Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Әдебиет 8854 4 пікір 12 Желтоқсан, 2017 сағат 15:03

Мақсат Тәж-Мұрат. Өз жерінде әулие бар

Зекеңнің (Зейнолла Қабдоловтың) о дүниелік болғанына жыл толуына орай «Ана тілі» газетінде бір естелік мақала жариялағам-ды. Кейінірек Зекеңнің шәкірті Бауыржан Омарұлы бастаған топ академик-жазушы туралы «Бүтін бітім» кітабын әзірлеген кезде әлгі мақаламды шамалы толықтырып, «Нар сүтіне шыққан құмаршық» деген атын қалдыра отырып, қайыра ұсынып едім. Шамалы толықтыру көрген бір тұсы – Зекеңді Атыраудың құмды өңірінде болатын құмаршыққа ұқсататын жерім. «Алабота тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік (Agriophyllum), – деймін құмаршықты.  – Тары тәріздес жемісін үгіп, талғажау етсең кәдімгідей қорек. Жазатайым тамағыңа тұрып қалып, құмықсаң – шаруаңның біткені. Сондықтан білетін кісілер қойдың құйрық майын турап, көже ғып пісіреді. Қимасыңды алатын соғыс боп келген ашаршылықта қырдағы ел қынадай қырылғанда, құмдағы ел осы құмаршықпен жан сақтап, аман шыққан деседі. Бүгінгі ет жеу науқаны құмаршықты белкүлі ұмыттырды. Құмаршықпен, ол нәр ап өсетін қатепті қызыл нарлармен – Зекеңдермен бірге тұтас бір заман, үлкен бір дәуір келмеске кетті», – деп басымды ошаққа ұрып жылаппын. О, не жазсаң да көтере беретін бейшара қағаз-ай, әуелім сол құмаршықты өзің көрдің бе десейші?!

Әлбетте, шөлейтті жердің баласы құмның құмаршығын көрмеген, ауылдағы үлкен кісілерден естуі бойынша сықпыртқан. Сол себепті жазғанына автордың да көңілі толыңқырамаған, себебі өзі қалам ұшына алып отырған тұлғаның нәр алған ортасы, арқа сүйеген негізі ашылмай қалған.

Тайсойған құмы

Осы жағдай бір бүйрегімді олқы түсіретін де жүретін. Көңіл шіркін қоңылтақсып болмағасын биыл, яғни 2017 жылдың қыркүйегінде, Атырауға келген сапарымда Зекең туып-өскен Тайсойған-Бүйрек жеріне әдейілеп тұрып барып, құм ішін армансыз араладым. Құмаршықты көрдім. Қаңбақ сияқты тікенек өсімдік екен. Сабағының жуандығы үлкен кісінің саусағындай. Төбесінде әлгі сабағына тырмыса өскен «бөркі», яғни дәнді қауашағы бар. Сырт қарағанда шарға немесе төңкерулі қазанға ұқсайды. Диаметрі 30-40 сантиметрден метрге, кейде тіпті бір жарым метрге дейін барады, биіктігі кісі беліндей. Дәні тамыз-қыркүйекте толық пісіп болады. Ертеректе «бөркі» жаңа қурап келе жатқанда, күн қызып кетпей тұрып орақ-шалғымен қырқып алған. Сол жерде алашаның үстіне салып, қауызын ұшырып қызылдаған. Солғын көкшіл, бозғылт түсті уақ дәнін бидай сияқты етіп қуырған. Піскен кезде күмпиіп, сап-сары болып тұратын дәнектерін келіге түйіп, қолдиірменге тартып, секер қосып сүтке, қаймаққа аунатып жеген. Көже жасап ішкен. Бір ескеретін жағдай, ұндай жегенде деміңді ішке алмау керек, әйтпесе қолқаға, өкпеге ұн толып құмығасың. Менің «тамағыңа тұрып қалса, өлесің» деп жүргенім сол екен. «Құмаршық нар сүтіне шығады» деген сөзімнің де өмірде әпсана төркіні бар болып шықты: бұрынырақта осы жерде кең жайылған хикаяға қарағанда, ботасынан айырылған нар інген құм ішінде боздап жүреді, сол кезде сыздаған желінінен жерге сүт тамып, әлгі жерден құмаршық өніп шығыпты. Сол себепті бұл жақ «Құмаршыққа қатықтың керегі жоқ, оның өз қатығы өзінде» деседі екен.

