Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4148 0 пікір 2 Тамыз, 2017 сағат 19:26

Терминология комиссиясы бекіткен терминдердің саны 18 мыңға жеткен

Терминология комиссиясы бекіткен терминдердің жалпы саны бүгінде 18 мыңға жеткен. Мұндай нақты цифрларды Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешев мәлім етті.

Өткен жылдың қыркүйек айында termincom.kz бірыңғай электрондық терминологиялық базасы іске қосылғанын естеріңізге сала кетейік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, терминология комиссиясы көптеген терминдерді қарастырды. Тіпті кейбір сөздердің қолданысы қоғамда келіспеушіліктер тудырады.

– 2014 жылғы желтоқсан айында ауызекі тіл қолданысындағы шаптырма, субұрқақ - xалықаралық қолданыстағы фонтан болып, қайта өзгертілген еді. Күйсандық - фортепиано, пианино, оташы - xирург сөзіне, мұражай - музей, қисын - логика, сазгер - композитор, ғаламтор – интернет болып бекітілді. Сонымен қатар терминкомда бекітіліп, жарыспалы түрде қолданылып жүрген бірқатар термин қайта қаралып реттелді. Мысалы, мұрағат - арxив, мәселе - проблема, үдеріс - процесс болып қайта бекітілді, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы

Республикалық терминологиялық комиссия мен Метрология және стандарттау жөніндегі ұлттық комитетке бірлесіп, барлық терминдерді бір стандартқа келтіру жұмыстарын атқаруы керектігі айтылды.

«Мәселен олардың ассимиляцияға ұшыраған сөздер бар, мысалға, самовар – самауыр, поезд – пойыз. Егер барлық тілдерден, әсіресе Батыстан еніп жатқан сөздерді аудармай қалдыра беретін болсақ, бірнеше жылдан кейін үлкен мәселеге ұрынарымыз сөзсіз. Біз қазақтың мінезіне, діліне, қабылдау түсінігіне қарамастан, сөздерді шама келгенше аударуымыз керек. Мәселен, авария сөзін біз «апат» деп аударып жүрміз. Авария – зақым келтіру дегенді білдіретін араб сөзі. Сол себепті біз әр кез сайын сөздің түп-төркініне мән беріп, мағынасына сай аударма жасауымыз керек», – деді Ғ. Мелдешев.

Оның ойын Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев толықтырып өтті.

Мамандардың айтуынша 2017 жылы termincom.kz сайтын жетілдіру жоспарланып отыр. Сөздердің этимологиясы енгізіліп, ендігі терминдерді бекіту кезінде халықаралық тәжірибеге сүйенетін болады.

Жалпы қазақ тiлiнде термин жасау iсi Ахмет Байтұрсыновтың 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралынан» басталады. А.Байтұрсынов бастауыш, баяндауыштан бастап, есiмше, көсемшеге дейiнгi тiл бiлiмiнiң бүгiнгi қолданысындағы терминдердiң түгелге жуығын жалғыз өзi қалыптастырған ренессанстық тұлға. Тiптi әдебиеттану ғылымындағы әсiрелеу, меңзеу, кейiптеу, шендестiру сияқты терминдердiң де атасы А. Байтұрсынов екендiгiн бүгiнгi ұрпақ ол ақталғаннан кейiн ғана бiлдi. Жалғыз А. Байтұрсынов ғана емес, Мағжан – педагогика, Жүсiпбек – психология, Халел Досмұхамедов – зоология, физиология, Ж.Күдерин ботаника терминдерiн қалыптастыруға үлес қосты. Әлiмхан Ермеков математикалық терминдерден бастап, ұлы математика курсына (курс высшей математики) дейiнгi тұтас терминдер жүйесiн жасады. Термин жасау iсiне әдебиетiмiздiң кейiнгi алыптары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсiрепов те өз үлестерiн қосты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335