Бақтыбай Айнабеков.Мұғжиза пәлсафа (ладуни) іліміне қамқорлық танытайық
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Өркениет әлемінде ілім негізінен екіге бөлінеді.Бірі - ғақли, екіншісі - ладуни. Алғашқысы бәрімізге етене таныс кәдімгі өзіміз оқып үйренген, күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген адамның өре санасының жеткен жерімен пайымдауы арқылы игерілетін ғылым. Бұл ғақлия ғылымының еркін өрістегені соншалық қазір бір маман иесі бола тұра, бір-бірінің ғылымын түсінбейтін ғалымдар ұшыраса бастады. Әрине, ғалымдар арасында қалыптаса бастаған бұл алшақтық түбі жақсылыққа апармасы белгілі. Ғалымдардың ой сана мен мақсат бағдарларының үндестігі болмаса, ғылым дамуының бұл беталысы құрдымға соқтырады. Сондықтанда болар, соңғы жылдары еліміздегі өзіміз білетін бұл ілім тіршілігінің хал ақуалы пәлендей мәз болмай, өзінің тарихи қалыптасқан асыл арнасынан жиі адасып, жасанды тоқырауларға ұшырауда. Бұған нақтылы дәлел - Кеңес Үкіметі кезінде мемлекеттік аса абройлы мекеме ретінде жұмыс жасап келген Ұлттық Ғылым Академиясының бүгінгі таңда қауқарсыз қоғамдық ұйым дәрежесіне түсуі, белгілі ғалымдарымыздың мемлекет қамқорлығының жетімсіздігінен шет ел асып кетуі, талқыға ұсынылған «Ғылым туралы» Заң жобасының әлі күнге көкбарға түсіп қабылданбай отыруы...
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Өркениет әлемінде ілім негізінен екіге бөлінеді.Бірі - ғақли, екіншісі - ладуни. Алғашқысы бәрімізге етене таныс кәдімгі өзіміз оқып үйренген, күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген адамның өре санасының жеткен жерімен пайымдауы арқылы игерілетін ғылым. Бұл ғақлия ғылымының еркін өрістегені соншалық қазір бір маман иесі бола тұра, бір-бірінің ғылымын түсінбейтін ғалымдар ұшыраса бастады. Әрине, ғалымдар арасында қалыптаса бастаған бұл алшақтық түбі жақсылыққа апармасы белгілі. Ғалымдардың ой сана мен мақсат бағдарларының үндестігі болмаса, ғылым дамуының бұл беталысы құрдымға соқтырады. Сондықтанда болар, соңғы жылдары еліміздегі өзіміз білетін бұл ілім тіршілігінің хал ақуалы пәлендей мәз болмай, өзінің тарихи қалыптасқан асыл арнасынан жиі адасып, жасанды тоқырауларға ұшырауда. Бұған нақтылы дәлел - Кеңес Үкіметі кезінде мемлекеттік аса абройлы мекеме ретінде жұмыс жасап келген Ұлттық Ғылым Академиясының бүгінгі таңда қауқарсыз қоғамдық ұйым дәрежесіне түсуі, белгілі ғалымдарымыздың мемлекет қамқорлығының жетімсіздігінен шет ел асып кетуі, талқыға ұсынылған «Ғылым туралы» Заң жобасының әлі күнге көкбарға түсіп қабылданбай отыруы...
Әрине, еліміздің стратегиялық дамуының ең бір басым бағыты саналатын Отандық ғылымның мұндай дәрменсіз күн кешіп отыруы кімді де болса ойландыруы тиіс. Дегенмен, бұл ілімнің қимыл тіршілігіне аз да болса шүкіршілік айтуға болады. Өйткені, жақсылы- жаманды жеке дара болмаса да білім жүйесімен біріккен өз министрлігі, қалыптасқан қалың армиясы, жоқтаушысы бар. Бытырап, берекесізденіп отырғанымен үкімет тарапынан еш қашан назардан тыс қалып көрген емес. Көкбарға түсіп отырған «Ғылым туралы» заң бүгін қабылданбаса, ертең қабылданар...