Бір қызығы, құмаршық Тайсойғанның басқа тұсына қарағанда Зекең туып-өскен арқа жақта, әсіресе Бүйрек беттегі қоңырлықтар мен қоқтыларда қақалып қалың шығады. Көзі тірісінде Зекең бізді жасырқанды ма, әйтеуір оңаша отырғанның өзінде туған Тайсойғанының жайын көп әңгіме қыла бермейтін. Әрине, бұдан туған жері жайлы жазбады немесе аз жазды деген ұғым тумаса керек. Керісінше, Зекеңнің күллі әдеби мұрасын – қара сөзін де,  өлең сөзін де «Атырау» тақырыбы бастап тұр, оның дәлелі – прозадағы тұла бойы тұңғышы «Біз жанбасақ...» дилогиясы, алғашқы өлеңдері және публицистикасының қомақты бөлігінің туған өңіріне арналуы. Қаламгерлікті осылайша тамырынан ажырамай игеруін былай қойғанда, азаматтық ажары әнеу бір жылдары Қызылқоға жерін су басқанда айшықты ашылғанын білеміз. Бірақ, не десе де, осы ыңғайдағы «Арыстан еді-ау Исатай», «Жайық жағасындағы толғаныс», «Оралу» тәрізді мақала-эсселерінде Тайсойған-Бүйрек арнайы сөз болмайды. Оған қарағанда өзі оқыған Доссор көбірек әуезе қылынған. Соған қарап, сірә, Зекең кіндік қаны тамған өңірден Доссор жаққа тым ертерек кетіп қалған-ау, сондықтан көп жағдай есінде қалмаған шығар деп жүруші едім. Кейін бес томдығында жарияланған Махамбет жайлы аяқталмай қалған романын оқып отырып, ол ойымның қате екендігіне, өзі туып-өскен құм ішін Зекеңнің беске білетініне көзім жетті. Романның мына бір тұсына көңіл аударайықшы:

«... Тайсойған да аумаған Нарын. Ойыл мен Жем арасын тұтастыра жалғап, көсіле көлбеген жалпақ шағыл. Бұл да шағыл болғанда сусып төгіліп жатқан жалаңаш құм емес, қызғылт топырағы сұрғұлт шүйгінмен, кей тұстары жасыл шалғынмен қымталған көгілдір қоңырлықтар мен кең қолтықтар, белес-белес белдер, қырқа-қыраттар қалың елге сая, мал мен жанға пана. Нарын ханжайлау болса, бұл – саржайлау. Оңтүстік шалғайы Жем суынан басталатын Тайсойған солтүстігінде Бүйрекқұмға үласып, Ойыл өзеніне тіреледі. Ойылдың дәл осы аралығында Сырым бөгеті, бөгет жиегінде даланың жалындай жалбырап тұрған бір шоқ терек бар. Мұны да Ақкөл мен Кезауызға қарай өткен жолаушыға көлеңке болсын дегендей Сырым батыр өз қолымен егіп кеткен көрінеді...»

Кезауыз шлюзі

Негізінде мұндай панорамалық суреттеме сол өңірдің баласы емес қай талантты жазушының да қаламына іліге береді. Ондай авторға өзі қалам ұшына алған жерді бір көрсе де жетіп жатыр. Десек те, жоғарыда келтірілген көріністе бір келіп кеткен адам аңғара бермейтін деталь бар, ол – Сырым бөгетінің жиегінде «даланың жалындай жалбырап тұрған бір шоқ терек». Ілгеріде айтылған, Тайсойғанға барған сапарымда Сырым бөгетін мен де арнайы барып көргенмін, бірақ, құдайшылығын айтайын, Зекең жазып отырған шоқ теректі байқамаппын. Ондайды сол жердің тумасы ғана білмек. Осы тұжырым романда одан әрі сөз болатын Кезауызға да қатысты:

«Кезауыз – кезауыз десе кезауыз, солтүстікте қыртыс-қыртыс қызыл шағылды қақ айырып ағып жатқан Жарыпшыққан өзенінің солтүстіктегі Ойыл суынан жырылған жіңішке жылғаның толқыны терең Тайкеткен арнасына келіп тоғысатын құйылысы – табаны тастақ, жиегі қайраң құмды өткел. Бұл араның суы – жайылма, саяз, тізеден аз-ақ асады. Жағасы жайпақ. Сырым бөгетінен арғы Қарамеңнен Қаракөлге, одан әрі Қарабайға қарай сапар шеккен жолаушы арбадан түсіп, балағын түрініп, білегін сыбанып, бой сергітіп, ұйқы ашар салқын сумен бетін бір сипайды да, көлігін қылт етпеден ат емес, өзі сүйреп өткендей арғы бетке шыға бере жайланып, суын ішеді. Содан соң пар аттың қамытын алып, делбелерін шұбатып, жағада жайқалған көк құраққа тұсаусыз қоя береді. Аттар шашасын салқын су шайған жерден тапжылып, табан аудармастан қысқа дейін бояуын өзгертіп, буынын қатырмайтын балдырған бала құрақты бас салып, шалғыша қияды да оқта-текте пысқырып қойып, күрт-күрт, кірш-кірш шайнайды. Содан мінер жағынан иесі оралғанша орнынан қозғалмайды. Ал иесі жағадан жоғары көтеріліп, шалғыл шетіндегі шоқыға шығады, шешінеді. Шоқының іргесіне ырп-ырп соғып, Жарыпшыққан ағып жатады. Нәрі тап-таза, жағасы құмайт, түбі тегіс ақ қайраң. Суының мөлдірлігі сондай, ағыспен ығып, жүзіп келе жатқан шоршыма, сойқан балық – шортан жағадағы адам қараны көріп, кенет шошиды да толқынды құйрығымен бір ұрып, кері бұрылып қашып кетеді. Соған бағып, бетінен түбі көрінген мөлдір су саяз шығар деп, секіріп түсе қалсаң, үш кісі бойы тереңге шым батасың да кетесің. Жарыпшыққан – сондай алдамшы өзен, тереңі тентек, тек беті ғана күледі...»

