Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 12576 0 пікір 18 Желтоқсан, 2010 сағат 08:01

Жәди Шәкенұлы. Жастар поэзиясы жайында толғаныс

Бұл күнде әдебиетте  «болмай жатып Белин­ский, толмай жатып Толстой болғандар» (М. Әуезов) көбейді. Абайды ақын емес, Қожаберген, Сегіз серіні қиял кейіпкері дейтіндер шықты. Қайтеміз - құлақ біздікі, ауыз өзінікі. Барды бағамдағанның орнына оны жоғалтпақшы болған «ұлт зиялыларына» буырқанып тасимыз, таяздығына таңғаламыз. Ең соңында «жаңа ғасыр шалдарының» мінезімен үндемей құтыламыз. Ал жастарға келгенде тағы сол «үндеместікке» салуға дәтіміз шыдамайды, тіліміз қышиды.

Жастар шығармашылығы туралы сөз болғанда әуелі есімізге Мағжанның  «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі оралады. Онда ақын:

Арыстандай айбатты.
Жолбарыстай қайратты  -
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін! - деп ағынан ақтарылған болатын.

Ал сол жастар үмітті ақтады ма?

Бұл күнде әдебиетте  «болмай жатып Белин­ский, толмай жатып Толстой болғандар» (М. Әуезов) көбейді. Абайды ақын емес, Қожаберген, Сегіз серіні қиял кейіпкері дейтіндер шықты. Қайтеміз - құлақ біздікі, ауыз өзінікі. Барды бағамдағанның орнына оны жоғалтпақшы болған «ұлт зиялыларына» буырқанып тасимыз, таяздығына таңғаламыз. Ең соңында «жаңа ғасыр шалдарының» мінезімен үндемей құтыламыз. Ал жастарға келгенде тағы сол «үндеместікке» салуға дәтіміз шыдамайды, тіліміз қышиды.

Жастар шығармашылығы туралы сөз болғанда әуелі есімізге Мағжанның  «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі оралады. Онда ақын:

Арыстандай айбатты.
Жолбарыстай қайратты  -
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін! - деп ағынан ақтарылған болатын.

Ал сол жастар үмітті ақтады ма?

«Біздің жас ақын-жазушыларымыз әдебиетке біз жастар тақырыбымен келеміз деп еді. Асыл тастан, ақыл жастан деген халық қағидасы бойынша үлкендеріміз үлкен үміт еткенбіз. Ол үміт әлі ақталған жоқ». Бұл сөз Ғабит Мүсіреповтың 1984 жылы Жазушылар одағында 82 жасында айтқаны. Қазірде құнын жойған жоқ. Алдыңғы буынның соңғыларға көңілі толмаушылық өткен ғасырдың соңына келгенде талай данамыздың өкпесін қара қазандай қылған түрі бар. Десе де барға қанағат жасайтын, алғы күнімізге үмітпен қарайтын халықпыз ғой. Әуезов 1960 жылы «Жыл келгендей жаңалық сеземiз» атты мақаласында: «...Сол жайды бiз өзiмiздiң жастар туғызып жатқан қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында айтқым келедi. Осы үш саланың табыстарын жаңа жыл келгендей өнердiң жаңа, жас қайраткерлерi келiп, қазақтың музыка, живопись, поэзия өнерiне жаңа бiр жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты» - деген болатын. Ескерте кетерлігі мұнда Мұхаң прозамыз жайында емес тек «қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында» сөз қозғап отыр.

Онан кейінгі толқында да Жастар жағына мойын бұрып, олардың шығармашылығы туралы сөз қозғағандар аз болған жоқ.

Жастар және олардың поэзиясы төңірегінде Әбіш Кекілбаев: «...Жасырақ кездеріңізде, бойларыңда қуат бар кезде көбірек оқып, көру жадыларыңызбен қоса миларыңыздың жұмыс жасауын құлпыртыңыздар... Қазіргі жігіттер әдемі сөйлейді, ал, жазған кезде қате-қате жазады...қазақтың поэзиясындай мықты поэзия жоқ. Мен өзге ұлттардың әдебиетін біршама білемін, осының ішінде қазақтың өлеңіндей өте мәнді, өте әдемі, барлық жағынан жетілген өлең өте аз. Әсіресе, жастар поэзиясы. Осы поэзияның деңгейіне әдебиеттің қалған жанрлары да жетер болса - қазақ әдебиеті ең бір дамыған, оқсаулы әдебиет боп шығар еді... Қазақтың таланттыларының бәріне ортақ бір кемшілік - өзінің жеткен деңгейінде тұра алмайды. Бұл жағынан олар алдындағы Жұмекен сияқты ағаларынан үйрену керек альпинист сияқты... алған шыңында қадалып тұра алған», - деп үміті мен талабын қатарынан білдірсе, Асқар Сүлейменов: «Ұрпақ - ұрпақпен ұрпақ. Аға буын ағалық қамқорлығын көрсетсе, рухани мұраның тарих қоржынында қабаттасып қала бермейтініне есеп беріп отыр. Қазіргі жас - тарихтың мұрагері, сондықтанда сол мұраны жетпек жеріне жетелеп кетеді деп, соның азабына да, ауыртпалығына да таймай барады деп үміт артады. Бұл  - сенім, бұған қоса жауапкершілік. Аға үміті ақ үміт, оны ақтамағаның өзіңді ойға, етекке тастағаның. Кім өзін тау табанынан көргісі келеді дейсіз? Әдебиеттің жаңа буынына, ең жас буынына бұл туралы әбден ойлану керек. Әншейін көкірек қағып, құрғақ мақтанудың жетегіне еріп емес, өздерінің табысына да, табыс көріне бермейтін тайыздығына да шын суреткерше асықпай, аптықпай, байыпты қарап ап ойланғаны шарт... Жаңа буын жаңаның жасаушысы болуға шамасы жетпесе, үлескері болуы керек»  - деді.

Ақын Темірхан Медетбек жас ақындарды «Алтын көпірліктер» деп атады.

Сөйтіп алдыңғы аға буынның өзінен кейінгілерге сынмен, үмітпен, күдікпен қарайтыны мәлім болды. Ал біз...

Өз басым кезінде (2007 жыл 2 ақпанда) «Қазақ әдебиетінде» «Жастар шығармашылығында поэзия биік, ал проза ...» деген мақала жариялаған едім. Онда «Жастардың поэзиясынан жалындылық, өсу көрем. Ақын жанды халықтың ұл-қыздары буынсыз тілді бүгінгі кәдесіне жүгіндіріп, ұлт әдебиетіне кәусар бұлақтай құйылып жатқаны мерейімізді өсіреді. Қазақтың қара шаңырағында қайнап жатқан жыр қазанына қарап тоқтықпен марқаясың» деппін.

Қазірде сол сөзім сөз. Демек осы арада бір көмескі сұрақ жатыр. Яғни неге - поэзия биік, ал проза...? Ендеше ақын болмасақта қара өлеңге қанығып өскен қазақ баласы болғанымыз үшін сіз болып, біз болып осы сұрақтың жауабын іздеп, қолымызға іліккен өлеңдерден олардың болмысын іздеп көрейікші.

Алдыңғы буын аға толқындарға бір көз тастасақ, өткен ғасырдың соңында қазақ әдебиетінің аспанына көтерілген жарық жұлдыздар аз болған жоқ. Олардың шоғырында Т.Айберген, Ж.Нәжімденов, М.Мақатаев, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, С.Жиенбаеав, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Жақыпбаев, О.Сүлейменов, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, Е.Раушан, Т.Медетбек, И.Оразбек, Ж.Әбдіраш, И.Сапарбай, Т.Медетбек, Ж.Бөдеш, М.Айтқожина, Ұ.Есдәулет, Ғ.Жайлыбай, С.Ақсұңқар, Н.Айт, М.Ақдәулетов, Т.Әбдікәкім ... жұлдыздары бар.

Олардың ізін басқан жас буын өкілдерінен ғасырлар өларасында жарқырап көзге түскен Гүлнар Салықбаева, Сабыр Адай, Бауыржан Жақып, Светқали Нұржанов, Маралтай Райымбек, Жарас Сәрсек, Танакөз Толқынқызы т.б. секілді жалынды жастарды атауға болар еді.

Ендеше, «енді кіміміз бар?» деген сауалға толық жауап бере алмасақта, талпыныс жасап жаңа ғасырдан жаңа есімдерді іздеп көрейік. Осы арада жас ақын анықтамасы туралы ой білдіре кетсек, өнердің жаспен өлшенбейтігін айтар едік. Әрине, талант жаспен емес, еңбекпен көрінеді. Өз халқына ғана танымал болып қалмай, аты әлемге машһұр болған Байрон, Петефилер жиырма бес-жиырма алты жыл ғана ғұмыр кешіпті. Пушкин, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Төлегендер отызға жетер жетпесте-ақ талантын танытып үлгерген екен.