Екіншісі - ладуни ілімі. Ғылымдардың басы мен соңы болып саналатын бұл мұғжиза ілім ғылымның барлық саласын қамтиды. Әрине, әзірше атауы естір қазақы құлаққа тосындау естілуі мүмкін. Өйткені бұл ілімнің біздің елде әлі күнге толыққанды жүйесі қалыптаспақ түгілі, нақтылы жанашыры, ілім есебінде жұмысын жандандырар иесі табылмай отыр. Нақтылы дәлел - көкбарға түсіп жатқан «Ғылым туралы» Заң жобасында бұл ілім туралы жалғыз ауыз сөз де енгізілмеген. Енгізілмек түгілі министрлікте аталынған ілімді басын ауыртып ілім есебінде түсінбегендіктен мойындағысы келмейтіндер де жетіп артылады. Осындай пәтуасыздықтан атауы көп мұжиза ладуни ілімін бір топ ғалымдарымыз осы ілімнің негізін қалаған белгілі шығыс ғұламалары жазып кеткендей фәлсафа ілімі ретінде таныса, екінші бір топ Абай мен Шәкәрімнің айтуынша толық адам танымы немесе ар ілімі, ал үшінші топ қазақ табиғатына жақындатып, Алланың аян ілімі (Құдай тану). ретінде атап жүр. Жалпы бұл ілім жүрек тазалығымен Жаратушы тарапынан келетін ілім. Бұл ғылымның иелері құдіретті Кәміл адам герметикалық немесе тылсымдық (мистикалық) ойлау менталитеті қасиеттеріне иелік етеді. Олар эзотериктер. Бұл ілімнің құпиясы мен сыры ішіне бүгілген. Бойында тумысынан ерекше қабылдау қасиеті жоқ адам игере алмайды. Сондықтан да бұл ілімді жұртшылыққа жете таныстыруда осы ғылымның негізін қалаушы шығыс ғұламаларының дәлелдеп кеткен тұжырымдарын алға тарта отырып әңгіме өрбіткеніміз жөн болар.
«Ғылымдардың шығу тегі» деп аталатын трактатында әл Фараби бабымыз былай дейді; «Есіңде болсын дүниеде субстанция мен акциденциядан және оларды Жаратушы мәңгілік Жардан басқа ешнәрсе жоқ». Сосын осы Жарды танытатын рухани ғылымға орай; «Бұл ғылым жаратылыстану ғылымының өресіне сыймайды. Оны «метафизика» немесе «акаид» (Құдай тану) ғылымы деп атайды. Бұл ғылым барлық ғылымдардың басы мен соңы болып табылады, одан кейін зерттеулердің еш мағанасы жоқ. Барлық зерттеулердің түпкі мақсаты мен тағат табатын жетер шегі де осы ғылым». Жас Әбу Бәкірден ғұлама ибн Рушд; «Аян арқылы белгілі болған ілім мен философиялық пайымдаулар арқылы алынған білім сәйкес келе ме?» деп сұрағанда Ол; «Әлемнің шексіз субстанцияларын тануда кәдімгі білімдер дәрменсіз, ол тек мистиктердің қолынан келетін іс» -деп жауап берген. Міне, аян мен пайымдаудың ара салмағы! Аян жолымен жүрушілер Жаратушының аян беріп отыратынын және оның қайталанбайтынын біледі. Олар әрбір аянмен жаңа дүниені жаратып, жаратылғанды әкететіндігін көріп, куәландыра алады.