Жарыпшыққанның бойында

Ақкөл – Шәйгез каналы

«Махамбет» романынан бұл үзіндіні әдейі ұзақтау келтіргендегі ойымыз – тағы да әлгі көрініс қиялдан яки бір келіп кетуден емес, автордың өз өмірінен, ұдайы бақылаудан алынғанын көрсету. Жоғарыдағы сапарымызда Қарабау, Мәтенқожа арқылы оралып кеп, Кезауызбен біз де жүргенбіз. Бүрынғы өткелдің аузына 1930-жылдардың басында жан-жағын темір қақпалы шлюз орнатқан екен, содан Кезауыз атануы да мүмкін. Әлгі жылдары Ойылдың суын саласы Жарыпшыққан арқылы Қарабауға қарай шығарып, бір жағынан Жайыққа, екінші жағынан Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріне апару жобасы жасалған, саланың арнасынан топырақ алып, тереңдеткен. Бірақ Миялыдан басталып, Ералы гидроқұрылысы дейтін ат алған ол жоба әлдебір себептермен жүзеге аспай қалған. 1944 жылы Ақкөл – Шәйгез каналы қазылғаннан кейін ғана Ойылдың суы Қарабауға жеткен. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз, Зекең суреттеп жазған көріністе ілгергі шлюз болса болар, ал кейінгі канал жоқ, адам қолы тимеген мөлдір өзен, жағасы жайқалған құрақ өткел суреттеледі. Бұған қарағанда Зекең бала шағында, әкесімен бірге осы тұстан өткен сәттерінде жадында қалған суреттерді жазып отырған сияқты.

Сырым бөгеті

Бұл орайда автор «Сырым бөгетінен арғы Қарамеңнен Қаракөлге, одан әрі Қарабайға қарай сапар шеккен арбалы жолаушы» жайлы айта отырып, қолға нақты дерек ұстатқандай болады. Мұндағы Қарамең (Қарамен) – бұрын Көздіқара аталған ауыл, бүгінде ел тұрмайды, Көздіқара ауылдық округының орталығы Қоныстану кентінен бір шақырымдай жерде (Қоныстану ауылының да бұрынғы аты Қараемен-Қарамен болған). 1925 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданының құрамында Көздіқара ауылдық кеңесі болып құрылған да, 1944 жылы Қызылқоға аудан болғанда жаңа әкімшілік аумақтың құрамына енген. Жоғарыдағы сапар кезінде жанымызда жүрген атыраулық белгілі тележурналист Назарбек Қосшиев пен Қарабауда тұратын белгілі шежіреші ағамыз Шапиғолла Қонысбаевтың айтуына қарағанда, Зекең шыққан өте ысықтардың атақонысы осы Қараменнен әрменірек, Бүйрек құмының ішінде болған. Қазірде Көздіқара округіне қарайтын, бұрын «Комсомол» кеңшарының ферма орталығы атанған Бүйрек елді мекенінің маңайы, тіпті одан да түстікте, Қаратөбеге шығатын арқа беттегі бір жер сияқты. Зекеңнің әкесі Қабдол деген кісі не сол Бүйректе, не Қарамендегі «Жаңа шаруа» колхозында шаруашылық жағында еңбек еткен, қойма меңгерген деседі. Зекеңді Қаракөлдегі мектептің бастауышына беріп, арнайы оқытқан. Ұзақтағы мектеп және жай мектеп емес, «отыз офицер, қырық төре шыққан» деп аңыздайтын, Тайсойған-Бүйректегі атақты үш «Қызыл шкөлдің» бірі. Соған қарағанда Қабекең орта шаруалы кісі болған сияқты және өзі бөтекесінде бірдеңе бар деп дәме еткен ұлын Ақкөл, Кезауыз арқылы Жарыпшыққаннан өтіп, бүйірі көк бояумен сырланған қорап арбамен Қаракөлге жеткізген, кітаптағы әлгі көрініс болашақ жазушының бала санасында сондай бір сәтте өшпестей болып жатталып қалған десек, шындық өмірден ауытқи қояр ма екенбіз.