Осыған қарап бүгінгі жастарды «жастар», «жас ақындар» деп бөлгеннен көрі әдебиетіміздің «жаңа легі» деп атаған да теріс болмас еді. Шын мәнінде мәселе олардың атында емес, затында - өлеңінде екенін ескерсек,  жайқалған жас майсаның көркінен көрі, күзде беретін дәніне үңілетінімізде де рас. Олай болса бүгінгі «қазақтың қара шаңырағында қайнап жатқан жыр қазанына қарап тоқтықпен марқаюымыздың» себебі  неде?

Қазақ өлеңінің бастауы қара өлең болғанмен жыраулар жырымен есейіп, өзге ұлт әдебиетімен қанаттанған Абай және Абайдан кейінгі озық ойлы ақындар легінің поэзиямызды ғарышқа көтергенін мақтаныш етуіміз керек. Қазақ әдебиетінің додалы дүбірінде бір-бірімен үзеңгілесе, аузынан ақ көбік бұрқап, ентелей шапқан дүлдүлдер тобы көп болды. Алды тізгін ұстатса, арты қарадан қалысқан жоқ. Осылайша оңымыздан айымыз жарқырап, солымыздан жұлдызымыз туды. Поэзия байырлы­лығымен бе, шағын, өткір жанырлығымен бе өсу, биіктеу жағында ежелден ақ марқалығын көрсетіп келді. Прозамыздан да оқ бойы озып отырды.

Бүгінгі жастар жырына үңілсек, оның өсу барысын көп жақтардан байқауға болады екен.

Жазба өлеңіміздің тегін тас бетіне таңбалаған іздерімізден іздесек, ол Түркілік дәуірден - бағзы түркі ескерткіштерінен бастау алады. Сол үшінде текті жырды тегімізден іздеген талай ақын тамырын тереңге жайып, жырын арыдан толғады. Төркініміздің тектілігін мақтан көрді.

Түрік әдебиетінің мақтанышы Мехмет Юрдақұл:

...Мен түрікпін, дінім, ұлтым ұлы ғой,

Өне бойым жанған отқа толғандай..., - деп жырласа, қазақ түркісінен шыққан ақын  Жұбан Молдағалиев:

«...Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген...», - деп жырлады.

Ал, түркілік тек туралы сан қайталаған дана көкірек Мағжан:

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?

Түрікке адамзатта ел жеткен бе?

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Түріктің ерлеріне ер жеткен бе?..., - деп асқақ үн қатты.

Көне түркілік жәдігерлер Күлтегін, Білгеқаған ескерткіш­терінен бастау алып жыраулар жыры арқылы көркемдік биікке көтерілген байырғы поэзиямыз тудырған рухты жырлардың үні әлі тынған жоқ. Аталар жалғаған асау жырлар ырғақты поэзия түрінде ұлттық айбат, өзгеше кескіндемесімен  ұрпақтарынан да өзіндік еншісін алды.

Демек, кешегі Темірхан, бүгінгі біздің жастар осы рухты жалындатып, лапылдатып жалғастырып келеді десек еш қателес­пейміз. Сондай ақындардың қатарынан арынды да дарынды жырларымен, селдеген сезімімен өлең өлкесіне қосылған бір топ жас бар. Сол топтың алдыңғы легінде Ұларбек Дәлейұлы Байтайлақ бар. Әсіресе оның соңғы кезде жазған жырларында сондай түркілік екпін, жалынды өсу байқалады.  «Мұңлық» өлеңін оқиық:

 

Алты айлық алыс даламнан асығып жеткен боздағым,

Сағынышымның мың түрлі аруағын несін қозғадың?

...Асуда асу бел еді,

Аңқып бір соққан жел еді.

Қуанышым да бар еді, қасіретім де көп еді.

Кешігіп жетер көктемнің сәлемін ала келдің бе,

Құладын құстай құмдағы жанымның шөлін көрдің бе.

Ғасыр да емдеп жаза алмас жүрекке біткен мұңым бар,

Хантәңірідей қайғымды қабағымнан ұғыңдар.

Жылай да жылай жабығып жайлауда қалды қарындас,

Қарай да қарай қамығып қыстауда қалды тамырлас.

Жазыққа біткен бүлдірген - жалаң бұттарға жем болған,

Жарлауға біткен жапырақ - шашылып қара көң болған.

Алтайдың белі ақселеу,

Ақселеу басын ие ме,

Аңырап қалған қарындас әлі де бізді сүйе ме?

Көктоғай бойы көп асу,

Асуға қостар қонды ма,

Жұртымда қалған ақмойнақ, алыпсоқ арлан болды ма.

Ботасын қорғап жаңбырда, желкілдеп боран өтінде,

Шаңырақ салар құба інген боздай ма ауыл шетінде.

Ақсеңгір басы ақ мұнар,

...Ағалар кеңес құрды ма,

Жортуыл жолын күзетіп жеңгелер жылап тұрды ма.

Қара шыбындай құжынап байырғы қытай баласы,

Қайнаған базар болды ма атамның қайран моласы... Осылай жалғаса береді.

Жол жорғадай төгілген әсем жолдар есіңізге еріксіз Күлтегін тастарын оқуға, жыраулардың жаңа үнін естуге жетелейді. Түркінің ұрпағы тірі екен ғой деп Аллаңызға тәубе қыласыз. Тамсана отырып амалсыздан келесі жырға үңілесіз. «Хат» өлеңі де тура осы өлеңнің үндес жалғасы. Бірақ басқа:

 

Селенгіге сел жауса да,

Орхон бойын оқ жауса да,

Мен сендерді ұмытқам жоқ бауырлар!

Әр кеш сайын сағынышым ауырлар.

Күн астында келем жалғыз тепеңдеп,

Жүрегімді қалды бұлттар мекендеп.

Дауыл жұлған қайыңдарға жүгірем,

Құлап жатқан Ғұн сардары екен деп...

Сендер көрген түсті мен де көремін,

Сендер көрген құсты мен де көремін...

 

Жылау, езілу, егілу, ерлік рухты шақыру деген осылай болатын шығар. Бұл өлеңдерді бұдан ары талдағанннан көрі оқырман өзі-ақ тереңіне бойлайды. Өзінің де түркі қазақ екеніне, осындай ақын ұлы барлығына, жаңа поэзияны да осылай сөйлете алатынымызға мақтанатын болады. Амалсыздан «Селенгіге сел жауса да,

Орхон бойын оқ жауса да...» - деп ақынмен бірге күбірлемеу қолымыздан келмейді. Ары қарай оқимыз.

Сенерімді жоғалтсаң да, дерегімді жоғалтпа!

Өлеңімді жоғалтсаң да көгенімді жоғалтпа!

Жегі мұңдар жанды жесе жел өтінде тұрып мен,

Желден сәлем жіберемін,

Жерден ауыр үмітпен... Міне, біз анау-мынау емес нағыз ақынның - түркіден қалған «көк бөлтіріктің» үнін естігендейміз. Тек сыртқы сұлулық қана емес, ұлттық рух, терең пәлсәпа, ішкі ұран қамшының өріміндей жымдасып жатыр. Қайталау, балаңдық, жалаң еліктеушілік емес, қалыптасқан ақынның ауыздықсыз жырына құлақ түріп, талантына тамсанып отырғандаймыз. Енді өлеңнің аяқтауына назар аударайық:

«Селенгіні сел алған жоқ!

Жау алды,

Орхонсуды оқ алған жоқ!

Дау алды.

Дәм бұйырса құшағыңа бір қысарсың оларды...».

Қайтқан құстың ғазалынан у ішіп,

Мен жұбатып тұрмын шерлі анамды...

Ақын жүрегі осылайша өзінің жоғын - түркілік тегін, түрік қағанаты заманындағы байтақ даласын, баһадүрлерін аңсап сары даланың төсінде зар желіске салады. «Күлтегін» жырының жаңа ғасыр тілімен, жаңа ғасыр жырауымен тіл қатуы ғой бұл! Бабалар қолының табы қалған балбал тастар қайта сөйлеп жатқан жоқ па? Әрине, мойындау керек! «Дәм бұйырса құшағыңа бір қысарсың оларды...» - міне, бұл тірі рухтың шақыруы. Бабалар аманатына деген оғланның үміт-сенімі мен жан айқайы! Ақтамберді мен Махамбеттің «аузынан түскен» ақын інісі ұмытып бара жатқан жайларды есімізге салып бөрілі байрақты тік көтеріп тұр.

Ұларбектің барлық өлеңі төрт аяғынан тік тұр деуден аулақпыз. Десе де оның ақын болғанына, жас поэзияға ҰЛАР ақын­ның бейнесімен келгеніне қуанып отырмыз. Оның өзге өлең­дерініңде түнгі оттай жылт етіп көзге түсетін сәулелі жолдары бар:

Тауын аңсап тағаты ұшқан бір ақын,

Ай бетінен өз қабірін қазады...

(«Жалғыз емен жапырағындағы жыр»).