Тылсымның осы ерекшеліктерін түсіндірген адам санасының бастауын іздеген ғұлама Ибн Араби Хақ тағала мен пендені бөліп қарастырып, мынадай тұжырым айтқан. "...Кәміл адам құдіреті - құдайдың көлеңкесі немесе абсолютті мәндегі кереметтің қысқаша шағын көрінісі. Адам ешқашан құдайдың қасиеттеріне ие болмақ емес. Хактың білімі - мәңгілік, ал адамның білімі пайда болған. Жасалушыда жасау құдіреті болмайды. Кімде жүрек болса соған өсиет, кімде ақыл болса емес. Сен Аллаға оны көріп тұрғандай құлшылық жаса. Жаратқанның мәнін пайғамбарлар мен сопылар арасынан шыққан теологтардан өзге ешбір ғалымдар білген емес. Теорияшылдық оны ешуақытта аша алмайды, ол жолдағылар қашан да айдалаға лағып кетеді...". Ғұламалар айтқан бұл тұжырым растығын мәртебелі уақыт мойындағалы қашан. Солай бола тұра мистикалық Алланың осы аян іліміне біздің елімізде сенім артушылар тым аз. «Фәлсафа - философияның арабшаланған түрі» деп оқытқан атейс философтар пікірінен әлі күнге арылмай келеді. Тіпті осы пікірді күні бүгінге дейін жоғары оқу орындары студенттерінің құлағына құйып әлекпіз. Ұят-ақ!
Мұндай тұжырыммен - үзілді кесілді келісуге болмайтындығы дәлелденгелі қай заман. Фәлсафа мен философияның негізгі бұлақ көзі бір, сенім мен таным проблемелары туралы тұжырымы ортақ болғанымен - мазмұндық жағынан өзгерістері аспан мен жердей, бірімен-бірі үйлесімге келмейтін ілім. Фәлсафа мұсылман мәдениетінің туындысы - соған орай мұсылмандық ойлау принципне негізделген мұсылман ойшылдарына тән ерекше (аян) ойлауға баратын менталитетті мұсылмандық дүниетаным, философия - христиандық менталитет пайымдауы негізіндегі ілім. Мұндай діни партикуляризм міндетті түрде дүниетанымдық үйлеспеушілікті туғызатыны кімге де болса аян. Мәселенің күрделілігі сонда, сонау антика дәуірінің ойшылдарынан бастап нақтылы жауапсыз қалып келе жатқан сұрақтар бар, соның бірі - дүниенің басы, жаратылуы. Осы мәселеде екі дін - Христиан мен Ислам ешқашан да мәмлеге келмейді.
Бұл мәселе сонау Аристотель заманынан бастап жауабын таппаған сауал. Себебі, бұл діни догмалардың біздің көкейіміздегі сауалға жауаптары әртүрлі, соған орай адамдардың дінге байланысты бір-бірінен алшақтай түсуі де заңдылық. Дәл осы алшақтаудан, бүгінгі таңда әлем діни жауығудың, дауласудың негізгі аренасына айналып отыр. Бұл жауаптардың негізінде дүниені бөлісу, әлемді меңгеру жолдары жатыр. Бұл - байыз таппас тарихи бәсекенің көрінісі.
Осы жерде фәлсафа тарихы мен оған берілер тұжырымға аздап тоқталып өткен жөн. Өйткені, біз білетін философтардың фәлсафаны бағалауы негізінен христиандық дәстүрде болғанын жоғарыда ескерттік...
Ерте ғасырда өз өрісін жайған грек филасофиясы орта ғасырда ұмыт бола бастағаны тарихтан мәлім. Гректер өз мұраларына өздері иелік етуден қалды... Өркениет - архивке айналды... Міне, осы кезде тарих сахнасына, сол архивке айналған грек философиясын жаңаша тірілтіп, мұсылман немесе нақтысы Ислам өркениеті шыққан.
Фәлсафа - антикалық философияны араб тіліндегі Исламдық дүниетаным негізінде жаңаша жаңғыртып, «Аристотельді қайта тану» сабағын өмірге әкелді. Оның ілімі ренессанстық деңгейге көтерілді. Фәлсафаның да, философияның да ортақ тірегі болған ғұлама еңбегі ең алдымен түгелдей араб тіліне аударылды. Аудармашы ғұламалар сол кезде Аристотельді Исламдық негізде түсіндіруге ден қойған.
