Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 6136 22 пікір 5 Желтоқсан, 2017 сағат 10:13

Әбдірашит Бәкірұлымен әңгіме

Бүгін біз Фуранов көшесінің Нұрсұлтан Назарбаев көшесі болып өзгеруі және Орталық Азиядағы жеке басқа табынушылық культі жайлы сөз қозғаймыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Әбдірашит аға, өзіңіз білетіндей өткенде Алматы қаласының Мәслихаты шешім шығарып, Алматыдағы Фурманов көшесін Нұрсұлтан Назарбаев көшесі деп ауыстырды.

Бірақ, бұл сенсация болмады. Себебі, көп жұрт онсыз да түптің-түбі бұл көшенің «Назарбаев көшесі» болып өзгеретінін білді.

Енді мына бір дерекке назар салыңызшы, бұл көше «Фурманов» деп аталғанына тұп-тура 61 жыл болыпты. Әлдебір Фурмановты 61 жыл ұлықтадық.

Дәл сол көшенің Нұрсұлтан Назарбаев деп өзгертілуін қала тұрғындары мен интелегенция қалаған көрінеді. Әгәрәки әкім өтірік айтпаса, тап солай. Ұсыныс болған. Мәслихат жұрттың ұсынысы шеңберінде талқы жасап, шешім шығарған. Ал сіз осыған сенесіз бе? Себебі, сіз де, мен де біздегі басқару системасының мұндай процесстерді қалай жүзее асыратынын білеміз ғой...

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Нұргелдіжан, Алматыдағы Фурманов көшесінің Н.Назарбаев атына ауыстырылғаны туралы айтар болсақ, әрине, заң жүзінде ол үшін көше, қала тұрғындары осы бастаманы көтереді. Содан кейін халықтың сұранысын ескеріп, қалалық мәслихат шешім қабылдап, оны онамастикалық комитет бекітеді. Сонымен, халықтың өтініші орындалған болып шығады... Мен жоғарыда «бастама, өтініш», «шешім» сөздерін тырнақшаға саналы түрде алмай жазған себебім – бұл шараның дәл осы ретпен, яғни «заңды» түрде жүзеге асырылғанына еш күмән келтірмегендіктен десе болады.

Мәслихаттың заң аясында шешім қабылдағанына бек сенімдімін. Бірақ, қазіргі билік жүйесінің қыр-сырын біршама білетіндіктен, мен өзіме «Ол заңдылық қалай және қандай мақсатта  орын алды?» деген сұрақты қоюға мәжбүрмін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейікші. Мен авторитарлық басқарудың – культқа табыну дейтін қасіреті жайлы айтпақпын.

Өзіңіз білетіндей, Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркияның төрт қаласында көше берді. Ұзын-саны Шешенстан, Татарстан, Ингушетия секілді автономды елдерде 10-ға таяу көше Нұрсұлтан Назарбаев атында.  Тіпті орнатылған ескерткіштер де аз емес.

Әсіресе, Қазақстанда Назарбаев атындағы саябақтар, мектептер, ЖОО мен мұражайлар айтарлықтай көп.

Әрине, Назарбаевтың Тәуелсіздік алған жылдардағы атқарған шаруалары жетерлік. Дегенмен, біз өткенде сөз еткен Роберт Мугабе де өз елінің тарихында билік басына азаттық үшін күрескен батыр образында келген еді.

Әу баста халықтық симпатияға ие болған басшылардың автортарлы жүйе қалыптастырып, культ тұлғаға айналып кететіне бірінші кезекте Президенттің айналасындағы топ кінәлі деп есептеймін.