Дегенмен де мұндай табысты тармақтар аса көп емес. Оқта-текте басқаларды қайталайтын сөздерде ұшырайды. Кейде ылғи да түңілу, жылау, қарғану секілді бір сарындылыққа да жолығып қаласыз. Мұның бәрін бергенінен берері көп ақынның алдағы жерде түзетіп алатыннына кәміл сенеміз. Жалпы Ұларбектің:

Айбарынан қалған сонау-у-у Оғыздың,

Сабы сынық мен бір ескі қобызбын, - деп өзі айтқандай жыраулар рухын жаңғыртып жаңаша леппен жазған өлеңдері өміршең бола берсе екен деген тілегіміз бар.

Махамбет, Мағжанның рухты жырларын тірілткендей жұбаныш сыйлап жүрген тағы бір топ жас бар. Олар бірде жырауларша төгіліп, енді бірде Мағжанша күбірлейді. Тағы бір қырынан қарасаңыз мүлде басқа. Ізденіс, соныға қанат қағу, өзгегеге ұқсағысы келмеу қуанышымен, жаңалығымен жетелеп отырады. Сол топтың бел ортасындағы Бауыржан Қарағызұлы жырларынан да жастыққа тән асаулық пен поэзияға тән жаңа екпін бірден байқалады. Бауыржанның Мағжанға арнап жазған «Ақын рухымен сырласу» өлеңі соның үлкен мысалы.

Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,

Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!

Сұңғыла сертінде бодандық булығып,

Дұғалы сөзінде Азаттық аңқыған!

Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!

Ажалды жылатып, айбынды от жырың,

Жалғанды жұбатты періште пәктігің.

Жан мұңын сөйлетіп,

Ар құнын құлпыртып,

Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,

Кешегі керауыз сатқынды састырып,

Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,

Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,

Жүректің қобызын күңірентіп,

Қош келдің біздерге Ақ Сәуле - Ақтық Үн!

.......

Түбі бір Түркі үшін,

Алтайдай  құлазып,

Арқадай аңырап,

Тұранның төсіне жұлдызды ойлары жамырап...

 

Даланың көшпелі Обалын ойлаған  -

Сананың мәңгілік Шырағы.

Ойының киелі тұмары,

Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы  -

Сендегі Аңсардың зарымен,

Үміттің қанымен көктеген жазбалар,

Қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,

Жусандай бұрқырап тұр әлі!

Сар тап болған санамызға ақ боранымен - бостандық желімен аңырай келген жас ақын кешегі әз аға - Мағжанмен сырласып, ол аңсаған азаттық таңының арайын, елінің егемендігін, халқының қайсарлығын емірене жырлайды.

Кірпікте марқасқа қуаныш мөлдіреп,

Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп..., - дейді.

Қандай әдемі!

Құлдық кезеңде қызыл туды жетпіс жыл жырлап, оның «балғасын» батаға, «орағын» «отты жырға» айналдырған қазақ ақындарынан көк туды жырлаған бірде-бір өлең таба алмай шаршайтын кездерімізде жоқ емес. Ал Бауыржан ініміз өзгеше - «Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп» дейді. Неге қуанбаймыз?

Рухты көтеру үшін сол рухты көтеретін ұлттық құнды дүниелеріміз бен жеке тұлғалар образы әдебиеттен өзінің шоқтықты орнын көрсетіп ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керек қой. Мағжан «Батыр Баянды», Мұқағали «Райымбекті» сол рухты көтеру үшін жазбады ма. Бауыржандар Мағжанмен сырласып оның рухын ортамызға әкеліп жаңаша сөйлетіп жатса, өлеңнің жаңа түрімен - өзіндік тынысмен жеткізіп жатса бостығымыз толып, көңіліміздің көкжиегі кеңи түспей ме! Жаңа тақырыпты жаңаша жырлауға келгенде Бауыржанның жаңа сөздері де көп:

«Жүрегімен жымиып,

Біздің жаққа сапар шекті жас үміт»...

«Қанымызда қуаныш күлді мөп-мөлдір».

... «Қара тәннің қауызында билеген,

Жасыл Жанның аппақ-аппақ арманын»,

«Шөп батасын оқыған көктем сайын талығып», - деген тектес әдемі тіркестер оның ақындық жолға, сөз өнеріне бет бұрғанын анық аңғартады. Десе де кейде шешендікке салынып, сапырып айтамын деп құрғақ сөз қуарлыққа, мағнасыздыққа бой алдыратын «әттеген-айы» да жоқ емес. Ақынның ізденіс үстінде екенін ескерсек, ондай болмашы кінәратты түзетіп алуға әл-қуаты, қалам қайраты қаптал жетеді.

Бағзы жырларда Күлтегіннің елді қорғау идеясы - жырдың мәңгілік алтын діңгегіне айналып, ежелгі түркілердің ең басты идеологиясы - туған жерге деген, туған елге деген махаббаты мен егей  ерліктері болып отырған. Атап айтқанда,  Оны ұрпақ санасына сіңдіруді көздеп, жігерін жанып, отанын, ұлтын, еркін­дігін қорғауға шақырып отырды. Халық ішіндегі алауыздықтың кесірі түркі халқының жойылып кетуіне әкеліп соқтыра жаздағанын да айтты. Оған себепкер болған жауларына жағымпаз­данып, олардың алдауына ерген түркілердің атқамінерлері екенінде жазды...

Сол тұстың «ақындары» Түркі батырлары мен данышпандары болған Күлтегінді, Тоныкөкті, Білгені жырға қосса, Ал біздің жастар... Осы жағынан қарағанда сол түркіліктің жастар жырынан солғын тартып жататын тұстарының бар екенін де байқап қаламыз.

Кейде бұлардың жырын оқып отырып қанаттанғаныңыз сол қанатыңыз күйіп қалғандай үмітсіздікке салынатын кездеріңізде болады. Осы жағынан қарағанда кейде позия үшін сол түркі ерлігін ту еткен, рухымымызды дүр-дүр сілкіндіретін Ақтамбердінің асау толғаулары, Махамбеттің марқасқа жырлары, Мағжанның ұлтшыл үні, Мұхтардың күш-жігерді толқытатын отты өлеңдерінің де керек екенін де сеземіз. Бұл жағынан Ұларбек пен Бауыржаннан күтеріміз көп.

Десе де жаңа заманның Мұстафа Өзтүрігі, Бекзат Саттарханы көркем әдебиеттен қандай орын алды? Қытай әдебиеті мен өнеріне назар салсаңыз олардың шығармасынан бүгінгі жаңа заман батырларын оңай тауып аласыз. Және күнде туған «батырын» күнде ту етіп өспірімдерінің үйрену үлгісіне айналдырып жататын жақсы дағдысы тағы бар. Бізде? Сол баяғы Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек... Жаңа батырлар жыры неге жоқ! Түр жаңа, түпкі мазмұн түркінікі болып, қазаққа тән рух сыйлай алсақ жырларымыз құлпырып отырмас па еді. Осы жағынан қарағанда ақындарымыздың түңілу жылларынан көрі рухты жырлары да көп болса екен деп тілейміз.

Біздің түркілікті қазақы дәуірге жалғап, қара өлеңді қанат қылғанымызға да аз болған жоқ.

Қазақ қара өлеңінің қаситеті Абай болып қанаттанып, Мұқағали болып мұңлық сыр шертті.

Қара өлең қазақ болып жаратылған әр бір жанның кіндігі бір егізі сияқты. Ана болып босағаны аттау алдындағы келін көріспен (қара өлеңмен) босағаны аттайды. Омырауын алғаш рет баласының аузына бесік жырымен салады. Өмірі де өлеңмен өріліп, ең соңында сол өлеңмен - көріс-жоқтаумен қара жердің қойнына кіреді. Сол айналайын қара өлең қазақ үшін - шежіре-тарих, ел жағдайын, жер жағдайын атадан балаға әулеттен әулетке шаршамай шертіп келді. Абай оны түрлендіріп жаңаша сөйлетті. Сол қара өлең Қасым, Сырбай, Мұқағалидың заманына келгенде көсіле шапты. «Күпі киген қазақтың қара өлеңі шекпен жамылды». Сөйтіп қара өлең түр және мазмұн жағынан қатар өсіп, жаңа заман, жаңа ғасыр жыршыларының да алтын өзегінде от болып лапылдады. Бүгінгі жастар поэзиясынан да өзіндік орнын тапты.

Несіпбек Айт, Марфуға Айтқожина болып жалғасқан қара өлең жастарымызға келгенде де шаршап-шалдыққандық білдірмеді. Халқының қаймағы қалың шұрайлы сөзінен өріс алып, өзінің көз тойғысыз көркем даласындай түрлене білді. Бүгінгі жастар жырына үңілгенде Мұратхан Шоқан, Ерлан Нұрдыхан, Мирас Асан сияқты асау жырды ауыздықтаған екпінді леп тәтті жырымен тамсантып жүр. Әсіресе қазақ өлеңіне өзгеше бояу, өзіндік үн сіңірген Ерлан жырының елеңі өзгеше.