Бүгінгі Фома Аквинскиден бастау алған Батыс Европа философиясы, осы аудармалар негізінде фәлсафадан жаңа европалық ойлау мәдениеті философиясын қалыптастырды. Тарих мынаны айтады, 1920 жылы Парижде Аристотель мұрасын зерттеу, анығын айтсақ, оны Ислам фәлсафасы ықпалынан аршып алып, католицизм дүниетанымына сәйкестендіру ісі қызу қолға алынды. Бұл істі тыңғылықты орындап, жеріне жеткізген Фома Аквинский және оның жақтастары сол кезде фәлсафашылар еңбектерін теріске шығару ісімен түбегейлі айналысты. Мұндай қимыл сол кезде жаңа-жаңа қуаттанып келе жатқан христиан діні ойшылдарына, әсіресе католиктерге ауадай қажет болды. Содан да олар Бертранның "...Мы обязаны арабам в знании греческой философии..." деген сөзі мен И.Гердердің "Арабтар болмаса Герберт те, Альберт Великий де, Вилла Новалық Арнольд те, Роджер Бэкон де, Луллия Раймунд та болмас еді . Олардың бәрі Испанида арабтардан оқыды немесе солардың шығармаларын оқыды. Тіптен Фридрик ІІ-нің өзі араб кітаптарын аударуға қамқор болып, ғылымдардың жандануына жағдай жасады" деген мойындауларын назарға да ілмеді. Осыны ұғынған Пифагор сол кездің өзінде-ақ; "Фәлсафа ілімі философия ұғымынан тарихи жағынан тіршілігі кейін болғанымен, бүгінгі батыс Европалық философиядан тарихи жағынан тек бұрын ғана емес, оның алғы шарты" - екенін ғылыми тұрғыдан тұжырымдап кетті.
Біз кеше де, бүгін де, батысшыл ғұламалар өз діндеріне лайықтап өмірге әкелген осы философия ілімімен өсіп-өніп келеміз. Осыған орай менің айтпақ мына оқшау пікіріме ешкім де қарсы келе қоймас - біздің қазіргі жоғары оқу орындарында оқытып жатқан саяси білімдеріміз христиандық менталитетке, дүние танымға негізделген филасофия. Сонда, Шығыстық тарихи келбеті бар мұсылман мемлекеті бола отырып, біз неге фәлсафадан бұрын бұл ілімді оқуға тиістіміз?!..
Неге Бағдат халифатына қатысты алғашқы кезең, одан кейінгі Орта Азия мен Қазақстан териториясында ерекше қарқынмен дамыған орта ғасыр фәлсафасын, бұдан соң Мұсылман Испаниясындағы Европалық фәлсафаның негізгі өкілдері болып саналатын әл-Кинди, әл-Фараби, ибн-Сина, Аттар, әл-Ғазали, ибн-Бадж, ибн-Туфейлб, ибн-Рушд, ибн-Араби тағы басқалардың төрт күл дүниеге аян ғылыми еңбектерін оқымаймыз? Қазақстандағы әл- Фарабиден әл-Машаниге дейінгі имани ойшылдар фәлсафасы ше?
Ұлт ретінде бізге ең алдымен қайсысы жақын, қайсысы қажет? Бұл, баз біреулер елді шошытып жүргендей халифатты аңсау емес, ілімді игеру, ұлттық қажеттілік қой. Бұл тарих - алдымен; "Әрине, әрбір істің басшысы Аллаһ, ал білім бұлағы - Аритотель"- деген әл Кинди мен өзіміздің әл Фарабиден басталып күні бүгінге дейін өріс алып отырған қасиетті ілім ғой...