Қабекең жайында білетініміз шамалы. Кейінгі кезде жарияланған әулеттік фотосуреттерге қарағанда, Зекеңнің әкесі де, анасы Жақу да бертінірек, яғни 1980-ші жылдар басында қайтыс болғанға ұқсайды. Әйтеуір біз білгенде Зекеңнің өзі апасы Қоңырды, қарындасы Қалимашты, інісі Орынды ғана айтып отыратын. Келіні Гүлбарам Нұрмағамбетқызы «Бүтін бітім» жинағына шыққан естелігінде Зекеңнің ата-бабасы жөнінде қысқаша дерек беріп өтеді. Жазуынша, Зекеңнің өз атасы Көпжан баба, одан әрі Мүрсәлім баба, одан әрі Төлеу ата, одан жоғары Оңай ата. Көпжан ділмар кісі болыпты, Меккеге тәуап етіп, хаж парызын өтеген. Осы қасиеттеріне орай «баба» атанған. Бұдан біз Зекең бойындағы тектіліктің, шешендік, билік қасиеттерінің кімнен ауысқанын аңғарамыз. Тегін адам би бола ма?!

Ілгеріде Зекең ата-баба, шежіре тақырыбына көп бара бермейтін еді дедім ғой. Мүмкін бір себептері бар шығар. Бір кезде бір жерде айтыпты дейді: «Мен бір ысықтың көлеміне сыймаймын ғой, мен қазақтың Зейнолласымын ғой» деп. Бәлкім содан да шығар, кім біледі... Дегенмен, Зекең кейін бе екен, әйтеуір бір жылдары ата-бабасының шежіресін өз қолымен таратып жазып, немересі Санжарға табыстапты. Қазірде Атырау қаласында тұратын Санжар ол шежірені тарих ғылымдарының кандидаты, ысық шежіресінің үлкен білгірі, бүгінде алматылық Марат Жұмағұловқа берген. Соны Мараттың айтуымен келтірсек, әңгіме былай.

Ысық деген кісіден екі бала – Ақсары мен Сарыбай туады. Сарыбайдан: Тоғыншы, одан Қадірберген, одан Қадірғұл, одан – Сейтен, Самай, Жиен. Жиеннен үш бала: Баймұрат, Самұрат, Абызмұрат. Самұраттан: Жақсыбай, Жапалақ, Өте. Өте бәйбішесінен Қылыш, Құлбай, Аққошқар, Бәшен дейтін төрт ұл, тоқалы Қызғалдақтан Бостан, Асан, Үсен, Бәйгел, Құмалақ деген ұлдар көрген. Қылыштың бәйбішесі Төлебикеден: Төлеп, Тобық, Мымсы, Мырзағұл, тоқалынан: Ақмырза, Баймырза, Бармақ, Науша. Наушадан: Көпжан, Қадиша, Қабдол, Сәпи, Кенжебай. Қабдолдан: Қоңырша, Зейнолла, Қалимаш, Орын. Зейнолладан Бақыт, Серік, Дарын, Абзал. Көріп отырғанымыздай, Зекең өз қолымен жазып беріп кеткен ататек кестесінде жоғарыда Гүлбарам келтірген Көпжан баба Зекеңнің атасы емес, әкесінің ағасы болып тұр және Мүрсәлім, Төлеу, Оңай деген кісілер жоқ. Мұндағы Оңай ата – ақсарының байғұл атасынан тарайтын белгілі Оңай әулие болуы керек. Ол өте ысыққа алысырақтан қосылатын бөлек тақта. Сондай-ақ Марат Жұмағұловтың айтуынша, Мүрсәлім мен Төлеу – Зекеңнің зайыбы Сәуле апайдың аталары, яғни жиенбет таналар (Сәуле апайдың өз фамилиясы Төлеуова ғой). Кезінде Сәуле апай қазақтың белгілі ағартушысы Молдағали Жолдыбаевқа немере туыстығы бар екенін айтып отырушы еді. Төлеу әулиеті де Қоныстану ауылында тұрған. Бақыт пен Гүлбарам Қарамендегі ескі зираттарға барып, ата-бабалары жатқан жерді аралағанда осы нағашыларының да қабірлерін көрген болуы. Ғылым тілінде мұндайды деректердің интерполяциясы, яғни бір-біріне жамалуы дейді.