2002 жылы «Ақбота-Ш» баспасынан шыққан «Талбесік» атты жыр жинағына кірген өлеңдерімен атажұрттағы аға-бауырына алғаш таныс болған Ерлан Нұрдыханұлы сол кездің өзінде-ақ біраз ағаларын елең еткізген еді.  Шынжаңдық жастардың сол жыр жинағына Қ.Ысқақ, Ғ.Жайлыбай, К.Ахметова, Ж.Бөдеш секілді қаламгерлер қатарынан лебіз білдіріп, өзіндік бағаларын да берген болатын. Қ.Ысқақ: «Асықпайтын, жол жорғадай әсем ырғақ, сылдараған бұлақ көзіндей еркін төгіліп жатқан зорлықсыз ұйқас, сосын сурет, сағыныш боп жүректі шымшыған пәк сезім, көңіл күй, сосын қоңыр үн! ...», - деп елжіресе, «жыр жауһарын іздеп шыққан әр жас ақынмен жүздескен сайын өз басым бір керемет күй кешемін. Олардың ақ самал сырынан арда өлеңнің өрісін көргендей болам. Жастардың жүрек  лүпілі, сезім дірілі жаныңа жарық нұр себер жарасымымен қуантады» деп тебіреніп еді Ғ.Жайлыбай.

Содан бергі аз да көп те емес, сегіз жыл ішінде Ерлан есімі қазақстандық біраз оқырманға таныс болды. Тамсантты да. «Қазақ әдебиетінде» Қ.Ілиясұлы сияқты ағалары азда болса оң пікірлер білдірді.

Өндір қара сұлу түн,  су жағасы  -

Жалынайын жапырақ шуламашы,

Айналайын ақ толқын туламашы,

Отырайын шошайып шоқыдайын,

Кірпігіңді салқын шық суламашы...

Ерлан қоңыр даланың бір бөлшегіне айналып, сұлу түннің қойнына өз еркінше сүңгиді. Жасандылықсыз дала ұлының тілімен төгіле жөнеледі. Өз болмысымен, боямасыз, бөтен сөзсіз, қамшыынң өріміндей жұмыр жырға бас имей амалыңыз жоқ.

Ақ махаббат!

Сен сыйлаған күй қызғын,

Алғыс саған, сүйкімді мұң сүйгіздің.

Сағыныштың саптыаяғы тағы да

Ернеуіңе ерінімді тигіздім...

«Сағыныш» - бір қарағанда әдебиетте жауыр болған тақырып. Ал Ерланның сағынышы мүлде басқаша. Тек Ерланша «сағынады» - шөлдеген, сағынып-сарғайған, кенезесі кепкен ерін «сағыныштың саптыаяғын» іздеп кеберсиді.. Сіздің де таңдайыңыз құрғайды. Ерініңізді жұтына жалайсыз. Сағынышқа ғана емес, Ерланның ақындығына еріксіз тамсанасыз. Бұл - ақынға тіл бітірген поэзия құдіреті!

Құт мекеннің құлағында сырға жаз,

Сырға жаздың сыңғырындай тырна, қаз.

Маусым деген махаббатқа мас ақын,

Ал ақ дала алақандай бір қағаз.

Мейлі өр, мейлі еңіске салыңыз, Ерлан жыры жол жорғасынан жаңылмай, «су төгілмес, майда қоңырлығымен» көсілте жосылып бара жатады.

«Ақындар-ай, ақ сарайын шаң басып,

Жүрегіне өрмекшілер тор құрып»...

«Етегін ақ көйлектің көлге малып,

Ай жылап отыр әне дөңге барып».

«Толқыған торғын желді жамылшы қып».

«Аспанның ескі парағын бұтағым жыртып».

«Сергелдең судың кигені көбелек көбік».

Осылайша «өткірдің жүзі, кестенің бізі сала алмас» өрнегімен өріле беретін, төгіле беретін жаһұт жолдар алақанға қонған аспанның моншағындай жарқырап, жадыратып жүректерге сәулесін шашып отырады.

Қоп-қоңыр әуен, қоңыр үн, домбыраның ішегіне, қобыздың көмейіне жасырынған сағыныш, мұң бәрі де көңілге қонымды жүректі шымырлата тіл қатады. Алыстан, алты қырдың астынан талып жеткен осы үн бүгінгі қазақ поэзиясының жасыл бағын ай нұрындай аймалап, киелі құсындай сүйеді. Мұқағалидың мұңлы жыры Ерланға айналып басқаша толқиды.

Жастар шығармашылығындағы тағы бір леп шығыстық үлгі. Шығыстық үлгінің негізі бізге ислам діні арқылы кірді. Тіпті исламға кірердің алды-артындағы буддизим мен шамандық діндер таласындай мұсылмандықты жоққа шығарушылық пен күмән және сықақ жырлары да кеңінен тарала бастаған еді. Сөйтіп исламды негіз еткен мұсылман халықтарынан көптеген ақындар шықты. Айталық, Рудаки, Фердауси, Омар Хайям, Физули, Сағди, Жәлелден Руми, Хафиз, Дехлеви...осы топтың басындағы есімі алдымен аталатындар болды. Тіпті Гете, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Блоктарда бұл жолды соқпай өте алмады. Көп ақындар шығыстық осы үлгіні «софылық ілім» төңірегінен қарастырады.

Бұл дәстүр біздің әдебиетімізде Ахмет Иассауи, Машһұр Жүсіп Көпеев, Абай, Шәкерім,  Ақыт жырларынан да көрініс берді. Жалғыз «Мың бір түннің» өзі қазақтың талай ақынының дастан-поэмаларына арқау болды.

Бүгінгі әдебиетке сәп салар болсақ, елдің бәрі батысқа қарап маңырап жүргенде шығыстың желіне бетін берген бір ақын жұрттан өзгешелеу көзге түседі. Оңаша күйсеп, оңаша жусап, жартастың иығына шығып, тұмсығын көтерген сол «кер бұғының» есімі Мұрат Шаймаранұлы!

 

О, менің шығысым - әсерлі шырайым,
Аңыздай айтылып тұратын күн- айы.
Есімді білгеннен ертегіңді емдім мен,
Еліктеп келдім мен елесіңе ұдайы.

Сен жақтан атпаған таң бүгін - қара таң,
өзімде мекен бар, сөзімде жоқ отан.
Түсімде самұрық мініп ап, (о, Тәңір!)
Күн туар тұстарға зымырап баратам.  ( «Шығыс ертегісі») Бұл ақынның жүрек сөзі. Өлеңнің өзі айтып тұрғандай Мұраттың «шығысқа ғашықтығы» осылай басталған.

Ол «Хафизге шағыну» өлеңінде:

 

Жамау-жамау болсада шекпеніңнің өңірі,
Еліктейді бір саған тәкаппарлау өмірім .
Сұлуларға іңкәрмін қайың - балтыр, гүл - ерін,
Сол ерінде бояу боп тұрған менің жүрегім...

Қабақтары болғасын қиылған бір ай мүсін,
Мен нұрлы айды жырлаймын,
Жырлаймын һам қайғысын.
Әсемдіктің әсері қуат беріп соңғы шақ,
Бақыт екен шайырға асқақ жүру сен құсап ..., - деп өзінің

шығыс шайырларын пір тұтқанын жасырмайды. Және де ақын өзі ұстанған осы жолды бүгінгі поэзиямен қабыстырып, ары қарай дамытып ешкімге ұқсамайтын жаңа бір бағытқа қарай бет бұрады. Бұл бағыт шығыс шайырларын үлгі етіп басталды десекте, өзі еліктеген тұлғалардың құшағына құлай кететін жалаң табынушылықтан мүлдемге аулақ. Ендігі жерде Мұрат болып қана жыр толғайды.

 

«Түңілу» атты өлеңінде:
Бәрі солай болатынын ұқтырып,
Қаңтар өтті, көзқарасы сұп-суық.
Жалғыз шырақ -
(жана-жана білтедей)
Бітті үміт.

Ақпан келер - асыққан бір жолаушы,
Сақа - көңіл, түспейсің-ау сен алшы.
Көбелек - қар, көз алдымда көлбемей,
Жоғалшы!

Тұман - жолдар,
Күмән - жолдар,
Түл өңір,
Ақын - жүрек, жыла, жыла, жүде бір.
Аққа бояп сен әуре болғанмен,
Кір өмір.

Жауһазын боп құлақтары қалқайған,
Көктем келер, жаның жанып өрт ойдан.
Көктем бе бұл,
Көктемің де көктиын!
Гүлдің бәрі қартайған.

Тамыр түгіл, тасты ерітіп жылуы,
Сосын тағы жаз келеді бір ұлы...
Мені мұңға шақырады ақшамда,
Шегірткенің шырылы.

Уақыт берген уағдасына сенерміз,
Сенерміз де уатылып, семерміз.
...бәрі солай болатынын ұқтырып,
Келер күз...

Кеміреді кеудемді бір батыл - ән,
Кемерге ұрған толқынымды сапырам.
«Өмір - жалған!» соны біле тұрсам да,
Қиялмаймын, аһ ұрам...