Сонда, бізге, қазақтарға, қазақстан мемлекетіне алдымен философияны таңдау керек пе, әлде мұсылман мемлекеті ретінде фәлсафа ілімін таңдау керек пе? Әрине, менің бұл пікірімді бұра тартып, біз «мұсылман мемлекеті» емеспіз, Ата заңда көрсетілгендей «зайырлы мемлекетпіз» дейтіндер де табылар. Дегенмен, заң жүзінде біз өзімізді-өзіміз қаншалықты қырсаулап қойғанмен, әлем халықтары біздің елімізді мұсылман мемлекеті ретінде танитындығын жасыра алмаймыз. Соның нақтылы дәлелі биылғы жылы ЕҚЫҰ-ға қалай абройлы жетекшілік етсек, келер 2011 жылы Әлем мұсылман елдерінің басын біріктіретін Ислам конференциясы ұйымына да солай төрағалық ету мақсат болып отыр. Ал бұл ұйымға тек мұсылман мемлекеті ғана жетекшілік ететіні осы ұйымның Жарғысында алтын әріппен жазылып қойған. Осыны біле тұра мен алға шығарып отырған бұл сұраққа біздің елімізде әлі күнге нақтылы жауап берілмек түгілі, бастауыштық дәрежедегі талпыныс та жоқ. Ел егемендігі - шегарамыздың бөлінумен айқындалса да, ұлттық сана, ұлттық болмыс- бітім тұрғысынан әлі күнге толық айқындалмай отыр. Ұлт ретінде ұлттық санамыз өз егемендігіне толық қол жеткізген жоқ.
Пікірімізді толығырақ жеткізу үшін әңгімеге философия жағынан-ақ келейік. Философия дегеніміз - ақиқатты тану. Ал бүгінгі таңда фәлсафаның атасы атанып отырған әл Кинди сол кезде-ақ; "Филасофияның мәні - шындықты танудағы адам қабілетінің мөлшерін білдіреді. Бар болудың өзі - ақиқат, ал бар нәрсенің танылуы табиғи іс. Ақиқаттың қасиеті - оның танымдылығында."- деп өзінің "Алғашқы философия туралы" трактатында тұжырым жасапты. Болмыс - ақиқат болмаса, шындық ретінде өмір сүре алмайды. Нәрсенің, заттың барлығы - оның ақиқаттығында.
Осылай екенін біле тұра тарихқа Фәлсафа (ладуни) атымен енген, елімізге қажетті осындай ілімді Үкімет пен қазақ оқымыстылары бүгінгі таңда ел ғылымының төріне шығару орынына есігінен де сығалатпай отыр. Неге ?.. Жауап жоқ. Оған жалыз мысалмен-ақ көз жеткізуге болады.
Қазір "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы негізінде алғаш рет мемлекеттік тілде гуманитарлық білімге арналған толық қор құру жайлы кең және ауқымды мәселе қолға алынып отыр. Бұл әлемдік мәдениеттің, ғылымның, бүкіл рухани дүниенің ең үздік үлгілері толық қазақ тілінде сөйлеуі керек деген сөз. Мұнымен бірге, қазақ халқының бай рухани және мәдени мұрасы да жинақталуда. Мұндай күрделі міндет толыққанды түрде өз шешімін табу үшін қазір белгілі ғалымдар, кеңес заманында жазылған бір мақалаларын бір емес төрт-бес кітапқа ендіріп, «асарлатып» тау қопарғандай жұмыс та жасап жатыр. Соның жарқын бір дәлелі ҚР БҒМ Философия және саясатану институты республиканың жоғары оқу орындары өкілдерінің күш жігерін біріктіре отырып 20 томдық "Әлемдік философиялық мұра" мен 20 томдық "Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы" топтамасын шығаруда. Бұған қосымша аталмыш институт Әбу Насыр әл-Фарабидің таңдамалы трактаттары мен 10 том шығармалар жинағын шығаруды да өз еншілеріне алды. Еліміздің рухани байлығы болып саналатын осы еңбектердің ішкі дүниесін айтпай-ақ, топтамаларға тақырыптық талдау жасасақ, фәлсафа туралы жақ ашылмаған. Философия тарихы бар, фәлсафа тарихы жоқ. Әл Фарабидің философиясы бар, фәлсафасы жоқ, тәуелсіз Қазақстанның философиясы бар, тәуелсіз Қазақстанның фәлсафасы жоқ. Бұдан шығатын қорытынды - ұлт ретінде ұстанатын іліміміз фәлсафаның әлі күнге нақтылы иесі жоқ, ол қазақ ғылымында лайықты өз орынын таппай отыр. Ал фәласафа ілімі ең алдымен, күні бүгінге дейін дәстүрлі Ислам дінін ұстанып келген, қазақ халқына қажет. Осы ілім санамызға сіңетін болса, бетімен кеткен берекесіз гуманизм діни санадан жоғары асқақтамай, бүгінгі таңда жегі құрттай өріс алып бара жатқан жастар тәрбиесіндегі имансыздықтан арылар едік. Ұл - ұятына, қыз - қылығына оралар еді. Ұрпағына үмітпен қарар әлем сүйсінген ел болар едік. Өйткені, Аллаһтан аян болып түскен фәлсафа, ең алдымен ардың Ілімі.
