрсұлтан Назарбаев сызған жоба түрінде пайда болған еді.
Мемлекет басшысы - Астана құрылысына тікелей қатысушы. Президент жұмыстардың қарқынын, ең бастысы - сапасын үнемі қадағалап отырады. Мұны барлық сәулеткерлер мен инженерлер, Астана прорабтары мен құрылысшылары ұдайы есте ұстап, мемлекет басшысын және елорда тұрғындарын ұятқа қалдырмауға тырысады.
Еуропадан Азияға апаратын жолдар қиылысында қолайлы орналасуы еліміздің астанасын еуразиялық кеңістіктің жаңа орталығына айналдырды. Бүгінде Астана аумақты өңірдің ең әсем қаласына, оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына айналды.
Президент Астана туралы
Астана - Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі.
***
Жаңа Астана - тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны.
***
Астана - мемлекет дидары, халық мерейі. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып көркейіп өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа астананы, жаңа Астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенімдіміз.
***
Астананы тек мемлекет басшылары ғана құрмайды, астана да ел басшылығын қалыптастырады.
***
Астана келбеті - ұлт келбеті.
***
Жаңа астананың қаласы да, адамдардың санасы да жаңа болсын.
Abai.kz