Міне осылайша ақын ендігі жерде өмірді ғана қия алмай тұрған жоқ. Өмірді жырлаған өзіндей ақынды, өлеңді қимай тұр. Күндердің күнінде өтіп кететіні, «өмірдің жалғандығы» жәй ғана айтылмайды, жыр өзегінде бүгінгі күннің қайғысы, заманыынң ащы запыраны жатыр. Ал бейнелеу жағында қарапайым, жасандылықтан, зорланудан ада. Еркін төгілген.

Мұрат жырының тағы бір ерекшелігі әр өлеңінде өзінің жарқыраған тана-моншағы бар. Жұрт жауыр қылған сөз емес, тереңнен сүзіп алған інжудей таза жолдар жиі кезігіп отырады. Ана тілінің қаймағын қалқып, қажетінше көсіледі.

Сен биледің, Айдың уыз сәулесі
Тұрды жамап иығыңның жыртығын...

Ал, адамдар сенің әсемдігіңді
Көздерімен шешіндіре бастады...

(«Балғын тәнің ескі көйлек ішінде»)
«Сол бір ескі әуендерге...» атты өлеңінде көше бойында ән салып тұрған қайыршының міскін күйін шерте келіп, өлеңін:

Бізді қойшы, Алматының өзі де,
Қолын жайып көктен қайыр сұрайды, - деп аяқтайды.

Тағы бір қуанарлығы ақын алғашқы өлеңдерінде «Хафизге ілесіп» «шарапхана» мен «сұлуларды» көп төңіректеген болса, кейінгі өлеңдерінле «Аллах» есімін қайталап, шынайы ақиқатқа бет бұрады. Оны «АЛЛАҺ-тың суреті», «Ақын өлімі» өлеңдерінен байқауға болады.

Кейде бір өлеңіндегі сөздердің екінші өлеңінде қайталануы оның ақындығына көлеңке түсіре алмайды. Айталық бір өлеңінде «Көздерімен шешіндіре бастады» десе  («Балғын тәнің ескі көйлек ішінде»), екінші өлеңінде «Көзімен сан сұлуды шешіндіріп» дейді.  («Бейістің жасыл сирақ әсем құсы»).

Демек, Мұраттың ақындық асау шабыттың арғымағын тақымына баса білген танымал ақындардың біріне айналғанын мойындау керек. Жас жағынан қарағанда «жас ақын» болма­ғаны­мен поэзияға өзіндік бетпен келіп, «шығысқа қайта тіл бітірген», ғазалдарды жаңғырықтырып, жастарды қанаттандырып жүрген Мұрат ақынды аттап өту мүмкін емес.

Бүгінгі күнде көп айтатынымыз және әулиедей бас шұлғыр шұрайлы өрісіміздің бірі батыстық үлгі. Батыстық үлгінің әдебиетіміздегі бастауын Абай мен Шәкерімнің аударма жырларынан қарастырсақ қателесе қоймаспыз. Осы арада батыс әдебиетінің өкілдік үлгісі саналатын модернизм жайында айта кетудің де артықтығы болмас.

Модернизм (Modernism) әдебиеті ХҮІІІ ғасырдың ортасында - романтизм, реализм секілді байырғы әдебиеттік үлгілерге қарсы немесе оның басқаша бейнелену әдісімен  кемелденген түрі негізінде қалыптасқан ағым. Ол жаңаша түрленіп, постмодернизм (postmodernism) деп аталған. Қарапайым сөзбен айтар болсақ постмодернизм әдебиеті модернизм әдебиетінің дәстүрлі әдебиетпен отаспайтын тәсілдеріне мұрагерлік ете отырып, оны ең жоғары өреге көтеріп қана қалмай, ары қарай дамыған түрде, модернизм әдебиетінің түрліше тәсілінен де өзгеше, өзіне ғана тән бейнелеу әдістерін қалыптастыру негізінде туған.

Постмодернизм жайында жалаң айғаймен даңғазалап жүргендердің көбі өздерінің нені айтып жүргенін білмейді. Тіпті бір қызығы сәті түсіп әлем әдебиеті өкілдерімен сұхбаттаса қалсаңыз олардың алпыс пайыздан астамы: «Айналайын, мен сол «изміңді» білмеймін. Және де сол «изм» үшін жазып жүрген жоқпын. Мен «измді» емес, «изм» мені тауып алды. Жұрт өзі солай атап жүр екен, атай берсін!» деп жауап береді. Сенбесеңіз Хейменгуеймен сырласыңыз, ф.ғ.д, профессор Аслан Жақсылықовтың: «Менің шығармаларымызды постмодернизмге жатқызады. Бірақ мен осы ағыммен жазамын дегенді алдыма мақсат қоймаған едім. Тіпті, сол ағым төңірегінде ізденістердеде болған жоқ. Бірақ сыншылар «Сны окаянных» деген төрт томдығымды постмодернизмге жатқызады» («Қазақ әдебиеті» 5.02.2010 №5) - дегенін оқыңыз. Сосын Хейменгуейді ұлықтау­шылардың оны алдымен «измнен іздегенін»,  А. Жақсылықовты көкке көтере мақтағандарды еске алыңыз. Өренің үстіндегі құртқа қолы жетпеген бала қиялдағылардың «тамсануын» ойлаңыз.

Ағылшын тіліндегі «post» сөзінің уақыт жаңалығына емес, сапаға қаратылғанын ескерсек постмодернизм деген атауды ортаға қоюшы оны жаңа әдеби қозғалыс ретінде пайдаланған. Постмодернизм әсілінде модернизм әдебиетінің нәзіктігі мен сырға толы жұмбақтығын түзетіп, жай оқырмандар жеңіл қабылдайтын жаңа әдісті жаратуды мақсат етсе де іс мұның керісінше болған. Англиялық сыншы Давид Лож: «Модернизм әдебиет - көркемөнері бейнелеу жағында жаңалыққа бой ұрамын деп қанша күрделесіп кетсе де бірақ оқырмандардың шығарманың маңызы мен мақсатын түсіну мүмкіндігі бар еді...Постмодернизмдік шығармаларды оқығанда оқырмандардың қиыншылығы әрқашан олардың түсініксіздігі емес  қайта құбылмалылығында болса керек.  Бұның өзі постмодернизмнің өзіне ғана тән қасиеті» - деген екен. Ендеше біздер осы бүгінгі «нәзіктігі мен сырға толы жұмбақтығы» басым, «түсініксіз» «құбылмалы» «шеңбердің сыртындағы» дүниелерге қалай қараймыз? - деген сұрақ туады. Жаңалыққа үрке қарау, үрке қарай отырып оған бойымызды үйрету, қабылдау ежелгі әдетіміз. Олай болса әлемдің әдебиеттік озық үлгілеріне еліктеу және оның қазақы болмысын жасау - жаңа ағымшыл жастарымыздың ғана емес әдебиетіміздің де мұрат-мақсатының бірі, кімде кім қашып құтыла алмайтын замана ағымындай әдебиеттің таптауырынсыз парақтары. Қуанарлығы бүгінгі қазақ поэзиясы осы сауалға өлеңмен жауап іздеп, әр ақын шамасынша іздену үстінде екен. Әсіресе, жастар легі тіптен солай.

Ал жаттанды теорияшылдардың постмодернизмдік үлгісінеде келетін, оқырманның да сұранысына жауап бере алатын қанашама қаламгерлер бар. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтарларды, А.Сүлейменов­ты, О.Бөкеевті жаңа заман әдебиетінен жат деп кім айта алады. Әрине, оларға деген әдебиеттің де бағасы биік, оқырманы да сүйіп оқиды.

Жаңа буын ақындардан Есенғали Раушан, Тынштықбек Әбдікәкім, Гүлнар Салықбай, Сұраған Рахмет жырын қай қазаққа түсініксіз деп айта аламыз. Демек, бұдан жаңаны жатырқама, көнені көзге ілмей қой ма, көнені жаңа үшін, жаңаны көне үшін қызмет еттір, әдебиеттің биік шоқтығына таласа алатын, халықтың да қажетін қанағаттандыра алатын ортақ ойлы шығарма жаз деген сөз келіп шықпай ма? Және де әлемдік әдебиеттің өріне өзге біреу емес, қазақ болып шығуды түсіндірмей ме! Біз елге қарап емес, ел бізге қарап еліктейтіндей жақсы әдебиеттің үлгісін неге жасамаймыз?

Осы жағынан қарағанда жастар поэзиясында Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Ардақ Нұрғазы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым, Қуаныш Дәлей, Гүлманат Әуелхан, Ықылас Ожай, Ырысбек Дәбей, Серік Боқан, Азамат Тасқараұлы сияқты ізденіс үстіндегі бір топ жас ақын сол бір соны соқпақтарға түрен салғысы келетіндігімен қуантады.