Әрине, жоғары оқу орындарында фәлсафаны оқыту - философияны оқытпау деген сөз емес. Өйткені, осы ілімнің негізін салушылардың бірі, Аристотельдің барлық кітаптарына дерлік герменевтикалық талдаулар мен түсіндірме жазған әл Фараби бабамыздың өзі, өз заманының кемеңгері Аристотельдің "Жан туралы" деген еңбегіне өз қолымен "Мен бұл кітапты мың қайтара оқыдым" деп жазған. Философияны оқыту керек, бірақ жеке мұсылман мемлекет ретінде басымдық фәлсафа іліміне берілуі тиіс.
Дәл қазір ұлттық ерекшелікті жете бағаламайтын әлемдік жаһанданудан халқымыздың дәстүрлі мұсылмандық болмысын сақтап қалу үшін, осы ладуни (фәлсафа) ілімі ауадай қажет. Рас, қазір біздің қолымызда Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің оқу әдістемелік бірлестігінің ұсынуымен 2000 жылы жарық көрген Ғарифолла Есімнің "Фәлсафа тарихы" оқулық-христоматиясы бар. Бәріміз жақсы танитын, кеңестік кезде материалистік көзқараста ой санасы қалыптасқан белгілі философ ғалымның уақыт тауып, бүгінгі қазаққа фәлсафадан сана сезімін ашар, мұндай оқулық жазып ұсынуы, ерекше ескерерлік жайт. Дегенмен, Ғарифолланың бұл еңбегі бүгінгі қазақтың фәлсафалық қажеттілігін толық өтей алмайды. Неге? Бұл орайда осы кітапта өзі мысалға келтірген Әл Ғазалидің; "...мен филосфтардың бірнеше параға, ал олардың ғылымы - бірнеше сатыларға бөлінетінін көрдім. Бірақ, ол толып жатқан паралардың қайсысына жатпасын олардың көнелері мен өте көнелерінің және кейінгілері мен ертедегілерінің арасында бірінің шындыққа жуық, екіншісінің қашық болуы мағанасында ұлы алшақтық жатқанымен, барлық философтарда сөзсіз бір ғана таңба - сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы жатыр"("Фалсафа тарихы" 131 бет)-деген тұжырымын алға тартсақ ғалым досымыз ренжи қоймас. Демек, сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы бар ғұламалардан, фәлсафа туралы фәлсафалық нақтылықпен жазылған толымды еңбек күтуге ешбір негіз жоқ. Осы орайда күні бүгінге дейін әл Ғазали, ибн Рушд, әл Фараби, Қожа Ахмет Иассауий және басқада шығыс ғұламаларының дүниетанымына арналған кандидаттық және докторлық дисертациялар философиялық көзқараста зерттелгендіктен фәлсафалық еңбек қатарына жатқыза алмаймыз. Фәлсафа ілімінің айтары да, авторлары да ерекше. Бұдан шығатын қорытынды, қазір фәлсафаны ілім ретінде түсінетін философтарымыздың өзі бұл тақырыпта әңгіме қозғауы көңіл көншітпейді, қолдағы бар дайындалған құралдар қанағаттандырмайды. Қажетті жоғымызды осы ілімнің өз иелері мен жанашырлары қолға алғанда ғана толтыруы мүмкін. .