Зекеңнің анасы Жақу деген кісі де ысық. Оның назар тоғызбайы (сонда біздің Зекең «суперысық» болып шығады). Ысықтың осы тармағының өкілі, яғни Зекеңе нағашы жұрт болып келетін Марат Жұмағұловтың айтуымен жіберсек, Жақу шешеміз Тайсойған, Бүйрек өңіріне аты мәлім, бірнеше рет хаж барған діндар Әлпай деген кісінің қызы екен. Сол Қоныстану жағында Әлпай ағашы аталатын тоғай бар көрінеді (59 түп көктерек өсіп тұр екен). Әлпайдың тікелей ұрпақтарының бірі Бауыржан Бағытұлы Тақауов – параволейболдан республикалық бас бапкер, Алматыда тұрады.

Зекең оқуды Қаракөлде бастаған дедік қой. Ол кезде баланы мектепке сегіз жаста қабылдаған, төрт жыл бастауышта оқытып, одан әрі жоғары кластарға көшірген, сонда барлығы тоғыз жыл білім берген. Осы есеппен келгенде Зекең шамамен он екі жасында Доссорға келіп, жоғары сыныптардағы оқуын сондағы қазақ мектебінде жалғастырады (кейін – Абай атындағы Доссор орта мектебі). Доссор ол жылдары Доссор ауданының орталығы болған, 1938 жылы ғана Гурьев обылысының құрылуымен Мақат ауданы болып өзгереді, бірақ аудан орталығы Доссорда қала берген. Зекеңнің үй-іші кәсіпшілік кентінің Бірінші (қазақ) ауылында бәкене балшық үйлердің бірінде тұрған. Корпусты үйлер № 45 учаске дейтін жерде орналасқан. Константин Паустовский «Героизм – это Доссор, промысел Эмбанефти в классической пустыне» деп, ит байласа тұрғысыз жағдайда өмір сүріп, нардың жүгін көтере еңбек етіп жатқан қазақты соғыста ерлік көрсеткен қаһармандарға теңейтін мұнайлы Ембінің бұл қара шаңырағын Зекең ерекше жаратып, асқан жылулықпен еске алып отыратын. Содан ба екен, балалығы, жастық шағы бұлдырап қалған Доссордан отыз-ақ шақырым Мақатта өсіп-жетілген маған жылыұшырай қараушы еді.

Зекеңнің Доссордағы өмір жылдары жайында аз жазылған жоқ. Әсіресе онымен жас кезінен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, бір мектепте оқыған Жәрдем Кейкин ағамыздың, алғашқы мұғалімдерінің бірі Хамит Ерғалиевтің естеліктері бізді мәліметке молықтырады. Сондықтан ол кезеңнің жайын бұл жерде толықтап жазбадық. Айтарымыз – әлгі жылдары Доссор кәсіпшілігінде белгілі жазушы, Ембі мұнай өндірісін ұйымдастырушылардың бірі Сабыр Шәріпов және Әлғазы Ілиясов, Ермек Дүтбаев, Тәжіғара Шырдабаевтар жұмыс жасаған. Алматыдан келген Хамит Ерғалиевтен басқа физика-математикадан Бержан Қанатбаев, Ораз Сарғұнанов  сияқты Орал мұғалімдер институтының екі жылдық курсын бітіріп келген мұғалімдер сабақ береді (бұлар алашшыл халық мұғалімдерінің шәкірттері болатын). Доссордың 90 жылдық тойында Зекең осы екі ұстаздан (өзі «ұлы ұстаздар» деді) білім алғанын ерекше мақтанышпен атап тұрып айтқанын білеміз. Гурьев педагогика училищесінің түлегі Ақмұқан Нұрсейітов те осында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып еңбек жолын бастаған, Доссордан майданға аттанған ол тұтқынға түсіп, қиын тағдырды бастан кешкен. Одан басқа Рзағали Қитаров, жылойлық ақын Далабай Жазықбаев, Төребек Есенғалиев, Өтеп Қарымбаев, Есен Мерғалиев, Жақсыгерей Мышановтар Доссор қазақ мектебінің шырайын келтірген. Бұдан Зекең оқыған мектепте тіл-әдебиет пәні мықтап жолға қойылғанын, жалпы мектеп бағдарламасындағы 18 пәннің ішінде тіл-әдебиет бойынша әр тараптан мықты педагогтар шақырылғанын байқаймыз. Нәтижесінде оқушылардың қиялы ертерек ұшталып, өз ойларын қағаз бетіне еркін түсіруге машықтанған. Мектепте ансамбль және хор, драма үйірмелері жұмыс істеген. Әсіресе әдебиет үйірмесінің маңайына топталып, қолжазба «Абайша» журналын шығарып, оған ұдайы мақала, өлең жазып тұрғандардың қарасы көп болыпты. Хамаң естелігінде өзі құрған әдебиет үйірмесін ара-тұра оқушылардың өздеріне, соның ішінде «Жәрдем Кейкин, Қажым Қосанов және Зейнолла Қабдолов дейтін ақын балаларға» басқартып қойғанын жазады. Мұңал Далбаев болса әдебиет үйірмесінің мүшелері деп Мүслих Мұқашевті, Тәжібай Текеевті, Бекен Айтжановты, Ахмет Қарақұловты, Тәжен Қабдоловты, Рахмет Өтесіновты, Қатира Дүтбаеваны, Әбілхан Құспановты, Есберген Қалиевты атайды. Қарап тұрсаң, ішінде «осы қалайы» жоқ. «Осы қалайы» несі, әрқайсысы кейін бір-бір саланың тұтқасына айналды (әлгі тізімге кейін «Эмбанефть» бірлестігінің бас директоры болатын Бөлекбай Сағынғалиевты де қосу керек). Сол өзге салаларда жүріп-ақ қаламгерлік қарымдарын танытқандары да бар. Сөйтіп, жалғыз мектеп Ембі өңіріне «могучая кучка» даярлап берген. Таңқаларлық нәрсе.