Өзін тынымсыз ізденіс үстінде көрсететін Ақберен жыры көбінде жұмбақ сырларға оранып, оны өзіне ғана тән өзгеше бояумен беруді мақсат ететін сияқты. Мысалы:

Менің жұмық көздеріммен бір кісі,

Жылап отыр...

Сондай оның күлкісі...

...Оның жасы - мыңжылдықтар құрдасы,

...Оның сөзі - мың мұңлықтың сырласы...

...Менің соқыр саусағымды шошайтып,

Бәз-біреуге күрсінеді қош айтып.

Содан кейін менен шарап сұрайды,

Сіміре сап тұңғиыққа құлайды,

Жүрегімді масайтып...

Бір қазада еріп келген қорымнан,

Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.

Жетімек шал...

Орын беріп ішімнен...

Содан бері қара дертке ұрынғам.

Біз осы өлеңді оқып отырып енді «жетімек шалдың» кім екенін іздейміз. Ол ақынның өзі емес пе, өзегін жарған қайғы-мүң емес пе деген әр түрлі ойларға барамыз. Ақын бізді күмән торына қамайды. Оның ғарыштан, беймәлім дүниеден іздеген жұмбағын біздің де бірге іздескіміз келеді.

Ақбереннің тағы бір ерекшелігі өз ойын сылдыр сөзден көрі оқиға немесе суретпен жеткізуге тырысатындығы.

Құмардың шөбін тістедім

Құмырсқаша ойланып...

 

Жусанды иіскеп айықтым,

Жымиған гүлдер ішінен..., - деген тәтті де сәтті жолдар жәй ғана сурет болмастан өзіндің философиясымен көкірегіңді жылы ағынымен жуып өтеді.

Бүгінгі жас әдебиеттің таза өкілдерінің бірі, ешкімге ұқсағысы келмей «одағайлау» жүрген Ерлан Жүнісұлының да айтары мен берері аз емес.  «Есінеуік» өлеңінде ол былайша толқиды:

Тым алыс қалғандай таңдану дәуірі,
Мұнда ешкім селт ете қоймайды:
Маңқылдақ ой менен сезімнің мәуілі,
Ауаға сурет сап ойнайды..!

Адамзат жалыққан бір ғажап күтуден,
Жаңаға тағы да келмейді сенгісі.
Әлемде бәрі де бітеді үтірмен,
Тек тыйым салуға керек леп белгісі!

Дүние құлықсыз жаңалық ашуға,
Бұйыққан жүрекпен,қалғыған мименен.
...Пандора көшіп жүр ғасырдан ғасырға
жәшігін сүйреген!

Ұлы ойлар кетті де қартайған ғасырмен,
«Құдайлар» қалды тек жасында:
Жаңалық ашу жүр - тек соғыс ашу
мен сұлудың етегін ашуда!

Ұлы ұйқы басталып жатқандай әлемде,
Ояну рухына сенбейтін!..
Бір ақын ояу жүр беймаза өлеңде,
Пайғамбар болғысы келмейтін..!

Болмыс пен жан сыры - Гегельдің қонағы,
Қол бұлғап тұр әне бейтаныс пішінде...
...Маужырап жер шары домалап барады
көгілдір экран ішінде!

 

Ерлан жырларын оқып отырып есіңізге Маяковский, Омарғазы Айтан келеді екен. Маяковскийдің 1915 жылдан бұрынғы жазған өлеңдері модернизмдік үлгіге барынша жақын еді. Кейіннен қытай топырағында туып-есейген көрнекті ақын Омарғазы оны қазақша қанаттандырды. Біз айтып отырған «түсініксіздік», «күңгірттік», «күмәндік» өлеңнің көкесін сол кісі жасады. Атап айтқанда қазақ қаламгерлерінен 1950 жылдардан бастап ақ таңдаққа - посмодернизмдік үлгіге түрен салған сол көкеміз еді. Енді Ерлан аталған екі дананы да қайталамай, бірақ, жаңаша жаңғыртып жастар поэзиясында жаңа бейне жасап, тағы бір бүйірімізді жамаған екен.

Ерланның «Диалогтар», «Кедей» секілді көптеген өлеңдері де аз жазсада саз жазғысы келетін Ерланша жазғандығымен құнды. Оның қаламынан туған әр бір дүниеге бей-жай қарамайтынымызды білдірсек, бүгінгі поэзияға тән тынысты толық меңгерген жаңа заман ақыны екеніне де көз жұма алмаймыз. Ерлан жырында ойлылыққа, тереңдікке бет бұру бар. Десе де кейде «тым тереңдеп» кеткісі келіп «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» қасиеттен бөлекшелеу көрінгісі де келетін кездері де жоқ емес. Мүмкін ақын қарымының жетпегендігінен емес, қанатын кеңге сермеймін деп өзіне тән әдеби жол ретінде таңдап алған болар. Бұл жағында оның поэзиясы әлі де зерттеуді қажет ететіндігімен жұмбақ көрінеді.

Поэзияға жастыққа тән жалынмен, өлеңге, өнерге тән өзгеше­лікпен келген ендігі бір жас ақын Азамат Тасқараұлы. Аты танымал болмағанымен өлеңдерін тебіренбей оқу, бағаламау мүмкін емес. Ең әуелі оның «Гамлет» атты қысқа өлеңін толық оқиық:

 

Іңірдің еніп көкшіл сағымына:

Ұзарған көлеңке үні жорылмаған.

Ғасырдың Ай қадаған ағымынан

Өлеңге орын табам...

Құдайын кітап бөлген халықтардың

Ойымен санасамын  -

Мәйіті бұзылмаған табыттардың

Түсіне ұласқанда қара сағым.

Ақылдың айнасынан бұлақ тауып

Бәрін де білсем деп ем!..

Миымның мешітінде шырақ жағып

Тарихи көрінісім бүрсеңдеген.

Ішімде жалғыз қалдым.

Жаңбырдың жаназасына жалғасамын.

Суфлердің сөздерінен жұлдыздардың

Жанарын шаң басады.

Ұзақ түн жүрегімде түйіледі

Көз жасым кебіндеген...

Тағдырды ойнау қандай қиын еді

Өлімнің сахнасында - ӨМІР деген!..

Азаматтың бұл өлеңдері жоғарыда айтылған Маяковский, Омарғазы, Ерлан жырларымен көгендесіп жатқандай көрінеді. Бірақ басқа. «Миының мешітінде шырақ жаққан» ақын бей­мазалық­ты, наланы ӨМІРДІҢ қиындығымен түсіндіреді. Оның «Түсіністік» өлеңінің де өзіндік айтары бар. Десе де кейде тұманды ойларның беті тым бүркеулі қалғандай тұңғиыққа тартар тереңдері де көп. Жалпы алғанда сөзіміздің басында Ә.Кекілбаев айтқандай «Өзінің шыққан биігін ұстап тұра алса» Азаматтан жаңа поэзияның туын көтеретін мықты ақын шығуы әбден мүмкін. Қарым-қайраты, сөз сұлулығы, көмескіленіп жатқан ішкі ирімдері  соны байқатады және сендіреді.

Өз бойында бар өзгеше талантымен көзге түсіп жүрген ендігі бір жас ақын Ұларбек Нұрғалымұлы.

Ол «Керіағыс» өлеңінде:

Жылдар өткен шудасынан шұбырып,

Менде тұғын нар бойындағы ірілік.

Айдаһарға жебе тартып құлатқам,

Домбырамның шанағынан суырып, - деп жырлайды. Бұл асау ақынның, арда күреңді ауыздықтаған такаппар үні.

Ұларбектің Ж.Бөдешовке арнаған «Жер - өлеңі» жалғыз Жәркен ағасына ғана арналған емес, күллі ақындар тағдырына арналып тұрған шағын поэма сияқты. Өлең өзінің ең биік шарықтау кезеңіне шыққанда:

Кіргісі келмей тар үйге,

Сыйғысы келмей фәниге,

«Бірге екенмін» деп кімменен?

Жұлдызға қарап тұрды өлең, - деп аяқтайды. Еріксіз ойға қаласыз. Басынан бастап қайта оқығыңыз келеді. Ақындар сынды асау халықтың таудай тұлғасы мен тарыдай сезімі қатарласып, ол тіптен бөлек жырланып тұр.

Ұларбектің «Жылқылар», «Алтай. Қыс. Сағыныш», «Көк­серек», «Қаңғылес», «Соңғы ауыл», «Қазақы Наурыз» өлеңдерін оқысақ, онда жүректі жарып шыққан сағыныш, қазақы қара домалық ауыл ұлының тауға қарап ұлыған бөлтіріктей бөгенайлы жырына таңдай қақпау, сүйінбеу мүмкін емес екенін білеміз. Егер Ұ.Нұрғалым сирек жазғаннан көрі үзбей талпынып, жалықпай жаттыға берсе оның арғы жағында жатқан қомақты халықтық қор мен қара өлеңді қамырша илеген шеберлігі көмбелерден ғана көрінетін ақын болар еді деген ойға әкеледі.