Ендігі жерде бізге «Жаңа заман философиясы» сияқты «Жаңа заман фәлсафасы», Әл Киндиден - Әл Машаниге дейінгі әлемдік фәлсафа ілімінің, мұнымен қатар Әл Фарабиден - Әл Машаниге дейінгі қазақ фәлсафасының тарихы керек. Бұл аралықта Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Ахмет Яссауий, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тағы басқалардың фәлсафаларымен танысамыз. Бұдан соң қазақ фәлсафасының типологиясын белгілеу қажет. Әлбетте, ілімдегі қазақ деген сөзді бұрын естімегендер шоршып түсуі мүмкін. Дегенмен, типологияның өлшемдері тарихи, географиялық, аймақтық немесе ұлттық болса, қазақи өлшем неге естен шығуы тиіс. Бұл да оңай шаруа емес. Қазақта ерекше ойлау менталитетіне ие болғандар баршылық қой. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдары Абай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов тағы басқа даналар міне, сондай ойшылдарымыз және алғаш мектеп табалдырығын арабша имани білім алумен ашқандар. Олар ой еркіндігін өз дүниетанымының басты принциптерінің бірі етумен бірге жаңа ұлттық ояну фәлсафасын ұсынғанын да ұмытпауымыз керек. Жалпы, жаңа ілім Қазақстан сияқты жаңа мемлекетте өркен жайып жатса, елдің имани гүлденуіне мүмкіндік мол болмақ.
Мен ілім ғұламасы ретінде емес, тек фәлсафаның ықыласты жанашыры ретінде осы ойларымды тұжырымдап өткен жылы «Фәлсафа - Алланың аян ілімі» атты кітабымды баспадан шығарып, («Қазақпарат», 2009ж.), Аллаһтан аян болып түсер фәласафа ілімі ең алдымен, күні бүгінге дейін дәстүрлі Ислам дінін ұстанып келген біздің қазақ халқына қаншалықты қажеттігін жеткізген болатынмын. Бұл кітапта көтерілген проблемаларға байланысты Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті философия мен фәлсафаның ара жігін ашу үшін арнайы заңдастырылған қор құрып, Комитет арқылы өтетін мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға, сонымен қатар Фәлсафалық ой орталығы ғылыми зерттеу институтын ашуға байланысты талабымызға Әділет министрлігімен хабарласып шешуге кеңес берсе, Филасофия және саясаттану ғылыми зерттеу институты ғалымдары еліміз өз егемендігін алғаннан бері Батыстық немесе оның христиандық философия нұсқасымен ғана емес әлемдік әмбебаптанған философиямен айналысып жатқандықтарын, фәлсафа сол жалпы азаматтық философияның өзіндік бір көрінісі екенін жеткізіп, (Фәлсафаның филасофияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын мақаламыздың басында нақтылы дәлелмен айтқанбыз.Б.А.) эзотериялық мәселелерге жіктеме жасауды арнайы мамандар немесе психологтар еншісіне аударып тастап, қорытынды пікірлерінде осы бағытта еңбектене беруімізге өз тілектестіктерін білдірді. Екі хат та дұрыс қорытынды бергенмен жаңа ілімге өз тараптарынан іш тарту білдіріп отырған жоқ. Мұндай жаңалық пен жаңа құрылымға аяғынан тік тұрып, қажеттіліке жарап кеткенше Үкімет жанашырлық етуі қажет. Ондай қызығушылық пен ықылас сезілмейді. Ал Филасофия мен саясаттану ғылыми зерттеу институты Үкімет тарапынан бөлінер аз қаржыға ортақ еткісі келмейді. Осы екі хатқа байланысты тыңдар құлақ болса әдемі пікірталас мақаласын жазуға болады, бәлкім алдағы уақытта жазылар да, қазіргі мәселе фәлсафа іліміне ел назарын аударып, Үкімет алдына нақтылы ұсыныс айту болғандықтан осы ілімге байланысты бұл күрделі мәселені толық түсіністікпен шешу жолдарын санамалап ортаға салғанды мақұл көріп отырмыз. Ол ұсыныстар;
Біріншіден, Фәлсафа (ладуния) ілімі ел тарихында өзінің тұңғыш қадамын жасағалы отырғандықтан, қазіргі көзіміз көріп отырған жеке оқу орындары мен қорларға байланысты қабылданып жатқан Заңдар сияқты өз алдына жеке заң қабылданса жөн болар еді. Өйткені тосын жаңалықты қабылдап өмірге енгізу қашанда үлкен қиыншылыққа түскен. Болмаған жағдайда Республика Президенті әкімшілігінің құрылымында жұмыс жасап жатқан Конфесссия аралық қатынастар жөніндегі бөлім сияқты, бүгінгі қажеттілікке және фәлсафа ілімінің ғылым жүйесіндегі өз орынын айқындап алғанша бөлім, не Фәлсафалық ой орталығы ғылыми зерттеу институты ашылса.