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Нұргелді, есіңде ме, өткен жолы екеуміз Мугабе туралы пікір алмасқанда мен саған «Авторитаризм табиғатын зерттеп көрсең қайтеді?» деген өтініш айтып едім... Оны айтуымның себебі, міне, көп ұзамай-ақ көрініс бергенін бүгін өзің де көріп отырсың. Ертеректе мен Президенттің балаң кезінде Украинада бірге оқыған досы, партиясының төрағасы, марқұм Мақсұт Нәрікбаевтың «Әділет» партиясында біраз қызмет атқардым. Баспасөз конференцияларын ұйымдастыру менің міндетім еді. Сондай бір конференцияда Мақсұт аға «Қазіргі билікті Елбасыға толық өткізіп беру керек» дегені есімде. Ол кісі ойын былай түсіндірген болатын: «Қазіргі министрлер, әкімдер қандай істі қолға алмасын – барлығын «Елбасы тапсырмасымен,, «Президенттің нұсқауымен» деп бастайды. Олай болса, өз бетімен ешқандай әрекет етуге қабілетсіз, соңында өз істеріне ешқандай жауапкершілігі жоқ  министрлердің, әкімдердің бізге қажеті қанша? Біз не үшін оларды орасан зор шығын шығарып ұстап отырмыз? Одан гөрі барлық бастама көтеретін, сөйтіп, барлық жауапкершілігін өз мойындарына артатын президенттік басқаруға тікелей көшкен дұрыс емес пе?» деген еді. Содан бері біршама уақытты артқа тастадық. Сол екі арада Президент Билік өкілеттігін бөлісу туралы жарлыққа қол қойып, әрбір билік буындарының жауапкершілігін арттыру туралы шешім қабылдады да! Бірақ, соған қарамастан, біздің билік халықпен етене жұмыс жасап, жаңа бастамаларды көтеріп, мемлекет қуатын арттыра түсудің орнына - әлі де жалтақтап, Елбасының артына «тығылуын» қояр емес. Ол үшін олар ыңғайын тауып, бүгінде қартая бастаған Елбасының «көңілін табумен» жаппай шұғылданып жатыр.

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Рас айтасыз, Бұған себеп те жоқ емес. Өткен жылы Тәуелсіз Numbeo порталы әлем бойынша өмір сүру сүру деңгейі мен саяхаттау үшін ең арзан және ең қымбат 122 мемлекеттің рейтингін жариялады. Мұнда Әлемнің ең кедей бес мемлекетінің бірі – Қазақстан деп көрсетілген.

Бұл бұл ма, қазірдің өзінде күнкөріс деңгейі төмендеген. Орташа есеппен ең төменгі сома 21 мың теңгені құрайды.

Қазақстанның ең дәулетті 50 адамының байлығын үш облыстың (Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан) ішкі өнімімен теңестіруге болады. Бұл елде жарты миллионнан астам адам өлместің күнін кешіп отыр.

Жо-жоқ, миллиардерлер бізде де бар. Елдегі 50 байдың басында Болат Өтемұратов тұр. Оның 2 400 000 000 доллары бар. Тимур Құлыбаев та үштікте. Мұның барлығы да себеп...

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Дұрыс, қазір еліміздің экономикалық жағдайы мәз емес. Қазақстан инфляцияның артуы жағынан посткеңестік елдердің алдына шықты. Ал халықтаң тұрмыс деңгейі жөнінен әлемдегі елдердің соңында қалды. Ол туралы деректер баспасөзде ашық жариялануда. Мұндай кезеңде биліктің бар мақсаты – осындай қиын кезеңнен тезірек шығуға, халықты отаншылдыққа бастай отырып, оның жағдайын шұғыл түзеуге бұрылуы тиіс еді ғой. Ал, осы – тұрмысы төмендеген халықтың «ашулы» кезінде өмірге келген бұл – мейлі, Алматы қаласы үшін болса да – «тарихи шешім» халық тарапынан біріншіден - жағымпаздықтың, екіншіден − биліктің Елбасына «жастық беру» арқылы өздерінің әрекетсіздігін, әлсіздігін жуып-шаюдың көрінісі деп санауға болатынын көрсетеді. Мұндағы мотивация Елбасы мәртебесін өсіруге, оған деген халықтың шынайы сый-құрметін көрсетуге бағытталмағаны «ақ матаны қара жіппен тіккендей» көзге көрініп-ақ тұр емес пе?!. Олар осыны неге ұқпайды? Елбасы осы «мәртебеге» соншалықты зәру ме еді − мен олай деп ойламаймын...Иә, кезінде Мақсұт аға өте дәл айтқан екен!