Қазаққа өлең, өлеңге ақын көптік етпейді. Бүгінгі жас поэзиямызда дәл қазір аузымызға түспей отырған талай ақын бар. Сол топқа қайта қайрылсақ - Әлібек Шегебай, Дәурен Берікқажы, Білісбек Әбдіразақ, Алмат Исәділ, Адалбек Ахмәди, Саят Қамшыгер, Серік Сейітман, Асанқадыр Исабек, Мағиза Құнапия, Құралай Омар, Ерғали Бақаш, Еркін Исахан, Балтабек Нұрғали, Шұғайып Ақынұлы...есімдері еске оралады.

Жалпы мақалаға арқау болған ақындарымыздың ұсақ міндерін сипай қамшылағанымызды олардың ақындығына күмән келтіру емес, ағалық ақылмен алға жетелеп, өсуіне дем беру деп білген жөн. Қазақ ақындарының алғашқы мектебі сөз болғанда Махамбет, Абай, Мағжансыз ақын боламын деушілерге күдіктене қараймын. Болатын да шығар, бәрі бір олардың жазғаны өзге ұлт тілінен тәржімалаған аударма өлеңдей ғана әсер жасауы мүмкін. Осы жайлы сөз болғанда өзін ұлттық деңгейден жоғары санап, ойы мен бойын әлем әдебиетімен өлшегендей, «күңгірттікке ғана бой ұрып жүрмін» деушілердің «бізде ақынбыз ғой» дейтіні де рас. Шын мәнінде бұл «күңгіртікке» келетін болсақ, ол екі түрлі. Бірі поэзияның, бүгінгі әлем әдебиетінің ізімен тереңнің тереңіне бойлау немесе ғарыштың ар жағына көз жіберу. Оқылуда күңгірт болғанмен астарына соны соқпақтар - әдемі дүниелер жасырынған жұмбақтық қасиеті болу. Мұндай топтағыларға ешкімнің таласы жоқ. Ал екіншісі өзі де білмеу, өзгені де алдау. Тіпті сондай өлең жазғыш бір жасты сұраққа алғанымда, өз өлеңін талдауға дәрмені жетпей: «Оны өлеңнің өзі айтып тұрған жоқ па. Болашақта оқырманы табылады» деп құтылғаны бар. Ал адам баласы таба алмайтын «ол құпияны» ақын жындар үшін жаза ма. Мүмкін бізді қойып жындардың өзіне де жұмбақ көрінгісі келетін шығар.

Берер түйірдей дәні болмаса, бізге және ұрпағымызға, тіпті әдеби қауымның өзіне ешқандай ләззат, игілік, түсінушілік сыйлай алмаса онда оны біз кім үшін жазған боламыз?!

Бүгінгі поэзиямызда біздің қолымыз жетпеген, жырларын оқу мүмкіндігіне ие бола алмаған талай ақынның бар екендігінде де шүбә жоқ. Әсіресе Астана мен Алматыдан шалғайлау жүрген көп ақынға біздің қолымыз, бізге олардың қолы жетпей жатады. Бақытгүл Бабаш, Руслан Нұрбай, Алмас Темірбай, Қуаныш Медеубаев секілді жас ақындар соның бір ғана мысалы. Осы «қолға түспеу» мен «қол жетпеуденде» талай ой туындайды. Ең бастысы біз жастарымызды жарқыратып көрсетуге құлықсызбыз. Жастардың үлкендерге үрке қарайтыны сияқты үлкендер жағы жастарғада күмәнмен, көңіл толмаушылықпен қарайды. Ал бұдан сырт тау суындай арындап келген ақындар кейде өлеңін өзгеге жеткізе алмай тұншығып жатады, оңаша мұңмен өзін өзі кеміреді. Неге? Кітап шаруашылығыымз мейліншге құлдыраған. Беделді басылымыдар жастар шығармашылығын жарнамалағнаннан көрі, «сендердің болашақтарың бар» деген жұбату сөздерімен оларды бір жағына сырып қойып, төрінен көрі жуық «классиктердің» көңілін аулауға, «ақтық сапарға алаңсыз аттандырып» салуға тырысып жатады. Онан қалса олардың 60,70,80 жылдық мерейтойларын да аттап кете алмайды. Жәнеде «Кеңестік ақындар» мен «Қазақстандық ақындардың» келіспей қалатын кездері де жоқ емес.

Бәрін айтта бірін айт, осының ішіндегі жаңа заманға үйлесімсіз ең үлкен қасірет - жастардың кітабының жарық көрмеуі. Ал жарық көргендері бүгінгі нарыққа бет бұрған «алаяқ» баспа сауда­герлерінің кесірінен кітап соңына таралымы 2 мың деп жазылғанмен не бәрі 200-500 дана аралығында ғана жарық көреді. Оқырманды қойып автордың өзі таппай қалады. Алматы мен Астанада ғана алаулатып, жалаулатып жарнамалап жататын кітаптарымыз шет облыстар мен аудан-ауылдарға жетпек түгілі түсіне де кірмейді. Қазақстан күйінше ауылды жерлерді қосып есептегенде бес мың төңірегінде кітапхана бар деседі. Олай болса Министрліктің тапсырмасын адалдықпен орындап екі мың таралыммен шыққан кітаптың өзі төменге жетпейді деген сөз. Жолыңыз түсіп шалғай ауылдардың біріне барып, мектептегі оқушылардан: «қандай ақындардың өлеңдерін білесіңдер» деп сұрап көріңіз. Көпшілігі: «Абай...Мұқағали...» деп бармағын басып келеді де: «Кештері өтіп жататын, теледидардан жыр оқып жүретін Тұманбай, Қадыр, Мұхтар...» - деп іркіліп қалады. Кім кінәлі? Заман ба. Жоқ, заман емес, қазіргі заман қой үстіне боз торғай жұмыртқалады дегендей тамаша кезең. Кінә замана кейіп­керлерінде. Ұлтымызға, ұлт мәдениетімізге, болашағымыз жастарға деген махабатымыздың кемдігі.

Ал енді бір жағынан алғанда жастар жырының өсуіне кедергі, немесе бар дүниеміздің елге, әлемге жетпеуінің тағы бір себебі - әдеби сынның әлсіздігі және оны қабылдауымыздың төмендігі дер едім. Мысалды өзгеден емес өз басымнан іздесем, сөзімнің басында айтқан «Жастар шығармашылығында поэзия биік, ал проза ...» (2007 жыл 2 ақпан, «Қазақ әдебиеті») атты мақаламның біраз дау тудырғаны бар. Әңгімесі сыналған Дидар Амантай сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты қызмет атқарушылармен соттасуға дейін барып, «Жәди Шәкенге қарсы мақала ұйым­дастырып» жатқанында айтқан болатын. Бірақ, менің ойым Дидарды әдебиет сахнасынан құлату немесе оның жазушылығына күмән келтіру емес, шынайы сыни көзқараспен әңгімесіндегі олқылықтарды айту болған. Сол арқылы бүгінгі әдебиетімізге деген адал көңілімді білдіріп едім. Іс әлгіндей болды. Міне, осындай келеңсіздіктер тұрған жерде әдеби сынымыз немесе оны қабыл­дайтын шығармашылық иелері қалай өседі?! Өткен ғасырдың соңғы кездерінде яғный тәуелсіздігімізді қайтарып алудан бұрынғы 20-30 жыл ішіндегі әдебиетміздегі тай-таласты, сындарлы кезең­дерді еске алсақ, ащы сынның толғағынан жауыннан кейінгі жау­қазындай тәтті шығармалардың өмірге келгені өтірік емес қой. Демек, біз кеңестік жүйеден қалай құтылсақ, «еркіндік, демо­кратия» дегеніміз осы екен деп әдеби сынды да «құлдық» ретінде көне жұртымызға тастап кеткен сияқтымыз.

Бүгінгі жастар шығармашылығы және сын жаныры төңірегінде сөз болғанда белгілі сыншы Бақыт Сарбала баспасөзге берген бiр сұхбатында: «Қазiргi жастардың шығармашылығында пессимизм басымдау» деген пiкiр айтса, тағы бір сұхбатында: « ...қазiргi жастарды кiм бiлiп жатыр? Оларды әдеби орта ғана тануы мүмкiн. Демек, насихаттау жағы кемшiн. Мұны мойындауға тиiспiз. Өткен жылы «Жас толқын» деген жастардың жинағы шықты. Арасында белгiлi прозаиктер де бар. Шығармашылығымен танысқанымда имандылық, Құдайға сенушiлiк бар. Алайда, бiр арман, жарық сәуле, қуаныш сезiмi аз. Соған өзiм қайран қалдым. ...Сын жағында жастар жоқ деуге болады» - дегенді айтады. Демек, өзін-өзі жар­намалау немесе шынайы таланттың оқырмансыз жетім қалу жағдайын баяндайды.

Әдеби сынның жетіспеуі мен жоқтығы немесе бар болған күннің өзінде жалаң мақтауға жүгіріп, соған құмартуымыз жайлы да сирек те болса айтылып жүр.