Екіншіден; Қазақ ғылымындағы фәлсафа мен философияның аражігін ажырату. Өйткені, біздің елдегі философия ілімі тұтасып қатып қалған мұз құрсауы сияқты қатты да ызғарлы. Дәл қазір оны жібітетін күш, қуаты мол механизм жүйесі байқалмайды. Философтар мемлекет санасына фәлсафа ілімінен төгілер сәулеге бөгет болудың барлық жолдарын жасап бағады.
Үшіншіден, республикалық кең ауқымды, қаржылық мүмкіндігі бар үкіметпен келісе отырып жұмыс жасайтын "Фәлсафа ілімі" қауымдастығын құруға қол жеткізу.
Төртіншіден, қазір елімізде философия саласында кәсіби біліктілігі бар «философ-аудармашылары» тобы қалыптасып отыр. Бұлардың басым бөлігі философия мен фәлсәфаны орыс тіліндегі нұсқадан аударушылар. Ендігі жерде бұлармен қабаттастырмай, "Фәлсафа-аудамашылары" атты жаңа мамандар тобын құру. Мақсат ортағасырлық фәлсафашылар еңбегін түпнұсқадан қазақ тіліне аударуға қол жеткізу.
Бесіншіден, Ислам мен фәлсафаның бірігетін де, бөлінетін де жері бар. Осыны ғылыми жүйеге түсіру үшін арнайы орталық, не бөлім ашу. Бұл орайда кезінде христиан дінін қорғау үшін христиан ілімін философиядан толық бөліп алғысы келген апологеттер тәжірибесі бізге сабақ болуы керек.
Бұл ұсыныстар әрине болашақтың жұмысы. Қазір осы жұмыстарға бастамашы болу үшін «Қазақстан қажылары» діни бірлестігі жанынан 11 бірліктен тұратын «әл Фараби және Қ.Яссауий атындағы халықаралық фәлсафа қорын» құрып жұмыс жасауды қолға алдық. Мақсат - ел игілігіне қажетті жаңа ілімді өмірге ендіруге батыл қадам жасау. Осы құрылған халықаралық қор өз жұмысын жақсы жүргізіп кету үшін, Үкімет тарапынан елімізде қазіргі таңда жұмыс жасап отырған ғылымды қаржыланд ырудағы базалық, гранттық, не мақсатты бағдарламалық тәсіл негіздерінің бірінен, қаржы бөлдіртуге нақтылы көмек қажет.
Фәлсафа - халыққа да, мемлекетке де өте қажет мұғжиза ілім. Бірақ бұл ілім әрбір көзі ашық, бүгінгі жоғары оқу орындарын бітірген жан атқара берер жеңіл шаруа емес. Оның ауырлығы да осында. Ендігі бар үміт ұзақтан болжайтын қазақы қаны бар зиялылар мен Үкіметте. Елімізге қажет фәлсафа (ладуни) ілімінің қадамына сәттілік тілейік, ағайын.
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
Әл Фараби және Қ.Яссауий атындағы
халықаралық фәлсафа қорының жетекшісі.