Тағы да сол біз өзінен әлдеқайда жас болғандықтан және соған байланысты жоғарыдағы кісілердің көбін білмегендігімізден Зекең «осылар не біледі» деді ме екен, әйтеуір, әлгі «алыптар шоғырын» бізге арагідік қана әңгімелеп қоюшы еді. Жәрдем, Бөлекбай ағаларымыздың, Қатира апамыздың атын Зекеңнен көбірек еститінбіз. Оның жастай білімге ерекше құмар ортаға түскенін және сол ортадан өзіне жан достар тапқанын, бірімен өмір бойы сырлас боп өтсе, екіншісімен жылғада айырылысып та қалғанын кейін білдік қой. «Дос тапқың келсе, дос болып үйрен» деген қағиданың шындығын Зекең өмірінің мысалынан көруге болады екен. Сөзім құрғақ болмасын, бір дәйек келтірейін. Атыраулық белгілі журналист Қаржаубай Сұлтанғалиұлы құрастырып шығарған «Жеңісті жақындатқан Кең Жылыой» дейтін кітапта Мақатта, Жылойда комсомол, партия қызметінде болған қарымды журналист Мұңал Далбаевқа Зекең жазған үш хаттың мәтіні жарияланыпты. Зекеңнің эпистолярлық мұрасының ең бір мөлдірі дерлік ол хаттар ертеректе, 1946 жылы Алматыдан жолданған. Үнсіз қалған досының хат жазбау себебін түсінбей, дал болған адамның сезім күйін білдіреді.

«<...> Өңімде көруге, көңіл-күйін ақтарып сағынған санаға саз табуға сен алыссың... Толқынды ойға тұлға, тілекке тірек боларлық сенен хат алып тұрған мен бар ма? Сен жақ құлаққа ұрған танадай...», — деп налиды. Қандай сөздер, ә?! Он сегізінде от кешіп келген досының сирек тіл қатуына да белгілі себептер әсерін тигізген шығар, соның өзінде де Зекеңнің дос жүрегі солғындамайды, «Ардақтым!», «Ардақты досым, Мұңалжан!» деп басталатын жауапсыз хаттарын үзбейді. Күншілдіксіз дос бола білу деген осы шығар...

Зекеңнің осындай кезекті хаты өлеңмен жазылыпты. «Блокноттан (Досым Мұңал Далбайұлына)» деген ат тағылған өлең-хат үш шумақтан тұрады:

Биік құз таудың шыңына,

Аспанмен асқақ тілдескен.

Бөленіп күннің нұрына,

Жайқала балғын гүл өскен.

 

Жұпарын шашып маңына,

Желегін самал жел сүйген.

Нәр алып кеше жаныма,

Сол гүлге мен де бас игем.

 

Бүгінде шашақ жайған ды,

(уақыты болды түлейтін).

Болудан қатер қалған-ды,

Дауыл, жаңбыр, дүлей түн...

Альбомдық жанрдағы бұл өлең 1946  жылғы 25-ші сәуірмен белгіленген. Зекеңнің Тау-кен институтының даярлық бөлімін тастап, ҚазМУ-дың тарих-филология факультетіне ауысып келген кезі. Өлең сол университеттің Совет көшесі, 26-шы үйдегі жатаханасында шығарылған. Зекеңнің өзі мәтін алдына: «Осы бір өлеңімді 1-і күнгі кеште Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің сазымен салғаным есімде еміс қалыпты» деп түсініктеме берген. Альбомдық өлең Зекеңнің Әбілахат Еспаев әніне жазатын белгілі «Жайық қызы» мәтінінен бұрынырақ шығарылғанын ескерсек, оның жалпы өлең мәнері ән-әуенге лайықтап құрылғанын байқаймыз.