Ақын Аманхан Әлім жастар шығармашылығы жайындағы бір сұхбатында: «Біз кезінде саяси цензураның қыспағында жүріп әдебиет жасадық. Ешкім бізді аяған жоқ. Қаламгер ағаларымыз жастардың жазғандарын оңдырмай сынайтын. Бірақ содан жаман болған жоқпыз. Қазіргі жастар көбіне мақтау естігісі келіп тұратын сияқты. Бірақ мақтау әдебиетті өсірмейді. Оның үстіне, бүгінгі жастар көп ізденбейді, оқымайды. Бірақ бүгінгі жас қазақ поэзиясының қуаты мықты. Жастар не жазам десе өз еркі, алайда олар мұндай дербес мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай жүр. Талантқа сенгеннен ештеңе шықпайды. Сондықтан да ең бастысы - білім тереңдігі қажет», - дегенді айтқан.

Рас, мақтауды жарнама етіп, сонымен ғана танылғысы келетін қаншама ініміз бар. Қой екеш қойға ұзақ уақыт қасқыр шаппаса ол да дертке ұшырайды екен. Ондайда қазақ ауылының жігіттері түн ішінде бейғам жусап жатқан қойға тосыннан аршаның алауын лақтырып, үркітіп, ұшықтайтын болған. Аманхан ағамыз біздің жас әдебиетімізгеде сондай «ұшықтардың» керек екенін, «ақырын жүріп анық басуды» ескертеді.

Көркем әдебиет дегеніміз сөз өнері. Демек, сол сөзді «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тигізетін» нағыз ЕР, ДАНА болу үшін отқа күйіп, суға малтыққаннанда ауыр сынаққа түсуіңе тура келеді деген сөз. Мың ойланып, тоқсан толғанып, содан тобықтай түйін тапқанда ғана ол өлмес құндылыққа ие бола алады. Арзан атақ үшін көппен бірге далбасалаймын деп қасиетті өнерді - киелі сөзді былғауға әсте болмайды.

Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынұлы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең.... Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды сынайды» дегенді айтады. «Өнердің ең алды - сөз өнері деп саналады. «Өнер алды - қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз қадірін білгендіктен айтқан», - дейді тағы да сол дана.

Қазақтар «буынсыз қызыл тіл» дегенді бекер айтпайды. Оны өз қалауыңша қалай толғауыңа да болады. Бірақ оқырманның қалауындағы сөзді табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мысалы: «Жапырақ қурады» мен «жапырақтар жаназаға жиналды» дегенді алайық. Қайсысы тірі сөз. «Жылады» дегенмен «кірпік­терінің ұшына ілінген шық тамшысындай мөлдір жас домалап кетті» дегенді салыстырып көріңізші.

Жазушы Асқар Алтай жастар жайына тоқталғанда: «Қазіргі жас қаламгерлерде нағыз қазақы тілдің байлығы жоқ. Кейбір кітап­тарды оқу мүлде ауыр. Соңғы уақыттарда біраз жас автор­лар­дың шығармаларын оқып шықтым. Сөйлемдердің дұрыс құра­луы былай тұрсын, ондағы идеялық құрылымның жоқтығы қарын ашырады», - деп қамығады.

«Тілсіз», «қырсыз» ұшпаққа шығамыз деушілерге бұдан өзгеде айтар уәж аз емес. Интернет сайттарының бірінен «модернизмдік үлгімен салынған жаңа заман үйін» көрдім. Біз отырған және отырғымыз келетін үйлердің ешбіріне ұқсамайды. Бірақ іші адамның игілігіне жарайды. Жәнеде материалы бәрі бір басқа планетадан әкелінген емес, жер шарының өзіміз көріп жүрген өнімдері. Демек, проза болсын поэзия болсын елге бірдеме сыйлауы керек қой. Және де қай жанырлығына қарамай бәрі де тілсіз сөйлей алмайды. Асқар Сүлейменовты ақтарыңыз, Тыныштықбекке үңіліңіз. Олардың өзіндік соқпағы өз алдына, тіл кестесі, шеберлік жетістігі, ана тілге адалдығы тіптен бөлек. Ары таза, көңілі тұнық. Жаңалықты әрлеу үшін көне дүниедегінің «көмескі асылдарында» жарқырата білген. Демек жаңалықпен келеміз деген жастар шығарманы түрлендіреміз деп мың бояуға ұмтылғанымен кемпір қосақтың қандай түспен боялатынын білмесе, қара түсті теледидар көргенмен бірдей болмаймыз ба. Бояусыз дүние - «Барды, келді» дейтін етістікпен шығарма жазушылар кімді таңғалдырады. Сөзімді өтірік дегіңіз келсе прозада Асқар (Сүлейменов), позияда Тыныштықбек мектебін тағы бір пысықтаңыз. Тіпті кейінгі жастар позиясының көш басы есептеліп жүрген Маралтай өлеңдерінен табылатын «алтын түйіршік-асыл қиқымдарды» санаңыз. Ал шындықты мойындамау немесе сол шындыққа жете алмау тіпті оған қарсы шығу кімге керек!? Мағауин айқандай ондайлар - «Қазақтың жауы ғана!». Талантқа құрмет етпеу - адамзатты бағаламау. Ұлттың ұлағат­тылығын көрмеу - маңдайдың тайқылығынан.

Сосын жастарға үздіксіз ізденіс керек. Бірер өлеңімен бірнеше жүлдені қанжығасына бөктерген соң, аспаннан түскендей танауын шүйіріп, былайғы жұртты кеудесімен жапырып кеткісі келетін талай «жас тентек» бар. Олар өз жолын өзі кеседі. Шығар жері Шымбұлақтың биігі болса, Көктөбеден ғана той тойлап қайтады. Жасыл жайлауға беталған бабаларымыз сол жолда шөлдерді кесіп, өзендерді кешіп, асуларды асып азаппен жетпеуші ме еді!

Күніне бір шумақ өлең жазбаса тамағынан ас өтпейтін Есенинше елегізу таланттылардың көбіне ортақ қасиет. Бүгінгі ақ сақалдарымыз Тұманбай, Қадырлардың әр күні ала қағазды шимайлап өрнек салатын қажымас рухы - жастарға сабақ.

Л.Гинзбург лириканы: «Адамның ішкі әлемінің күйі», - десе, А.Байтұрсынұлы лириканы: «Жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі», - дегенді айтқан. Жастардың жан толқынысы, замананың зар, қуанышы, «соқтықпалы-соқпалы» өтпелі кезеңдер шежіресі...біздің жырлауымызға аз емес. Ойлай білген басқа ой салатын дүние көп. Тақырып шаш-етектен. Мәселе - ұқсатуда, «болмасада ұқсап бағуда». Табиғат пен адамзаттың бар дүниесінен жоқ сөзді тауып сөйлеп, оны адамдардың игілігіне ізгілікпен ұсыну -  қас таланттылардың қасиеті.

Ең бастысы біз өзімізге, өз халқымыздың поэзиясына сенуміз керек. Ол үшін жай махаббат пен құлай сүю деген сөз аздық етеді. Қан тамырларымызда, ет пен терінің арасында шайтандар емес, шамырқанған жырлар толқып, оның ыстық ағыны жүректі дайым суарып тұруы керек.

Қазақтың ақындығы мен өлең қүдіреті сөз болғанда А.Вамбери: «Киіз үйді мекен еткен қазақтардың поэзияға бейімділігі Париж бен Лондондағы оқымысты қауым өкілдерінен молырақ екеніне ешкім таңданбауға тиіс» десе, А.И.Левшин: «Қазақ халқының бойынан біз поэзиямен музыкасының бұлағын көреміз... қазақ қауымы адамның ақын және музыкант боп туатындығының жаңа  бір дәлелі болып отыр» дегенді айтқан. А.А. Самсанов: «әр қазақ өзінше ақын болса да, олардың ішінде аса талантты ақын-импровизаторлар бар»-дейді.

Өзгелер табынған өзіміздің қанатты жырларымыздан, қасиетті өлеңімізден, аузынан інжу, маржан, лағыл төгілген қазақ деген дана халықтың ұл-қызынан біз қалай жериміз. Сол бақытты поэзиямыздың өркендеп, өсіп, жалындап-жанып келе жатқанын көріп марқайып отырған жоқпыз ба!? Отты жырлардың алтын асықтай иесі болған ақын іні-қарындастарымыз тұрғанда біздің қазақ әдебиетінің жазиралы көші қоңыраулы керуенге айналып, ғасырлар белесінен салтанатымен өтетіні даусыз. Сүтпен бітіп, сүйекпен қайнасқан ата-бабамыздың асыл рухы бағзы көкбөрілігімен даралана жосылып, әлем әдебиетінің алдына шықпаса артында қалмайтындығына сендіреді. Бүгінгі жаңа есімдердің ертеңғі жарық жұлдыздар шоғырын құрайтынында күмән жоқ.

Илаһим, жастарымыздың беті ашық, жолы даңғыл болсын!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511