Нұргелді Әбдіғаниұлы:

-Орталық Азиядағы жеке басқа табынушылық дерті жайлы айтсам орында болар. Байқағанымыз ОА Басшылары неғұрлым билікте ұзақ отырса, оған культ тұлға ретінде табынушылық күшейеді. Әуел бастағы халықтық симпатия бірте-бірте нагативке айналады екен.

Біз мысалды алыстан емес, Орталық Азиядан іздейміз ғой. Өткенде Түркіменстаннан ақпар жетті. Қазіргі Президент Гурбангулы Бердімұхамедов бұрынғы басшы Сапармұрат Ниязов туралы естеліктерді жойып, «барлық түркіменнің атасы» аталып кеткен Ниязовтың көзі тірісінде қойылған ескерткіштерді құлата бастады. Шатаспасам, бұл 2007 жылдан басталды-ау.

1985-2006 жылдары аралығында ел басқарған Сапармұрат Ниязовтың (Түркіменбасының) тірі кезінде оған Түркіменстан бойынша 100-ге жуық ескерткіш орнатылған. Ал 2017 жылы Түркімен жұрты «Құдайдай табынған» Сапармұрат Ниязовтың әкесі Атамұратқа қойылған ескерткіштер жойылды. Енді міне, 2017-де ол туралы айтуға да болмайтын жағдайға жетті.

Немесе марқұм Өзбекстанның лидері Ислам ака Каримовтің де командасы Бердімұхамедов пен Назарбаевтан кем түспейтін еді.

Бұл жағдай біздің елге де таңсық емес. Бізде айналасы 26 жылдың ішінде президентке арнап 10-ға жуық ескерткіш орнатып, тастан тұлға салуға машықтанып алғанбыз.

Айта берсек мысал көп. Ұлықтауын ұлықтармыз-ау... Бірақ, ақыр аяғында барлығы бір сценариймен аяталынын да көзіміз көрді. Оның дәлелі – кешегі Мугабенің тағдыры.

Әбдірашит Бәкірұлы:

-Бұрынғы заманда Брежнев қайтыс болғанда, бүкіл совет халқы аза тұтып, біз Алматыдағы бір алаңды соның атына беріп жібердік. Кейінірек сол Брежнев алаңында қазақ жастары лап көтеріліп, ұлттық тәуелсіздіктің алғашқы шырағын жақты. Ол ұлғайып, ақыр соңында КСРО-дағы барлық республикалар тәуелсіздік алып шықты. Енді, міне, сол бұрынғы Брежнев алаңы қалай аталады? «Тәуелсіздік алаңы» деп аталмай ма?! Ондағы тұрған алып монумент те «Тәуелсіздік монументі» деп аталады. Бұл − тарих. Ешкім де тарихтан құтыла алмайды. Егер, билік Тұлғаны «тұлға» еткісі келсе, оның «атынан бұрын затын» көтеруі тиіс, ол − мемлекетті қуатты ету, қазақ ұлтының тәуелсіздігін мәңгілік ету! Осы жолда оның халықпен бірге болғаны, барлық әрекеті ашық, мемлекетшіл болғаны қажет! Өкінішке орай, біздің әкімқаралар Елбасы айтқандай «халыққа қызмет етуден» бұрын, Елбасының алдында жақсыаттанып қалуды басшылыққа алуға үйренген. Не үшін? Орынтақ үшін бе? «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген − ертең табиғат заңымен, Алла әмірімен ол кісі олай-бұлай болып жатса − онда оған қандай марапат-құрмет көрсетеміз? «Бәрін де көзі тірісінде жасап қойып едік, енді берілетін көше де қалмапты» деп ауызды құрғақ шөппен сүртіп отырамыз ба? Ұяттың көкесі сонда болмай ма!

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373