Мектепте ылғи ақындардан сабақ алғаннан ба екен, әйтеуір Зекең де қаламгерлікті өлеңнен бастаған. Мұның жайын өзі қызықты етіп жазады: « <...> Орта мектепті бітірер-бітірместен соғысқа кеткен әке орнына мұнайшының май сіңген кенеп бешпетін киген он алты жасар «жаяу салдың» әдеби жаттығулары не жөнді болушы еді... Айналайын «Атырау» (облыстық газетті айтады — М.Т.-М.)  менің сол балаң қалам ізіме дейін елеп, екшеп, өзінің бетіне көшірді. Соған шабыттанған мен өзімді шынымен өлеңші екенмін деп қалып, баяғы Мөңкенің Мұратынша Доссордағы Тәжібай жыршы Текеевпен, Сағыздағы Түрекеш жырау Түйешиевпен соқтығып, іздеп жүріп айтысқаным бар емес пе? «Атырау» бұл айтыс-өлеңдерді де етек-етек, парақ-парақ қып, кейде тіпті газеттің ішкі екі бетіне тұтасымен жарқырата жариялап жатты. Содан қырық бесінші жылдың күзінде Атыраудан Алматыға кәдімгідей ақын болып келіп, оны қырық жетінші жылы Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезов мойындап, КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдаған...»

Менің қолымда доссорлық журналистер Бағыт Демегенов, Айбосын Елеусінов және мұнай өндірісін ұйымдастырушы Серік Сағытжанов жазған «Ерлікке ескерткіш: Ембі мұнайшыларының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаһармандық істері туралы» дейтін кітап бар. Сол кітапта авторлар: «Соғыс аяқталар тұста Қазақстанның түкпір-түкпірінде ақындар айтысы өткізілгені белгілі. Айтыс мақсаты жеңіс үшін жан аямай еңбек етіп жүргендерді мадақтап, жанаяр жалқауларды өткір сынау еді. Мұның олқылықтардың орнын толтыруға, озаттардан үйреніп, жаман істен жиренуге ықпалы күшті болды», — дей келіп, одан әрі алдымен айтыс ауданда ұжымдар арасында өткенін, іріктеліп шыққандар 1945 жылғы қарашада ауданаралық айтысқа түскендерін жазады.

Мақат-Доссордағы алғашқы ұжымаралық айтыс Мақат мұнайшылар клубында болады, онда алдымен Сұраубай Үттібаев пен Құмар Жүсіпов күш сынасады. Екеуі Байшонасқа барып және айтысады. Әрқайсысы кәсіпшіліктегі бөлімшелердің атынан шығады — өз бөлімшесін мақтайды, қарсыласы атынан шыққан цехты сынайды. Ал Доссорда сахнаға Мақаттың атынан Түрекеш Тәушиев шықса, Доссордың намысын Зейнолла Қабдолов қорғапты. Екі жақ ұзақ сайысқан. Айтыстың төрешісі Сұраубай Үттібаев арқан кергендей болып, екеуін әзер тоқтатқан. Оның төрелік етіп айтқан өлеңінде жеңістің кімге берілгені мәлімсіз. «Зейнолла ақ алмастай жарқылдадың» және «Түрекеш намыс үшін тартынбадың» дегеніне қарағанда айтыс тең аяқталған сияқты. Өзінен жастары әлдеқайда үлкен, халық ақыны Сұраубай, Сәттіғұл Жанғабылов, Мұрат Мөңкеұлының домбырасын алып қалған арқалы жырау Құмар Жүсіповпен қатар тұрып, он сегізінде өнер салыстырған Зекеңнің аяқ алысы сондай мығым, келтірген деректері мен дәйектері барынша нақтылығымен және өлеңі шұбыртпалы ұйқаспен бастырмалатып келетін жарға соққан толқындай екпінімен, образ өңділігімен өзіне еріксіз назар тіктетеді:

 

<...> Басқасын бас-басына айтпасам да,

Болдың ғой біраз маған танысқандай.

Ембіде жетістік жоқ менен қалған,

Табыстың таң-тамаша жолын салған.

 

Күшпенен табындырып табиғаттың,

Тізгінін күреспенен қолыма алғам.

Соғыстың сындарына төзе бердім,

Күнім жоқ табысымнан талып, танған.

 

Жүрегім — эксцентрик жан беруші,

Қан-тамыр — штангама тарамданған.

Күшімен осылардың басын иіп,

Качалка жер астынан алтын алған.

 

Ол алтын — жанған жалын мұнайым ғой,

Фашистің ордасына ойран салған.

Сол мұнай — самолетке дем беретін,

Сол мұнай — танкіме де жем беретін.

Көркейген жеріме де, өріме де,

Сол мұнай — ажар, қуат, өң беретін.

Сол мұнай күннен күшті қайыспайтын,

Ел жауы қаһарына сенделетін...

Сөз-ақ емес пе?! Айтысты зерттеп жүргендердің жазуынша, осы соғыс жылдарынан қағазға жазып алып айтысу сәнге аса бастаған. Болса болар. Бірақ Құмар Жүсіповтің өмір бойы қағазға қарамай, жазып алып айтысатындарға наразы  болып өткенін ескерсек, Зекең айтысқа түскен жылдары бұл өнер әуелгі өңін жоғалтты деу қиын. Зекең жоғарыдағы блокноттық өлеңін ыңылдап отырып шығарғанын өзі де аңғартады ғой. Осы тұрғыдан қарасақ, Зекең Алматыға бір жағынан кешегі Нұрым, Мұрат, Құмар жыраулардың рухани ізбасары ретінде ауызша дәстүрде, екінші жағынан Хамит, Далабайлардың ізімен  жазба ақын ретінде қалыптасып, қадам басқанын көреміз (жалпы ол кезде Ембі өңірінен ақындар көп шыққан, мәселен, Омарбай Малқаров, Бисекеш Дүйсенғалиев, Бисен Сариманов, Бекқали Қарабалин секілді арқалы ақындар бұл күнде ұмыт болды). Бұл шамамен 1945 жылдың  аяқ шені болуы керек. Ал соның алдында, елде жүргенінде жасөспірім Зейнолла өз қарымын қарасөзде де сынап көрген. Соның бір мысалы — Мақат аудандық «Социалистік Эмба» газетінде жарияланған «Батыр Муса: Совет Одағының Батыры Баймұқанов Мусаның өткен өмірінен очерк» дейтін дүниесі. Кейін «Сөнбейді жеңіс алауы» жинағында көшіріліп басылған очерктің 1945 жылдың дәл қай уағында жарық көргені мәлімсіз, дегенмен, Мұса Баймұқанов Одерден өтердегі ерлігін сол жылғы наурызда жасап, сәуір айында әлгі жоғары атақ берілгенін (қаза тапқаннан кейін) ескерсек, очерк жазға салым жазылған. Зекең он сегізде, ал очеркі кәдімгі тәжірибелі, кексе журналистің қалам тастасын аңғартады. «Апат», «Кек», «Азамат», «Мұнайшы», «Батырдың ауылында» деп келетін бес бөлікке бөлінген очерктегі бас кейіпкердің майданнан елге жазған хатынан деп аузына салынатын мына бір сөз жас автордың алаулы жүрегінен құйылып түскен десе лайық: «... Елді сүйсең — қуана жүрекпен сүй. Бірге қуан, онымен бірге отқа күй. Тағдырыңның қожасы жалғыз халық, әрқашанда ойыңа сен мықтап түй, — депті ғой бір патриот. Елді сүйген жүрекпен Отаным үшін, сіздер үшін отқа күйіп, халқым үшін қан төксем арманым не...»

Осынау сөздер Зекеңнің өзіне де арналғандай. Ол — туған халқынан, қазағынан, соның ішінде кіндік қаны тамып, шілде суы төгілген туған жерінен ешуақыт қол үзіп көрмеген, топырағының қасиетін қастерлеп, киесіне ұйыған қалпымен де біз үшін әрдайым уақыт көлеңкесін түсіре алмаған эталон, үлгі болып қала бермек.  Көп нәрсені білетін, сезетін, бірақ соның барлығын бірдей сыртына шығара алмай, өзімен бірге алып кетті. Соның ішінде өзі туған өлкенің айдың күні аманында тері сүйреткендей болып азып-тозып, тұтас ауылдардың ат арығандай қаусап қалғанына өзегі өртене күйінетінін көз жанарының жарқылынан аңғарып қалатынбыз. Доссорлық ардагер мұнайшы Қуаныш Құдабаевтың жүрегін жарып шыққан мына бір сөздер Зекеңнің сол айта алмай кеткен аңсар-арманы, өзі жазғандай «ұшқан құстан жолдаған сәлеміндей» көрінеді де тұрады:

«Бозторғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар, бәрімізге ортақ «қазақ» деген жұртым бар. Оны осы кішкентай қалпында да жақсы көрем. Кімде-кім қазақты «кішкентай, әлжуаз, тағы халық» деп қанатын кесіп, жем құсына айналдырғысы келсе, ол — қас жауым. Халық кегіне суарылған ақ семсердің жүзі мұқалмай бетімнен қайтпаймын».

Атырауға бара қалсам, кейде Жайықты бойлап, атақаздай байпаңдап Зекең келе жатқандай болып көрінеді. Қарсы жолығып, тоқтай қалып: «Оу, Мақсат, хабарласпай кеттік қой. Өмірде бар адамдар емеспіз бе?!» дейтіндей...

Abai.kz

 

 

 

 

4 пікір